• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
11 Қазан, 2011

Ядросыз әлем – жаһандық қауіпсіздік кепілі

542 рет
көрсетілді

Ертең Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ядросыз әлем құру мәселесіне арналған екі күндік ауқымды халықаралық форум басталады 12-13 қазанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамасын еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығында одан әрі дамыту мақсатында және Семей ядролық сынақ по­ли­го­ны жабылуының 20 жылдығына орай Астана мен Семейде «Ядросыз әлем» деп аталатын аса ауқымды шара өтетін болады. Тәуелсіздік сарайында өте­тін форумның тақырыбы халық­ара­лық қоғамдастықтың күш-жігерін Ядролық сынақтарға жап­пай тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ) тезірек қосылу үшін серпін беруге арналып отыр. Сонымен қатар, Ядролық қару­лар мен өзге де ядролық жары­латын құрылғылар үшін ыды­райтын материалдар өндірісіне тыйым салу туралы шарт (ЫМӨТШ) жасау мәселесі де күн тәртібіне шығарылатын бо­ла­ды. Осының барлығы, түптеп келгенде, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ядро­сыз әлем жалпыға ортақ  дек­ла­ра­циясы бастамасына сәйкес, ядро­лық қарудан азат аймақ құру қағидаттарын тиімді ен­гізу­дің практикалық ұсыным­да­ма­ларын жасау қажеттігінен туын­дайды. Форум қорытын­ды­сында Ядросыз әлем үшін деп аталатын Астана деклара­ция­сын қабылдау жоспарланып отыр. Семейдегі шара аясында ха­лық­аралық форум мейман­да­ры­ның бұрынғы Семей полигоны аумағында, Курчатовтағы Ұлт­тық ядролық орталық нысан­да­рында болып, Семейдегі  ядро­лық сынақтар құрбандықтарына арналған жаңартылған ескерт­кіш-мемориалдың ашылуына қа­тысуы жоспарланған. Халықаралық форум антия­дро­лық қозғалыстың басында тұрған Қазақстанға, сондай-ақ басқа да әріптес мемлекеттерге құрмет көрсетудің де бір парасы болмақ. Өйткені, мұның ядро­лық қатерге қарсы күш-жігер жұмсап жүрген кім-кімге де тікелей қатысы бар. Форумға халықаралық ұй­ым­дардың жетекшілері, ядро­лық қарусыздану саласына қа­ты­сы бар елдердің саяси қай­рат­керлері, қарусыздану және таратпау ісіне айтарлықтай үлес қосқан немесе Қазақстан Тәуел­сіздігінің алғашқы жылдарында оның қарусыздану бағытындағы күш-жігерін жүзеге асыруға кө­мектескен халықаралық сая­сат­тың көрнекті ардагерлері, сон­дай-ақ әлем елдері үкіметтері мен парламенттерінің, акаде­мия­лық топтарының, сарапшы­лар қоғамдастығының, таратпау және қарусыздану саласында жұ­мыс істейтін халықаралық және отандық ҮЕҰ-лар мен дип­ломатиялық корпустың өкіл­дері шақырылып отыр. Қазақстанның қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қа­ру­ды таратпау (ЖҚТ) саласын­дағы саясаты еліміздің негізінде халықаралық қауіпсіздікті ны­ғай­ту, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, жа­һан­дық проблемалар мен жан­жал­дарды реттеудегі халық­ара­лық ұйымдардың рөлін арттырып жатқан сыртқы саяси бағы­ты­мен айқындалады. Қазақстан Республикасы таратпау режімін нығайту жо­лын­да бірқатар нақты қадамдарды жүзеге асырып, өзінің ниетінің бекемдігін айқын көрсетті. Қа­зақ­станның таратпау саясаты­ның негізін қалаған алғашқы қа­дам ретінде КСРО тарамай тұр­ған 1991 жылы-ақ Семей ядро­лық сынақ полигонын жапқа­нын атап айтуға болады. Сол 1991 жылы Беларусь, Қазақ­стан, Ресей, Украина басшы­ла­ры Алматы декларациясын қа­былдап, бұрынғы КСРО аума­ғын­дағы ядролық арсеналдың қызметіне бірлесіп бақылау жа­саудың тетігін айқындаған еді. Осылайша, КСРО-ның стра­те­гиялық шабуылдаушы қару-жарақты қысқарту саласындағы халықаралық міндеттемелеріне жақындығын қуаттаған-тын. 1992 жылғы 23 мамырда Пор­тугалияның астанасы Лиссабон қаласында аталған 4 ел мен АҚШ өкілдері бесжақты хат­­тамаға қол қойып, Стра­т­е­гиялық шабуылдаушы қару-жа­рақты қысқарту туралы шарт ережелеріне жауапкершілігін нақ­тылады. Лиссабон хатта­ма­сын­да сондай-ақ Беларусьтің, Украина мен Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа ядролық қарулары жоқ мемлекеттер ретінде қосылуын міндеттейтін мазмұн көрініс тапты. 1994 жылдың 5 желтоқса­нын­дағы ЕҚЫҰ-ның Будапешт саммиті кезінде Ресей, АҚШ, Ұлы­британия Қазақстанның, Бе­ларусь пен Украинаның ядро­сыз мемлекеттер ретінде осыған қа­тысты шартқа қосылуына бай­ланысты қауіпсіздік кепілдігін беру туралы меморандумға қол қойды. Кейінірек Қазақстанға мұндай кепілдікті Қытай мен Франция берді. Ядролық арсеналын шығару жөніндегі өзінің міндеттемелерін орындаған Қазақстан өз жеріндегі ядролық қару инфра­құ­рылымдарын жою және бұрын­ғы әскери өндірістерді азамат­тық мақсаттарға конверсиялау проблемаларымен айналысты. Бұл мақсатта МАГАТЭ-нің бас­шы­лығымен Қазақстанға ядро­лық материалдардың есебі мен бақылауын ұйымдастырудың, АЭС-терді пайдаланудың, ядро­лық материалдар мен қондыр­ғы­лардан қорғанудың мемлекеттік жүйесі жөніндегі техни­ка­лық көмек көрсетуді  үйлес­ті­рудің жоспары жасалды. Бұған Ұлыбритания, АҚШ, Швеция және Жапония қатысты. Бұдан кейінгі кезеңдерде де Қазақстан ядросыз әлем құру, таратпау саласына қатысты бір­қатар халықаралық құжаттарға қол қойып, өзінің таңдаған ба­ғы­тынан айнымайтындығын айғақтады. 2010 жылдың 15 қара­ша­сында  Қазақстан тарабы АҚШ-пен, Ресеймен және МАГАТЭ-мен тығыз ынтымақтастықта Ақтау қаласындағы БН-350 реакторынан пайдаланылған яд­ро­лық отынды Курчатов қала­сын­дағы Ұлттық орталықта ар­найы ұзақ мерзімді сақтауға арналған алаңға тасымалдау жобасын тәмамдады. 2009 жылы Қазақстан Президенті Семей ядролық сынақ полигонында алғашқы жарылыс жасалған және арада 40 жыл өткенде полигон жабылған күн – 29 тамызды Ядролық сынақ­тар­ға қарсы іс-қимылдың ха­лық­аралық күні деп жариялау туралы бастама көтерген бо­ла­тын. Сол жылдың 2 желтоқ­са­нын­да БҰҰ Бас Ассам­блея­сы­ның 64-ші сессиясы Қазақстан ілгерілеткен қарарды қабылда­ды. Қазақстан ұсынған қарар­дың тең авторлары арасында Армения, Беларусь, Бразилия, Катар, Қырғызстан, Моңғолия, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Түр­кіменстан және Жапония бар, барлығы 26 ел болды. Қазақстан 29 тамыздың БҰҰ пішінінде Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықара­лық күні деп жариялануы бейбітшілікке қол жеткізу, бүкіл әлемде ядролық сынақтарға тый­ым салу мақсатына оң ық­пал ететін қадамның бірі бо­лады деп санайды. Аталған қарарды жүзеге асы­ру мақсатында өткен жылдың 10 тамызында Астанада халық­ара­лық конференция өтсе, қыр­күйек айында БҰҰ-да Бас хат­шы Пан Ги Мунның қатысуы­мен БҰҰ Бас Ассамблеясының Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған арнайы сессиясы ұй­ымдастырылды. Қазақстан басшысының 2010 жылдың сәуірінде Вашингтонда болған Ядролық қауіпсіздік жө­нін­дегі жаһандық саммитте жа­риялаған бастамаларының бірі болашақта Ядросыз әлем жал­пыға ортақ декларациясын қа­был­дау туралы мәселені тал­қы­лауды бастау туралы ұсынысы болып табылады. Үстіміздегі жылдың 29 та­мызында Женевада Семей Ядро­лық сынақ полигонының жабылғанына 20 жыл толуына және Ядролық сынақтарға қар­сы іс-қимылдың халықаралық күнін мерекелеуге арналған кон­ференция ұйымдастырылды. Онда БҰҰ Бас хатшысының орын­басары – БҰҰ-ның Жене­ва­дағы бөлімшесінің бас ди­ректоры Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Ал 30 тамызда Га­ага­дағы Бейбітшілік сарайында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Нидерландының сырт­қы саясат ведомствосымен бірлесіп, IV (жыл сайынғы) ядро­лық қауіпсіздік және таратпауға арналған «Ядролық дилеммалар: бүгіні және болашағы» ха­лықаралық конференциясын өткізді. Саясаткерлер мен дипломаттар, сарапшылар мен журналистер қатысқан форумда еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев сөз сөйледі. Самат МҰСА.