Астана – қазақ үшін ғасырлар бойы армандап келген ұлы мұраттардың ұшар басындай кешенді жоба. Жаңа шаһар тәуелсіздік пен өркениеттің алтын қазығы десек болады. Елорда – 130-дан астам ұлт пен ұлыстың басын біріктірген үкілі үміт пен айрықша сенімнің нышаны. Келешектің кепіліндей алыстан көзді арбайтын жасыл-жақұт – жаңа идеялардың алаңы қазір. Жуырда Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін араладым. Менің сонда бойымды ерекше бір рух кернеді. Ол рух – әлемдік аренада тұрған қазақ рухы болатын! Баяғы Суяб, Испиджаб, Сығанақ, Женд, Түркістан, Ақмешіт, Алматының заңды жалғасы, тарих тізбегі – Астана баянды болашаққа жол ашқан алтын қақпа, жібек жол, күміс күмбез. Мәртебелі шаһардың мінезі де басқа, майда, қоңыр. Есілдей есіліп жатқан жастардың қаласы бұл кент! Бүгінгі Астананың жаңаша сәулеттегі нұрлы нақыштары, сондай-ақ, 100 пайыз қазақы атаулармен белгіленген көше аттарының өзі Тәуелсіздіктің тәтті жемісі дер едім! Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты және әрбір қазақстандықты Астана күні мерекесімен құттықтаймын!
Кеңес ЖҰМАБЕКОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қарағанды облысы