• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2011

Сырдағы сыбайластық сынға алынды

259 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Сенатының депутаты, «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімовтің төрағалығымен аталған кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Онда партияның жемқорлықпен күрес бойынша бағдарламасының Қызылорда облысында іске асырылу барысы талқыға түсті. Қоғамдық кеңес төрағасы өзгелерге сөз бермес бұрын Қызылорда облысы­ның жетістіктеріне қысқаша тоқталды. Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов өз кезегінде өңірде Қазақ­стан Республикасы Президентінің 2009 жылдың 22 сәуіріндегі Жарлығына сәй­кес жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қолданыстағы облыстық іс-шаралар жос­па­рына өзгерістер енгізілгендігін алға тартты. Әкім облыста сыбайлас жем­қор­лық­пен күрес жүргізбей отырған бірінші басшылар жауапкершілігін қарау күшей­тіл­гендігінен де хабардар етті. Оның сө­зі­нен жергілікті өзін өзі басқару бағы­тын­да осы жылдан бастап Сырдария ауда­нындағы екі ауылдық округке тә­жіри­бе ретінде 15 бюджеттік бағдарлама бойынша тиісті қаражат қарасты­рыл­ға­ны белгілі болды. Осылайша ауыл әкім­дерінің елдің мәселелерін дербес шешулеріне және тұрғындардың ауыл әкім­дері­нің жұмысын бақылауына мүмкіндік ту­ғызылуы тиіс. Сондай-ақ Болатбек Баян­ұлы апта сайын өзі прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, қаржы полициясы, ішкі істер органдары басшыларымен кездесуді тә­жірибеге енгізгендігін де назарға салды. Облыс әкімі, сонымен қатар, жемқор­лық құқық бұзушылықтар әлі де кездесетіндігін жасырмады. Оның басым бөлігі мемлекеттік сатып алу, тұрғын үй және жер беру төңірегінде қалыптасқан. «Бұл жемқорлық көріністерінің жолын кесу үшін тоқсан сайын барлық мемлекеттік ұйымдардың мамандары мен есепшілері үшін мемлекеттік сатып алу бойынша құқықтық оқулар ұйымдастырылуда», деді әкім. Одан басқа ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында конкурстық комиссия құрамдарына мәс­ли­хат депутаттары, үкіметтік емес ұйым­дар өкілдері және өзгелер енгізіліп келеді. Республика бойынша баға сұраныс­та­ры тәсілі арқылы өткен электронды мемлекеттік сатып алудың нәтижесінде 465 миллион теңге үнемдеуге қол жеткізілген. 2010 жылы осындай үнемделген қаражат 233 миллион теңге болған. Келесі жылдан бастап конкурстарды толық электронды сатып алу түріне ауыстыру көзделуде. Өткен жылы несие ар­қылы сатылатын тұрғын үй бөлу ба­рысында сыбайлас жемқорлыққа жол бер­ген Қызылорда қаласы әкімінің орын­басары мен тұрғын үйді бөлу мемлекеттік кәсіпорын директоры тәртіптік жазаға тартылды. Өткен жылы 2002 жыл­ғы өтініш білдірген азаматтарға берілуі тиіс жер учаскелерін кезексіз басқа тұлғаларға заңсыз бөліп, сыбайлас жем­қорлыққа жол бергені үшін Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімінің бас­тығы лауазымынан босатылды. Бүгінгі таңда 40 мың адам жер кезегінде тұр. Бұл мәселені шешу үшін 1300 гектардан астам жер белгіленіп, оған ауыз су мен электр желісі тартылуда, деді Б.Қуандықов. Қызылорда облысында жемқорлық­пен күрес бойынша партия бағдарлама­сы­ның орындалуына талдау жүргізу үшін құрамына Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің, Қаржы ба­қы­лау комитетінің, Бас прокуратураның және Қаржы полициясының өкілдері кіретін Сараптама комиссиясының басшы­сы, Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов та бірқатар фактілерге назар аудартты. Оның сөзінен белгілі болғанындай, Қы­зыл­орда облысында бірнеше жылдан бері жемқорлықтың жоғары деңгейі сақ­та­лып келеді. Мәселен, былтыр 74 жем­қор­лық қылмыстар тіркелсе, 2009 жылы бұл көрсеткіш 50 болатын. Осылайша жемқорлық қылмыс деңгейі 48 пайызға өсіп отырғандығы атап көрсетілді. Тек биыл 8 айдың ішінде жемқорлықтың 57 фактісі анықталған. Комиссия басшысының сөзінен тағы мәлім болғанындай, әкімдіктер мен олар­дың құрылымдық бөлімдерінің қызмет­кер­лері арасында жемқорлық кеңінен етек алған. Жемқорлық сипаттағы қыл­мыстың 46 пайызы солардың үлесінде. Тарқатып айтқанда, олар рұқсат беру процедураларын жүргізуде қиянатқа бар­ған, тұрғын үй бойынша пара беруге итер­мелеп, мемлекет мүлкін талан-та­ражға салған. Мемлекеттік бюджетті пай­­далану барысындағы жүйелі ұйым­дас­тыру-әкімшілік кемшіліктерге жол беріп, жемқорлық әрекеттерге қолайлы жағдайлар жасаған. Облыстық қаржы бақылау органдары 2010 жылы 9 337,9 миллион теңге көлемінде заң бұзушылықтарды анықтаса, соның 7 110,4 миллионы кері қайтарылыпты. Сондай-ақ 2010 жылы мемлекеттік органдардың 1631 заңсыз актісі жарық көрген. Ал 2011 жылдың 6 айында 1304 заңсыз акт өзгертіліп, бұрынғысының күші жойылып отыр. Отырыс барысында Қызылорда об­лысынан түсірілген екі бейнефильм көрсетілді. Оның алдыңғысы темір жол үстінен салынған көпірге қатысты. Аталған нысан құрылысына 1 миллиард 530 миллион 940 мыңнан астам теңге жұмсалған. Онда да оның 530 миллион теңгесіне қатысты сұрақ туындаған. Ал біткен көпірдің тарлығы сонша автобус пен жүк мәшинесінің көпірге сыймай қалып, әбігерге түсіп жатқан көрінісі ешкімді бейжай қалдырмады. Көпірдің үс­тін­дегі жағдай осындай болғанда, астын­дағылар не күйде дерсіз. Бұл жерде де тұрғындардың жағдайы ескерілмепті. Көптеген отбасылар басқа жаққа көші­ріл­мегендіктен, үстеріне көлік құлап кете ме деген қауіп те жоқ емес көрінеді. Екінші бейнефильмде де көптеген кемшіліктер ашып көрсетілді. Осы ретте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қар­жы полициясы) төрағасының орынба­са­ры Андрей Лукин облыста орын алған бір­қатар сыбайластық фактілерін тізіп өтті. Жемқорлықпен күрес жөніндегі рес­публикалық қоғамдық кеңес отыры­сын­да осылайша көптеген келеңсіздіктердің орын алғандығы жан-жақты дәйектеліп берілді. Отырыс соңында өңірдегі жем­қор­лықпен күрестің тиімділігін арттыру және оны барынша азайту жөнінде ұсыныстар қабылданды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.