• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Тамыз, 2017

Бәсекеге қабілеттілік – кәсібиліктің шыңына ұмтылу

2148 рет
көрсетілді

Қоғамның басты құндылығын адами капитал деп, оны стратегиялық міндет ретінде таныған қазақстандық даму жолы басқаларға көптен үлгі, ал таяуда ел Президенті жариялаған «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласын өз басым ұлтқа үндеу ретінде қабылдадым. 

Қоғамның басты құндылығын адами капитал деп, оны стратегиялық міндет ретінде таныған қазақстандық даму жолы басқаларға көптен үлгі, ал таяуда ел Президенті жариялаған «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласын өз басым ұлтқа үндеу ретінде қабылдадым. 

Кез келген деңгейдегі прогрессивті даму сананың сапалы өзгерісінен басталатыны ақиқат. Мақаланың 1-бөлімінің «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» деп аталуы жаңғыру үрдісін көздеген, болашаққа мақсатты беталысты білдіреді. Олай болса, неге мақалада «қоғамдық сана» емес, «ұлттық сана» ұғымы қолданылған деген сауал туындауы заңдылық. Оның себебін Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының негізгі қозғаушы күші ретіндегі ұлтқа басымдық беруі деп тануымыз керек. Ол, біріншіден, қазақ халқының перзенті ретінде ұлт санасының оянуын аңсаған ізгі ниет болса, екіншіден, көпұлтты мемлекетіміздің іргесі сөгілмей, оның бойындағы зор әлеуетті озық даму жолына жұмсау үрдісінде көшбасшылық тізгінін уысында ұстап, жарқын болашаққа бастар флагман болуын көксегені. 

Егер әр қазақстандық осы бөлімде ұсынылған алты бағытты тұтасымен түйсініп, жаңа қоғамда табысты өмір сүру кілті деп қабылдаса, онда жеке сананың трансформациялану нәтижесі ретінде қоғамдық сана жаңғырады. Эволюциялық дамудың осы заңдылығын түйсінген адам табиғаттағы секілді, қоғамда да барлығы өзара сабақтас, бір-бірімен тығыз байланыс­ты екенін терең сезініп, анық білетін болады. Мысалы, Елбасының теңеуімен айтсақ, біртұтас организм секілді: залалданған бір мүше ағзаның қалыпты жағдайын өзгертіп, үйлесімді қызметіне нұқсан келтірмей ме? Мұндай білім ой елегінен өтіп, тұжырымдалған ақи білім болып табылады және оның нығметі өлшеусіз шексіз: онымен қаруланған жан еш уақытта адас­пайды әрі тек прогрессивті даму жолында болады; қиянаттан аулақ болып, айналасына жақсылық сыйлауға даяр тұрады. 

Ұлттық сананы жаңғыртуға бағдарланған мақаланың бірінші бөлімінде берілген «бәсекеге қабілеттілік» дегеніміз – жоғары кәсібилік дегенді білдіреді. Ересек адам үшін бәсекелік қабілет бірінші орында жақсы маман болуды көздейді. Кәсібиліктің шыңына ұмтылу – өзі өмір сүріп отырған орта қажеттілігіне лайық, өз ісінің шебері болуға талпыныспен сипатталады. Бұл өз кезегінде тұлға болмысындағы жарыс тетігін іске қосады (оған адам жаратылысының ұрықтану кезеңіндегі бәсеке мысал бола алады). Жарыстың қандай да бір даму үрдісіндегі маңызы зор. Ол бойкүйездікке жол бермейді; жалқаулықтан арылтады; жинақылық пен сергектікке тәрбиелейді; жоспарлау мен есептілікті үйретеді. Сондықтан, қоғамдық өмірге рейтинг қызметі дендеп еніп, оның сапасы барынша жақсара түсуі шарт. Рейтинг шын мәнінде, толыққанды қызмет етуі үшін ынталандыру тәсілін орнықтыру қажет. «Әркімге – қабілетіне қарай» тәмсілі нәтижеге бағдарланғанда ғана еңбек өнімділігі артады. Әттең-айы сол, біздің қоғамда әлі көп нәрсенің өлшемі жасалмаған, яғни өлшеу құралдары айқын емес; өлшеуге келмейтін жағдайлар баршылық. Бұл – азаматтарды босаңсытып, біреудің тасасында «тіршілік» етуді тудырады. Сондықтан, әрбір қазақстандықтың жауапкершілігін арттыру – жоғары саналылыққа жетелейтін басты шарт болуы тиіс. Өз ісіңе жауапкершілікпен қарау – өз өміріңе жауапкершілікпен қарауды қалыптастырады. Мұндай қағидамен қаруланған адам қандай да бір сәтсіздіктері үшін өзгені кінәламайды; қатені өзінен іздеп, оны түзетуге талпынады; оқиғадан сабақ алады. Ал қол жеткізген табыстары үшін разылық сезімі ұлғайып, марқаяды; өзіне сенімі артады; айналасына мейірлі, жұмсақ мінез иесіне айналады. Қоғам осындай шуақты жандармен нұрланады. Демек, «сананың трансформациялануы» немесе «жанның алхимиясы» деген ұғымдар ешбір мистика емес, жүзеге асыруға әбден болатыны кәміл мүмкіндіктер екені талассыз.

«Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласының екінші бөлімінде Президент Н.Назарбаев қоғамдық сананы жаңғырту шеңберінде атқарылуы тиіс жобаларды жұртшылық назарына ұсынды. Олардың негізгілерінің қатарында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жобасы аталды. Бұл – сала мамандары тарапынан мұқият дайындық пен белгілі бір мерзімді, ал қалың бұқара тарапынан ұсынылған жобаны дұрыс қабылдау ниетін талап ететін өте нәзік, әрі ауқымды шара. Аға ұрпақ өкілдерінің қалыптасқан әрекеттен жаңа дағдыға бейімделуі оңай емес. Оған атқарылуы тиіс қыруар шаруаға жұмсалатын қомақты қаражатты қосыңыз... «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» деген дана халқымыздың көреген тәмсіліне сүйенсек, ұлттың ертеңі үшін бүгін қам жеу – қазіргі билікке сын. Жаһандану дәуірінде ұлттық сананы сақтап қалудың бірден-бір шарты ретінде аталған ұлттық код – қазақы сана дер едім. 

Жуырда теледидарда «Ұлттық арна» арқылы таратылған «Айтуға оңай» хабарында, латын әліпбиіне көшуге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ ұсыныс жасаған зерделі ғалым, профессор М.Мырзахметов, латын әліпбиіне көшу тілдік қалыбымызды (артикуляция) реттеуге ықпал ететінін алға тартты. Осы тұрғыдан қарастырғанда, латын әліпбиіне көшу еліктеу де емес, мода да емес, тіпті түркі әлеміне қарай тартылу мүмкіндігі де емес екендігін бажайлаймыз. Ол – сынаптай сырғыған (тағы да Елбасының теңеуі) дәуір тынысында ұлттығымызды сақтап қа­лу­дың бір парасы, яғни қазақ халқының ұлт­тық кодын сақтаудың бірден-бір шарты. 

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыруда екі түйінді мәселені қаперде ұстаған жөн. Оның алғашқысы – тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану, филология сынды гуманитарлық ғылым салалары арқылы білім беру барысында пәнаралық байланыстарды барынша орнықтыру қағидасын сақтауды қадағалауымыз шарт. Мәселен, бір кездері әр ғылымның пәнін ажырата қарастыру тетігі белең алған болса, қазіргі және алдағы уақыттарда керісінше, жаппай интеграциялау бет­алысы қарқынды дамуда. Сондықтан, өзгермелі қоғамда еркін өмір сүруге бейім, икемді де табысты адам қалыптастыру мақсатында, толыққанды білім беруді көпсалалы (әмбебап) ғылым арқылы шешу маңызды. Бұл қағиданы, әсіресе, әлемдегі алдыңғы қатарлы 100 оқулықты аудару барысында ұстануымыз қажет.   Екінші мәселе – Президенттің «гумани­тар­лық кафедраларды қайта қалпына келті­ру» міндеті аясында туындайды. Соңғы он жылдан астам уақыт ішінде еліміз­дің жоғары оқу орындарындағы білім беру Болон үрдісіне сай, кредиттік техноло­гияға негізделе іске асырылуда. Оның маңызды өлшемдерінің бірі – «академиялық дербестік» қағидасы шеңберінде оқу орнының бағыты, мамандар әлеуеті, аймақтық ерекшеліктер және т.б. байланысты таңдау пәндеріне басымдық берілуі. Мәселен, элективті курстар бакалавриатурада 75, магистратурада 85, докторантурада 95 пайызға дейін  ендіріледі. ЖОО кәсіптік стандарттардың негізінде білім бағдарламаларын  дербес даярлайды. Модульдық интеграция барысында санасы сергек, ойы ұшқыр, дүниетанымы кең, ұлтжанды әрі көпмәдениетті, толерантты тұлғаның қалыптасуына ықпал ететін гуманитарлық пәндердің межесін сақтау аса маңызды. Бәсекелік қабілеті жоғары маман – ең бірінші орында ниеті таза, жүрегі мейірімді, нұрлы ақыл иесі. 

ХХІ ғасыр – жаһандық жаңалықтармен қатар, білімнің дәуірлеу ғасыры. Мақа­ла­да бұл теория «Білімнің салтанат құруы» деген міндетпен белгіленген. Бұл тура­лы Президент Н.Назарбаев «Қазақстан­дық­тардың әл-ауқатын арттырудың бірден-бір жолы білімділікке ұмтылыс болуы керек» деп атап көрсетті. «Өмір бойы білім алуға» негізделген қазіргі қазақстандық білім жүйесі ұлт болашағының іргетасын қалайтын қуатты ресурс болуымен қатар,  қоғамды әлеуметтік жаңғырту әлеуеті де. Сондықтан, ақпаратқа толы заман мен үдемелі даму жолындағы қазіргі қоғам бағыты академиялық пәндердің мазмұнын толықтыруды қажет етеді. Олардың негізіне заманауи әлеуметтік-қоғамдық нормалармен қатар, жаңа дәуірге сай инновациялар­ды, әсіресе, адам құдіреттілігін паш етіп, рухани жетілу жолдарын сілтейтін білім­дерді қалау ләзім. Тиісінше оқу бағдарла­малары мен әдебиеттерін жаңалау, барлық деңгейдегі біліктілікті жетілдіру жұмыс­тарының мазмұнына тұлғаны дамыту-тәр­биелеу инновацияларын ендіру және оны меңгеруді мұғалім біліктілігінің өлшемі ретінде бағалау – жаңа дәуір талабы. 

Психология адам туралы пәндердің ішінде орталық мәнге ие ғылым саласы. Басқа пәндер «адам – қоғам – орта» қатынасына негізделсе, психологиялық білімдер психиканы дамытумен қатар, адамның жан дүниесіне, рухты байытуға бағытталады. Демек ол – адам болмысын қалыптастыратын пән. Адами болмыс сана арқылы дамиды. Бұқаралық сананы жаңа сапаға көтеру үшін сол қоғамда өмір сүріп отырған әрбір адамның санасын оятып, сезімталдығы мен жауапкершілігін дамыту керек. Жоғары саналылыққа қол жеткізу танымдық елгезектік, ой өрісі мен көңіл көкжиегінің кеңеюі және болмысты нәзік сезіну мен интиуитивтік тұрғыда қабылдауды қажетсінеді. Адам тіршіліктің сан алуан нығметтерінің қайнар көзі нақ өзі екендігін сезінгенде санада тың өзгерістер мен сапалық сілкіністер пайда болады. Осылайша ояну құндылықтар басымдығына жаңаша қарап, өмір сүру тетіктерін қалауынша басқаруға және реттеуге мүмкіндік береді. Сана сергектігі жеке адам болмысының оң өзгерісін қамтамасыз ете отырып, айналасына да айтарлықтай жағымды ықпал етеді. Күн шуағымен тіршілік атаулыны нұрға бөлейтіні секілді, рухы еркін кемел адамның көкірек көзі көпке сәуле шашып, қараңғыны жарық етеді. Міне, осы сәттен бастап сананың жаңғыру үрдісі белең алады. Тоқтаусыз, қажырлы еңбек пен таза ниеттің арқасында оянған сана – сәулелі! 

Біз өмір сүріп отырған уақыт – жаңа ғасыр, жаһандану ғасыры. Оған тән ерек­шелік – барша кедергілер мен айырма­шы­лықтардың жойылып, бірігулердің нәтижесі біртекті мәдениетке әкелетіні. Осы ретте ұлттық құндылықтарды игеру – әр адам баласының өз ұлтының әлеу­меттік-этностық мәнін түсінуі, ұлт­аралық қатынастарда қандай жағдайға ие екен­дігін, жалпы, адамзат дамуында қан­дай үлесі барын ұғынуы, әрі өзге халық­тармен бірдей еркіндікте өмір сүруін жете түсінуі болып табылады. Ұлт­тық құндылықтардың бір бөлігі – руха­ни-мәдени шығармалар, ұлттық рухани мұралар. Ондай шығармаларда ұлт­тық сананың жетілуіне ерекше әсер ететін көңіл күй, оқиғалар бейнеленеді. Мәде­ниет­тің белгілі қайраткерлері өз халқы­ның тарихына үңіле отырып, рухани мәні зор шығармаларды дүниеге әкелді. Сол тарихи көркем шығармалар өз хал­қының тарихи процестердегі орны мен рө­лін анықтайды, сөйте отырып, халық шы­ғармашылығына көңіл аудару арқы­лы ұлттық сананы қалыптастыру мақ­сатын алға қояды. Демек, Президент Н.Назарбаев­­тың мақала арқылы ұсынып отыр­­ған жо­баларының қай-қайсысы болсын, са­палы дамуды көксеген, страте­гия­лық ма­ңызы жоғары әрі жалпыхалықтық сипатқа ие патриоттық бағдар болуымен құнды. 

Махаббат Оспанбаева,  

психология ғылымдарының  кандидаты, қауымдастырылған профессор