• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2011

Мал шаруашылығындағы кең ауқымды шаралар

1368 рет
көрсетілді

БІЗДІҢ ЕЛІМІЗДЕ ДЕ ҚОЛҒА АЛЫНА БАСТАДЫ

Мал шаруашылығы – елімізде ежелден дамып келе жат­қан салалардың бірі. Сонау пат­ша үкіметінің тұсын­да бұл сала халқымыздың негізгі тіршілік көзі болатын. Сол тұс­та­ры аты аңызға ай­нал­ған Қа­ра­өткел, Қарқара­лы, Қоянды жәр­меңкелері жұ­мыс істеді. Бізбен көр­ші­лес елдерден орыс, татар саудагерлері сол жәр­мең­келерге келіп қатысып, қазақ бай­ла­ры­нан топтап мал сатып әке­тіп жататын. Осы жәйт біз­дің елімізде мал экспортының ежелден бар екендігін білдіреді.

Кеңес өкіметінің кезеңінде республикамызда мал шаруашылығы жаңа жағдайда дамыды. Өйткені, Қазақстан мал жайылымдықтарына өте бай. Республика еншісіндегі 270 миллион гектар жердің 180 миллионнан астамын осы мал жайылымдары құрайтын. Ол кезеңдерде мал еті, сүт және жүн өнімдеріне Одақ көлемінде сұраныс зор еді. Осыған байланысты республикамызда мал шаруашылығын өркендетуге үлкен көңіл бөлінді.

Алдымен, мал өсірудің өнімді­лігі мен тиімділігін арттыру үшін мал ша­руа­шылығындағы асыл­дан­дыру жұмыс­та­рын қолға алып, мал тұқымдарын көз­деген мақсатқа сәйкес асылдандыру істері жаппай сипат алды. Мал өсіру өз алдына, сонымен қатар, осы шаруа­шы­лық­тан өндірілген өнімдерді тереңдетіп өңдеу арқылы оның сапасы мен сақта­луының негізінде өтімділігін арттыру да жолға қойылды. Мал өнімдерін ұқ­сататын көптеген комбинаттар мен фабрикалар салынды. Сөйтіп, Қазақстан­да­ғы мал шаруашылығы өнімдері бас­тапқы өңдеуден өткізіліп, орталық­тан түскен тапсырыс бойынша тұ­тыну ры­ноктарына жөнелтіліп отыр­ды. Яғни, өнім өткізу пробле­ма­сы болған жоқ. Осы кезеңде жылына жүздеген мың тон­надан астам ет, жүн өнімдері осы­лайша өз тұтынушыларын табатын.

Қазіргі жағдай басқаша. Малдың басым бөлігінің жеке меншіктің қолына қарауына байланысты мал тұқымдарын асылдандыру жұмыс­тары бұрынғыға қа­рағанда көп әлсіреді. Мал саны да азайды. Мал өнімдері экспортын жолға қою үл­кен проблемаға айналды. Ең жақын көршіміз Ресей жылына 2 миллион тонна ет экспорттайды екен. Әзір­ге мұнда Қазақстанның үлесі тым мар­дым­сыз. Егер біз Ресей сатып алып жат­қан осы 2 миллион тонна еттің 500 мың­дай тоннасын (Одақ кезінде орта­лық­қа жіберілетін ет мөлшері осындай болатын) бере алсақ, ет экспортынан түсетін пайда астық экспортына қара­ғанда артық болып шығады.

Осы мәселе біздің Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне қарасты түр­­лі ұйымдар мен ғалымдарды көп­­тен бері ойлантып келеді. Мал шаруашылы­ғын­дағы экспорттық әлеует­ті арттыруға қа­лай қол жеткіземіз, мал тұқымын асыл­дан­дыру ісін қалайша жолға қоюға бо­ла­ды деген сауалдар төңірегінде көпте­ген зерттеу-саралау жұмыстары жүр­гізіл­ді. Сандаған пікірталастар да ұй­ымдас­ты­рылды. Осының нәтижесінде мәселенің бір ұшы табылғандай да болды.

Мамандардың айтуынша, мал шаруа­шы­лығына мемлекет тарапынан бөлі­не­тін қаржы көлемі 1999 жылмен салыс­тыр­ғанда он еседей артқан. Бірақ өкі­ніш­ке орай, оның тиімділігі көрінбей отыр. Мәселен, осы уақыт аралығында әр сиырдан сауылатын сүт көлемі 109 литрға ғана ұлғайған, яғни 1999 жылдан бері әр сиырдан сауылатын жылдық сүт­тің орташа мөлшері 1969 литрден 2078 литрге жеткен. Ал бұрынғы Германия Демократиялық Республикасы Ба­тыс Германияға қосылған тұста олар­дағы әрбір сиыр жылына 4 мың килодай сүт беретін. Осы көрсеткіш 2002 жылы 7 мың литрге жетсе, қазір 9 мың литрге жуықтады. Неліктен бізде бөлінген қар­жы құрдымға кеткен сумен тең? Оның қайтарымы неге жоқ? Мамандар мен ғалымдар осының себебін қуалай келгенде негізгі үш себептің басын ашып отыр.

