• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2011

Бәйтеректің бұтақтары

497 рет
көрсетілді

Алматыда Түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесінің I Саммиті болып өтті. Оған Әзер­байжан Республикасының Президенті Илхам Алиев, Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отунбаева және Түрік Рес­публикасы Премьер-ми­нис­трі­нің орынбасары Бекир Боздағ қатысты. Тарихтың өне бойында тамыры терең бәйтеректің бұ­тақтарындай түркі мемлекеттерінің тұтастығы өзектілігін ешбір жоғалтқан емес. Елдігіміз қалпына келіп, етек-жеңі­мізді  жиған тұста татулықпен суарылған ауызбіршіліктің керектігі қай кездегіден де көкейкесті болып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Түр­кі­тілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесінің І Саммиті ба­балар мұраға қалдырған қасиетті парыздың пернелерін басқаны ақиқат. Қалай десек те, Түркі Ке­ңе­сінің тұңғыш саммиті болып та­былатын алқалы жиын эконо­ми­калық ынтымақтастық тақы­рыбына арналды. Алдымен Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев ата-баба дәстүрінен аттамай, таяуда болған қайғылы оқиғаға бай­ла­нысты Түркия халқына көңіл айтты. – Бүгін біз жаңа жалпы­түр­кілік Түркі Кеңесінің жоғары деңгейдегі алғашқы кездесуінде басқосып отырмыз. Былтыр Ыс­тамбұл қаласында Алматы Саммитінің негізгі тақырыбы жөнінде келіскенімізді бар­ша­ңыз білесіздер. Осыған орай біздің бұл жолғы басқосуымыз түркітілдес елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастық мәселесіне арналады. Саммит­тің күн тәртібі кеңеске мүше мем­лекеттердің барлығына ал­дын ала жолданған болатын, – деді алқалы жиынның ашылу рә­сімінде Нұрсұлтан Назарбаев. Осы арада Саммитке Әзер­байжан Республикасының Президенті Илхам Алиев, Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отунбаева және Түрік Рес­публикасы Премьер-ми­нис­трі­нің орынбасары Бекир Боздағ қатысқанын нақтылай кетейік. – Түркі Кеңесі деп аталатын ортақ отауымыздың алғашқы жоғары деңгейдегі басқосуына жиналып отырмыз. Нахчыванда 2009 жылы іргесі қаланған Ке­ңестің толыққанды халықара­лық құрылым ретінде қалып­та­сып кетуіне барлығымыз да мүд­деліміз. Бұл үрдіске өзге түркітілдес елдер де, атап айт­қанда, өзбек пен түркімен бауыр­ларымыз да біраздан кейін қосылады деген үмітіміз бар, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. – Келесі кезекте түркі дү­ние­сі кең байтақ Еуразия аума­ғын­дағы 40-тан астам ұлт пен ұлыстың басын біріктіреді, деген Елбасы былтыр Түркиядағы Саммитте бекітілген Түркі Ке­ңесінің Бас хатшылығы Ыс­там­бұлда жұмыс істей бастағанын еске салды. Кеңестің тиімді қыз­мет атқаруының құқықтық негізін қалайтын құрылтай құ­жаттары бекітілді. Сонымен қа­тар, Түркі Кеңесінің хатшы­лы­ғының қызметін реттейтін бір­қатар маңызды құжаттар қабыл­данды. Менің ұсынысыммен құрылған Түркі елдері Пар­ла­ментаралық ынтымақтастық және Ақсақалдар кеңесі өзара ықпалдастықтың дамуына қо­мақ­ты үлес қосуда. Жаңадан құ­рылған Түркі академиясы та­мырлас тарихымызды зерделеп, ортақ мәдениетімізді дамытуға күш салуда. Қазақстан осынау ғылым ордасының нәтижелі жұ­мыс істеуіне жан-жақты қол­дау көрсетіп отыр. Астанада бұл академия жұмыс істей бас­тады, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Түркітанудың өркендеуіне мүд­делі барша қауымды осы ака­демияның жұмысына белсене араласуға шақырған Қазақстан басшысы Саммитке қаты­су­шы­лар оны келесі жолы елордада көре ала­тынына сендірді. – Халқының саны 200 мил­лионға жуықтайтын түркілер адам­зат тарихының мәде­ние­тіне айрықша үлес қосқаны бел­гілі. Даңқты бабаларымыз­дың әлемдік сәулет өнерінде, поэ­зия мен ғылымда өшпес із қалдырғаны баршамызға мә­лім. Сондықтан түбі бір туыс елдерді бір-біріне жақындас­ты­ра түсу үшін атқарылар іс-шаралар әлі де ұшан-теңіз, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Ақиқатында Қазақстан Пре­зидентінің ұсынысымен құрыл­ған Түркі елдері Парламенттік Ассамблеясы, Ақсақалдар кеңе­сі ұйымның қалыптасуына сал­мақ­ты үлес қосып келеді. Жа­қында бекітілген Түркі ака­де­миясы тамырлас тарихымызды зерделеп, ортақ мәдениетімізді дамытуға күш салуда. Қа­зақ­стан Астанада орналасқан бұл ғылыми орталықтың жемісті жұмысын қамтамасыз ету үшін жан-жақты қолдау көрсететін болады. Нұрсұлтан Назарбаев барлық мүдделі тарапты Ака­де­мия­ның жұмысына белсене ат­салысуға шақырды. Түркі әле­міндегі кесек туындылардың ан­тологиясын құрастырып, ор­тақ альманах шығарып, Әл-Фа­раби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Ахмет Ясауи және басқа да бабаларымыздың түркі әлеміне ортақ мұрасын бірлесе насихаттауда кең ауқымды ша­раларды ұйымдастыру қажет­тігін атап өтті. Қазақстан басшысы 2012 жылы Түркістанда «Қазіргі түр­кі әлемі: нақты ахуал және даму болашағы» атты халық­ара­лық симпозиум, сондай-ақ «Астана – түркі әлемі мә­дениетінің ас­та­насы» атты кең көлемді бағ­дар­лама аясында 2012 жылы өзге де мәдени іс-шаралар өткізуді ұсынды. Және де, бүгінде қазақ жерінде түркі халықтарының өкілдері Қазақстандағы 140 эт­нос өкілдерімен бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жат­қанын атап өте келіп: – Барша түркінің қасиетті шаңырағы – Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы күні­нен бастап, осы бағытта нақты шараларды жүзеге асырып келеді. Біз этносаралық үйлесім мен келісім, өзара төзімділік идеяларын берік ұстанамыз, – деді. Мәселен, Қазақстанның бастамасы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері­нің съезі тұрақты түрде өтеді. IV съезд келесі жылы өтетін бо­лады. Қазақстан басшысы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін насихаттауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. БҰҰ Бас Ассамблеясы барша түркі халықтарына ортақ Нау­рыз мерекесін халықаралық мереке ретінде танып, мәдени құн­дылықтар тізіміне қосты. Ал Қа­зақ­стан Әзербайжан Прези­ден­ті­нің Бакуде Түркітілдес елдердің мәдениет қорын құру туралы бастамасына қолдау білдірді. Бұл біздің елдеріміз ара­сындағы мә­дени-гуманитарлық ынтымақ­тас­тықты дамытуға сер­пін береді, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы сондай-ақ бүгінгі кез­десудің басты тақырыбы болып табылатын түркітілдес ел­дердің экономикалық ынты­мақ­тастығын анықтау кездей­соқ еместігін атап өтті. Түркі ха­лықтарының рухани жақын­ды­ғы өзара тиімді экономи­ка­лық ынтымақтастықты нығайту үшін негіз болуы тиіс. Бұл үшін түркі әлемі жеткілікті көлемде табиғи байлыққа, жер және су ресурстарына, көлік және энер­гетикалық әлеуетке ие. Ең бас­ты­сы – бірлік пен ынтымақ­тас­тық үшін біздің ерік-жігеріміз бен шешімталдығымыз болуы керек. Тек сонда ғана біз әлем­дегі жетекші бәсекеге қабілетті елдер қатарына ене аламыз, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан басшысы Кеңес­тің алғашқы Саммиті жаһандық экономикалық дағдарыстың жал­ғасып жатқан жағдайында өтке­ніне тоқталды. Осыған байла­ныс­ты түркітілдес елдердің жа­һандық дағдарысқа қарсы бірлескен іс-қимыл тетіктерін құру қажет екендігін алға тартты. Түркі Кеңесінің алғашқы Саммитіне төрағалық еткен Қа­зақ­стан Көшбасшысы инновация мәселесінде аса көп нәрсе тын­дырылмағандығын да жаба бүр­кемелемеді. – Біз бір-бірімізге көмек­те­сіп, экономика министрлеріне тап­сырма беріп, екіжақты қа­рым-қатынастарды нығайтуы­мыз керек. Сауда-саттықты ұл­ғайтуымыз қажет. Әрине, ол нарық жүйесінде болуы керек. Қазіргі заманда ешкім ешкімге бекерге ештеңе бермейді. Бірақ, көмектесуімізге болады. Қазір дүние жүзінде елдің бәрі дағ­да­рыстың екінші жүйесі келе жа­тыр деп есептейді. Осыған бай­ланысты түркітілдес мемлекет­тердің ішінде қандай талдау бар? Не істеуіміз керек бірігіп? Қандай қорлар құруымыз керек? – деген сауалдар арқылы Ел­басы көкейкесті мәселелерді тарқатты. Нұрсұлтан Назарбаев осы орайда Илхам Алиевтің көлік жүйесі жөнінде өте нақты мә­селелер айтқанын атап көрсетті. Біз оны іске қосуымыз керек. Қырғызстан Президенті Роза Отунбаева да өте нақты, көп­те­­ген ұсыныстар енгізді. Біз Қа­зақстанда құрылған Түркі ака­демиясы, Ақсақалдар алқасы бар дейміз. Мәдени қарым-қатынас­тар­мыз бар дейміз. Бәрі дұрыс. Бірақ, экономикалық қа­рым-қа­тынасқа шын мәнінде кө­ңіл бө­лейік, деді Қазақстан басшысы. Саммит соңында қоры­тын­ды құжатқа – Түркітілдес ел­дер­дің бірқатар халықаралық және өңірлік өзекті мәселелері бойынша келісілген ұстаны­мын, экономикалық және мәде­ни-гуманитарлық ынтымақтас­ты­ғының негізгі бағыттарын айқындайтын Алматы дек­ла­ра­циясына қол қойылды. Соны­мен бірге, түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңе­сі­нің рәсімдік ережесі қабыл­дан­ды. Алматы декларациясы атау­ы­на ие болған осынау құнды құжат жалпы және ортақ мәсе­лелерді, халықаралық жобалар­ды, қауіпсіздік, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді, халық­аралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты жеке-жеке қам­­титынын айта кеткеніміз жөн. Ал оның толық мәтінін Сыртқы істер министрлігінің сай­тынан оқып, танысуға болады. Сонымен, сәтті өтті деп са­налған саммит соңы іле-шала төрт мемлекеттің көзі мен құла­ғындай болып отырған бұқа­ра­лық ақпарат құралдары өкілдері үшін баспасөз мәслихатына ұласты. – Қазақстан үшін Түркі Ке­ңесінің тұңғыш төрағасы болу – өте үлкен мәртебе. Біз өзіміздің ортақ күш-жігерімізді түркітіл­дес елдерді жақындастыру, ұй­ым қызметінің тиімділігі мен Кеңестің мәртебесін арттыру үшін жұмсаймыз, – деді Нұр­сұл­тан Назарбаев. – Біз әлемдік дағдарыс дауылына қарсы тұруға бағытталған ортақ әре­кет­тердің тиімді тетіктерін қа­лыптастыру жайын талқыла­дық. Сонымен қатар, сауда-эко­но­микалық, инвестициялық көп­жақты байланыстарды дамыту жолдарын қарастырдық. Елде­рі­міздің транзиттік мүмкін­дік­те­рін кеңінен пайдалану жол­дарын айқындадық. Түркітілдес мемлекеттер Ын­тымақтастық кеңесі Төраға­сы­ның айтуынша, мақсат – туысқан түркі әлемінің әлеуетін арттырып, оның орнықты да­муына мүмкіндік жасау. Түркі елдері Іскерлік кеңесінің құры­луы ынтымақтастықты дамы­ту­ға ықпал етеді деп сенім артылуда. – Бауырлас елдерді жақын­дас­тыру үшін мәдени-гумани­тарлық өзара байланыстарды тереңдетуге уағдаластық. Саммит нәтижесі бойынша Алматы декларациясы және Түркі Ке­ңе­сінің рәсімдік ережелері қабыл­данды. Бұл құжаттарда елдері­міз­дің арасындағы қарым-қа­тынастардың сан түрлі саласы қа­растырылып, нақты тапсыр­ма­лар берілді. Бұл маңызды құжаттар бірлестігіміздің мәр­те­бесін арттырып, ынтымақ­тас­тық негіздерін айқындайды деп есептейміз, – деді Елбасы. Қазақстан басшысы алқалы жиынға қатысқан түркі мемлекеттері басшыларының шешімімен Түркі Кеңесінің ІІ Саммитті келер жылы Қырғызстан астанасы – Бішкек қаласында өтетінін мәлімдеді. Айыр қал­пақты ағайынның ауылын­дағы ІІ Саммитті «Білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынты­мақтастық» тақырыбында өт­кізу ұйғарылған. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.