• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2017

Жол мұраты мен ел мүддесі

143 рет
көрсетілді

«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдаудың маңызды басымдықтарының бірі ретінде жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамытуға байланысты мәселелерге ерекше назар аударылған. Елбасы осы бағытта дәстүрлі базалық салаларды дамыту қажеттігін атап өтеді. Бұл – өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқа салалар.

Стратегиялық құжатта Мемлекет басшысы 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдан түсетін табысты бес есе арттыру, атап айтқанда, контейнерлермен тасымалданатын жүктер үшін 7 есе – 2 миллион контейнерге дейін,  жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдауды 4 есе – 1,6 миллион транзиттік жолаушыға дейін арттыру міндетін қойды. Президент: «Еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл жа­сау, жүктердің еркін транзитін, кө­лік дәліздерін құру мен оларды жаң­ғырту ісін қамтамасыз ету қажет. Көлік ин­фрақұрылымын басқаруға, қызмет көр­­сету деңгейін арттыруға және әкім­ші­лік кедергілерді жоюға ерекше көңіл ау­дару қажет», деп атап көрсетті. Осы орайда тауар айналымы, оның ішін­де транзиттік тауар айна­лы­мы, жүк ағыны (ішкі және ха­лық­ара­лық) кө­лемінің ұлғаюы Қазақстан эко­но­ми­касының өсуіне тигізетін септігін тү­сіну қажет. Қазақстанда логистикалық инфра­құ­рылымды және оның әлеу­етін дамыту жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің ма­ңызды басымдығы болып табылаты­ны сөзсіз. Өйткені, қазіргі уақытта дү­ние жүзінде әлемдік сауданың жә­не халықаралық экономикалық қа­ты­настардың жаһандануынан туын­да­ған халықаралық логистикалық жүйе­лердің пайда болуы байқалады. Жүк тасымалдау нарығында жүр­гі­зі­летін көптеген зерттеулер жақын ара­да автомобиль көлігіне жүктеме кө­бейе түсетінін көрсетеді. Бұл өз кезегінде Қазақстан азаматтары үшін қосымша жұмыс орындарының болуымен қатар, еліміздің экономикасына қосымша ақша қаражатының түсуін қамтамасыз етеді. Мысалы, соңғы сегіз жыл ішінде Қазақстанның жалпы жүк айналымы 1,5 есеге өсті. Бұл ретте, автомобиль көлігімен тасымалданатын жүк айналымы 2,5 есеге өсті және осы  бағыттағы көрсеткіштер одан да артты деп пайымдаймыз. Президенттің Жолдауында халық­ара­лық логистикалық қатынастарды, атап айтқанда, жаңа еуразиялық ло­гис­тикалық инфрақұрылымды дамы­ту міндетін орындау қажеттігі нақты көр­­сетілген, бұл оның маңызды ба­сым­дықтарының бірі болып табылады. Халықаралық ауқымы бар ең ма­ңызды стратегиялық міндеттерді елі­міз­дің Президенті «Нұрлы жол» мем­ле­кеттік бағдарламасында атап көр­сет­ті. Бұл бағдарлама соңғы екі жыл ішінде өзін-өзі толығымен ақтады. Бұдан бас­қа, 2017 жылы республикалық маңызы бар автожолдардың 4 400 шақырымын са­лу және реконструкциялау бойынша жұмыстар орындалатын болады. Со­ның ішінде жылдың соңына дейін оның кем дегенде 600 шақырымы пай­далануға беріліп, кезең-кезеңімен ақы­лы жүйеге енгізілетін болады. Инвестициялар және даму ми­ни­стрлігінің деректері бойынша, 2015-2016 жылдардағы кезеңде автожол жо­баларын іске асыру үшін 616 млрд тең­ге, оның ішінде Ұлттық қордан 329 млрд теңге бөлінді. Барлық бөлінген қа­ражат игерілді. Осы қаражат есе­бінен: Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Орта­лық – Оңтүстік, Орталық – Шы­ғыс, Бейнеу – Ақтау, Алматы – Өс­кемен, Астана – Петропавл, Жез­қазған – Петропавл, Ақтөбе – Атырау және Орал – Каменка деген 9 жо­баны іске асыру бойынша жұмыс жүр­гізілді. Жол-құрылыс жұмыстары Қазақстанның 12 өңіріндегі 2 мың ша­қы­­рымды қамтыған. Жалпы, кез келген мемлекет эко­но­микасының күре тамырына балана­тын автокөлік жолдарын салу – ел аза­мат­тарының әлеуметтік, тұрмыстық жағ­дай­ының түзелуіне оң ықпал ететіні сөзсіз. Осы ретте Мемлекет басшысы БАҚ өкілдеріне берген бір сұхбатында Жібек жолы арқылы көршілес мемлекеттермен байланыс орнату еліміз үшін орасан зор пайда әкелетіні  жөнінде тиянақты түсіндіріп бергені баршаның есінде болар.  Табысты жетістіктерге қара­мас­тан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дар­ламасына енбеген, республикалық ау­қ­ымы бар кейбір жолдарды толық жөн­­деу бойынша мәселелер әлі де ше­­шілмей қалуда. Мәселен, менің бұ­ған дейін жолдаған депутаттық сауа­лымда айтылған «Жызақ – Жетісай – Сарыағаш – Жібек жолы» үшінші са­натт­ағы жолына назар аударайық. Бүгінде оның өткізу мүмкіндігі нақты қалыптасқан жағдайдан әлдеқайда төмен. Ал қолданыстағы Қазақстан Республикасының 3.03-09-2006 жылғы Нормативтер және қағидалар жиынтығына сәйкес, үшінші санаттағы жолмен тәулігіне 3 000 көлікке дейін өтуі қажет десек, қазіргі кезде аталған жолмен өтетін көліктің тәуліктік саны 27 мыңды құрап, нормадан 9 есе асып отыр. Соның салдарынан 2015-2016 жыл­дары осы жолда 343 жол-көлік оқи­ғасы тіркеліп 505 адам жарақат ал­ған, 77-сі қаза тапқан.  Сондай-ақ, басқа да депутаттар та­рапынан жол жөндеу мәселелері бір­неше рет көтеріліп, сұрау салулар мен ұсынымдар берілген болатын. Бірақ, бюджет қаражатының же­тіс­пеу­шілігіне байланысты бірқатар авто­жол­дарды жөндеу бойынша жұ­мыстар то­лық аяқталмай отыр. Айталық, Үкі­меттің 2017 жылғы 1 қаңтардағы есе­бінде «ҚазАвтоЖол» ұлттық ком­па­ния­сының пайдаланылмаған бюджет қа­ражаты бар екендігі мәлім бол­ды. Яғ­ни, бізде жолдарды то­лық көлемде жөн­деуге мүмкіндік бол­ға­нымен, қа­ражатты бөлу кезінде ти­імді жос­парлаудың болмауы әлі де қай­та­ланып келеді. Астанада өткен Шетел инвестор­ла­ры кеңесінің отырысында Президент «Ұлы Жібек жолын дамыту, логис­ти­калық бағыттарды іске асыру Қазақ­стан­ның транзиттік әлеуетіне ықпал ете­тіні сөзсіз», деп атап өтті. Дегенмен, бір­ы­ңғай экономикалық кеңістіктің жа­са­луымен оған қатысушы мем­ле­кет­тердің бірыңғай көліктік кеңістікті қа­лып­тастыру және перспективалы кө­ліктік дәліздерді дамыту бойынша ин­теграциялық өзара іс-қимылын одан әрі күшейту өзекті болып табылады. Қазақстанның көліктік әлеуетін дамыту бірқатар маңызды міндеттер ше­шу­ді талап етеді. Транзиттік әлеует деп мем­лекеттің өз аумағы арқылы халық­ара­лық транзитті қамтамасыз ету бойын­ша мүмкіндігін айқындайтын сыртқы жә­не ішкі факторлар мен шарттардың жи­ын­тығы айтылады. Осы әлеуетті пай­далану тиімділігі мемлекеттің бар ре­сурстарды толық көлемде іске асыру қабілеттілігімен айқындалады.   Негізгі теңіз сауда жолдарына қол­же­тімділіктен басқа, барлық қа­жет­ті ресурстары бар, автокөліктік же­лі­лері мен теміржол магистральдары, әуе және теңіз флоты бар, аумағы құ­р­лықтың ортасында орналасқан Қазақстан Республикасының мүмкіндіктері қазіргі уақытта жеткілікті. Қазақстан Республикасы Прези­де­нті­нің Жолдауында көрсетілген мін­дет­тер­ді ло­гистикалық инфрақұрылымды дамыту мә­селелерін толық пысықтап, еліміздің жо­ғары көліктік әлеуетін пайдалана отырып шешу қажет. Жолдауда көрсетілген басқа да мін­дет­тер бар, олар өте маңызды болып та­былады. Қойылған мақсаттар мен мін­дет­терді барлық қоғамның бірлескен күш-жігерімен ғана орындауға болады. 

Асылбек СМАҒҰЛОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты