• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2011

Дипломатияға да, тарихымызға да құнды еңбек

261 рет
көрсетілді

Қолға алған дүниесін түбе­гейлі жетілдіруге тырысса, ол да адам­ның зор қасиеті деген екен даны­ш­пандардың бірі. Бұл әсі­ре­се, зерттеуші ғалымдарға қатысты айтылса керек. Қолға алған зерттеу объек­ті­сін күннен-күнге, жыл­дан-жылға же­тілдіріп отыру, сөйтіп оның бар­лық қырларын ашу – зерт объек­тісіне ғана емес, онымен танысқан адамға да, сол ғылымның саласына да, жалпы қоғамға да үлкен олжа болары сөзсіз. Мемлекет және қо­ғам қайраткері, Тайыр Мансұ­ров­тың қазақтан шыққан тұңғыш кә­сіби дипломат Нәзір Төреқұловтың өмірі мен қызметін зерттеуі де осы талаптың үддесінен шық­қан­дай. Ол 1994 жылдан бері ал­ғаш­қы елшінің өмірі мен қызметін тереңнен зерделеп келеді және сол еңбектері қа­зақ, орыс, ағыл­шын және араб тілдерінде 7 кітап болып жарық көрді. Ал «Нәзір Төреқұлов – Кеңес Ода­ғының Сауд Арабиясындағы елшісі» атты барынша толықтырылған соң­ғы кітабы биыл Алматыдағы «Зерде» баспасынан жарық көрді. Сонымен бірге режиссер Болат Шәріп Нәзір Төреқұлов туралы Т.Мансұровтың кеңесшілігімен «Өкі­лет­ті өкіл» атты деректі фильм түсірді. Тайыр Мансұров 1994-2002 жылдары Қазақстанның стра­те­гия­лық маңызы аса зор әріптесі сана­латын Ресей Федера­ция­сын­дағы елшісі қызметінде болды. Сол жыл­дары оған қазақстандық тарихшы ғалымдар тарапынан Нәзір Төре­құловтың 1937 жылы тұтқындалып, атылуына бай­ла­нысты құжаттарды сұратып әперу туралы өтініш тү­се­ді. Өйткені, Мәс­кеуде ұсталып, сонда атылып кеткен қазақтың осы­нау ардақты аза­ма­ты туралы өз елінде ауыз тұщы­тар­лық деректер жоқ еді. Ашықтық, жа­риялылық деп жар салған 80-ші жыл­дардың аяғы мен 90-шы жылдардың ба­сында да мәс­кеу­лік бюрократтық жүйе құпия құжат­тар­ды оп-оңай қол­ға ұс­та­та салған жоқ. Ал тәуелсіз ел, бө­лек мемлекеттер бол­ған соң ғалым­дар­дың олар­ға қол жеткізуі тіпті қиын­дап кеткен еді. Сондайда Т.Мансұров сияқ­ты өтімді де өрісті дипломаттың шеберлігі қажет бол­ды. Елші өзінің сол кездегі Сыртқы істер министрі Е.Примаковпен жеке таныстығы, жақын байланысының арқасында Н.Төреқұловтың 37-ші жылғы нәубетке байланысты ғана емес, 1928-36 жылдары 8 жыл бойы КСРО-ның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі өкілетті өкілі бол­ған қыз­метіне қатысты, барлығы 800 бетке жуық, құжаттарды министрліктің тереңде жатқан мұрағатынан суы­рып шығарып, көшіріп алуға қол жеткізеді. Т.Мансұров СІМ-дегі құ­жаттар ғана емес, НКВД-ның айып­тау қағаздарын, Бас прокура­тура­ның шешімдері, Жоғары соттың ақтау жөніндегі анықтамасы – бәрі-бәрін де жарыққа шығарды. Міне, соның арқасында Нәзір Төреқұ­лов­тың жарқын бейнесі толық қал­пын­да өзінің халқымен де, басқамен де қайта қауышты. Тайыр Мансұ­ров­тың еңбекте­рі арқылы Нәзір Төре­құловтың қа­зақ­тың біртуар аза­мат­та­ры­ның бірі екенін та­ныдық. Өз қолымен тол­тыр­ған өмір­бая­ны­на қарағанда Нә­зірдің әкесі ірі бай болған, ол ба­ла­сы­на жан-жақты білім бергенге ұқсайды. Н.Төреқұлов Қо­қан­да медіресе, орыс – түзем және ком­мер­ция­лық учлище бітіріп, кейін Мәс­кеу­дің коммер­ция­лық институ­тын­да оқыған. Ол қазақ пен орыстан басқа француз, түрік, араб, татар, өзбек тілдерін білген. Төреқұловты Сауд Ара­биясына елшілікке тағай­ын­дау үшін «аса құ­пия» грифімен Ста­лин­нің атына жол­данған қыз­меттік хат­­та ол туралы: «один из крупных знатоков мусульманского мира и миросозерцания» деген сөздер бар. Аса икем­ді дипломат және сұңғыла саясаткер­лі­гі­нің арқасында өзі қызмет еткен жыл­дары ол Сауд Арабиясы Корольдігі мен КСРО арасында тығыз саяси әріптестік және сауда-эко­номикалық ынты­мақ­тастық орната білген. Осынау жолда жасаған әртүрлі әрекеттері туралы кітапта көптеген деректер бар. Міне, осы және бұдан басқа да жүздеген сауалдарға аталмыш еңбек толық жауап береді және ол Қазақстанның дипломатиялық қыз­­метінің тиімділігін арттыру жолында қызықты тәжірибе, үлгілі мысал болары анық. Жақсыбай САМРАТ.