• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Шілде, 2017

Қазақстан дипломатиясы туралы жаңа кітап

342 рет
көрсетілді

Еліміздің сыртқы саясат қызметінің 25 жылдығына орай «Қазақстан дипломатиясы: бейбітшілік пен даму жолындағы 25 жыл» атты кітап жарық көрді, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Сыртқы істер министрлігінің ұйытқы болуымен шығарылған кітаптың кіріспесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзімен басталған. Онда Сыртқы істер министрлігін құру туралы Қазақстан Президентінің 1992 жылдың 2 шілдесіндегі Жарлығының маңыздылығы атап көрсетілген. «Бұл еліміздің сыртқы саясатын әлемдік саяси картада институцио­налдандыру жолындағы маңызды құжат қана емес, мемлекеттілігімізді қалыптастырудың айшықты қа­дамы. Ширек ғасыр уақыт ішінде біз отандық дипломатияны елдің игі­лігі жолында нығайтып, қарқынды дамыттық деп сенімді түрде айта аламыз. Осынау қысқа мерзім ішінде жақын көршілерімізбен, барлық әлемдік қоғамдастықпен достық әрі конструктивті қарым-қатынас орнату бағытында қыруар жұмыстар атқарылды. Бүгінде Қазақстан – өңірлік және жаһандық үдерістердің жауапты әрі беделді қатысушысы», дейді Президент өзінің құттықтау сөзінде. «Қазақстан дипломатиясы: бей­бітшілік пен даму жолындағы 25 жыл» кітабында Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың сыртқы саясат ведомствосының қыз­меті мен бүгінгі даму кезең­деріне шолу жасаған материалы жа­рияланған. Сондай-ақ, бұл еңбек­те тәуелсіз Қазақстанның Сырт­қы істер министрлері болған Ақ­марал Арыстанбекова, Төлеутай Сү­лейменов, Қанат Саудабаев, Қа­сым-Жомарт Тоқаев, Ерлан Ыды­рысов, Марат Тәжин және Ер­жан Қазы­хановтың қазіргі жаңа буын дип­ломаттары туралы толғаныс­тары мен ғибратты ойлары топтастырылған. Кітаптан Қазақстанның сыртқы саяси жүйесінің қалыптасу және даму тарихы жөнінде мол мағлұмат алуға болады. Мәселен, шет мемлекеттермен алғашқы дипломатиялық байланыстар, Біріккен Ұлттар Ұйымына кіру, жаппай қарусыздандыру мәселесі, мемлекеттік шекараны белгілеу тарихы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру, беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық ету, Сирия жөніндегі Астана процесі және өзге де маңызды оқиғалар туралы баяндалады. «Біздің буынға Қазақстан мемлекеттілігінің нағыз гүлденген шағында өмір сүру бұйырыпты. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дипломатиясы ел тәуелсіздігінің шынайы атрибуты ғана емес, елдігіміздің қауіпсіздігін, дамуы мен әл-ауқатын қамтамасыз ететін, бейбітшілік пен халықаралық әріптестікті нығайтатын маңызды құрал», деп атап өткен өз шолуында Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов.  Сондай-ақ, кітаптан оқырман қауым Қазақстан дипломатиясының тарихы туралы көптеген фотоматериалдар және әсерлі инфографикамен де таныса алады. Айта кетейік, таяуда кітап еліміздегі барлық кітапханалары мен жоғары оқу орындарына таратылатын болады.