• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Шілде, 2017

Өзің оқы, басқаға бер

584 рет
көрсетілді

Ілім іздеу мен білім алу – көркем әдебиеттің алтын ғасыры өтіп кетті деп жылы жауып қоюға немесе ендігілер оқымайды деп құр байбалам салуға бағынбайды. Өзінің оқымайтындығын техника дәуірімен байланыстыратындардікі де әшейін сылтау ғана. Қанша заман өтсе де кітаптың адам үшін маңызы кемімек емес.

Соңғы жылдары кітап оқуды насихаттайтын жұмыстар әр түрлі формада іске асып жатыр. «Жақсы кітап жарнамасын өзі жасайды» деген ұғымға сүйеп қойып, кітапты насихаттамай отыра беруге тағы болмайды. Соңғы уақытта кітаптан қол үзбеу мәселесінің жиі көтеріліп жүргені де тегін емес.

Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында кітап оқимын деушілерге жаңа мүмкіндіктің көкжиегі ашылды. Бұрындары кітап оқу үшін кітапханаға барып тіркелу керек болса, ендігіде көшеде келе жатып, өзіңіз қажет еткен кітапты тауып алуыңыз мүмкін. Облыстық әкімдік және Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» атты еркін кітап алмасу жобасы, яғни, «буккросинг» ұйымдастырылды. Ашылу салтанаты «Жастар» саябағындағы Мұқағали ескерткішінің алдында өткен шараға қала тұрғындары, басқарма, мекеме қызметкерлері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы қатысты.

Жоба авторларының мақсаты түсінікті – кітап оқуға деген ынтаны ояту. Кітапты пайдалану жолдарын жеңілдете отырып, оқырманның рухани және зияткерлік тұрғыдан толығуына мүмкіндік беру.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Башбаев жобаның негізі Елбасының «Кітапсыз жан-жақты даму мүмкін емес» деген дәйек сөзіне сүйене отырып жасалғанын айтты. «Кітап алғырлыққа жетелейтін, ойлау қабілетін дамытатын, сөз мәдениетін қалыптастыратын, шешендікке баулитын ми гимнастикасы болып табылады. Сондықтан жаңа жоба арқылы жастарды кітап оқуға шақырып, көпшіліктің оған оңай қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында «Арба» бойында, «Жастар» саябағында және Қаратал өзенінің жағалауында кітап сөрелері орналастырылды. Бұл сөреде кітап саны 600-ге жуық. Бастапқы кезде сөрелер жанына кезекшілер қойылады. Оқырмандарға жоба мәні, ерекшелігі түсіндіріледі. «Буккроссинг» жобасы «Өзің оқы, басқаға бер!» қағидасына саяды», – дейді. Және қаладан бастау алған жоба жұмысы оң нәтижеге қол жеткізіп жатса, аудан, ауылдарда да жалғасын табады.

Жобаның тұсауын кескен «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін: «Қалай десек те, қазір баспа өніміне деген сұраныс қайта бел алып келеді. Жапонияда «Асахи», «Ёмиури» газеттері аптасына 14 миллион таралыммен шығады. Бұл жапон халқының өресінің кеңейіп кеткендігін білдіреді. Бізге де, рухани жаңғыру үшін, ең алдымен сана керек. Сондықтан, жатпай-тұрмай оқу оқып, ізденуіміз қажет. Бүгін ашылып отырған жоба Қазақстанның рухани жаңғыруына қосылған бір үлес деп бағалау керек», – деді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, еркін кітап алмасудың мәні – шаң басып жатқан дүниелерді жарыққа шығару, көпшілікке қызмет ету, пайда әкелу, шын мәнінде білім бұлағына айналдыруды қамтамасыз ету. Егер, сөреден кітап алып, оқимын десеңіз сізге қойылар бір ғана талап бар – алған шығармаңның орнына басқа кітап қойып кетесің. Сол арқылы, өзіңізге ұнаған кітапты өзгеге ұсынасыз және жақсы шығармаға екінші өмір сыйлайсыз деуге болады.

Алмас Нүсіп,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы