• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2011

Даналық шыңына өрлеу

1494 рет
көрсетілді

Осыдан он екі жыл бұрын ұлы ойшыл ба­ба, данышпан дананың туғанына 155 жыл толуына байланысты Білім және ғылым ми­нистрлігінің ұйымдастыруымен бірінші рет қасиетті Жидебай төрінде, Абай-Шәкәрім ке­сенесінде бастау алған еліміз мектеп оқу­шыларының республикалық Абай оқулары жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп оты­ра­тын мазмұнды да маңызды шараға айналды. Білімдіден шыққан сөз Талаптыға болсын кез Нұрын, сырын көруге Көкірегінде болсын көз, – деген ұлы ғұ­ла­маның арманды ойы мұратына жетіп, өресі биік өрелі сөзі өз тыңдаушысын елдің ертеңі – жас ұрпақ қатарынан табуы – береке бастауы екені анық. Қазақстанның үкісі желбіреген үміті, үл­біреген асыл арманы, жарқын болашағы – бүгінгі жас ұрпақтың халықтың ұлы ұстазы Абайды оқуы, оның жауһар туындыларын жаттап өсуі, Абайдың әлі күнге дейін алыс тұрмақ өз елі, өз халқының біраз бөлігі үшін жұмбақ күйінде қалып отырған сырлы да мұңды әлемін зерттеуге деген ұмтылысы - елдің өркендеуі мен мемлекеттің дамуы үшін теңдессіз рухани байлық, үлкен игілік. Өйткені, Абай – Физули, Фирдоуси, Гете, Байрон, Пушкинмен қатар тұрар ұлы ақын, Платон, Сократ, Конфуций, Дрепер, Ницшемен ой жарыстырар ғұлама ойшыл. Абай сөзі бүгін де өз заманындағыдай аса өзекті, аса шынайы және алдағы небір замандарда да солай болып қала берері хақ. Қазақ­стан­ның әрбір жаңа буын жас өркені Абай мұ­расынан нәр алып, оның жауһар сөздерін, асқақ поэзиясын, терең философиясын бойы­на сіңіріп өсуге тиіс. Осындай ізгі мақсатпен ұйымдастырыл­ған Абай оқулары бүгінгі күні «қуаты күшті нұрлы сөздің», құдіретті поэзия өнерінің жас дарындар арасындағы дүбірлі тойы ретінде республикаға танылды. 2000-2011 жыл­­дар аралығында 12 рет өткізілген Абай оқуларының қорытынды кезеңіне еліміздің барлық аймағынан облыстық деңгейде же­ңім­паз атанған оқушылар, Ресейде тұратын қазақ диаспорасының балалары – барлығы 900-ге тарта жыр сүйетін талантты жас өрендер қатысып, олардың 300-ден астамы республикалық оқулардың жүлделі орын­дарын иеленді. Жыл сайын Абай – Шәкәрім кесенесіндегі амфитеатрда өткізілетін оқуларға 14 облыс пен Астана, Алматы қалаларынан, рес­пуб­ли­калық мамандандырылған дарын­­­ды ба­лаларға арналған қазақ тілі мен әде­бие­тін тереңдете оқытатын, физика-матема­ти­­к­а­лық, музыкалық, әскери мектептерден, ақ­ын­ның өзі туған Абай ауданынан және Ресейдегі Омбы, Қосағаш өңірлерінен – бар­лығы 24-25 команда қатысып келеді. Ең алғашқы Абай – Шәкәрім поэзиясы тойында «Өлең – сөздің патшасы» конкурсы бойынша ұлылардың 150 шығармасын жатқа білетіндігі үшін бас жүлде алған Ақылбеков Рүстем бұл күнде республикаға кеңінен танымал талантты айтыс ақыны. Кейінгі жылдары Абай мен Шәкәрімнен тіпті 400-ге дейінгі шығармаларды жатқа айтатын оқушылар көбейді. Мысалы, 2005 жылғы оқуларда бірінші номинация жеңімпазы бол­ған қостанайлық Әлімбаева Раушан Абай­дың 209, Шәкәрімнің 141 шығармасын жат­қа білетін еді. 2008 жылғы жеңімпаз пав­ло­дарлық Мінайхан Салтанат ұлылардың 200-ден астам өлеңдерімен, 5 поэмаға, 35 қара сөзіне мүдірмеді. 2009 жылғы жеңімпаз, Абай ауданының 8-сынып оқушысы Сейіт­қа­зина Айдана 420 шығарманы, оның ішінде 418 өлеңді және Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» поэмаларын толық жатқа білгені үшін бас жүлдеге ие болды. 2011 ­жылғы ел Тәуелсіздігінің 20 жылды­ғы­на арналып өткізілген ХІІ Абай оқуларының жүлдегері қарағандылық Нұртай Айсұлу Абай мен Шәкәрімнің 341 шығармасын жа­ңылмай айтып берді. Абай оқулары аясында өткен «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» атты жас да­рын­дар конкурсына келетін болсақ, мұнда жар­қырап көрінген Байболов Бақытжан, Са­ға­диев Ұлан, Имантаев Айдос, Иманқұлова Венетта, Тимченко Евгения, Жүнісов Ерлан, Васильев Антон сияқты жас ақындардың өлеңдері республикалық баспасөзде жария­ла­нып, жеке жинақтары шыға бастады. Ал «Көңілім әнді ұғады» атты Абай, Шәкәрім әндерін орындау конкурсының 2002 жылғы жеңімпазы, Абай әндерін ерекше сезіммен, аса шебер орындайтын Виктор Федянин мен ақын Айдос Имантаев Елбасы Н.Ә. На­зар­ба­ев­пен кездесуге қатысты. «Адамзаттың бә­рін сүй, бауырым деп...» уағыздаған Абай ұстанымына сай жеңімпаздар қатарында ұлты орыс, беларусь, молдаван, өзбек, ұйғыр оқушылар бар – Виктор Федянин, Евгения Тимченко, Антон Васильев, Мехрибанум Амансупиева, Эрметова Хурсаной, Луца Константин, Чурукова Назугум, еліміздің на­ғыз патриоттары. Елбасы педагогикалық қауым алдына ХХІ ғасыр деңгейінде білім беру міндетін қойды. Ал Қазақстанның жас ұрпағы үшін қашан да білімділіктің бастау бұлағы – ұлы­лардың рухани мұрасы, кемеңгер ақынның әлем, адамзат, жеке адам, қоғам, ұлт, адам­шылық негіздері жөніндегі данышпандық ойлары болып қала бермек. «Абайды таныту арқылы біз әлемге Қазақ елін танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз бо­луға тиіс», – деген Н.Ә.Назарбаевтың сөзі біздің әрқайсымыздың жадымызда болғаны абзал. Белгілі жазушы Мұхтар Мағауин: «... Қазақта мінсіз адам болса, ол – Абай. Ақ­ындық тұлғасы. Ұлттық санасы. Қайрат­кер­лі­гі. Кемеңгерлігі. Кісілігі. Мінез-құлқы, жү­ріс-тұрысы. Бәрі де. Әулиеге тән сипат да­рыған, өзгеше қасиет қонған. Міне, осындай асқар Абай, ұлы да ұлағатты Абай туралы айту үл­кен жауапкершілікті талап етеді. Абай туралы айту – адамның ақыл, танымын ғана емес, адамның адамдығын айғақтайтын көрсет­кіш», – дейді. Бұл ұлы бабамызды та­нуға ұмтылған жас ұрпаққа өнеге болар сөздер. Республикалық Абай оқуларының жоға­ры деңгейде өткізілуіне қазылар алқасының әділетті де білікті әрі парасатты қызметі үлкен үлес қосты. Қазылар алқасын 11 жыл бойына республикаға танымал қоғам қай­рат­кері, республикалық «Абай» қорының пре­зи­диум мүшесі, Қазақстан халықтары Ассам­блеясының мүшесі Хафиз Матаев секілді асыл тұлғаның басқаруы бұл шараның өзіндік дәстүрі қалыптасқан, ұс­таз­дар мен оқушылардан оң бағасын алған, кеңінен танымал конкурстардың біріне айналуына қызмет етті. Қазақтың біртуар аяулы ақын қызы Фариза Оңғарсынова, Мәжіліс депутаты Нұр­тай Сабильянов, белгілі ғалымдар Ғинаят Шаяхметов, Арап Еспембетов, Төкен Жұма­жа­нова, Қаныш Бибеков, талантты ақындар Тө­леген Жанғалиев, Тыныштықбек Әбдікә­кі­мов, Мұратбек Оспанов, Серік Қалиев, Дә­меш Омарбаева, Қайырбек Шағыров, та­ны­мал журналистер Зернебек Шілдебайұлы, Сай­раш Әбішқызы, Мінажадин Сермағам­бетов, Саят Ибраев, дарынды ұстаздар Ләз­зат Бәйішева, Қанипа Бітібаева, Күліш Тө­леу­хан­қызы, Оспан Сүлейменов, Бақыт Аханова, Гүл­зипа Қылышбаева әр жылдары қа­зы­лар алқасы құрамында табысты жұмыс жа­сады. Абай оқуларының өзіндік дәстүрі қалып­та­сып, деңгейі артуына үлкен еңбек сіңірген аудандық білім бөлімінің басшысы Қайыр­ғазы Дүрмекбайды ерекше атауға болады. Осы бағытта Білім және ғылым ми­нис­трінің 2011 жылғы 4 сәуірдегі № 140 бұй­рығы негізінде биылғы 28-29 қыркүйек ара­лығында мектеп оқушыларының республи­ка­лық Махамбет оқулары екінші рет өткі­зілді. Республикалық Абай, Махамбет оқу­лары үш номинация бойынша өткізілді: І. Абай, Шәкәрім, Махамбет шығармаларын жатқа оқу конкурсы (ақындардың шығарма­ла­рын көбірек жатқа білетін оқушыға жо­ғары баға қойылады); ІІ. Абай, Шәкәрім әндерін, Махамбет күйлерін орындаушы жас әншілер мен күйшілер конкурсы; ІІІ. Жас дарындар конкурсы (ақын, композитор балалар өз шығармаларын орындайды). Абай оқулары аясында оқушылар Семей қаласы мен Абай ауданындағы тарихи жерлермен: М.Әуезовтің туған ауылы Бөрілідегі мұражаймен, Абайдың Семейдегі және Жи­дебайдағы мұражайларымен, тарихи ғима­раттармен танысты, Еңлік-Кебек ескерткішінде, Үңгіртаста театрландырылған көрі­ніс­тер көрсетілді. Ал Махамбет оқулары аясында шәкірттер Махамбет – Исатай ме­мориалдық, Махамбет ауданындағы Сарай­шық мемлекеттік мемориалдық кешендерімен, Индер ауданымен, Махамбет өмір сүр­ген жерлермен танысып, Қараойдағы Махамбет мазарында болды, Исатай Тайман­ұлы мен Махамбет Өтемісұлының өмірлері ту­ралы театрландырылған көріністерді көрді. Бірінші Махамбет оқуларында бас жүлде алған Байсеріков Бақтияр (Алматы қаласы) ақынның барлық 79 өлеңін біледі, екінші Махамбет оқуларының музыкалық конку­р­сын­да жеңген Шайхиев Ілияс (Атырау об­лы­сы) Махамбеттің күйлерін шебер орын­дайды. Батыр Исатай Таймановтың биылғы 220 жылдық мерейтойына байланысты Исатай ауданы әкімінің арнайы сыйлығы «Тартын­бай сөйлер асылмын...» конкурсында көзге түскен Солтүстік Қазақстан облысының 10-сынып оқушысы, дарынды жас ақын Қоңқаев Мұхамедке тапсырылды. Аз уақытта Махамбет оқуларының да оқу­шылар мен ұстаздар қауымы арасында белгілі әрі қызықты шара ретінде таны­луы­на қазылар алқасының, оның төрағасы Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, махам­бет­танушы ғалым, елге сыйлы азамат Қадір Жүсіптің қосқан үлесі үлкен. Сонымен қатар, қазылар алқасы құрамында Қазақ­стан­­ның еңбек сіңірген қайраткері, М.Өте­місұлы және А.Байтұрсынов атындағы сый­лықтар­дың лауреаты, белгілі ақын Қой­шы­ғұл Жылқышиевтің, Д.Нұрпейісова атында­ғы халықтық музыка академиясының Халық ән­дері және домбыра класының жоғары са­нат­ты мұғалімі Раиса Латифуллинаның, Қа­зақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қарасаева Жәнибаның болуы да үлкен іске игі әсерін тигізді. ХІІ Абай және ІІ Махамбет оқуларын қорытындылай келе, төмендегідей ой түй­дік. Біріншіден, балалар көркем әдебиетті, әсіресе, поэзияны аз оқитын қазіргі кезде Абай, Шәкәрімнің 300-400 шығармасын (өл­ең, қара сөз, поэмаларды), Махамбеттің бар­лық 79 өлеңін жатқа білетін жас ұрпақтың жарыса көбеюі – үлкен игілік. Бұл – Абай, Шәкәрім, Махамбет шығармашылығын зерделеу. Білімдерін тереңдету. Екіншіден, жас дарындардың конкурсы арқылы олардың ақындық, сазгерлік таланттарын ұштап, шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын дамытуға көңіл бөлінді. Үшін­шіден, Абай, Шәкәрім, Махамбеттің әндері мен күйлерін орындау сайысы дарынды балалардың музыкалық білімдерін, орын­дау­шылық шеберліктерін кемелдендіруге ықпал етті. Осылайша, жалпы ұлылар мұра­сын насихаттау арқылы рухани-адамгершілік, патриоттық тәрбие беру, жас өркенді ойлылыққа, адалдыққа, әділдікке, өрлікке, ерлікке баулу сияқты игі мұраттарға қол жеткіздік деуге болады. Бұл шаралардың алғашқы ұйымдастыру­шы­лары қатарында әр жылдарда Білім және ғылым министрі қызметін атқарған Қы­рым­­бек Көшербаев, Жақсыбек Құлекеев, Шәмша Беркімбаева, қазіргі министр Бақыт­жан Жұ­ма­ғұловтың, вице-министрлер Ерлан Арын, Күләш Шәмшидинова, Махметқали Сары­бе­ков және Абай ауданының бұрынғы әкімдері Қонысбай Төлеубеков, Бақыт Үй­сімбаев, Ержан Сүлейменов, қазіргі әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтің, Шығыс Қа­зақ­стан облыс­тық білім басқармасының бас­шылары болған Светлана Ферхо, Нәзигүл Сейсенбина, Аты­рау облыстық білім бас­қар­масының бастық­та­ры Қилымғали Қайненов, Сатқан Есенға­лиев­тің, барша ұстаздар қауы­мының еңбегі ерекше. Аттары аталған және аталмаған барша қауым Абай оқуларына атсалысу арқылы кемеңгер ойшылдың рухы алдындағы азамат­тық парыздарын өтеді және халыққа, ха­лық­тың болашағына қыз­мет етті деп ойлаймыз. Осылай Білім және ғылым министрінің арнайы бұйрығы негізінде ұлылар туған өл­келерде, Қарауыл мен Қараойда өз кезегімен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында дәс­түр­лі жыр мерекелері тағы да дүбірлеп өтті. Арыстан туған Исатай Дегеніне жете алмай, Арманда өтіп кетті деп... Қиналар ма екен біздерге? Қиналсаңыз біздерге, Мың рахмет сіздерге! – деп кейінгі келер ұрпаққа үміт артқан Махамбеттің жүрек тебірентер терең мұңын, түпсіз тұңғиық қасі­ретін түсініп, алмас қылыштай жарқылдаған жа­­сын жырларын, асыл қазына – әдеби мұрасын зерделеген, Абайдай адамзат ту­дыр­ған алып­тар қатарындағы ұлы адамның, ойшыл ке­мең­гердің қасиетін танып, қадірін ұғар «кө­кі­регінде көзі бар, тілі орамды» абайшыл жастар көп болса, ел болашағы жарқын болары анық. Білімге құштар, ізгілікке ұмтылған өнерлі жастар – ел мерейін тасытатын қуатты күш. Абай, Шәкәрім, Махамбет сөздерін жаттап, сырына үңілген, ұлылардан ұлағат іздеген баланың жаны жайсаң, жақсы адам, Махамбет сияқты «тартынбай сөйлер асыл» азамат болып өсетініне біз кәміл сенімдіміз. Роза БАТТАЛ, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері. Астана.