• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Шілде, 2017

Алматы іргесінде жаңа зауыт іске қосылды

185 рет
көрсетілді

Ресми деректерге сүйенсек елімізде жылына 100 мың дөңгелек жарамсыз қалып, қоқысқа тасталады екен. Ал сол істен шыққан дөңгелектерді қайта өңдеу арқылы басқа да кәдеге жаратуға болады. Күні кеше ғана Алматы облысының Қарасай ауданында жылына 6 мың дөңгелекті қайта өңдей алатын жаңа зауыт іске қосылды.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары қалдықтарды қалпына келтіру мәселесін жолға қоюға баса назар аударылып келеді. Мәселен, бір ғана Алматы қаласы мен Алматы облысында жылына 20 мың дөңгелек жарамсыз қалады. Оның 70 пайызы жеңіл көліктер дөңгелегі болса, қалған 30 пайызы жүк көліктеріне тиесілі. Бұл өз кезегінде түрлі зиянкестердің көбеюі мен қоршаған ортаның ластануына әкеліп соғады. Мұны болдырмаудың жалғыз жолы – істен шыққан материалдарды қайта өңдеп басқа да жұмыстарға пайдалану. Әзірге 30 адамды жұмыспен қамтып отырған зауыттың алғашқы аяқ алысы жаман емес. Алдағы уақытта ауқымын кеңейтіп, өндірістік қуатын екі есеге дейін арттыруды көздеп отыр.

 – Қазір қала мен облыс аумақтарын аралап ескі, жарамсыз дөңгелектерді жинаумен айналысып келеміз. Барлық азаматтарды осы бастаманы қолдауға шақырып, істен шыққан дөңгелектерін заңды құжат бойынша бізге өткізулерін сұраймыз. Дамыған мемлекеттерде жарамсыз қалдықтарды арнайы мекемелерге өткізу үшін азаматтар ақша төлейді. Біз тегін қабылдаймыз. Қай жерден болса да дөңгелектерді өзіміз алып кетеміз.  Құры қоқысқа айналып жатқанша игілікке жарағаны жақсы ғой. Бізден шыққан өнімдер балалар алаңының төсенішіне, газондардың астыңғы қабатына төсеуге, сондай-ақ ұнтақталған шиналар басқа елдердің тәжірибесіндегідей тас жолдардың құрамына қоспа ретінде қосылады. Қазіргі таңда еліміз аталған қоспаны Ресейден импорттап отыр, – дейді «Q-Recycling» шина өңдеу зауытының директоры Жасұлан Сайкатов. Мамандар көрші елден импортталатын өнімнің тоннасы 120 мың теңге болса, өзімізде өндірілетін өнімнің тоннасы 80 мың теңге болатынын айтады.

Бүгінгі таңда ел аумағында жарамсыз дөңгелектерді қайта өңдеумен айналысатын 10 ға жуық зауыт бар. Алматы аумағында бой көтерген жаңа зауыт облыстағы шина өңдейтін тұңғыш зауыт болып отыр. Жалпы құны 150 млн теңгені құрайтын өндіріс ошағы жеке инвесторлардың қаржыландыруымен іске қосылған.

Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