Өркенді өзгерістер өрісі
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік БІЛӘЛОВПЕН сұхбат
– Серік Сұлтанғазыұлы, еліміз Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында тұр. Қазақ ұлтының және Қазақстан халқының тарихында мұндай кезең болмағанын атап көрсеткен Елбасы ел шежіресіндегі ерекше белесті барынша дайындықпен қарсы алуға шақырған болатын. Осыған орай, сіздің қолдауыңызбен өңірімізде өріс алған «20 игі іс» акциясы аясында атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтсеңіз.
– Иә, биыл бәріміз үшін ерекше қастерлі жыл. Тәуелсіздік алған уақыттан бері еліміз әлеуметтік-экономикалық салаларда зор табыстарға жеткені бәрімізге мәлім. Ішкі, сыртқы саяси тұрақтылығымыз бекіп, әлем санасатын мемлекеттер қатарына көтерілдік. Бір сөзбен айтқанда, қысқа мерзім ішінде ұланғайыр міндеттерді жүзеге асырып, дамудың жасампаздық жолымен жүріп келеміз. Біз осылайша тұтас бір дәуірге барабар, маңызы айрықша, мәні бөлек кезеңге Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында жетіп, еліміз барша қазақстандықтардың жұдырықтай жұмылған бірлік, татулық, достық шаңырағына айналды. Ал, сұрағыңызға келетін болсақ, айтулы датаға орай Мемлекет басшысы мерейтой жылын «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деп жариялауы қалың жұртшылықтың үлкен қолдауына ие болды. Облыстағы «20 игі іс» шарасы Алаштың ақиық ақыны, жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың туған ауылы Сартомардан бастау алды. Мектеп ғимараты, мешіт үйі, дәрігерлік амбулатория жөндеуден өтіп, оқушыларға спорттық құрал-жабдықтар сыйланды. Мұражай жаңа кітаптармен толығып, плазмалық теледидар тарту етілді. Шалғай жерлердегі елді мекендер де жаңарып, тазарып, гүлдене түсті. Көшелер ретке келтірілді, аулаларға ағаштар отырғызылды. Жолдар жөнделіп, су құбырлары тартылды. Мысалы, Орталық, Бостандық, Ақбалық, Шұқыркөл ауылдарының тұрғындары өздері тұратын ортаны абаттандыруға, көркейтуге жоғары көңіл-күймен жұмыла атсалысты. Көптеген спорт алаңдары, демалыс-мәдени орталықтар, саябақтар, іске қосылды. Облыс орталығында сәулетті стеллалар, ескерткіштер, мәдени нысандар тұрғызылды. Акция аясында аудандарда – 216, жергілікті округтерде – 1638 шаралар атқарылды. Әлі де жалғасу үстінде.
– Қызылжар өңірінің диқандары бұрын-соңды болмаған мол астық өсіріп, ел ырысын еселеуге елеулі үлес қосып отыр. Оны ысырапсыз жинау, сақтау бағытындағы жұмыстар қалай ұйымдастырылған?
– Экспортты әртараптандыруда және тұрғындарды жұмыспен қамтуда агроөнеркәсіп кешенін үдемелі дамыту басым бағыттардың бірі болып қала беретіні анық. Елбасының аграрлық кешенді қуатты қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалары арқасында ауылшаруашылық өндірісін субсидиялауға 6,6 миллиард теңге бөлінді. Республикада өсірілетін дәнді дақылдардың 25-28 пайызы облыстың үлесінде. Бұл салада қалыптасқан тәжірибелері мол егіншілеріміз ауа райының күрделі жағдайларының өзінде маңдай термен өсірілген ризықты шашпай-төкпей жинап алуға дағдыланған. Даңғайыр диқан, білікті басшы Геннадий Зенченконың алғашқылардың бірі болып Қазақстанның Еңбек Ері атануы – бәріміз үшін абырой. Мұндай мақтаулы жер өңдеушілер облыста жүздеп саналады. 2009 жылы гектар берекелігі 16,6 центнерге жетіп, 6,4 миллион тонна астық жинаған едік. Былтырғы құрғақшылық жылының өзінде шығымдылық 10,5 центнерден айналып, 4,1 миллион тонна өнім алдық. Биылғы түсім бұл көрсеткіштерден де асып түсіп, рекордтық межені бағындырдық. Күзгі орақты ойдағыдай аяқтауға барлық күш-жігер жұмылдырылды. Жауапты науқанға 10 мыңға жуық техникалар қатыстырылып, 3,9 миллион гектар алқаптың дәні ысырапсыз қамбаларға құйылды. Гектар берекелігі 20 центнерге жетіп, қырмандар мен элеваторларға 7 миллион тоннаға жуық астық жеткізілді. Ғ.Мүсірепов, Тайынша аудандары бір миллион тоннадан астам ел ризығына ие болды. Мұндай молшылыққа егіншілік мәдениетін ұдайы жақсарту нәтижесінде жеткенімізді айта кеткен жөн.
Ендігі міндет – рекордты астықты шашаусыз әрі сапалы сақтау. Бұл мәселеде де бөгеліс болмайтынына сендіре аламын. Өткен жылы қордаланған өнім басқа өңірлерге жөнелтілді. Соңғы 6 жыл ішінде 247 мың тоннаға дейін астық қабылдай алатын 11 элеватор пайдалануға берілді. Былтыр Айыртау және Ғ.Мүсірепов аудандарында қуаттылығы 60 мың тонналық астық қоймалары кешені бой көтерді. Биыл сыйымдылығы 52 мың және 30 мың тонна болатын екі астық қабылдау кәсіпорны іске қосылды. Сөйтіп, элеваторлардың сыйымдылығы 3 миллион 350 мың тоннаға жетті. Бұдан тысқары серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының 3 миллион тоннадай астық сақтау мүмкіндіктері бар.
– Жолдау талаптарының бірі болып отырған етті мал шаруашылығын дамыту жайы қалай?
– Мал шаруашылығы саласындағы міндеттеріміз айқын, межеміз биік. Облыс жан басына шаққанда сүт пен жұмыртқа өндіруден елімізде 1-ші, ет өндіруден 2-ші орынды иеленеді. Жолдаудағы етті мал шаруашылығына қатысты белгіленген тапсырмаларды орындауға ішкі мүмкіндіктер мен қолдағы резервтер жеткілікті. Мал шаруашылығын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы жасалып, ауқымды шаралар белгіленді. Келешекте 10 мың бас мал бордақылау алаңдарын, 4 мың бас репродуктор-шаруашылықтар, 15600 бас мал өсіретін фермалар ашу міндеттері тұр. Ата кәсібімізді бұрынғыдан да қарқынды дамытатын кез туды. Алғашқы қадамдар нәтижесіз емес. Биыл фермерлік шаруашылықтар ұйымдастыру мақсатымен 2200 бас малға тапсырыс берілсе, 119 агроқұрылым өз және қаржылық институттар қаражатына 7,3 мың бас мал сатып алды. «ҚазАгро» АҚ арқылы 70 жоба қаржыландырылып, 659,6 миллион теңге бөлінді. Үш ауданда асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын репродуктор-шаруашылықтар құрылып, Канада мен Германиядан симменталь малдары әкелінді. Олардың қатарына «СБИ-Агро-Ташкентка», «Петерфельд-Агро», «Алабота асыл тұқымды» серіктестіктерін атауға болады. Бұдан тысқары «Қазэкспортастық» фирмасы арқылы 1 мыңдай шетелдік мал сатып алу көзделіп отыр.
Осылайша ауыл шаруашылығында қолданылған шаралар 8 айда жалпы өнім көлемін арттырып, 58 миллиард теңгені құрады. Рентабельділігі төмен шаруашылықтарды ірілендіру, асыл тұқымды мал басының үлесін көбейту, салаларды техникалық жағынан жарақтандыру, инновациялық технологияларды енгізу бағыттары бойынша маңызды жобалар іске асатын болады.
– Мемлекеттік жоба-бағдарламалар іске қосылғалы басқа салалар да еңсесін тіктеп, құлашын кеңге жаза түскен болар?
– Әрине. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында өнеркәсіптің алатын орны ерекше. Оның ішінде мәшине жасау саласы кәсіпорындарының жетекші рөлі зор. КСРО кезінде Петропавл қаласындағы зауыттар алыс қашықтыққа оқ таситын зымырандар шығарумен әйгіленетін. Тәуелсіздік жылдары қорғаныс зауыттары басқа салаларға бейімделіп, бейбіт мақсаттағы өнімдер шығаруға маманданды. Олардың еліміздің өнеркәсіп кешендерімен және шетелдік серіктестіктермен жасаған келісім-шарттарының жалпы көлемі 25 миллиард теңгеге жетті. Бұл – өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,1 есеге артық. Келісім-шарттар аясында 12,8 миллиард теңгенің өнімдері шығарылып, былтырғыға қарағанда 2 есеге молайды. Соңғы он жылда өнеркәсіп өнімдерін шығару көлемі 46,7 есеге ұлғайғанын айта кеткен жөн. Индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы көлемі 30,3 миллиард теңге инвестицияны құрайтын 15 индустриялық-инновациялық жобалар енгізілген. Оларды салу барысында 1300-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Ал пайдалануға берілген кезде 1700-дей жаңа жұмыс орындары құрылады. 2010 жылы өңірімізде 13,8 миллиард теңгенің 10 жобасы пайдалануға беріліп, 631 адам жұмысқа орналасты. Мәшине жасау саласы кәсіпорындары арасында «ЗИКСТО» АҚ-ның жұмысы жаңашылдық сипатқа ие. Индустриялық дамудың озық технологияларын игерудегі қарқынды қадамдары сүйсінтеді. 2008 жылы олар теміржолшылар үшін 30 жүк вагонын құрастырған болатын.
Сол сияқты, бүгінге дейін индустрияландыру картасы шеңберінде 11 жоба іске қосылды. Оның ішінде бірінші жартыжылдықта 2,2 миллиард теңге тұратын, сыйымдылығы 52 мың тонналық элеватор бой көтерді. Жуырда 30 мың тонналық тағы бір астық қабылдау кешені пайдалануға берілді. Осылайша облыс кәсіпорындары қазақстандық үлестің артуына айтарлықтай үлес қосып келеді.
Агроөнеркәсіп кешенінде де бірқатар озық жобалар бар. «Юннивил» ЖШС жылына 9 мың тонна ет өнімдерін өндіретін осы заманғы ет өңдеу комбинатын, «Леонов» шаруа қожалығы 320 бас сауын сиырға лайықталған сүт кешенін пайдалануға берді. «Зенченко и К» командиттік серіктестігінде қанатқақты жоба жүзеге асырылып, Канададан әкелінген 800 бас сиырға арналған сүт кешені бой көтерді. Мұнда әр сауын сиырдан жылына 7 мың литрдей сүт сауылады. Тайынша ауданында 1000 басқа шақталған сүт кешені жұмыс істейді.
Жер асты байлығын игеру кен-металлургия өнеркәсібі саласын жандандыруға серпін берді. «Тиолайн» ЖШС титан-цирконий кенін өңдейтін тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісті іске қосты. «Шунгит» ЖШС қиыршық тастар өңдеумен айналысады. Жоғары өнімді қондырғылар орнатылған өндіріс орнының жылдық қуаты 600 мың тоннаға тең. «Ақтөбе Glass» кен байыту комбинаты Айсары жерінде кварц құмын шығарады.
Кәсіпкерлікті өркендету саласында жайлы бизнестік ахуал туғызуға, әкімшілік кедергілерді болдырмауға баса назар аударылған. Он жылда шағын кәсіпорындар саны 10,3 пайызға ұлғайып, қызмет көлемі 12 есеге артты. Жылдық өнім өндіру мөлшері 85 миллиард теңгеге жетті. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша биыл республикалық қазынадан 1440 миллион, оның ішінде ағымдағы мақсатты трансферттерге 818,2 миллион, индустриялық инфрақұрылымды дамытуға 621,8 миллион теңге қарастырылған.
Инвестициялық қызметтің жандануы облыс экономикасының ырғақты дамуына айтарлықтай әсерін тигізіп отыр. Былтыр негізгі капиталға құйылған инвестиция мөлшері 53 миллиард 315 миллион теңгені құрап, 1999 жылға қарағанда 11 есе артты. «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 9 миллиард теңгенің 28 жобасын іске асыруға аса ынталы.
– Жолдауда халықты сапалы ауыз сумен жабдықтаудың басым бағыттары атап көрсетілді. Ендігі әңгімені осынау өзекті тақырып төңірегінде өрбітсек.
– Алдымен 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасының кейбір қорытындыларына тоқтала кетейін. Ұзақ мерзімді мемлекеттік жобаны орындау мақсатымен республикалық бюджеттен 15 миллиард, жергілікті қазынадан 2,5 миллиард теңге қарастырылған болатын. Бұдан тысқары Азия даму банкі 1,5 миллиард, шаруашылық жүргізуші субьектілер 96 миллион теңге қаражат салды. Соның нәтижесінде 111 мың тұрғыны бар 145 елді мекенге тіршілік нәрі жеткізіліп, 194 мың адам тұратын 122 ауыл-селоның жайы оңалды. Былтыр су шаруашылығы шараларын атқаруға 4,1 миллиард теңге жұмсалды. 200 шақырымға жуық су құбырлары мен су тарату желілері салынып, қалпына келтірілді. 40 мың тұрғыны бар 13 елді мекеннің таза суы жақсартылды. Үстіміздегі жылы 31,2 шақырым тораптық су құбырлары, 26,5 шақырым су тарату желілері тартылды. Жамбыл ауданында жерасты суларынан тартылған ұзындығы 6,9 шақырым ұңғымалы су бөгеттері қалпына келтірілді. 3 елді мекен жерасты суларымен қамтамасыз етілді.
Дегенмен, облыста таза ауыз су жайы әлі де өткір сезіледі. «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде халықтың денсаулығын жақсарту, таза суға мұқтаж елді мекендердің проблемасын шешу үстіндеміз.
– «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының іске қосылғанына көп бола қойған жоқ. Бірінші кезекте қандай шаралар атқарылмақ?
– Азаматтарды әлеуметтік қорғау, жұмыссыздық деңгейін төмендету, жаңа жұмыс орындарын ашу, аз қамтылғандар қатарын азайту – үнемі бақылауда тұратын мәселе. Бұл бағытта аз шаруа тындырылған жоқ. 2008-2010 жылдарға арналған тұрғындарды жұмыспен қамтудың аймақтық бағдарламасы бойынша 30 мыңға жуық адамның жұмысқа орналасуына көмек көрсетілді. 15810 жаңа жұмыс орындары ашылды. 4708 адам еңбекақы төленетін қоғамдық жұмыстарға тартылды. Кәсіптік білім алуға 1060 адам жіберілді. «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асырудың екінші жылында 5,4 миллиард теңге игеріліп, 8259 адам еңбекке араласты.
Жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы өзгеше талаптар, тың міндеттер жүктейді. Бағдарлама үш бағыт бойынша атқарылады. Бұл мақсат үшін 1,8 миллиард теңге бөлінген. Қазірдің өзінде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына қатысушылардың саны 7 мың адамды құрап отыр. Таратып айтар болсақ, 986 адам оқуларға жіберіледі. 395 адам кәсіби даярлықтан өтеді. 591 адам біліктілігін шыңдайды. 514 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, жұмыс берушілердің ұсынысымен 2545 адам бос қызмет штаттарына орналастырылды. Ауылдарда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу шараларына 254,8 миллион теңге бөлінді. «Солтүстік» ӘКК шағын несиемен қамтамасыз ететін ұйым ретінде белгіленіп, екінші бағытқа жеңілдікті қаржылық қолдау жайы ойластырылған. «СК-Финанс» ЖШС қазірдің өзінде 50 адамды кәсіпкерліктің қыр-сырына оқыту ісін бастап кетті. Сөйтіп, 232 адам даярланып шығады. Экономикалық әлеуеті орнықты елді мекендерге 222 отбасын көшіріп әкелу үшін 1,4 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде баспана тұрғызатын жерлер анықталып, жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту тұрғындардың өмір сапасын жақсартудың басты факторларының бірі екені айтпаса да түсінікті. Соған орай бағдарламасы аясында 2,4 миллиард теңгенің 5 жобасы қолға алынған. 754 миллион теңге облыс орталығындағы сумен жабдықтау және су беру нысандарын қайта қалпына келтіруге бағытталды. Энергетикалық кәсіпорындар бағдарлама шеңберінде 1 миллиард 964 миллион теңге бөлді. Петропавл қаласының абаттандырылған тұрғын үй саласында 1035 көп пәтерлі үй бар. Оларды жөндеуге республикалық бюджеттен 120 миллион теңге қарастырылды. Бұдан тысқары «Петропавл қаласындағы тұрғын үй пайдалану қызметі» кәсіпорны да жөндеу жұмыстарымен айналысады. Оған 275 миллион теңге бөлінді.
Мәдени-рухани салалардағы жетістіктеріміз де көп-ақ. Ана тіліміздің қолданыс аясы кеңіп, ұлттық құндылықтарымыз жүйелі насихатталады. Қожаберген жырау, Батыр Баян, Шал ақын, Тоқсан би, Шоқан Уәлиханов, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Мағжан секілді Қызылжардың құнарлы топырағынан өніп-өскен даңқты тұлғаларымыз айрықша қастерленеді. Осындай алып тұлғаларға ескерткіштер орнатылды. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша атқарылған шаралар – өз алдына бір төбе.
Тәуелсіздіктің мерейтойы қарсаңында облыс орталығы адам танымастай өзгерді. Пестрое көлінің жағалауында «Солтүстік жұлдызы» Тәуелсіздік саябағы ашылды. Қаланың ортасында биіктігі Тәуелсіздігімізді бейнелейтін стелла бой көтерді. Бірегей аквапарк құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысан отбасылық демалыс орнына айналады. Мәдениет және демалыс саябағы жаңартылып, субұрқақ орнатылды. Қазақ және орыс әдебиеті классиктерінің, Қызылжар өңірінен шыққан тарихи тұлғалардың мүсіндері орнатылды. Көшелерге, алаңдарға әралуан мүсіндік бейнелер қойылды. 13 шағын бақ қалалықтарға тарту етілді. «Жол картасы» бағдарламасының жәрдемімен ботаникалық бақ – «Қызылжар оранжереясы» қайта жаңғыртылды.
Қорыта айтқанда, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен еліміздің халқы ауызбірліктің, топтасқандықтың ерен үлгісін көрсетіп, 20 жыл ішінде толағай табыстарға жеткенін бәріміз мақтан тұтамыз. Оған солтүстікқазақстандықтардың да қосқан үлесі зор.
– Әңгімеңізге рахмет.
Қызылжар өңіріндегі көркемсөз байқауы
Көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы ХІІІ республикалық байқауы алғаш рет Қызылжар өңірінде шымылдығын түрді. Ол Қазақстан халқы тілдерінің ХІІІ республикалық фестивалі шеңберінде ұйымдастырылып, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. Онда еліміздің барлық облыстарының және Астана, Алматы қалаларының аталмыш байқау жеңімпаздары жиналып, прозалық, драмалық және поэзиялық шығармаларды мәнерлеп оқудан додаға түсті.
Сайыс басталар алдында облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов аймақ басшысы Серік Біләловтің құттықтауын жеткізді. Одан кейін сөз алған Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы: «Биылғы игі шараны Мағжан, Сәбит, Ғабит секілді ұлылар мекені Қызылжар өңірінде өткізуге бекіндік. Ондағы ой – қазағы аз өңірлерде мемлекеттік тілімізді насихаттау, құдіреттілігін таныту еді», дей келіп, көркемсөз байқауына қатысушыларға сәттілік тіледі. Оралханның қарындасы Ғалия Бөкей де қызылжарлықтарға деген алғыс сезімін жеткізді.
Байқаудың бірінші кезеңінде 16 үміткер О.Бөкейдің прозалық шығармаларынан үзінділер оқыды. Екінші кезеңде драмалық шығармалар бойынша сынасса, ақтық кезеңде ақындардың өлең-жырларына кезек берілді.
Үш кезеңнің қорытындысы бойынша Оралхан Бөкей атындағы республикалық көрсемсөз оқу шеберлерінің бас жүлдесін Алматы облысының өкілі Данияр Ақмолдаев жеңіп алды. Бірінші орынға Алтынай Мусина (Солтүстік Қазақстан облысы), екінші орынға Айнұр Оңғарова (Маңғыстау облысы), үшінші орынға Сейілхан Оспанов (Оңтүстік Қазақстан облысы) көтерілді. Жамбылдық Жадыра Мергенбаева, павлодарлық Айбек Оралханов, астаналық Қуаныш Дүйсенқұлов, батысқазақстандық Таңшолпан Зейнуллина «Үздік шеберлік үшін» ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Ұлтымыздың ұлы арманы еді
Жас тәуелсіз ел Қазақстанды өтпелі кезеңдегі қиындықтардан айбынды басшымыз Н.Ә. Назарбаев санаулы жылдарда-ақ алып шықты. Кеңес өкіметінің бетке ұстар ашық та айғақ идеологиясы бойынша капитализмді аттап өтіп, социализмге жеттік, коммунизмге тақау қалдық деп жүрген далбасасы далада қалды. Жаңа өмірде Елбасымыз әр нәрсенің меншігін таптырып, бәсекемен өркендер нарықтық экономикалық жүйеге көшті де, сол тар жол, тайғақ кешу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев: “Әуелі – экономика, содан кейін – саясат”, деген ұран тастады.
Қазақ деген негізінде намысшыл ел ғой, сол ұранның орындалу жолында әлемде бар жаңалықтарды игеріп, капитализмнің қол жеткен табыстарын кәдеге жаратты. Елде бар тоқтап қалған байлық көздерін дереу іске қосу үшін шетелдік инвестиция ала білді. Олай дейтінім, ол оңай олжа емес, оны біріншіден сенімді елге береді. Аз жылдарда аунап түскен тұлпардай атып тұрып, бір сілкініп, қазақ елі алға басты. Әлем әлді мемлекет, әйгілі басшыны көріп, үлкен сенім артты. Әне, соның нәтижесінде жас мемлекет Қазақстан тез арада есін жиып, астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру сынды ұлан-ғайыр қызу іске кірісті. Қай елде болсын астанасын көшіру оңайға соқпайтынын білетінбіз. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлының бұл бастамасын ел қолдады, елдің зиялы азаматтары қолдады. Ол жәй ғана төр жаңарту емес, Еуразияның кіндік төрінде Астананы орналастыру әкімшілік, ел басқару ісінде көптеген ыңғайлылық тудырды. Тың көтеру заманында солтүстік өлкелерімізде тым селдіреп қалған өз ұлтымыздың өкілдері көбейіп, еліміздің негізгі іргесін мықтап бекіттік. Жаңа заманға әбден лайық тамаша қала туды. Қуанғаным сонша, Астананың әр жылына жаңа өлеңдерімді арнап, онжылдығында “Әлемнің сегізінші ғаламаты” атты әдемі суреттермен безендірілген өлеңдер жинағымды шығарып, шын жүректен шашу шаштым. Бұл жалғыз менің емес, бүкіл замандастарымның көкейіндегі қуаныштың белгісі еді.
Тәуелсіздік жайлы, егемендік әкелген тамаша жаңалықтар хақында айтар сөз көп. Солардың ішінде ұлтымыздың аса көрнекті ұлдарының өмірін үлгі етіп, аттарын айғақтау. Оларға мәңгілік белгі орнату жолында соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында қыруар жұмыс істелінді. Шал ақынға, Мағжан ағамызға, Ғабит Мүсіреповке аудандардың аттары берілді. Олардың еңбектері де кең таралып, ел қолына тиді. Бұл тұрғыда ұлтымыздың ерекше дарынды ұлы, Исатай, Махамбет жорықтарына қатысқан ержүрек батыр Сегіз серінің патша үкіметі қудалаумен ұмыттырған аты шартарапқа қайта жетті. Тіпті, бұл ұлы бабамыз туралы: “Ол тірлікте болмаған адам”, деген жалалар да жабылды. Облыс орталығындағы “Асыл мұра” ұжымының бұл тұрғыда атқарған еңбегі орасан. Сегіз серінің екі томдық еңбектері жарық көрді. Бұрын “халық әні” аталып жүрген әндері өзіне оралып келе жатыр. Бір ғана “Гауһартастың” өзі неге тұрады?! Егер қазақтың бұлбұл қызы Күләш Байсейітова апамыздың атын бар әлемге Үкілі Ыбырай бабамыздың “Гәккуін” орындау шығарса, Бибігүл Төлегенова замандасымызды заңғар биікке көтерген де осы “Гауһартас”.
Сондай-ақ Қожаберген жырауды Бұқар жыраудай данамыз ұстазым деп ардақтаса, оның ірінің ірісі, дананың дарасы, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болар зор тұлға екенінде еш күмән жоқ. Тәуелсіздіктің ұлы тойының қарсаңында есімі ұмытылып жүрген ел дүлдүлі Үкілі Ыбырайға лайықты ескерткіш облыс орталығында және тамаша шағын мүсін ауылында орнатылып, бұрынғы Өскен ауылына Үкілі Ыбырайдың аты берілді.
Бұл күндері бүкіл еліміз Тұңғыш Президентіміздің бастауымен инновациялық индустрияландырудың екпінді жұмысын серпінді жүргізіп жатыр. Біле білсек, бұл Нұрсұлтан Әбішұлының ұлы бастамасы, инновациялық индустрияландырудың революциялық қадамдары дер едім. Олай дейтінім, жас мемлекет әлемдегі жаһандану заманына сәйкес ең керекті, әрі ең жауапты, ең ауыр істі өте қарқынды түрде бастап кетті. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына бір белгі Астана қаласы болса, осы ұлы жолда дүниеге келген әр өндіріс орны зор шашу, ең қымбатты шашуымыз деп есептеймін. Кен байлығы, жер байлығы, мұнай мен газ да сарқылады, ал бүгін қатарға тұрып жатқан инновациялық-индустрияландыру нысандары өздерінің шығаратын түпкі өнімдерімен еліміздің елдігін бекітіп, болашақтағы ең сенімді тірегіміз болады. Осы тұрғыдан келгенде, 2009 жылы “Егемен Қазақстан” газетіне шыққан мақаламда басталған жұмыстарды бітірсін, Тұңғыш Президентімізді құтты орнында отырғыза тұрайық дегенім бар еді. Бұл күнде, Құдайға шүкір, бұл мәселені бүкіл ел қолдап, биыл кезектен тыс өткен президенттік сайлауда халқымыз Елбасыға дауыс беріп, бірден-бір дұрыс таңдау жасады. Еңкейіп қалған қарт емес, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың нағыз ысылған, мәрт кезі.
Тәуелсіздік ұлтымыздың ұлы арманы еді, оған да жеттік. 20 жылда ел іргесі бекіді, келешекте осы қарқынмен қарыштап, әлемдегі озық елдер қатарына жетейік! Бұл тілектің де орындалуына еш күмән жоқ. Ел аман, Елбасы аман, ішкі дау мен сыртқы даудан Алла есен сақтасын! 20 жылдық асыл той, ғасыр тойы құтты болсын!
Айналайын, Қызылжар!
Туған қала от-анам,
Қалған мұра атадан.
Қызылжар деп атыңды,
Бабам өзі атаған.
Қайырмасы:
Салтанатым, сәнімсің,
Махаббатым, әнімсің.
Айналайын, Қызылжар,
Бақытымсың, бағымсың!
Жалғыз өзің бір ғалам,
Шежірелі ән-қалам.
Абылайдың ізі бар,
Мағжан ақын жырлаған.
Қайырмасы:
Сәйгүліктей жаралған,
Аққудайын таранған.
Аймалайды көк Есіл,
Ақ қайыңға оранған.
Қайырмасы.
Астықты аудан асулары
Марат ТАСМАҒАНБЕТОВ, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі.
Ауданымыз еліміздегі ірі астықты өңірлердің бірі. Дамыған автомобиль жолдары, темір жол көлігі, әлеуметтік инфрақұрылымдары бар аудан зор экономикалық әлеуетке ие. Аграрлық секторда да үлкен табыстарға жетіп келеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында машина-трактор паркінің 90 пайызы жаңартылды. Ауыл шаруашылығы құрылымдары 22,2 млрд. теңгеге 1092 өнімділігі жоғары техникалар сатып алынды, ол көктемгі-күзгі дала жұмыстарының 80 пайызға жуығын жоғары сапамен атқаруға, еңбек өнімділігін арттыруға, дәнді және басқа дақылдар өндірісінде ылғал қорын қалыпты жағдайда сақтауға мүмкіндік береді. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың астық өндірісін ұлғайтып, Қазақстанды астық экспорттайтын әлемдегі бес елдің қатарына енгізу жөніндегі міндеттерін жүзеге асыру үшін егістік мәдениетін жақсарту, топырақ құнарлылығын арттыру, минералды тыңайтқыштарды агротехникалық талаптарға сай сіңіру, тұқым сапасын жақсарту жөнінде мақсатты жұмыстар жүргізіліп келеді. Тың және тыңайған жерлерді игеру есебінен айналымға 62,9 мың гектар алқап қосылды. Сөйтіп, егістік көлемі 629 мың гектарға жетіп, ауыл шаруашылығы дақылдарынан жиналатын жалпы өнім 44,8 пайызға артты.
Диқандарымыз Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойлайтын биылғы жылы бұрын-соңды болмаған астық өсіріп, қазіргі уақытта күзгі орақты аяқтап қалды. Гектар берекелігі 23,2 центнерден айналып, кемі 1,5 миллион тонна астық жинауды көздеп отырмыз.
Аграрлық кешен алдында тұрған басым бағыттардың бірі – астықтың сақталуы мен өңделуін қамтамасыз ететін қабылдау кәсіпорындарының қуатын арттыру. Бұл мәселені ойдағыдай шешу жолдары жан-жақты қарастырылған.
Аудан мал шаруашылығымен де айналысады. Осы саланы дамыту бағдарламасында ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру бағдарламасына орай 350 сауын сиырға, 500 бас етті малға, 500 бас қойға және 200 жылқыға арналған кешендер, 350 басқа арналған шошқа фермасын салу жоспарланып отыр. Жұқпалы аурулардың алдын алу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 16 мал сою алаңы салынды. Мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу де дамып келеді.
Шағын және орта бизнестің де өркендеуіне мүдделіміз. Бүгінде 1063 кәсіпкерлік субъект жұмыс істейді. Сауда, қоғамдық тамақтану орны, шаштараз, техникалық қызмет көрсету станциясы, ағаш өңдеу цехы, киім пішу және жөндеу қосыны, тәулігіне 2 тонна нан-тоқаш өнімдерін шығаратын “Асыл дән” наубайханасы сияқты 18 жаңа нысан ашылды.
Мемлекеттік “Ауыз су” бағдарламасы шеңберінде ауылдықтарды сапалы тіршілік көзімен қамтамасыз ету айтарлықтай жақсарды. Осы кезеңде су құбыры желілерін тарту, қалпына келтіру жобалары жүзеге асырылды.
Ауданда мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын орындау – басты назарымызда. Соңғы жылдары 12 пәтерлі коммуналдық тұрғын үй, шаруашылық субъектілерінің күшімен 168 пәтер және 396 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді.
Білім беру жүйесін жетілдіру, оқу сапасын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан шаралар да аз емес. Былтыр “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша Пески ауылында осы заманғы 250 орындық мектеп үйі пайдалануға берілді. Соңғы он жылда мектептерге 17 лингафон-мультимедиа, 18 физика, 13 биология, 3 химия кабинеттері, 14 интерактивті құрал-жабдықтар, 479 компьютер сатып алынды. Алты білім мекемесі “ОкуNet” ақпараттық білім беру желісіне қосылған.
Ұлы жазушы есіміндегі аудан еңбеккерлері Тұңғыш Президентіміз, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың дәйекті саясатын біркісідей қолдай отырып, әлі талай биік асуларды бағындырары анық.
Астанаға қарап бой түзейміз
Хайни-Жамал МУСИНА, Социалистік Еңбек Ері.
Тәртіп сақшысы әкеміз сонау 1954 жылы қаныпезер адамдардың қолынан қаза тапты да, шиеттей сегіз бала асқар таудай тірегімізден айырылып, зар жылап қала бердік. Амал қанша, анамыз Фатима Ғарифуллақызына сегіз баланы жалғыз асырап, жеткізу оңайға соқпады. Сондықтан да шығар, мені және екі інімді Новоникольское балалар үйіне орналастырды. Сөйтіп мен, жетінші сыныпқа дейін балалар үйінде оқыдым. Одан кейін білім алуды облыс орталығындағы кәсіби-техникалық училищеде жалғастырдым. Мамандығымның қыр-сырын меңгергеннен кейін Жамбыл қаласына жіберді. Осы жерде құрылыс-монтаж басқармасына жұмысқа орналастым. Өзім қатарлас қыз-келіншектермен бірге еңбек етіп, тәжірибе жинақтадым. Арада үш жыл өткен соң Қызылжарға қайтып оралып, “Петропавловсксельстрой” тресінің №72 жылжымалы механикаландырылған колоннасында сылақшылық жұмыспен айналыстым. Қазір айналама көз салсам, облыс орталығындағы мектептер, балабақшалар, мәдениет үйлерінен өз қолтаңбамды көріп, жастық шағыма оралғандай боламын.
Жауапкершілікті түсіну өз алдына, ынта-жігердің арқасында шығар, 25 жасымда сылақшы-сыршылар бригадасын басқару міндеті жүктелді. Жұмысқа ыңғайы бар бір топ қыз-келіншектерден бригада құрып, ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін ерінбей еңбек еттік. Арада екі жыл өткен соң жақсы көрсеткішпен топ жарып, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болдым.
Ес білгелі еңбек етіп, қоғам өміріне белсене араласқандықтан әр күнімді пайдалы іспен өткізуге тырыстым. Еңбек адамды шыңдайды, биік белестерге жетелейді. Бүгінгі таңда халқымыздың ынтымақ-бірлігінің арқасында өтпелі кезеңнің қиындықтарынан қиналмай өттік. Еліміз көркейіп, жұлдызы жарқырап тұрған шақ бұл! Тәуелсіздік туын желбіреткен жиырма жыл ішінде қол жеткізген жетістіктер айтарлықтай. Қазақстан басқа елдермен терезесі тең мемлекет болды. Күні кеше елордамыз Астанада 56 елдің басшылары мен халықаралық ұйым өкілдерінің басын қосқан Саммит өтті. Бұл да еліміздің қарышты қадаммен алға басып келе жатқанының айшықты айғағы. Осының барлығы да – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесі.
Сүйікті елордамыз – Астанаға талай рет жолым түсті. Әр барған сайын неткен керемет деп қуанамын. Менің Қызылжарым да гүлденіп келеді. Елордаға қарап бой түзеп, тотыдай құлпыра түскені қуантады. Туған қаламның өркендеуіне қолымнан келгенше өз үлесімді қосқанымды мақтан тұтамын.
Отаным деп оралдық
Жаңабай ПІРМАНОВ, облыстық оралмандар қауымдастығының төрағасы,
“Тамды” фермерлік қожалығының басшысы.
Қазақ елі Тәуелсіздік туын қолына алғалы 20 жыл болды. Көне тарих үшін қас қағым сәттей көрінетін осы кезеңде қаншама қиындықтар артта қалып, қаншама биік асулар алынды десеңізші?! Осы орайда Елбасымыздың шақыруымен сонау Қызылқұм даласынан көш тартып, ат басын қиян шеттегі, табиғаты қатал Қызылжар өңіріне тіреген ағайынның әрекеті ерлік деп білемін. Иә, туған жеріміз бен жұртымызды, ата-баба қабірін тастап келгендегі мақсатымыз – тарихи Отанымыздағы қалың елімізге, алтын ұя-бесігімізге, жұртқа қосылу еді. Құдайға шүкір, қазағымыздың байтақ даласындай кеңпейілді халқым құшағын айқара ашып, бауырына басты.
Солтүстік Қазақстан облысы Тұңғыш Президентіміздің көші-қон саясатын бар ықылас-пейілімен қолдады десем, артық айтқандық емес. 2000 жылы ел аймақтарының арасынан тұңғыш рет оралмандарды жайғастыруға жергілікті бюджеттен қыруар ақша бөлінуі – осының айғағы. Атажұртқа аяқ басқаннан бергі 15 жыл өмірім айшықты оқиғаларға толы болды. Соның бірі өз алдыма жеке шаруа қожалығын ашпақ ниетпен банктен бір жылға несие алып, Жезқазғаннан қазақтың еділбай тұқымды қойларын әкеліп, солтүстік өңірде өсіруді қолға алуым еді. Қажырлы еңбектің арқасында малдың басы көбейіп, шаруашылығымыз ілгері басып жүре берді.
2002 жылы Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен кәсіпкерлер форумында сөз сөйледім. Сөзімнің соңында сол жылдары елді толғандырып жүрген Өзбекстан – Қазақстан шекарасының мәселесі бейбіт жолмен шешілгеніне бауырларымның атынан ризашылығымды білдіргенімде Нұрсұлтан Әбішұлы дән риза болып: “Жарайсың, оралманмын деп жарқырап тұрсың ғой!” – деп қолымды алып, арқамнан қаққаны маған соны серпін, тың жігер бергендей болды. Көптен жоспарлап жүрген ойым, Қызылжар өңіріне таңсық іс – ойсылқара түлігін өсіру жөніндегі жобам қолдау тауып, 7 бас түйе малын 2006 жылы оңтүстіктен алып келдім. Мыңдаған жылдық тарихы бар шұбат өніміне жергілікті халықтың қызығушылығы түйе басын көбейтуге ықпал етті. Бүгінгі таңда менің басқаруымдағы “Тамды” фермерлік қожалығында отар қой, үйір түйе, жылқы және қара мал өсіріледі. Өткен жылдан бастап егіншілікпен де айналысып келеміз.
Жалпы, бүгінгі күні шеттен келген мыңдаған отбасы Солтүстік Қазақстан облысына қоныстанып, тірлік жасап жатыр. Сол ағайынның айтар алғысы, шын жүрегімен тілер тілегі бір, ол – Елбасының жүргізіп отырған саясатына деген ризашылық пен құрметі.
Баламасы жоқ бастама
Жанна НАУРЫЗОВА, көп балалы ана.
Біздің Қызылжар өңірінде соңғы жылдары бірқатар игі жаңалықтар болды. Солардың бірі әрі бірегейі – облыс әкімі Серік Біләловтың бастамасымен қолға алынған “Ұрпақ қоры” бағдарламасы десем, бұл ана мен бала үшін жергілікті билік тарапынан жасалып отырған үлкен қамқорлық болып табылады. Сөйтіп, 2010 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, төрт және одан да көп баласы бар отбасының кәмелетке толмаған әрбір сәбиіне банктен арнайы есепшот ашылып, 226 мың теңге мөлшерінде қаражат бөліне бастады. Облыстағы демографиялық ахуалды жақсарту мақсатын көздеген аталмыш шара аясында өткен жылғы 6 қазанда өңір басшысы Серік Біләлов “Ұрпақ қоры” сертификатын “алғашқы қарлығаштарға” салтанатты түрде табыс етті. Төрт және одан көп бала туған облыс тұрғындары Айгүл Сапар, Юлия Бушуева, Жібек Мақашева, Светлана Бикбаева сияқты жас аналармен бірге мен де сый-құрметке бөлендім.
Біз, отағасым Берік екеуміз төрт қыз өсіріп отырмыз. Жұбайым құрылыс саласында еңбек етеді. Мен бала тәрбиесімен, үй шаруасымен айналысамын. Отбасындағы кенжеміз Жансая туғанда “Ұрпақ қоры” бағдарламасы бойынша кәмелетке толмаған сәбилеріміздің барлығына депозит ашылып, уәде етілген қомақты қаражат бөлінді. Халқымызда “Әр бала өз несібесімен келеді” деген жақсы сөз бар. Міне, бүлдіршіндерімнің жарқын болашағына жол ашатын, кемел келешектің кепілі осы емес пе?!
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына қадам басқан егемен еліміздің ертеңін бүгін ойлап, әзірге еш өңірде баламасы жоқ “Ұрпақ қоры” бағдарламасына жас аналардың қызығушылығы ерен. Биылдың өзінде 271 отбасындағы 1152 баланың депозиттеріне 279 миллион теңге салынды. Бейбітшілік пен татулық бесігінде тербелген тәуелсіз мемлекетімізде осындай жағымды жаңалықтар орын алып отырғанда, ертеңгі күнге деген сеніміміздің нығая түсетіні сөзсіз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған демографиялық саясатына сәйкес қолға алынған “Ұрпақ қоры” бағдарламасының жәрдемі арқасында біз, көп балалы жас аналар, өз балаларымыздың болашағына зор үмітпен қараймыз. Еліміздің басқа өңірлеріндегі жас жұбайлар тәлім алатын жақсы өнеге тиісті орындар тарапынан қолдау тапса, нұр үстіне нұр болар еді.
Беттердегі материалдарды дайындаған Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Өмір ЕСҚАЛИ.