• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2011

«Ақ бұлақ» бағдарламасының ауылға берері көп

471 рет
көрсетілді

Республика халқын сумен қамтамасыз ету, су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау өмірлік маңызы бар мәселе екені бәрімізге белгілі. Қоғамдағы барлық тіршілік салалары үшін су ресурстарының маңыздылығын бағалау мүмкін емес. Су өмірдің көзі деп халық даналығы бекерге айтылмаған. Ауыз сумен қамтамасыз етудегі оң жұмыстарға қарамастан, бүгінгі күні республика халқының едәуір бөлігі сапалы және жеткілікті көлемде сумен әлі күнге дейін қамтамасыз етілмеген. Жалпы, республика бойынша ха­лық­ты орталықтанған сумен қамту үшін пайдаланылатын ашық су ай­ды­нындағы 1-санаттағы су сапасы 2009 жылмен салыстырғанда санитарлық-химиялық көрсеткіштері бойынша төмендеген, 1989 су сынамасының, 151-і немесе 7,6 пайызы талаптарға жауап бермейді, микробиологиялық көр­сеткіштер бойынша – 4,5 пайыз. Бұрын Қызылорда облысында су айдындарының ластануы жоғарғы деңгейде болған, мәселен, ол 95,8 пай­ызды құраған, Батыс Қазақстан об­лысы – 22,4 пайыз, Ақмола – 16,9 пай­ыз, Оңтүстік-Қазақстан – 8,5 пайыз. Ашық су айдындарындағы судың сапасына әсер ететін себептердің бірі су тарту желілеріндегі апаттар мен шаруашылық-тұрмыстық және өнер­кә­сіп ағыстарды тазартпай бұру бо­лып табылады. Осыған байланысты, тазартылмаған ағынды сулармен су көздерін ластауды болдырмау, сумен қамту және су тарту саласына жеке капиталды тарту, пайдаланушы кә­сіп­орындар мен ұйымдардың ұтымды және пайдалы қызметін қамтамасыз ету, сумен қамту және су тарту жүйе­лерін жетілдіру, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жер асты су­ла­рын тиімді пайдалану және су ша­руашылығы саласында жобалау-іздестіру жұмыстарының сапасын көтеру мәселелері түбегейлі болып та­былады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­лашақтың іргесін бірге қалаймыз» ат­ты халыққа Жолдауында айтыл­ған­дай, Қазақстан халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету  халықтың ден­саулығын жақсартудың маңызды міндеті болып табылады және стра­те­гиялық тұрғыдан Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі шұғыл­да­натын басым бағыттардың біріне жатқызылады. Осыған орай Қазақстан Үкіметіне су шаруашылығы секторына жеке ка­пи­талды тарту үшін тиімді ынта­лан­дыру шараларын жасау тапсырылды. 2020 жыл­ға дейінгі Қазақстан Респуб­ли­касын дамытудың стратегиялық жос­­па­рын және Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің 2011 жылғы 28 қаң­тар­да­ғы «Болашақтың іргесін бірге қа­лай­мыз» атты Жолдауын іске асыру мақсатында Үкімет 2011-2020 жыл­дарға арналған «Ақ бұлақ» бағ­дар­ламасын әзірлеп, бекітті. Бағ­дар­ла­маның негізгі мақсаты халықты сапалы ауыз сумен және су тарту қыз­мет­терімен қамтамасыз ету болып та­былады. Бұл жаңа бағдарламаны әзірлеп іске асыруға мемлекеттік құрылымдар бұ­рынғыға қарағанда біршама жинақ­талған тәжірибемен келді. Сараптау, талдау жұмыстары жақсы жүргізіліп, 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасын әзірлеу мен бағ­дарламаны іске асыру барысында кеткен кемшіліктер ескерілді. Бағдарламаның негізгі міндеттері қалалық және ауылдық мекендерде сумен қамту және су тарту жүйелерін салу және қайта жаңарту, сумен қамту және су тарту жүйелерін тиімді және ұтымды пайдалану, сумен қамту және су тартудың қолданыстағы нысандарын қайта жаңарту және жаңа нысандарды салған кездері оларға жүйелі тәсілді енгізу, сумен қамту және су тарту сала­сындағы жобалау жұмыстарының са­па­сын көтеру, сумен қамту және су тарту жобаларын іске асыруда қазақ­стан­дық үлесті дамыту болып табылады. Статистика агенттігінің 2011 жылғы 1 қаңтардағы мәліметтері бойынша, ауылдық елді мекендердің орталық­тан­ған сумен қамтамасыз етілуі 42,5 пайызды құраған еді. Енді «Ақ бұлақ» бағдарламасын іске асыру қорытын­ды­сында, яғни 2020 жылға таман ауылдық елді мекендердің 80 пайызын  орта­лық­танған сумен қамтамасыз ету жөнінде аса ауқымды міндет алға қойылып отыр. Оның үстіне осы уақытта елі­міз­дің халқы тәулігіне 24 сағат бойы, яғни ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етілетін болады. «Ақ бұлақ» бағдарламасының бір жаңалығы – бұл жаңа бағдарламада су тарту бойынша тұтас бір іс-шаралар кешенін жүзеге асыру қарастырылған. Осы бойынша ауылдық елді мекендерде су тартудың оқшауланған жүйе­лерін (септиктер) салу және қайта жаңарту, су тартудың қолданыстағы нысанда­рын қайта жаңарту және жаңа ны­сандарды салудың жүйелі тәсілдері қолданылатын болады. Ауыз су әрбір үйге дейін жеткізіледі. «Ақ бұлақ» бағдарламасында қа­растырылған осы жүйелі тәсілдерінің аясында сумен қамту және су тарату нысандарын салудың бекітілген тізбесіне арнайы зерттеулер жүргізіліп, сараптамадан өткен нысандар жобалары ғана болғанда ғана енгізіледі. 2009 жылы су тартумен жаб­дық­тал­ған ауылдық тұрғын үй қорының жалпы алаңының жиынтық үлесі орташа республика бойынша  8,8 пайызды құраған еді. Енді ауылдық елді мекендердің жалпы санының 20 пайызы орталықтандырылған су жүйелерімен  қамтамасыз етіледі. Бағдарламаны жүзеге асыруда бюджетке келетін ауырпалықтарды, яғни бюджеттік шығындарды азайту үшін сырттан инвестициялар тарту  көз­делінеді. «Ақ бұлақ» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысатын инвесторлар халықаралық қаржы инсти­тут­та­ры, су секторындағы жұмыс тәжіри­бесі бар жеке инвесторлар және бас­қада әріптестер болуы мүмкін. Су шаруашылығы секторының ин­вестициялық тартымдылығын көтеру үшін сумен қамту және су тарту са­ласында теңдестірілген тарифтік саясат қажет екені түсінікті. Біздегі бұл саясат су шаруашылығы ұйым­дары­ның тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін тарифті құру және салынған инвестицияларды кепілді түрде кейін қайтару мақсатымен ұзақ мерзімді және тиімді тарифтерді белгілеу арқылы жүзеге асырылатындығын айта кетсек артық болмас. «Ақ бұлақ» бағдарламасында қа­рас­тырылып отырған қазақстандық үлесті дамыту мақсатында ЭДСМ-мен бірігіп ИЖТМ қолданыстағы өнді­ріс­ке талдаулар жасау және су секторы нысандарын салуда пайдаланылатын материалдар, технологиялар мен жабдықтарды әзірлеу бойынша жобалар тізбесін анықтау көзделген. Жасалған талдау негізінде сумен қамту және су тарту бойынша жоба­лар­ды әрі қарай пайдалану үшін елімізде өндірілген құралдармен және жабдықтармен қамтудың біртұтас тұжырымдамасы әзірленген. Сумен қамту және су тарту саласында елімізде өндірілген материалдар мен жаб­дықтарды пайдалануды реттейтін нор­мативтік-техникалық құжаттама қайта қаралатын болады (ҚНжЕ, тех­никалық тапсырма және т.б.). «2011-2013 жылдарға арналған рес­публикалық бюджет туралы» заңда «Ақ бұлақ» бағдарламасын іске асыру мақсатында ауылдық елді мекендерді сумен қамту үшін 2011 жылға 41,6 млрд. теңге қаржы қарастыру көз­делген. Сондай-ақ бағдарлама аясында тұщы жер асты суларының кен орын­дарын шаруашылық айналымға тарту бойынша жұмыстар жандан­ды­ры­ла­тын болады. Осыған орай арнайы мамандандырылған ұйымдар құры­лып, олардағы машиналарды, құрал-жабдықтарды жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар 7002 ауылдық елді мекендерде сумен қамту бойынша бар­лық жобаларға мониторинг өткізі­ле­тін болады. Анарбек ОРМАН, Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы.