• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Әлем 12 Шілде, 2017

Корея визасыз жүйеден бас тартуы мүмкін

267 рет
көрсетілді

Қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяға заңсыз ағылуы себебінен екі ел арасындағы визасыз келісім бұзылуы мүмкін. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиев Астанада өткен баспасөз жиыны кезінде мәлімдеді.

Департамент директорының айтуынша, визасыз жүйе қосылғалы бері Кореяға заңсыз жұмыс іздеп кеткендердің саны 15 есеге өскен. Мәселен, 2014 жылы Кореяның көші-қон қызметі елімізден аттанған 359 заңсыз мигрантты анықтаса, биыл бұл сан 5700-ге жеткен.

«Біздің отандастарымыз Кореяға туристік мақсатта емес, жұмыс істеуге және сонда тұрақтап қалуға аттанады. Ондай адамдардың көбеюі визасыз жүйені ұзартуға кедергі келтіріп отыр. Сонымен қатар, ондай заңсыз мигранттар емделуге, жұмыс бабымен және қыдырып баруға ниеттенген отандастарына да зиянын тигізеді»,  ‒ дейді Ардақ Мадиев. 

Қазақстаннан келетін заңсыз мигранттар артқандықтан, Корея көші-қон қызметі еліміздің азаматтарын тексеруді күшейткен. Тіпті, кейбірін депортациялаған жағдайлар да кездесті. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, заңсыз мигранттардың артуына «көлеңкелі брокерлердің» ұйымдасқан қызметі себеп болып отырған көрінеді. Бұл туралы Корея тарапы қазақстандық әріптестерін хабардар еткен. Қазіргі таңда ондай топтарды құрықтау шаралары жүргізіліп жатыр.

«Біз «көлеңкелі брокерлерді» анықтау жұмыстарына кірісіп кеттік. Алайда оларды құрықтау қиын. Өйткені, ізіне түскен кезде ондай топтар тәсілін өзгертеді. Мәселен, олар заңсыз мигранттарды спорттық командалар секілді киіндіріп қояды», ‒ дейді Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиев.

Кейінгі кезде Қазақстан азаматтарына Кореяға баруға рұқсат бермеу оқиғалары жиі кездесіп жүр. Кореяның Қазақстандағы елшісі Ким Дэ Сик мұның бірнеше себебін түсіндіріп берді.

«Емделуді сылтауратып Кореяға келгендердің ауруханамен келісімдері жоқ немесе қайда барып ем қабылдайтындарын білмейді. Сонымен қатар, шын мәнінде емделу үшін келгенін дәлелдейтін құжат болмайды. Ал туристік сапарды желеу еткендер саяхаттың жоспары, елдегі көрікті жерлер туралы ақпарат секілді ақпараттардан хабары жоқ. Жұмыс бабымен барамын дейтіндерде шақырушы тараптың нақты дерегі табылмайды. Осыларды негізге алып, кейбір қазақстандықтарға Корея аумағына кіруге тыйым салынды», ‒ дейді Корея консулы Ким Дэ Сик.

Ким мырза Кореяға саяхаттауды жоспарлаған барша қазақстандықтарға елге аттанар кезде жоғарыда аталғандар секілді маңызды ақпараттарды алдын-ала біліп алуға кеңес береді.

Брифинг барысында Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиев қазақстандықтардың Кореяда заңсыз жұмыс істеуінің себебін де түсіндіре кетті.

«Меніңше, мұның бірінші себебі мынада. Бұрын еліміз басқалардың көмегін қажет ететін еді. Кейінірек бұл межені басып өткен соң, біз өзгелерге кәсіби мамандар ұсынатын «донор» елге айналдық. Сонымен қатар, бұрын екі ел арасында жұмысқа орналастыру туралы келісім болған. Қазір ондай келісім жоқ. Екінші себеп ‒ ауылдық жерлердегі жалақы мөлшерінің аздығы болса керек. Ең өкініштісі, визасыз жүйені пайдаланып, Кореяға заңсыз жұмыс істеуге аттанғандар саны артып кетті», ‒ дейді Ардақ Мәдиев.

Айта кету керек, Қазақстан мен Корея арасындағы визасыз жүйе 2014 жылы қабылданған болатын. Аталған жүйеге сәйкес отандастарымыз 1 ай мерзімге Кореяға туристік сапармен, емделуге және жұмыс бабымен бара алады.

Абай Асанкелдіұлы

«Егемен Қазақстан»