• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Шілде, 2017

Бағдар – нақты, мақсат – айқын

156 рет
көрсетілді

Бес институттық реформаны жүзеге асырудағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында әлеуметтік салаларды дамытуға қатысты бірқатар тапсырмалар жүктелгені белгілі.

Осыған байланыс­ты кеше Үкіметте баспасөз мәслихаты өтіп, онда Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап берді. 

Еңбек кодексі тиімділігін дәлелдеді

Ұлт жоспарының 83-қадамында еңбек қатынастарын ырықтандыру мақ­сатында жаңа Еңбек кодексін әзірлеу тапсырылған болатын. Осыған байланысты былтырғы қаңтар айынан еңбек қатынастарын реттеудің жаңа моделін қамтитын жаңа кодекс күшіне енді. Бұл құжат  Халықаралық еңбек ұйымының, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының еңбек стандарттарына негізделе отырып жасалған болатын. Баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­­нис­­трі Тамара Дүйсенова өткен жылы қа­­был­­данған Еңбек кодексінің ерекшелік­теріне тоқталып, құжаттың еңбек қаты­настарын реттеуде қаншалықты тиімді болғанын айтып берді.

Еңбек кодексінде жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек қатынастары өзара жасалған жеке келісімшарт негізінде жүзеге асырылатыны айтылған. Ал мемлекет минималды еңбек стандарттарын, ең негізгі құқықтар мен кепілдіктерді бекітуге араласып, олардың сақталуына қатаң бақылау жүргізеді.  Бұл жерде жұмыс берушінің құқын қорғайтын басты құжат – ұжымдық шарт болып тұр. Онда жұмысшыға қолайлы еңбек жағ­дайын жасау, жалақы төлеу мен еңбек қауіпсіздігін сақтау нормалары секілді қарапайым еңбеккердің мүддесіне сай келетін барлық жағдай қарастырылған. Сондай-ақ,  жыл сайынғы еңбек демалысын уақытылы беру, оның 24 күннен кем болмауы, түнгі мезгілде жұмыс істегені үшін төленетін ақы күндізгі уақыттағы төлемнің 1,5 мөлшерінен кем болмау жайы да кодексте кеңінен қамтылғанын министр атап өтті.

Бастапқыда Еңбек кодексіне қатыс­ты қоғамда әртүрлі пікірлер айтылып, жұртшылық, әсіресе, жұмыс беру­ші­лердің жұмысшымен еңбек шарттарын жасайтынына күмәнмен қараған еді. Бірақ өткен жылдың қорытындысы бұл күдікті сейілтіп отыр. Тамара Дүйсе­но­ваның мәліметінше, былтыр еңбек шарттарын жасағандардың қатары 60 мыңға жеткен. Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бүгінде кәсіпорындардың 99 пайызында ұжымдық шарт болса, 89 пайызы – орта бизнес, 43 пайызы шағын бизнес өкілдері екен. «Кәсіподақтардың  өкілеттіктерін кеңейтіп, заңға енгізген кезде де көптеген сауал туындаған. Қазіргі таңда елімізде 267 кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Жұмыскерлер өздерінің жұмыс орындарында құрылған кәсіподақтарды ғана емес, өзге де ұйымдарды таңдауға құқы бар. Өткен бір жыл мен биылғы жартыжылдықта барлығы 154 жаңа кәсіподақ ұйымы құрылды. Мұның өзі бұл ұйымның жұмысшылар құқын қорғауға керекті жүйе екенін көрсетеді», дейді Тамара Босымбекқызы.

Еңбек кодексі кәсіпкерлік саласын дамытуға, елімізге шетелдік инвесторларды тартуға да ықпал етіп отырғанын айтқан министр біржарым жылда бұл құжат өзінің тиімділігін дәлелдеп шыққанын атап өтті. 

Министрлік Еңбек кодексінің талаптарын ескере отырып, 8 арнайы тақырып бойынша қазақ және орыс тілдерінде оқу материалдарын әзірлеп, жұмысшылар мен жұмыс берушілерге таратқан. Мәселен, былтыр 172 мыңнан астам жұмысшыны қамтыған 5,5 мыңнан астам семинар өтсе, биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 25 мың жұмысшыны қамтыған 1 мыңнан астам семинар ұйымдастырылған. Еңбек кодексінде еңбек дауларын реттеу, жалақыны уақытылы төлеу, өндірістік жарақаттарды болдырмауға қа­тысты да көптеген жайттар қам­тыл­ғаны белгілі. Осы тұрғыда қолға алын­ған шаралардың арқасында биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 1,5 млрд теңге сомасындағы қарыз жабылып, 12 мыңға жуық жұмысшының құқы қорғалыпты. 

Атаулы көмектің жаңа түрі енгізіледі

Ұлт жоспарының 84-қадамында әлеу­меттік көмекті, оның атаулы сипатын күшейте отырып оңтайландыру жайы сөз болған. «Әлеуметтік көмек тек оған шынымен зәру азаматтарға ғана берілетін болады. Кірісі төмен еңбекке қабілетті азаматтарға мемлекеттік атау­лы әлеуметтік көмек тек олардың еңбекке ықпал ету және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді қатысуы жағдайында ғана берілетін болады», делінген бұл қадамда. 

Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы қолданысқа енгізілетінін жеткізді. 

Жаңа пішімдегі атаулы әлеуметтік көмек қазіргі қолданыстағы төлемдердің үш түрін біріктіру арқылы жүзеге асырылады. Нақтырақ айтсақ, қолданыстағы көп балалы отбасыларға берілетін ар­наулы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек үшеуі бірігіп, бір атау­лы көмекті құрайды. 

Министрдің айтуынша, 2018 жылдан енгізілгелі отырған жаңа атаулы әлеуметтік көмек түрі шартты және шартсыз деп екіге бөлінеді. Шартсыз ақшалай көмек еңбекке қабілетті адамдары жоқ отбасыларға, мысалы, мүгедектер мен зейнеткерлер отбасыларына немесе объективті себептері бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатыса алмай отырған отбасыларға беріледі.  Мұндай отбасылар жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысуы міндетті емес.

Ал шартты ақшалай көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысына жетпейтін азаматтарға беріледі. Бұл жағдайда әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін сол отбасындағы ең­бекке қабілетті адамдардың бәрі жұмыс­пен қамтуға жәрдемдесетін бағдарла­маларда бақ сынаған болуы тиіс. Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы арасындағы айырма түрінде есептеледі. 

Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа үлгісін іске асыру «Өрлеу» жобасы шеңберінде бірқатар өңірлерде 2014 жылдан бастап қанатқақты режімде іске асырылған болатын. 2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша «Өрлеу» жобасына қатысушылардың саны 107,1 мың адамды құрапты, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,9 есе артық. Ал жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 20,9 мың адам қамтылған немесе «Өрлеу» жобасының еңбекке қабілетті қатысушыларының жалпы санының 88,2 пайызын құрайды. «Өрлеуге» қатысқан әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың  табысы жобаға қатысқанға дейін 6,0 мың теңгені құраса, жобаға қатысқаннан кейін 17,5 мың теңгеге жетіп, 2,9 есеге артқан.

Жалпы, жобаның тиімділігі сол, азаматтар жәрдемақыны ала отырып, жұмыспен қамту шараларына қаты­са алады әрі әлеуметтік жағынан бейім­деледі. Биыл жобаға еліміздің барлық өңірінен кем дегенде 150 мың аз қам­тылған азаматты тарту үшін респуб­ли­калық бюджеттен 7,1 млрд теңге сома­сын­дағы қаражат қарастырылып отыр.

