• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Шілде, 2017

Атырауда тілсіз жаудан қорғану шаралары жетілдіруді қажет етеді

246 рет
көрсетілді

Биыл Атырау облысында жалпы ауданы 57 708 гектар болатын 46 дала өрті мен жанулары тіркелді. Даланың отқа орану деректерінің басым бөлігі Қызылқоға, Индер аудандарында болып отыр.

24 ауылға өрт сөндіру бекеті керек

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Замир Бердашев: «Жергілікті атқарушы органдармен дала өрттерін сөндіру үшін селолық округтерде 1093 адамды құрайтын 76 ерікті өрт сөндіру жасақтары құрылды. Алайда ол жасақтардың ерікті өрт сөндірушілері қаражат қарастырылмауына байланысты арнайы оқу орындарында алғашқы даярлықтан өтпеген, жасақтарда кезекті даярлық жұмыстары ұйымдастырылмаған. Құрманғазы ауданынан басқа бірде бір ауданда ерікті өрт сөндірушілерді жинау тәртібі мен оларды өрт орнына жеткізу тәсілін айқындалмаған», - дейді.

Өңірлік коммуникация қызметіндегі брифингте төтенше жағдайлар департаментінің өкілі  дала және орман өрттерінің алдын алу жұмыстары ұйымдастырылғанымен, жергілікті атқарушы органдардың халыққа өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіруге бағытталған билбордтар, үгіт-насихат плакаттарын дайындау мен орнату бойынша жұмыстары төмен денгейде екенін жасырмады. «Есепті кезең ішінде тек қана Атырау қаласы әкімшілігімен қала аумағында өрт және судағы қауіпсіздік сақтау тақырыбында 6 билборд жасалып, ілінген, басқа аудандарда бұл бағыттағы жұмыстар ұйымдастырылмай отыр», - деді З. Бердашев.

Саладағы проблеманың бірі - облыс аумағында мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің жоқтығы.  Халық саны бір мыңнан асатын 24 елді мекенде өрт сөндіру бекеттерін құру қажет. Сол кезде өрт қауіпсіздігімен қосымша жақын орналасқан 37 елдімекен қамтамасыз етіледі. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстар орындалмай отыр. 2014 жылдан бері облыс аумағында бірде-бір өрт бекеттері құрылмаған.

Биыл облыста орман өрті тіркелген жоқ. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы берген  ақпаратқа сүйенсек, соңғы 4 жылда орман шаруашылықтарының техникалық жарақтандырылуына бюджеттен 150 млн.теңгеге жуық қаражат бөлініп, ормандарды қорғау мен күзетуге, орман өрттерін сөндіру мен ормандарды молықтыруға қатысты көптеген техникалар мен жабдықтар алынған. Бірақ әлі де қажеттілік бар. Мысалы, Атырау, Индер және Құрманғазы аудандарындағы орман мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелері өрт автокөліктерімен, өрт мұнараларымен қамтамасыз етілмей отыр. Орман шаруашылықтарында техникалар мен керекті құрал-жабдықтарды сақтауға арналған арнайы ғимараттардың қарастырылмағаны да өзекті мәселе. 

Аймақтағы ерекше қорғалатын «Ақжайық» табиғи резерватының аумағында жыл сайын қамыс өртке оранады. Биыл да 1 өрт пен 3 жану тіркелді. Жалпы аумағы 111 500 га резерват жерлері негізінен сулы аймақта орналасқандықтан өрт сөндіру кезінде арнайы автокөліктердің оқиға орнына жетуі қиындық туғызып келеді. Ал мекеменің өзінде өрт сөндіруге арналған жол талғамайтын техника жоқ. «2016 жылы Төтенше жағдайлар комиссиясының отырысында берілген резерват аумағындағы ықтимал өрттерді авиация құралдарымен сөндіруді ұйымдастыру мақсатында келісім шарт жасау туралы тапсырма бүгінгі күнге дейін шешімін таппады», - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары.

«Жайық деген жанды су»

Облыс аумағындағы су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайдың алдын алу бағытында арнайы жоспар бойынша рейдтік шаралар атқарылады. Жыл басынан бері ҚР ІІМ ТЖК "Батыс өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы" мемлекеттік мекемесі 610 рейд жүргізген.  «Соның нәтижесінде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің талаптарын сақтамаған 27 дерек анықталды», - дейді З. Бердашев. -  Облыс бойынша жыл басынан бері 16 қайғылы жағдай тіркелді, 17 адам қаза тапты, оның жетеуі бала. Ересек адамдардың қаза болуының басты себебі судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау болса, балалар ата-аналарының қарауынсыз қалып, тілсіз жаудың құрбанына айналады». 

Атырау қаласы аумағындағы Жайық өзенінің бойында арнайы жабдықталмаған қауіпті учаскелер бар. Құрманғазы ауданында Қиғаш және Шарон өзені, Жылыой ауданында Қамыскөл көлі және Жем мен Ойыл өзендерінің жағалары қауіпті деп анықталды. Ол жерлерде адам шығынын болдырмау үшін шомылуға тыйым салатын 125 белгі  орнату қажет, қазір 51 белгі ғана бар.

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі саладағы өзекті мәселелерді де жасырып қалмады. Айталық, Махамбет ауданындағы Жайық өзенінің екі жақ бетінде орналасқан елдімекен тұрғындары жүзбелі өткел және ағаш қайықтармен қатынайды. Жүзбелі өткелдің жағдайы өте нашар, ішіне су жиналып тұрады. Ал, тұрғындар пайдаланатын ағаш қайықтар мен қолдан жасалынған құрылғылары қайғылы жағдайлардың бірден бір себебі екендігі белгілі. 

Облыс аумағында ресми түрде тіркелген 5 демалыс аймағы бар. Өкініштісі, өткен жылы Атырау қаласындағы «Алтын Сазан» демалыс аймағының маңында орналасқан суға түсуге тыйым салынған су айдынында 2 қайғылы жағдай болып, 2 адам қаза тапқан. Сол себепті, алдағы уақытта қайғылы жағдайды болдырмау және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жауапкершілікті демалыс орындарының иелеріне бекіту жұмыстары жоспарда тұр.

Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»