• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Бизнес 13 Шілде, 2017

Немістердің тәжірибесі несімен ұтымды?

147 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік сарайында Германия энергетикалық диалогы конгресі өтті. Екі күнге жалғасқан шараны неміс энергетикалық агенттігі ұйымдастырды. Онда тараптар энергетика саласындағы жетістіктер мен технологиялардың қолданылу мәселелерін талқылады.

«Халықаралық энергетика агент­тігінің мәліметі бойынша 2015 жылы энергия тиімділігін дамытуға салынған қаржының өсуі 6 пайыз болған, ал салынған жалпы инвестиция көлемі – 221 млрд доллар. Жаңартылатын энергия көздерін өндіру 2014 жылмен салыстырғанда 33 пайызға өскен, яғни қазіргі уақытта энергетика секторы энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері тарапына қайта бағдарлау сатысында екенін көреміз», деді осы жиынға қатысқан Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Алик Айдарбаев. Оның айтуынша, энергия үнемдеу саясатының арқасында қауіпсіз және таза электр стансаларын салуға болады. Қазақстан энергия үнемдеуді 2020 жылға қарай 25 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға ұлғайтпақ. Басқосуда Германия Экономика және энергетика министрлігінің мемлекеттік хатшысы Уве Бекмайер Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін дамыту барысында (ЖЭК) Германияның тәжірибесіне сүйенгені жөн екенін айтты. Германия кезінде көмір өндіруден бас тартқанымен, мұнай мен газдың импортын сақтап қалған екен. «Ең маңыздысы, өзін өзі реттейтін ережелер. Мысалы, Марокко мен БАӘ-де, сондай-ақ былтыр Германияда өткен жел энергия­сын қолдануға қатысты байқау бір кВт үшін үш цент төлейтін бағаны жасауға болатынын көрсетті. Яғни, соңғы жылдары қол жеткізген инновацияларға қатысты дұрыс саясаттың арқасында инвесторлардың мемлекеттің қосымша қолдауынсыз-ақ нарық бағасымен жаңартылатын энергия көздеріне арналған электр стансаларын салуға қол жеткіздік. Бұл бизнес үшін мүмкіндіктің бар екенін көрсетеді», деді У.Бекмайер.  Ол ЖЭК-ті салуға кеткен қысқа мерзімді шығындарды ұзақ мерзімді режімде қайтарып алуға болатынын да айтты. 

Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»