• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Шілде, 2017

Қостанайда өткен Сабантойға Татарстан президенті қатысты

264 рет
көрсетілді

Қостанайда татар-башқұрт халықтарының ХІІІ республикалық Сабантой мейрамы өтті. Оған Татарстан Республикасының президенті Рустам Минниханов қатысты.

Алдымен Рустам Минниханов Қостанайдағы татар диаспорасы, этномәдени қоғамдық ұйымдарының, зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Қостанай облысында татар халқының 16 мың өкілі, 4 мыңдай башқұрт тұрады.

ұнан кейін ол бастаған Татарстан делегациясы Қостанай қаласын іргелетіп орап ағатын Тобыл өзенінің жағасынан орын тепкен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы атындағы демалыс саябағында өткен Сабантой мерекесіне қатысты. Мерекеге тек Татарстан делегациясы ғана емес, Қазақстанның өзге шалғайларынан да татар-башқұрт диаспорасы өкілдері шақырылды.  

Татарстаннан келген қонақтар саябақта жасалған «қазақ ауылына» келіп, қазақ халқының ұлттық салт- дәстүрлерін тамашалады. Түбі бір туысқан түркі халықтары болғанымен әр ұлтты ерекшелейтін дәстүрлері бар. Татарстан делегациясына халқымыздың қолөнері, баланың тұсаукесері, өзге де салт-ләстүрі, қонақжайлылығы көрсетілді. Мұнан кейін Татарстан президенті Рустам Минниханов пен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов мерекеге жиналған қауыммен бірге қостанайлық және Татарстан өнерпаздарының концертін тамашалады. Концерт алдында олар  жиналғандарды Сабантой мерекесімен құттықтады.

«Біздің облыс пен Татарстан Республикасы арасында экономикалық-мәдени байланыс орнады. Татар мен қазақ–түбі бір туысқан халық. Сабантой осы екі халық арасындағы достық пен игі байланыстың  жарқын көрінісі. Сабантой Қазақстандағы тек татарлар мен қазақтарды ғана емес, басқа да ұлыстар үшін  жарқын, бырлығының басын қосатын мереке» деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

«Сабантой қос халықты біріктіріп ғана қоймайды, ол дәстүр-салтымызды, тілімізді сақтауға мүмкіндік жасайды.Әр халық өз ерекшелігін сақтауы, сонымен мақтануы тис. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясаты арқасында Қазақстанда тұратын ұлыстар үшін барлық жағдай жасалған. Олардың ішінде татарлар да бар. Қазақстанның гүлдене беруіне тілектеспіз»  деді Рустам Минниханов.

Сабантойға жиналған жұртшылық «қазақ ауылымен» қатар, Ақтамыш ауданы дайындап әкелген «татар ауылын» да тамашалады. Татардың қолөнері, балы, моншасы, қақталып тұздалған құсы, тәтті нандары кім кімді де тамсандырды.

Мерекеде татардың ұлттық күресінен жарыс болды. Онда жеңімпаз аталған қостанайлық Ержан Қабибуллинов Татарстан президенті Рустам Миннихановтың қолынан Лада Гранта жеңіл машинасының кілтін алды.

Қостанайлық өнерпаздармен татардың «Ақеділ» ансамблінің концерті мереке салтанатын үстемелей түсті.

Нәзира Жәрімбетова,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай