• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
08 Қазан, 2011

Үшінші сектор – билік – әріптестік

676 рет
көрсетілді

Алқалы жиынға модераторлық еткен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған V Азаматтық форумға еліміздің барлық облыстарынан, Астана және Алматы қалаларынан 365 делегат келіп қатысқанын, олардың өңірлерде өткен ҮЕҰ-лардың конференцияларында сайланғанын, сонымен қатар, форум жұмысына АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Қырғызстан елдерінен ҮЕҰ-лар өкілдері келгенін атап өтті. Бұдан кейін Өмірзақ Шөкеев сөзді Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевқа берді. Біз сіздермен ел өміріндегі аса маңыз­ды тарихи кезең – Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­дығы қарсаңында кездесіп отырмыз. Небәрі 20 жылдың ішінде өзінің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгер басшылығының нәтижесінде Қазақстан экономикасы қуат­ты, әлеуметтік тұрғыдан тұрақты, демо­кра­тиясы дамыған дербес мемлекетке ай­налды. Сөйтіп, біз терезесі тең, керегесі кең әлем таныған әлеуетті ел болдық, деді өзінің сөзінде Мемлекеттік хатшы. Кешегі дүниежүзілік қаржы-эко­но­ми­ка­лық дағдарысқа қарамай, ауқымды ин­дус­триялық-инновациялық даму бағдарла­масын жүзеге асыруға кірістік. Жер-жерде жаңа жұмыс орындары ашылып, мыңдаған тұрғын үй, жүздеген шақырым жол са­лын­ды. Шәкіртақы, зейнетақы, жәрдем­ақы­лар­дың көлемі жыл сайын өсіп жатты. Осы жетістіктің баршасы ел бірлігінің, қоғамда қалыптасқан келісім ахуалының арқа­сын­да болды, деп жалғады сөзін Қ.Саудабаев. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы барша­мыз­ға, соның ішінде үкіметтік емес ұй­ым­дар үшін айрықша мәнге ие. Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.На­зарбаевтың көреген саясаты аза­мат­тық бастамалардың жүзеге асуына ке­ңінен жол ашты. Ол азаматтық қоғам инс­титуттарының қалыптасып, нығаюына негіз болды. Тәуелсіздігімізді нығайту жо­лында билік пен бизнес, азаматтық қоғам өкілдері әрдайым бірлесіп іс-қимыл жасап, қоғам алдындағы жауапкершілікті бірге көтерді. Сондықтан ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы Қазақстанның барша азаматтары үшін шын мәнінде үлкен асу, ортақ мерейтой, деді өз сөзінде Қанат Бекмырзаұлы. Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы 2003 жыл­дан бастап мемлекет тарапынан ҮЕҰ-лар жобаларын орталық және жергілікті деңгейде қаржыландыру көлемі 10 млрд.-тан астам теңгені құрағанын, тек ағым­да­ғы жылдың өзінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындауға 1 мыңнан астам ұйым тартылғанын, еліміздегі құқықтық базада әлеуметтік тапсырыстарды орын­дай­тын ҮЕҰ-лар үшін салық төлемдері бой­ынша жеңілдіктер қарастырылғанын, мемлекеттік басқару органдарының бар­лық деңгейінде ҮЕҰ-лармен консультативтік кеңес органдары жұмыс істейтінін атап өтті. Қ.Саудабаев сонымен бірге, мемлекеттік ҮЕҰ-лардың қандай мәселелерге көңіл аударуы маңызды екеніне тоқталды. Менің ойымша, ҮЕҰ-лар жетекші идеялармен және инновациялық жобалар негізінде қо­ғам­дағы сан-салалы әлеуметтік мәселелер­ді шешуде үлкен әлеуетке ие, деді осы орайда Мемлекеттік хатшы. Үшінші сектор түрлі бағдарламалар әзірлеуге, оның ішінде мамандарды даярлау және қайта даярлау мәселелеріне қатыса алар еді. Сон­дай-ақ олар инновациялық жобаларды жү­зеге асыру үшін мемлекеттік және азамат­тық институттар әріптестігінің жаңа үлгі­сін ұсына алады. Ендігі бір маңызды мәселе Казнеттің, оның ішінде қазақ тілді контенттің дамуы. Осы орайда, уәкілетті органмен бірлесіп, қазақстандық ресурстардың жұмысын белсенді етуді және қолдауды да сіздер жүзеге асыра алар едіңіздер. Сонымен бірге, жұртшылықты мемлекеттік органдардың жұмысы мен олар көрсететін қызметке мониторинг жүргізу үдерісіне кеңінен тарту керек. Және қоғамдық сараптамалық тетіктерді мемлекеттік бағдарламалармен қоғамдағы маңызды мәселелерге қатысты тыңдауларды жүзеге асыруға да қолдануға болады, деді Мемлекеттік хатшы. Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы жи­нал­ғандарға Елбасының құттықтауын жеткізді. Президенттің құттықтауында: «Фо­рум­ның Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы аясында өтіп отырғаны ерекше ма­ңыз­ды. Тәуелсіздік алып, қоғамды демо­кра­тияландырғаннан кейін ғана елімізде азаматтық белсенділікке, қоғамдық бас­та­маларды іске асыруға және үкіметтік емес ұйымдарды дамытуға кең жол ашылды. Бүгінгі таңда еліміздің күмәнсіз жетіс­тік­терінің бірі мыңдаған қазақстандықтар үшін азаматтықтың жоғары мектебі сана­латын, маңызды стратегиялық бағдарлама­лар­ды әзірлеу мен іске асыруда мемлекет­тің сенімді әріптесі болып отырған дамы­ған үкіметтік емес сектор болып та­былады. Осы жылдардың барлығында мемле­кет­тің күш-жігері үшінші сектордың қар­қын­ды дамуы үшін қолайлы жағдай жа­сауға бағытталды. 2006-2011 жылдарға ар­налған Азаматтық қоғамды дамыту тұжы­рымдамасы сәтті іске асырылды. Заңна­ма­лар жетілдірілуде, әлеуметтік маңызды жо­баларға арналған мемлекет шығыстары­ның көлемі артып келеді. Барлық деңгей­лердегі мемлекеттік органдардың үкімет­тік емес ұйымдармен үнқатысуы нығаюда, халықаралық институттармен ынтымақ­тастық аясы кеңеюде. Бүгінде үкіметтік емес сектор ел өмі­рін­дегі маңызды міндеттерді шешуде, әлеу­меттік маңызды бағдарламаларды іске асыруда мемлекеттің тең әріптесі бола білуде. V Азаматтық форумның үкіметтік емес ұйымдардың одан әрі дамуына, олардың мемлекетпен ынтымақтастық тетіктерін ны­ғайтуға жаңаша серпін беретініне сенімдімін. Форумның қатысушылары мен қонақ­тарының жұмысына сәттілік және қоғам игілігі жолындағы қызметтеріне зор та­быстар тілеймін!» делінген. Өмірзақ Шөкеев форумға халықаралық ұйымдар мен шетелдік әріптестердің ай­рық­ша назар аударғанын атап өте келе, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Зеньердің атынан құттықтау хат келіп түскенін жеткізді. Бұл құттықтауда Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық сақтау ұйы­мы­ның Бас хатшысы ретінде Л. Зеньер Қа­зақ­станның әлемдегі бейбітшілік пен қауіп­сіз­дікті сақтау жолындағы тегеурінді қимы­лын айрықша атап өтіпті. Бұл ретте Бас хатшы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға 2010 жылғы төрағалық етуі мен Астана саммитіне тоқталып, 20 жыл ішінде Қазақ­стан­ның жеткен жетістіктерін, әсіресе, әлеу­меттік-экономикалық бағыттағы реформа­лар­дың басым көпшілігінің орындалуында азаматтық қоғамның үлес салмағы ай­рықша екенін атап көрсеткен. Азаматтық қоғамды одан әрі дамыту ісіне сәттілік тілеген осындай құттықтаулар Венгрия, Дания, Израиль, Италия, Польша, Түркия, Швейцария, Германия, Чехия, Қырғызстан, Беларусь елдерінің үкіметтік емес ұйымдарынан да келіпті. «Коммерциялық емес құқық халықара­лық орталығының» вице-президенті Наталья Боржелли мінберге көтеріліп, 20 жыл­дың ішіндегі Қазақстандағы ҮЕҰ-лар жеткен жетістіктердің айтарлықтай екеніне баса мән бере сөйледі. Азаматтық форум – азаматтық қоғамды дамытудың тиімді индикаторы және ол Қазақ мемлекетінің ашықтығын білдіреді. Саяси күш-жігер мен заңнама – азаматтық қоғамды дамы­тудың бірден-бір тетігі. Сондықтан, біздің ұйым халықаралық сараптамалық талдау орталығы ретінде ҮЕҰ-ларды заңнамалық тұрғыдан жетілдіруге күш салып келеді. Қазақстанда 1997 жылдан бастап жұмыс атқарып келеміз, осы жылдар ішінде Қа­зақ­стандағы азаматтық қоғамның белсенді дамуын көзімізбен көрдік. ҮЕҰ-лар саны едәуір артып, үшінші сектор кәдімгідей күш­ке айналды. Есімде, тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдарында ҮЕҰ-ларды қаржы­лан­дыру шетелдің гранттары көмегімен жүзеге асырылатын. Ал қазір олар өз­дерінің шаруашылық қызметі арқасында халыққа қызмет көрсетіп, табыс тауып отыр. Жергілікті бизнестен және мемлекеттен ауқымды көмек алуда. ҮЕҰ-лардың осындай түрлі көздерден қаржылай көмек алуы олардың өз жұмыстарын атқару барысында тәуелсіз болуына қол жеткізді. Оларға деген көзқарас та өзгерді. Ендігі жерде үшінші сектор үкіметке қарсы сөй­лейтін ұйымдар емес, олар еркін ой айта­тын тәуелсіз сарапшылар, үкіметтің әлеу­меттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы әріптестері, деді шетелдік мейман. Бұдан кейін форум мінберіне бірінен соң бірі облыстардан келген делегаттар шық­ты. «Әлеуметтік әріптестік орталығы қоғамдық қорының» төрағасы Әлібек Бәй­мешов: «Тәуелсіз Қазақстанның 20 жыл­да­ғы маңызды жетістіктерінің бірі – аза­мат­тық қоғамның қарқыны дамып келе жат­қан негізгі институты – үкіметтік емес сектор деп санаймын. Қазіргі таңда 18 мың ҮЕҰ болса, ол ұйымдарда қоғамға бей-жай қарамайтын жарты миллионнан астам адам еңбек етіп келеді. Оның мысалы біздің облысымызда да көп», деді. Және ол Павлодар облысындағы бұрынғы банк қызметкерінің үшінші секторға келуінің арқасында микрокредит алу арқылы қалай тігін цехын ашқанын мысалға келтірді. Қостанайдағы «Жастар және балалар ұйымдарының» белсенді мүшесі Наталья Шпагинаның мемлекеттік тілді еркін меңгеруі форумға қатысушыларға жақсы әсер еткенін айту абзал. Менің ойымша, өзіңнің мүмкіндіктеріңді кеңінен жүзеге асырудың ең тиімді тәсілі – қоғамдық ұйымдарда жұмыс жасау. Мемлекет пен ҮЕҰ-лар арасында әріптестік жастар үшін де жаңа көкжиектер ашады. Мен бірнеше жыл бойына Қостанайдағы Жастар ассо­циа­циясында жұмыс істеймін. Оның нәти­жесінде азаматтардың өздеріне қажетті ақ­параттар алуларына мүмкіндік туғыз­ға­ны­мызға көңіліміз марқаяды. Біз аға буын ұрпақтың жолымен еркін әрі парасатты қоғамды құруды жалғастыруға дайынбыз, деген қостанайлық делегат қыз қазақ тілін еркін меңгерген жастардың республика­лық ақпараттық тобын құру жөніндегі ұсы­нысын жеткізді. Біз елді мекендерге ба­рып, жастармен кездесіп, Қазақстан мә­де­ниеті мен тілдерді дамыту идеясын таратсақ дейміз, деді осы орайда Н.Шпагина. Қостанайлық қыздың сөзіне риза болған Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Тіл туралы мың әңгімеден осындай бір сөз қымбат», деп жалпы елдің ықыласын жеткізгендей болды. «Қазақстанның іскер әйелдері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Меруерт Қазыбекова біздің қоғамдық бірлестік осы­дан 10 жыл бұрын кәсіпкер әйелдер мүд­десін қорғау мақсатында құрылған. ҮЕҰ-лар іскер және көшбасшы әйелдердің қатарын көбейтуде үлкен рөл атқаруда, дей келе, еліміздегі гендерлік саясатты дамыту бағытында айтарлықтай жұмыстар жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Бұдан кейін «Еуропалық құқық инс­ти­ту­ты, адам құқығы» қоғамдық бірлес­ті­гінің директоры Марат Башимовқа сөз берілді. Марат Советұлы елімізде азаматтық сектор мен билік арасындағы қарым-қаты­нас жақсы жолға қойылғанына назар аудар­ды. Мысалы, еліміздің заңнамалық жүйе­сін жетілдіруде үкіметтік емес ұйым­дар­дың рөлі үлкен. Біз әрдайым, заңнамалық жо­балардың жасалу барысына сараптама жүргіземіз. Қоғамдық бірлестік елімізде ғана емес, шет елдерде де өткізілетін іс-шараларға қатысып, қазақстандық аза­маттық қоғамның үнін жеткізуге тыры­сады, деді ол. Ал Ақтөбе қаласындағы «Сал болған жандарды қорғау қоғамының» төрайымы Құралай Бәйменова мүгедек жандардың үшінші сектордағы белсенді қызметіне тоқтала келе, Ақтөбе қаласында арбаға таңылған мүгедектерге арнайы 40 пәтерлі кең тұрғын үйдің пайдалануға берілуін айтуы да жиналғандарды елең еткізді. Шы­нында да, онсыз да тағдыр салған тау­қыметі бар жандарды осындай қолдау бар­лық жерде керек-ақ. Тағдырларымен тайталаса жүріп, белсенді өмір кешіп жатқан осындай жандар өмірі кейбір қол-аяқтары балғадай, бірақ қамсыз жүретін жандарға үлгі боларлықтай-ақ. «Темекі түтінінен ада Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының жетекшісі Жәмила Садықова әңгімесін осыдан 7 жыл бұрын өздерінің қозғалыстарын бастап, журналистерге баспасөз мәслихатын өткізіп, заң жүзінде темекіге тосқауыл қоямыз дегенде, олардың «бұл мүмкін емес» деп өзде­рін күлкі еткенінен бастады. Бірақ бүгінде біздің бастамамыз өзінің айтарлықтай нә­тижесін берді. Қазір кешке қарай отба­сы­лар өз бала-шағаларымен қоғамдық орын­дар­да темекі түтінінен қорықпай, демалу­ла­рына болады. Бұл – Парламент депу­таттары, Денсаулық сақтау министрлігі және қоғамның ортақ жеңісі. Бұдан біз нені көреміз? ҮЕҰ-лармен мемлекеттік ор­ган­дардың әріптестігінен адамдардың ден­саулығына зиян жоқ, елдің экономикасына нұқсан келмейді, орасан зор қаржы үнем­деліп, темекі рыногындағы сыбайластыққа тосқауыл қойылады. 26 қыркүйекте Дү­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қа­зақстан Денсаулық сақтау министрлігін халықтың денсаулығын сақтаудағы тегеурінді саясаты үшін қолдап, ресми құт­тықтады, деді шешен. Ақмола облысы Аршалы ауданындағы «Ақбота» қорының директоры Татьяна Нельцман ҮЕҰ-лардың ауылдардағы сан-салалы мәселелерді шешуге жәрдем­десе­тінін алға тартты, сондай-ақ, ол өздерінің тәжірибесімен де ортақтасты. Осы орайда, мектептерде жылыжай салып, тамшы­ла­тып суару әдісімен көкөніс өсіріп, оқу­шы­ларды әрі бағасы арзан, әрі сапалы көк­өніс­термен қамтамасыз етіп отырмыз. Осы­лайша, біз бүкіл Аршалы ауданы тұр­ғындарына аз қаражат жұмсап, мол өнім алуға болатынын дәлелдедік. Бір сөзбен айтқанда, үкіметтік емес ұйымдардың ауыл­дарда атқарып жатқан жұмыстары Қазақстан экономикасына қолдау көрсетіп қана қоймай, әлеуметтік реформалардың да жүзеге асуына септігін тигізіп отыр, деді Т.Нельцман. Бұл күнгі форум жұмысы тек жарыс­сөздермен аяқталып қалған жоқ, оның соңы «Таным» сыйлықтарын тапсыру сал­танатына ұласты. Аталған сыйлықтар үшін­ші сектордың белсенді өкілдеріне та­бысталды. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.