• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Шілде, 2017

Бойға шабыт сыйлаған «Бозоқ»

294 рет
көрсетілді

Жыл сайын Астана күні мерекесіне орай «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы жанында этномәдени кешен жасалып, онда «Астана – Арқау» дәстүрлі түркі музыкасы фестивалі, ақындар айтысы, балалардың асық ойыны және өзге де этномәдени шаралар өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына мәре-сәре мерекелік көңіл күй сыйлау әлдеқашан дәстүрге айналған-тұғын. Сол дәстүр биыл сәл өзгешелеу жалғасыпты. Өзгешелігін атынан да байқай беріңіз. Этномәдени кешен – «Бозоқ» көшпенділер қаласы» деп аталды.

Оны осы жобаның авторы әрі жетекшісі Жандос Қырықбаев «Көпшілік көшпенділердің тұрмыс-тіршілігін таныстыратын осындай кешендерді үнемі этноауыл деп атайды. Меніңше, ол дұрыс емес. Біздің ата-бабаларымыз тек ауылда тұрған жоқ қой, орта ғасырда қазақ даласында қаншама қалалар болған. Сол себепті, біз кешенді «Бозоқ» көшпенділер қаласы деп атадық», деп түсіндірді. Соның алдында ғана газетіміздің мерекелік санында жарияланған Қорғанбек Аманжолдың «Сарыарқаның сайын сахарасындағы Ақмола – Қараөткел, Есіл – Нұра атырабы ықылым замандардан бері тоғыз жолдың торабы, түрлі өркениеттер мен мәдениеттердің табысып тоғысқан тарауы болған...» деп толғайтын «Алтын байрақты Астана» мақаласын оқып шыққан бетіміз еді. Бұл «Бозоқ» біздің де ойымызды бірден тарих қойнауына жетелей жөнелді.  Тағы сол мақалада «Тарихтың атасы саналатын Геродот өз еңбектерінде жалпақ жапан дала арқылы өтетін маршруттарды, солардың бойымен осы жерлерден жүретін керуендерді атайды. Оның бұл айтқандары кейін Ұлы Жібек жолы ретінде белгілі болып, жер-жаһанға танылады. Міне, осы Сарыарқа төсіндегі Ұлы Дала арқылы өткен керуен жолдары қалалардағы қолөнер мен ұсақ кәсіпшіліктің дамуына, сауданың өркендеуіне әсер еткен. Қазіргі Астанадан бес шақырымдай жерден ортағасырлық Бозоқ қаласының жұрты табылды. Бұл ежелгі қаланы тәуелсіз Қазақстан елордасының бұдан мың жыл бұрынғы ізашары деп айтуға әбден болатын сияқты» деген жолдар болатын. Сөздің шынын айтқанда, осы мәліметтерден кейін этномәдени кешендегі самаладай жарқырап, самсап тұрған қолөнер бұйымдары бағзыдан үзілмей келе жатқан үрдістей ерекше көз тартты.

Сонымен, қалашық ішінде не жоқ дейсіз, бәрі бар. Қапталы қайыңнан шабылып, екі қасы да арқар мүйізінен иіліп жасалған құстұмсық ер ел назарын ерекше аударды. «Бұл ерді інім жасаған. Өзім де шебермін. Біз жасаған ерлер және басқа да бұйымдар талай шетелдік жоғары лауазымды кісілерге сыйға берілген. Бұл ерге де қызығушылар өте көп, телефонымды жазып алып кетіп жатыр. Өздері ойлағаны бойынша тапсырыс беретіндер де аз емес», дейді Асан Райымқұлов. 

Көздің жауын алатын қолөнер бұйымдарын қызықтап тұрғанымызда әлдеқайдан әжелеріміздің әндеткен дауысы көтерілді. Бірі ұршық иіріп, бірі шүйке жасап, бірі жүн сабап, бірі көрпе-жастығын тіге отырып әңгімелерін, әндерін айтып отыратын баяғы әжелеріміздің көзіндей болған «Шаңырақ» ансамбліндегі әжелерге де қыдырушылар тарапынан сұрақтар қарша борады. Бірі ананы, бірі мынаны сұрайды. «Алдымен түйенің шудасын түтіп, қобыратып алып, одан кейін иіруге қолайлы етіп шүйке жасаймыз. Әлгі «шүйке бас» деген осы шүйкеден шыққан. Содан ұршыққа бір ғана иірілген жіпті жадағай жіп дейміз. Бұл бір нәрсені байлауға жарамайды. Шүйкені иіріп алғаннан кейін ұршықтан төгіп алып екі жадағай жіпті қоса ширатамыз, сонда барып ол шудажіп болып сырмақ тігуге, өзге де қажеттерге жарайды. Әлгі олақ біреулерді «ісі жадағай екен» деп жататынымыз осы жадағай жіптен шыққан ғой», дейді Амандық Өміртайқызы апамыз. Ауызында жүрген сөздің жүлгесі қай заттан қалай алынғанына анық көзі жеткен көп қонақтар әңгімені ынты-шытысымен тыңдап, көңілдеріне тоқыды. Әжелерге ризалықтарын білдіріп, бала-шағаларымен суретке түсіп әбігер.  Жәрмеңке болған соң, не болмайды дейсіз. Бір бұрышта орындықтай шойынтөске баланың басындай балғасын сүйеп қойып, өткен-кеткен қазаққа «қай ру боласың?» деп мөр жасағыш Асылбек Жақыпбаев есімді азамат отыр екен. Теңгенің бір жағына «қазақ» деп таңбалап, екінші бетіне руын ойып береді. Оны да жасатушылар аз емес екен.  

Ал әмияннан бастап былға­ры­дан жасалған түрлі қолөнер бұйым­дарын сатып тұрған Жанбота атты жас келіншек биыл саудасының жақсы екенін айта келіп, «жылда базарда ғана сататынмын. Биыл ЭКСПО көрмесіне орай қаза­қы бұйымдар сатушыларға көп мүмкіндік туды. Атшабардағы «Эт­ноауылда» да аштық. Сұраныс жақсы. Соған орай бәсекелестер де көбейді», дейді. Осылайша, жәрмеңке қызығына батып жүргенде дабыл қағылып, думанды той ресми басталды. Онда хан сарайы көрсетіліп, Жоң­ғар шапқыншылығы кезіндегі Аңырақай, Бұланты, Шаған шай­қастарының уақыттары жазылған жалаулар көтерген көш хан сарайынан сахнаға қарай шеру тартты. Сахнада ЭКСПО тақырыбы ән дүлдүлі Әміре Қашаубаев арқылы көрініс тапты. Әміре атамыздың 1929 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесінде ән салған сәтін сахналық қойылым арқылы көр­сетіп, «Әпиток» әні әуеледі. 

Сөйтіп, жыл сайын 6 шілдеде «Хан Шатыр» жаққа ағылатын нөпір жұрттың қарасы биыл тіптен көп. Көшпенділер қаласының ресми ашылу салтанатына Астана әкімі Әсет Исекешев келіп қатысып, жиналғандарды елорда күні мерекесімен құттықтады. Әкімнің «Астанамыз гүлдене берсін, көркейе берсін, бәріміз бірге атсалысайық» деген мере­келік ыстық лебізге толы сөз­дерін жиналған жұрт құптай қол шапалақтап, мереке мерейін онан сайын асырды.   Бақандай екі ай бойы дайын­далған көшпенділер қалашығын енді ел алдағы үш ай бойы, яғни, 10 қыркүйекке дейін қызықтай алады. Кешен күн көтерілгеннен ақшам сөнгенше жұмыс істейтін болады. Сөйтіп, «Бозоққа» келген қонақтар күн сайын салт-дәстүр мен тарихтан сыр шертетін түрлі мәдени шаралар мен сахналық қойылымдарды тамашалайды.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген  Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»