Жаңа білім жүйесі сапаны жақсартады

Баспасөз мәслихатында сөз алған Білім және ғылым министрі «100 нақ­ты қадам» Ұлт жоспарындағы білім саласын жаңғырту бағытындағы мәсе­ле­лерге тоқталды. 

Ұлт жоспарындағы 64, 76, 77, 78, 79-қадамдар білім саласына тиесілі. Бұл бағыттарды жүзеге асыру ұзақ мерзімді қажет етеді. Дегенмен де, осыған қа­тыс­ты қолға алынған шаруалар аз емес­тігін атап өтті министр. 

64-қадамда «Өндіріске инновация­лар енгізу жөніндегі жұмыстарды қар­жы­ландыру тетіктері бар «Ғылыми жә­не (немесе) ғылыми техникалық қыз­мет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заң әзірленетіні, ғылыми гранттар мен бағдарламалар құрылымдары ин­дус­триялық-инновациялық даму мем­ле­кет­тік бағдарламасының қажетті­лі­гіне орай қайта бағытталатыны айтыл­ған.

Министрдің мәліметінше, бүгінде 13,7 млрд теңге сомасындағы 75 грант­тық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында 525 жаңа жұмыс орны құрылыпты. Бұған қоса, Дүниежүзілік банктің құны 110 млн АҚШ доллары шамасындағы «Өнімділік инно­ва­цияны ынталандыру» жобасы да қолға алынған. Ол еліміздің инновациялық әлеуетін күшейтіп, технологияны ком­мер­циялауды, осы салада көптеген зерт­теу жүргізуді көздейді. «Бұл қадам­ды 2020 жылға қарай толыққан­ды жүзеге асырып, бірлескен қаржылан­ды­ру­дағы бизнестің үлесін – 15 пайыз­ға, ішкі жалпы өнімдегі жоғары техно­ло­гиялық өнімділік көлемін 2,5 пайызға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», дейді министр.

Ал «ЭЫДҰ елдері стандарттарының негізінде адам капиталының сапасын көтеру, 12 жылдық білім беруді ке­зең-кезеңімен енгізу, функциялық сауат­тылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту, жоғары сыныптарда жанбасылық қаржыландыруды енгізу, табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру» жөніндегі 76-қадам бойынша баяндаған Білім және ғылым министрі Қазақстан биыл ЭЫДҰ-ның білім саясаты жөніндегі комитетінің толыққанды қатысушысы болғанын мәлімдеді. 

Министрдің айтуынша, 2016 жылдан бастап, 1-сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшті. Биылғы оқу жы­лында 2, 5, 7-сыныптарды, 2018 жыл­­дан 3, 6, 8, 10-сыныптарды және  2019 жыл­­дан 4, 9, 11-сыныптарды кө­шіру жос­­парланып отыр.

12 жылдық білім жүйесіне 2020 жыл­ға дейін кезең-кезеңімен көшу барысында 0-сыныпты да енгізу көз­делуде. «1-сыныпқа келген бала­лардың 85 пайызы әріптерді танып келеді. Тек 15 пайызына үйрету керек. Сондықтан 0-сы­­­ныпты қосуды жөн санап отырмыз. Осыған сәйкес 1-сы­ныптың оқу­лық­тары екіге бөліне­тін болады. «Әліп­пе» 0-сы­ныпқа енгізілсе, «Ана тілін» 1-сы­нып­тар оқи­тын болады. Экспе­ри­мент ре­тіндегі бұл жобаға еліміздің 150 мек­тебі қа­тысқалы отыр», дейді ми­нистр. 

Сондай-ақ, ол жаңа білім мазмұнына көшуге байланысты 2,5,7-сыныптарға арналған оқулықтарға республикалық комиссияның сараптамасы жүргі­зіл­генін, оның қорытындысы бойынша ұсы­нылған кітаптар тізімі Білім және ғы­лым министрлігінің ресми сайтында жа­рияланатынын жеткізді.

Білікті кадр – уақыт талабы

77-қадам бойынша «экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату» қажет. Білім және ғылым министрінің айтуынша, бүгінде еліміздің 90 кол­лед­жінде 53 жаңа білім бағдарламасы енгі­зілген. Жаңа оқыту технологиясы бойын­ша 4 колледж халықаралық аккреди­тациядан өтіпті. Олар: Алматы энергетика колледжі, Теміртау, Жам­был, Қостанай политехникалық кол­ледждері.   Сондай-ақ, студенттердің ІТ-са­ла­­сын­дағы дағдысын жетілдіру, бо­лашақ­тың инженерлерін даярлау, 3D-жобалау бойынша да стартап жобалар қолға алынған.  

Биылғы қыркүйек айынан бас­тап, еліміздің 100 колледжінде 34 ма­мандық бойынша жаңа білім бағдар­ламасын енгізу жоспарланып отыр.  Жалпы, инновациялық бағдар­ла­малар негізінде 1 817 магистр даяр­ла­нып шығыпты. Олардың 1 650-і жұ­мысқа орналастырылған. Әлі  2 800 магистр білімін жалғастырып жатыр, тағы 3 500 маманды қабылдау жоспалану­да. Сондай-ақ, биылдан бастап, бағдар­ламаларды ағылшын тілінде жүзеге асыру да көзделіп отыр. Бұл қадамды толыққанды жүзеге асыру 2020 жылға жоспарланған.

«Назарбаев университеті тәжі­ри­бесін ескере отырып, ЖОО-лар­дың ака­де­миялық және басқарушылық дер­бес­тігін кезең-кезеңімен кеңейту коммер­циялық емес ұйымдардағы жекемен­шік ЖОО-ларды халықаралық тәжіри­беге сәйкес трансформациялау» жөнін­дегі 78-қадамды жүзеге асы­рудың бағыт­тарына тоқталған министр 4 жоғары оқу орны коммер­циялық емес акционерлік қоғам ретінде қайта құрылғанын айтты. Енді 28 мемлекеттік оқу орнын қай­та құру жұмыстары жүргізілсе, 37 жо­ғары білім ордасында Назарбаев Уни­вер­ситеті тәжірибесін енгізу жұмыс­тары қолға алыныпты. Ұлт жоспарының 79-қадамында білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқы­туға кезең-кезеңмен көшу жайы нақ­тыланған. Оның мақсаты – даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру. 

Білім және ғылым министрі биыл­ғы оқу жылынан бастап, еліміз бо­йынша 500 сынып өз еркімен ағылшын тілінде оқуға ниет білдіріп отырғанын атап өтті. «Жоғары сыныптар мен ЖОО-ны ағыл­шын тіліне көшіру – бәсекеге қабілет­тілікті көтерудің бас­ты тетігі. Биыл біз мұғалімдерді жаппай оқытуды бас­­тай­мыз. Шамамен 4 мың мұғалім курс­­тан өтті. Қыр­күйекте тағы 8 мың мұға­лім тереңірек оқи бас­тайды», деді министр.

Оның айтуынша, Қазақстанда 70 мың мұғалім қайта даярлау курсынан өтеді. Оның қабылдау коэффициенті өте жоғары көрінеді. Былтыр мұндай курсқа қатысқан 74 мың мұғалімнің 2,5 пайызы сынақтан өте алмай, екінші рет тапсыруға мәжбүр болған. 

Ал ағылшын тілінде оқытуды біртін­деп жүзеге асыру мақсатында 10-11-сыныптарда осы тілде жүр­гі­зі­летін 4 пән анықталыпты. Олар: физика, химия, биология және информатика пәндері. Осыған байланысты оқу-әдістемелік құрылғылар кешенін ағылшын тілінде әзірлеу жұмыстары басталып та кеткен.  

Жалпы, 2018-2020 жылдары 11 мың пән мұғалімін ағылшын тілінде сабақ беруге дайындап, біліктілігін жетілдіру жоспарланып отыр.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»