Халықаралық көрмедегі Қытай ұлттық күніне арналған мерекелік шараға Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған бір топ депутат қатысты. Мәжіліс төрағасы аспанасты елінің көрме тақырыбын ашуға елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. «Қытай елінің «Болашақтың энергиясы: жасыл Жібек жолы» экспозициясы – осы көрмедегі ең ірі және ең үлкен жұмыстардың бірі. Қытай Халық Республикасы жаңартылатын энергия саласында әлем бойынша алдыңғы қатарда екенін жақсы білеміз. Сондықтан, елдеріңіздің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы жаңа технологиялардың дамуына әрі елдеріміз арасындағы байланысты одан әрі тереңдетуге жол ашатыны сөзсіз», деді ол. Мәжіліс Төрағасы екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстарға 25 жыл толып отырғанын еске салып, мемлекеттердің достық қарым-қатынастарын тереңдетуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпинь мырзаның еңбегі зор екенін жеткізді. Бұдан кейін сөз алған ҚХР Бүкілқытайлық xалық өкілдері жиналысының тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Шэнь Юэюэ ханым ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін жоғары бағалап, қолдау көрсетіп отырған Қазақстан Үкіметіне алғысын білдірді. «Әлемдік ЭКСПО халықаралық қатынастар үшін қажетті тасымалдаушы болып келеді. «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі әлемдік экономикалық бағытқа сәйкес, жасыл, таза және тұрақты дамуды көздейді. Көрмеге әлемнің 115 елі және 22 халықаралық ұйым қатысуда. Энергетика саласындағы идеялар мен жетістіктерді көрсететін бұл шара стратегиялық энергетикалық ынтымақтастықты іздеп, тұрақты дамудың маңызды алаңына айналады», – деді Шэнь Юэюэ ханым. Сондай-ақ, ол Қытай билігінің аталған көрмеге үлкен мән беріп отырғанын жеткізді. «ҚХР үкіметі Қытайдың «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуына үлкен мән беріп, ұлттық павильонды әзірлеуге үлкен күш жұмсады. Қытай павильоны «Болашақтың энергиясы: жасыл Жібек жолы» тақырыбы аясында «Өткен, қазіргі және болашақ» хронологиясымен дәстүрлі энергияны трансформациялауды, экологиялық қауіпсіз дамуға қол жеткізуді, жасыл және орнықты дамуды ынталандыруда Қытайдың жетістіктерін және дағдыларын көрсетуді көздейді, – деді Бүкілқытайлық xалық өкілдері жиналысының тұрақты комитеті төрағасының орынбасары. – Ежелгі Жібек жолындағы екі маңызды мемлекет ретінде Қытай мен Қазақстанның мәдени байланыстары тығыз. 25 жыл бұрын дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері Қытай мен Қазақстан арасындағы байланыс интеграциялық және жедел даму жолына түсіп, ортақ қызығушылық пен ортақ тағдырға бөлінген. Өткен айда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинь Астанаға келіп, «Жібек жолы» экономикалық белдеуін салуды ұсынды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылу салтанатына қатысып, осы шараға қолдауын білдірді». Қорыта келе Шэнь Юэюэ ханым көрме арқылы Қытай мен Қазақстанның достық қарым-қатынастары тереңдей түсетініне сенім білдірді. «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу арқылы біз Қытай мен Қазақстанның достық қарым-қатынастары одан әрі тереңдей түсіп, екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік жаңа биікке көтеріледі деп үміттенеміз. Сондай-ақ, Қытай әлем елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуге, «Бір белдеу – бір жол» стратегиясын дамытуға дайын», – деді ол. Бұдан кейін «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің Энергия холында ауқымды мәдени бағдарлама өткізілді. Қонақтардың назарына қазақ және қытай мәдениеттерінің элементтері қамтылған қойылымдар ұсынылды. Сондай-ақ, Қытай Халық Республикасының ұлттық күні шеңберінде «Бейжің сарайы» қонақүйінде Қытай мен Қазақстан әріптестігінің форумы болып өтті. «Жібек жолы» және «Энергетиканың болашағы» тақырыбында өткен шараға ҚХР Энергетика министрінің орынбасары, Қазақстан Энергетика министрлігінің өкілдері, «Сарыарқа» қорының басшысы, CCPIT төрағасы және екі тараптан 300-ге жуық түрлі сала өкілі қатысты. Форумда Қазақстанның жаңа инвестициялық саясаты мен Қытай кәсіпорындарының мүмкіндіктері қызу талқыланды.
Айдар Өрісбаев, «Егемен Қазақстан»