• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Бокс 13 Шілде, 2017

Апачинский: аңыз бен ақиқат

249 рет
көрсетілді

Атланта Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері, кәсіпқой бокстан IBF және WBA тұжырымдары бойынша әлемнің экс-чемпионы Василий Жировтың есімі ел жадынан өшпек емес. Тәуелсіз Қазақстанның бокстан тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде оның ататегі спорттағы тарихымызға алтын әріптермен жазылып қалды. Ал, Жировты Жиров еткен сұңғыла бапкер Александр Иванович Апачинскийдің жөні тіпті бөлек. Майталман жаттықтырушы өмірден озғалы да үш жарым жыл өте шығыпты. Төрт жыл бұрын Балқашқа жол түскенде кездестіріп, жарықтықпен екеуара бірталай әңгіме шертіп едік. Біраз уақыт жанында жүріп, үйінде болып, дастарқанынан дәм таттым. Сол кезде көңілге түйіп, қағазға түскен жазбаларым бар еді. Соларды жариялап, елімізге еңбегі сіңген бапкер туралы естелікті қайта жаңғыртудың сәті енді түсіп отыр.

Жүз мың доллардың мағлұматы Алпыстан жасы жаңа асқан Апачин­­ский­ді қартайып тұр деуге аузың бар­майды: төртпақ келген денесі мы­ғым, қолың­ды қысқан кезде саусақ­тарың­­ның сүйегін үгітіп жібере жаз­дайды. Адам­ға тіктеп қарағанда тұздай көз­дері өң­меніңнен өтіп кетеді. Түсі суық: баяғы­дағы ақ патшаның жазалаушы отря­­дын­дағы атаман казагың дәл осын­дай болған шығар бәтшағар деп қоясың іштей... 

Александр Иванович Балқаштың тума­сы болмаса да, оның бүкіл бала­лық шағы, жігіттік кезеңі осы көл жаға­лауындағы көрікті шаһарда өткен. Қазір де осы Балқашта: қаладағы Қара­менде би деп аталатын орталық көше­лердің біріндегі құстың ұясындай үш бөлмелі пәтерінде құдай қосқан қосағы Елена Георгиевна екеуі тұрып жатыр: бұл кісі Апачинскийдің екінші әйелі. 

Өзі Балқаштың нағыз патриоты: қаладағы кемшілік атаулыны жіпке тізіп айтып отыратын ғадеті бар екен. Қаланың Құрметті азаматы ретінде биік мінберлерден әкім-қараларға қырғи­дай тиіп, сөйлеген кездері де бол­ған. Сол себеп­ті де, тілінің тотия­йыны бар аза­мат­ты кейбіреулер жақ­тыра да қоймай­тын көрінеді. «Қала күн­нен-күнге көркеюдің орнына, тозып бара жатқан сияқты», – дейді Апачин­ский. – Қала тұрмақ, бүгінгі адам­дардың пейілі де бұзылып барады. Баяғыда біздің үйде жасы үлкен көрші апа тұрды. Сол кісі наурыз, айт, жаңа жыл мерекелерінде подъез­дегі барлық көршілерге кіріп, бауыр­сағынан дәм татырып жүруші еді. Сол кездерді қатты сағынам. Қазір біз көрші­лерімізбен араласпақ түгілі, бір-бірімізді жөндеп танымаймыз да...».

Александр Иванович кеш үйленген: отыздан асқан кезінде украин қызы Иваннамен көңіл қосыпты. Алайда, әкесі үлкен қызметте болған Иванна ит арқасы қияндағы Балқашта тұрудан үзілді-кесілді бас тартыпты да, еліне, Львовына қайтып кетіпті. Сөйтіп, бұлар­дың некесі бір жылға да шыдамай, сыр берген. Апачинскийдің Иванна арудан Роксалана есімді бұл күнде жиырманың жетеуіне келген қызы бар. Бірақ өзі сол қызын бір де бір рет көрмеген. 

Қазіргі зайыбы Еленадан Никита есімді ұл сүйген. Жиырманың үшеуіне келген Никита Балқашта, ата-анасынан бөлек тұрады. Әкесімен араласпайтын көрінеді, анда-санда телефонмен тілдескені болмаса... «Бұл дегенің заңдылық, – дейді Апачинский күрсініп. – «Не ексең, соны орасың» деген. Бөтен біреудің баласын тәрбиеледік. Ал өзіміздікіне уақыт болмады. Бапкер деген байғұстың өмірі осы да...». 

«Менің бар байлығым – отбасым, сүйікті зайыбым», – дейді Александр Иванович. Зайыбы туралы шабыттана айтады. Елена ханымды көзіміз көрмесе де, оның өте ұқыпты, пысық жан екендігін үйдегі мұнтаздай тазалықтан жазбай танисың. Өзінің қолы өнерлі-ақ екен, әсемдеп тоқыған неше түр­лі кестелері көрмеге қояр көркем дүние­дей, көздің жауын алады.

Бапкердің қазіргі таңда Балқашта бәлен дейтін туысы жоқ: үлкен апасы Татьяна Санкт-Петербургте, ал інісі Юрий курортты мекен Анапада тұратын көрінеді. Апачинскийдің інісі де боксшы болған: КСРО-ның чем­пионы деген атағы бар. Одан кейін ушу-сандамен айналысып, әлем чемпионы дәрежесіне де жеткен...

Александр Ивановичтің қазіргі серігі ком­пьютер екен. Өзінің айтқа­нына қара­ғанда, күні-түні үстінен түспейтін көрі­неді. Компьютер үстелінде оншақты флеш­ка жатыр. «Мұнда, – дейді әйгілі бапкер, – жүз мың доллардың мағлұматы жатыр...». – Мынадай мол мағлұматқа, жалпы, бай тәжірибеңізге қызығушылық танытып жатқандар бар ма қазір? – Сатып алсын, пожалуйста... Мас­тер-класс, семинар сабақтарын өткі­зейін деп біреуге жалынған емеспін. Ал «өткіз» деп өтініп жатқан адам тағы жоқ. Әнебір жылы Абай қаласына шақырған ұсыныс түскен болатын. Бас тарттым: баяғыда ол жаққа 58-ші статьямен барушы еді... Қазір ғой, кубалық бапкер, шау тартқан Сагарраны Алматыға, сонан соң Астанаға Ресейден ортаңқолды екі-үш жаттықтырушыны мол ақшаға шақырып, жетістіреді деп мәз болып жүрміз. Солардың менен қай жері артық екен? Осыны түсіне алмай-ақ қойдым...

Иә, айтатындай бар-ақ. Он жеті жыл ұлттық құрама команданың отымен кіріп, күлімен шыққан Апачинскийдің – Ермахан Ибраимов пен Бекзат Саттархановтың олимптің шыңына шығуына сүбелі үлес қосқан, қазақ боксына Баркер кубогын тұңғыш алып берген әйгілі бапкердің зейнетақысы бар-жоғы 50 доллар екен. 

«Өмір бойы іздену керек» Александр Апачинский кезінде соққылары тегеурінді, техникалық шеберлігі тәп-тәуір боксшы болған, спорт шебері деген атағы бар. Ал кеңес заманында «КСРО спорт шебері» атағын иемдену дегеніңіз оңай шаруа болмайтын. 1967-1980 жыл­дар ара­лығында ол Қазақ КСР бірін­шілі­гінің чемпионы, жүлдегері атан­ды; халықаралық, бүкілодақтық және рес­публикалық жарыстардың жеңім­пазы болды. Ресми дерек көзіне сенсек, ол шаршы алаңда 132 кездесу өткізіп, соның 112-сінде жеңіске жетіпті.

Бокс қолғабын шегеге ілгеннен кейін өзінің бапкері Геннадий Васильевич Крыловиц­кийдің жолын қуып, Балқаш­тағы №4 кәсіби-техникалық училище базасында бапкер ретінде еңбек жолын бастаған. Василий Жиров­қа дейін Апачинскийдей дарынды бапкер Сергей Косенков, Алмаз Орын­баев, Евгений Вишняков, Андрей Бор­мо­тин, Болат Нөкербеков, Николай Сит­ников, Вячеслав Детиненко сын­ды бүкіл­одақ­тық жарыстардың жеңім­паздары мен жүлдегерлерін өсіріп шығарған. Тағы да ресми дерекке сүйенер болсақ, Апачинский өзінің бапкерлік карьерасында 11 спорт шеберін, 3 халықаралық дәрежедегі спорт шебері мен 2 еңбек сіңірген спорт шеберін тәрбиелеген. 

Александр Апачинский 1992-2009 жыл­дар аралығында Қазақстан құра­ма коман­дасында жаттықтырушы ретін­де қыз­мет етті. Дәл осы кезеңде кей­бір сәт­сіз­діктерге қарамастан, қазақ бок­сы өзінің өрлеу дәуірін бастан кеш­кен бола­тын. Егемен еліміздің бокс дер­жава­сына айналуына құраманың сол кездегі жаттықтырушысы, одан кейінгі аға бапкері болған Александр Иванович Апачинскийдің қосқан үлесі қомақты десек – ақиқаттың ауылынан алыс кете қоймас едік. 

Апачинский бапкер ретінде ерте танылған. Кеңес заманында ол КСРО-ның жасөспірімдер құрама командасында жаттықтырушы болды. Небір майталман мамандармен қоян-қолтық жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақ­таған. «Бірде, – деп еске алады Александр Иванович, – КСРО құрама­сында бапкер болып жүргенімде менен еңбек сіңірген бір жаттықтырушы келіп, кеңес сұрады. Таңданғанымнан аузым ашылып қалыпты.

– Сен болсаң жассың, ал мен кейде өмірдің ағысына ілесе алмай қалам, – деген еді сонда әлгі атақты бапкер ағынан жарылып. Сол кезде мен үйренгеннің ешуа­қытта кеш болмайтынына, сұрап-білген­нің түк те әбестігі жоқ екеніне көзім анық жеткен еді. Сондықтан, менің айтайын дегенім: өмір бойы із­дену дегеніңіз – бапкер біткеннің басты мін­деті болу керек! 

Парапсихология, космоэнергетика... – Әлі есімде, – дейді Александр Иванович, – 1995 жылы Ташкент қала­сында Азия чемпионаты өтті. Бұл – Атланта Олимпиадасының алдын­дағы лицензиялық турнир болатын. Ақыры жол түсіп тұрған соң, осында тұратын немере апам мен жездемнің үйіне соғып, хал-жағдайларын біл­дім. Мені таң қалдырғаны – апам мен жездем парапсихология және кос­моэнергетикамен айналысады екен. Мен үшін бұл өте таңсық дүние болатын: қайран қалдым, қатты қызықтым. Оның үстіне, екеуі маған неше түрлі мағлұмат беріп, тіпті менің ішкі дүниемді бөтен, теріс энергетикадан тазартып та берді. Бір сөзбен айтқанда, екеуі менің көзімді ашты. Кетерде мен: «Жировты алып келсем, тазартып бересіңдер ме?», – деп ем, олар келісім берді. Ертеңінде Васяны алып келіп, апам мен жездеме әбден «тазартып» алдым. Бір қызығы, Вася сол жолы Азия чемпионатында бір демде өнер көрсетіп, алтын жүлдені «ойнап жүріп» жеңіп алды. 

Қайтарда апам маған:  – Саша, еш алаңдама, Жировың Олимпиада чемпионы болады! – деді сеніммен. Содан, Олимпиадаға дайындалып жатқанбыз. Бір күні шіркеуге барып, шешемнің аруағы үшін шырақ қойып, мінәжат еттім де, аялдамаға келе жатсам, жолда кітап дүкені тұр екен. Шынын айтсам, кітапқұмар адам емес едім. Сонда да, ішіне кіріп, аралап жүр едім, «Парапсихология. Космоэнергетика» деген жазуы бар кітап көзіме оттай басылды. Сатып алып, күні-түні түгін қалдырмай оқып шықтым. Апам мен жездем айтқанның бәрі осының ішінде екен. Содан бастап мен осы ғылымның соңына түстім. Сізге өтірік, маған шын, оның пайдасын шаш етектен көрдім.  «Сидней Олимпиадасында мына­дай жағдай болды, – дейді Алек­сандр Апачинский, әңгімесін әрі қарай жал­ғап. – Құрамадағы екі бокс­шы­ның Авс­тра­­лия­ға өздігінен жеткен жеке бап­кер­­­лері қояр да қоймай жат­тығу база­­сына рұқсат алып кіріп, шәкірт­тері­­мен жо­лық­ты. Байқап тұрмын, олар кеті­сі­мен екі боксшы сүмірейді де қал­ды. Яғни, жаңа­ғы­лар сырттан келді де шә­кірт­­­­тері­нің бойындағы күш-қуатқа толы энер­­­гети­каны өздерімен бірге алып кетті. Мұ­ны, әрине, өздері сезген де жоқ. Айт­­қа­ным­­дай болған жоқ, ертеңінде екеуі де же­ңі­ліп қалды. Солардың ең аз деген­де қола жүлде алуға мүмкіндіктері бар еді...».

 – Сол боксшылардың есімдерін айтпайсыз ба? – Бірі – Мұңайтпасов, екіншісі Кәрімжанов болатын...

Аға буын жанкүйерлердің есінде болар, Василий Жиров өзі қатысқан жекпе-жектердің үзілісі кезінде басқа­лардай бұрышқа жалп етіп отыра кетпей, тек қана түрегеп тұрып демала­тын. Орайы келіп тұрған соң, бапкерден осының сырын сұрадым. «Жаттығу кезінде, – дейді Александр Иванович, – Васяның бір раундының өзі кейде жиырма-отыз минутқа созылып кететін. Сонан соң, оны мен раунд арасын­дағы үзілісте түрегеп тұрып демалуға үйреттім. Неге десеңіз, түрегеп тұрған боксшы мен отырып демалған бокс­шының тыныс алуында аспан мен көктей айырмашылық бар. Мәселен, отырған боксшының ішіне өтетін ауа жолы жабылады да, күшін қайта қал­пына келтіруі қиындай түседі. Бұдан бөлек, түрегеп тұрып демалған бокс­шының мысы қарсыласын қашанда басып тұрады. Бұл – психологиялық тұрғыдан өте маңызды». 

Бокс десе ішер асын жерге қояр адам болса, Апачинскийдің әрбір сөзін алтынға балар еді. Еңбек жолын енді ғана бастаған бапкер үшін «Апачидің» бір өзі бір университет қой! 

Апачинский бапкер былай дейді: «Бокста секундант бола білудің өзі өнер. Бұл өзі бапкерден аса біліктілікті қажет ететін дүние. Жасыратыны жоқ, қазіргі жаттықтырушылардың көбі мұны дұрыс меңгермеген. Мәселен, жанталасқан жекпе-жектің үзілісінде боксшы 20 секундқа дейін ештеңе ұқпайды, сені естімейді де. Ал қазіргі бапкерлер болса, боксшыны дұрыс демалдырудың орнына дәл сол сәтте оған қалай жұдырықтасу керектігін айқайлап тұрып үйрете бастайды...». 

Жиров Джекке не үшін қарыздар? Бүгінгінің баласына Апачинскийдің көңілі толмайды-ақ. Оның ойынша, боксшы болам деп үйірмеге келген қазіргі балалардың ой-өрісі төмен, жүріс-тұрысы қарын аштырады екен. «Солардан тарихты сұраймын, «қызыл­дар» кім, «ақтар» кімдер?», – деген сұрақ қойсам жақ ашпайды. Есесіне, «көгілдірлердің» (голубой) кім екенін жақсы біледі. Бірде қалада кетіп бара жат­қанымда класс жетекшім Анна Алек­сеевнаны көріп қалып, сәлем бердім: – Мен ғой – Сашка Апачинский... кластың бірінші бұзақысы... – Ой, Сашка, білесің бе, сен қазіргі балалардың жанында періште екенсің, – дегені ұстазымның... «Еңбек сіңірген жаттықтырушы» еке­нім­ді, «Құрметті азамат» атанға­ным­ды айт­қанымда, ұстазым көзіне жас алды. Қуа­н­­ға­нынан жылады деп ойладым мен...». «Жалпы, – деп сөзін жалғай түседі Апачинский, – өз басым баланы боксқа жастай бергенге қарсымын. Менің ұғы­мым­да бала боксты 14 жасында бас­тауы керек. Оған дейін оның жалпыфизикалық дайындық үдерісінен өткені жөн, суда жүзіп, гимнастика немесе жеңіл атле­ти­камен айналысса құба-құп болар еді».  Жиров демекші, Вася да Апачин­ский­ге он жастан асқанында тап болған. «Зайы­бым болмағанда, Олимпиада чем­пио­ны Жиров та болмас еді», – деп күледі Апа­чин­ский. Оның сыры мынадай екен: жас­өс­пірім Васяның жаттығуда жүрдім-бар­­дым қарап жүргенін байқап қалған бап­­кер оны залдан қуып шығыпты. Сон­да, за­йыбы Елена Георгиевна күйеуін әрең дег­енде көндіріп, райынан қайтарған екен. 

Олимпиада чемпионы, Баркер кубогының иегері Василий Жировты басқалардан ерекше даралайтын бір қасиеті – оның төзімділігі деп қазір кесіп айтуға болады. Апачинскийдей адамды аяу дегенді білмейтін бапкердің қатал тепкісінен өту дегеніңіз екінің бірінің қолынан келмес шаруа еді. Қайран, Вася! Жаттығу кезінде екі қолын көтеріп қойып, жуандығы оқтаудай сырық­пен қос қабырғадан, жон арқадан еті қатайсын деп оңдырмай ұрғылағанда шы­дауына тура келген. Көлдің ортасына апарып суға тастап кеткенінде, қу жан деген тәтті емес пе, бәленбай шақырым жерден жүзіп өтіп, жағаға жетіп жығылады екен. Ал моншаның буына еңбектеп қашқанына дейін ұстайтыны ше? Айта берсең, Апачинскийдің аңызға бергісіз мұндай «сұмдығы» көп-ақ. Осындай «тепкіден» өткен Василий үшін шаршы алаңдағы айқас біткен баланың ойынындай-ақ болып қалатыны сөзсіз еді. Жалпы, әуесқой бокста жартылай ауыр салмақтағы Жировтың найзағайдың жарқылындай шапшаңдығына жылдамдығы ілесе алатын боксшы некен-саяқ болатын. «Жиров мұнысы үшін алғысты Джекке айтуы керек», – деп күледі Апачинский. Бапкер сөзінің жаны бар: жаттығу кезінде ол өзінің әлгі «Джек» деп аталатын қабаған овчаркасын Жировқа қосатын көрінеді. Сонда байғұс Вася екі өкпесін қолына алып, ұзын дәліздің бойымен зымырағанда, итке жеткізбей барып түпкі есікке кіріп үлгереді екен...

«Апачинский тағы бір Олимпиада чемпионын дайындап шығара ала ма?», – деген сұраққа өзі былай деп жауап беретін көрінеді: «Ақшадан тарықтырмаса, шығарар ем. Өйткені, сұрай-сұрай әбден шаршаған адам­мын...». Ал бокстың аузы дуалы маман­дары: «Оның тепкісіне Жировтай шы­дай­тын боксшы табылса, әрине, шыға­рады», – дейді бірауыздан... 

Әуесқой бокстағы ең биік шыңды бағындырғаннан кейін Жировтың кәсіпқой боксқа ауысқанын жұрт жақсы біледі. Америкаға аттанғанда Апачинский де жанында болды. Бірақ кәсіпқой бокстың маңайындағы «қасқырларға» бапкер емес, боксшы Василий Жиров керек болатын. Жарты жылдан кейін Балқашына қайта оралғаны да сондықтан Апачинскийдің.

Р.S. Есімі елімізге белгілі бір маманның «Апачинскийдің біздің боксқа бергені де көп, зиянын тигізген жері де аз емес» деген пікірін естігенде өз құлағыма өзім сенбегем. Сөз ауанын байқастасақ, Апачинскийдің зияны – біздің құрамадағы боксшыларды жаттығуда тым қатты қинап жіберген екен. Талап тым қатаң болып, көбісі зорыққаннан Олимпиада чемпионы бола алмай қалған-мыс... «Қап, әттеген-ай, обал болған екен...», – дейміз бе енді?! Осындай аяусыз айтылған пенделік пікірді естіген кезде қазіргі таңдағы боксшыларымыздың халықаралық аренадағы жарыстардың соңғы раундтарында семіз аттай барлығып, демі өшіп, шықпа жаным-шықпамен жүретіні еске түседі. Әттең дүние, «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген, дәу де болса, осы шығар...

Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»