• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Білім 13 Шілде, 2017

Жастар сұранысқа ие мамандықты меңгеруде

198 рет
көрсетілді

Шымкент аграрлық колледжінде өткен арнайы семинарға қатысқан еліміздің барлық аймағындағы колледж директорлары мен ауылшаруашылық мамандары Ұлт жоспарындағы нақты қадамдарды жүзеге асыру шеңберінде атқарылып жатқан игі шаруаларға куә болды.

Дуальды оқу жүйесін жетіл­діру арқылы білім орындары арасында тәжірибе алмасу­ды мақсат еткен семинарға «Кәсіп­қор» холдингі мұрындық бол­ған. «Техникалық және кәсіп­тік білім беру жүйесінің маз­мұнын жаңғырту арқылы Қазақ­стан­ның агроөнеркәсіп кеше­ніне арналған кадрларды даярлау­дың инновациялық жолдары» тақырыбында өткен семи­нар-практикумда еліміздегі кол­ледж­дерде инновациялық білім беру технологияларын, оның ішін­де, оқыту мазмұнына модуль­дік-құзыреттілік тәсілді қол­дану, кредиттік-модульдік техноло­гияны, арнайы пәндерді ағыл­­шын тілінде оқыту, бейінді маман­дығы бойынша кадрлар даяр­лаудағы заманауи тәсіл­демелер, қолданбалы бакалавриат­ты ен­гізу мен іске асыру мәсе­ле­лері тал­қыланды. Сон­дай-ақ, қаты­су­­шылар кәсіптік колледждерде инновациялық білім беру технологияларын кіріктіру бойынша пікір алмасты.  Колледждің оқу-өндірістік базасында болып, шәкірттерге жасалған мүм­кін­діктерден, ой түйіп қайтты. Оқу-өндірістік базасының ой сала­тынындай-ақ бар. Еліміз­дің басқа өңірлеріндегі агротех­никалық бағыттағы оқу орын­дары­ның директорлары оңтүстік­тегі әріптестерінің ісін үлгі алар­лық ретінде бағалады.  Мыса­лы, «Кәсіпқор» холдинг» КЕАҚ бас­қарма төрағасының орынбасары Ә.Бимендина ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлауда техникалық және кәсіптік білім берудің маңыздылығына тоқталып, оған облыс әкімдігі жан-жақ­ты қол­дау көрсетіп келе жат­қа­нын атап өтті. Осы арада айта кете­лік, колледждегі білім сапа­сының жақсаруына, заманауи жабдықталуына сіңірген еңбегі жоғары бағаланған оқу орнының директоры К.Төлебаев Ұлттық бизнес рейтингтер одағы атынан берілетін «Сала көшбасшысы» Алтын қыран белгісімен және білім саласының беделін арт­ты­ру­дағы жеке үлесі үшін «үз­дік басшы» сертификатымен мара­патталған болатын. Ал өт­кен жылы көктемде Шымкент аграрлық колледжі елімізде үздік он колледждің қатарына енді.  Расында, колледж директоры, ауыл шаруашылығы ғылым­дарының кандидаты Кенжехан Төлебаевтың ұйымдастыруымен бес жарым гектарға салынған оқу базасында тәжірибе жұмыс­тарын жүргізуге толық жағдай жасал­ған. Ең соңғы технологияларды қол­данып салынған жылыжай, жүзім, алма плантациялары бар. Қызанақ, болгар бұрышы, бидай, арпа, жүгері танапшаларында студенттер еңбек етіп, мол тәжірибе алуда. «Оларды тамшылатып суару әдісімен күтіп-баптауды агрономия және орман шаруашылығы бөлімінің студенттері мен оқытушылары жүргізіп, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырады. Бұл да өз кезегінде шәкірттердің ма­ман­­дығын толық меңгеріп, бәсе­­кеге қабілетті жақсы маман бо­лып шығуына көмекте­седі. Еңбек­сүй­гіштікке, адамгер­шілік­ке, өз ісін жос­парлап тиісті нәтиже алуға ұм­тылысын арттырып, оны іс жүзін­де қолдануға негіз бола­ды дейді колледж директоры К.Төле­баев. Оқу базасындағы зоо­тех­ника және мал дәрігері маман­ды­ғы­на оқып жатқан студент­тер­ге арналып салынған сынып бөл­мелері материалдық-техни­ка­лық жабдықталуы бо­йын­ша ин­но­ва­циялық білім технологиясына толық жауап береді. Жоғары өнімді жұмыс жасау үшін соңғы үлгідегі заманауи электронды құрал-саймандар алынған. Ауру малдарға нақты диагноз қоюға мүмкіндік беретін ультрадыбысты толқындармен зерттейтін құрал-жабдықтар, жаңа сыйымдылығымен мұздатқышы жетілдірілген тоңазытқыштар, инвазивті ауруларға қарсы ағза­дағы жұмыр құрттарды дұрыс ажы­ратуға мүмкіндік беретін үлкен­ді-кішілі зертханалар­дың бар­лы­ғында дерлік қол­данылатын три­хинелоскоп аппараты, сүттің май­лылығын және қышқылдығын тек­серетін «Лактан» атты құрыл­ғы, тағы да басқа оқу-тәжірибе саба­ғы­на қолданатын зертханалық жаб­дықтармен толық қамтамасыз етілген.  Арнайы мал тұрақтары салынып, онда төрт түлік мал мен қояндар және зертханалық жануарлар орналасқан. Колледж­де 15 мамандық бойынша дайындалатын студенттердің түгелге жуығы «40 пайыз теория, 60 па­­йыз тәжірибе» әдісі арқылы білім мен еңбекті ұштастыруда. Атал­ған оқу базасында ауыл­шаруа­­шылық механиктерін даяр­­лай­тын бөлім үшін арнайы жасақталған автотұрақ және цех та бар. Техниканың соң­ғы түр­лерімен қалай жұмыс жүр­гізу­ді үйренуге толық жағ­дай жасал­ған. Сондай-ақ, салын­ға­ны­на қырық жылдан астам уақыт өтіп тозуға айналған бес қабат­­ты студенттер жатақхана­сы күр­делі жөндеуден өткізіліп, бөлмелері жаңа жиһаздар­мен жабдықталыпты. Бұрынғы үл­кен асхана да кешенді күрделі жөн­деуден өтіп, консервілеу және тамақ өнеркәсібі мамандарын дайындап жатқан бөлім­ге оқу-тәжірибе жұмыстарын, зертханалық сабақ өткізетін оқу кешені ретінде пайдалануға беріл­ген. Оқу ғимаратының алдында егілген дақылдарды сту­дент­тердің өздері бақылайды, өңдейді. Сынып бөлмелерінің барлығы бағдарламаға сай жаңа интербелсенді тақталармен жаб­дықталып, ғаламтор жүйесі ен­гізілген. Ол өз кезегінде жаңа инно­вациялық білім технология­ларын толығымен енгізуге мүм­кіндік береді. Міне, осындай және басқа да жоғары деңгей­дегі қамқорлық сапалы маман даяр­лауға мол мүмкіндік беруде. Айтпақшы, семинар-практикум барысында «Амангелді» ЖШС төрағасы Н.Құралов шаруа­шылық жылыжайларында тамшылатып суару әдісімен жұмыс істейтін маман жоқтығын айтты. Бұл орайда, колледждің «Өсімдік шаруашылығы» бөлі­мінде жылыжайда жаңа технологиямен жұмыс істейтін мамандар даярлануда екен. Яғни, колледж түлектері сұранысқа ие.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»