Бірінші себебі, елімізде мал шаруа­шы­лығын асылдандырудағы селекция­лық жұмыстар мақсатты және жүйелі түрде жүргізілмей келеді. Оның ортақ бір жүйесі құрылмады. Мұндай жұмыс­тар жеке шаруашылықтар аясында ғана шектеліп қалып отырды. Ал оларға бө­лін­ген қаржының тиімділігі тиісті ба­қы­лау­ға алынбады. Бөлінген қаржының сұ­раушысы болмады.

Екінші себебі, малды өз төлінен өсіру ісінде жүйесіздік орын алды. Қазақ­стан­да, әр өңірдің табиғи ерекшеліктеріне орай, асыл тұқымды малдардың қандай түрле­рін ұстау қажет деген сұрақтың басы ашыл­мады. Жергілікті жерлерде тұ­қымдық аталық малдар және олардың ұрық­­тары орынды пайданылмады. Әркім өз білген жолымен жүрді. Малдың 50 пай­ыз­дан астамы туыстық шағылысуға ұрынған.

Үшінші мәселе, тиісті жем-шөп қо­рының жетімсіздігіне байланысты болды.

Қазіргі күні Қазақстандағы әрбір мың адамға есептегенде 200 бас сиырдан айналады екен. Мәселен, АҚШ-та әрбір мың адамға – 40, Англияда – 44, Еуро­одақ елдерінде 45 сиырдан келеді. Бұл көр­сеткіш нені меңзейді? Мәселенің түйіні малдың санында емес, сапасында екендігін көрсетеді. Біздің елімізде сауын сиыр саны батыс елдерімен салыстыр­ғанда көп, тек өкінішке орай, олардың әрбірінің сүт өнімділігі жоғарыда келтірілген елдерден 3 есе төмен. Сол секілді біздегі әрбір ірі қара мал тірі салмақпен 280-300 килодан етке тапсырылса, батыс елдерінде бұл көрсеткіш бізден әлде­қайда (1,5 есе) жоғары болып отыр.

Қысқасын айтқанда, бізде мал бар, бірақ оның тиімділігі аз. Мал шаруа­шы­лығына шығарылған шығын өзін дұрыс өтей алмай келеді. Осы жағдайды ескере келе мамандар мен ғалымдар жоғарыдағы олқылықтарды жоюдың бірыңғай жүйе­сін іске асыруға кірісті. Ол – Мал ша­руа­шылығындағы кең ауқымды селекция деп аталады. Осыны жүзеге асыру барысында малдың асыл тұқымдылық қасиетімен қа­тар оның азықтандырылу, күтімге алыну жағдайы да кешенді түрде қарастыры­лады.

Мал шаруашылығындағы кең ауқым­ды селекцияны жүзеге асыру ісі біздің еліміз үшін жаңалық емес. Өткен ғасыр­дың 80-ші жылдарында осы іс қолға алынған болатын. Бірақ заман өзгерісіне байланысты аяқсыз қалды. Онан кейін малдың басым көпшілігі жеке меншіктің қолына көшуіне байланысты оны жүзеге асырудың мүмкіндігі болмады. Бір есептен бұған мал шаруашылығына бағыт­тал­ған қаржының тапшылығы, бірыңғай дұ­рыс саясаттың сараланып, іске қосыл­мауы да үлкен ықпалын тигізді. Қазір енді жағдай ептеп оңалып келеді. Ең бас­тысы, мемлекет мал шаруашылығының дамуына үлкен мән беруде. Осы жағдай­ды пайдалана отырып Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігінің жауапты қызметкер­ле­рі ғалымдардың қолдауы және көмегімен аталған істі қайтадан қолға алуда.

Мал шаруашылығындағы кең ауқым­ды селекцияны жүзеге асыру үшін бір­қа­тар шарттар қатаң түрде сақталуы қажет. Ең бастысы, малды өз төлінен көбейтуді бір жүйеге салу, яғни мал тұқымын көз­деген мақсатқа сәйкес асылдандыру. Ана­лық мал басын тұқымдық және өнімділік көрсеткіштеріне қарай сұрыптап, оларға сапалық деңгейіне сай тұқым жақсар­ту­шы аталық малдарды жұптау, сонымен бірге туыстық шағылысудың орын алуы­на жол бермеу. Табынға қосылатын малдың саны және тұқымдық қасиеті, өнімділік көрсеткіштері анық болуы қажет. Сонда ғана әрбір малға бөлінген қаржы қатаң бақылауға алынып, өз тиімділігін беретін болады.

Міне, осындай жағдайға байланыс­ты мал шаруашылығындағы кең ауқым­ды селекция жұмысы ең алдымен тауар­лы өндірісі қалыптасқан шаруашылық­тардағы мал санын қамтиды. Әзірге мұн­дай малдар саны еліміздегі барлық мал­дардың 20 пайызы мөлшерінде. Қал­ған 80 пайызы көбінесе үй шаруа­шылығы деңгейінде ғана қалыптасып отырған жеке меншіктің қолында. Мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекция жұмысы өзінің белгілі бір даму сатысына шыққанда, үй шаруашы­лық­тарын да қамтитын болады. Осыған қол жеткізудің бірқатар тетіктері қазірдің өзінде айқындалу үстінде.

Сонымен, кең ауқымды селекция жұмыстарының бірінші кезегіне еліміз­дің барлық асыл тұқымды және тауарлы мал шаруашылықтары қатысады. Бұл мемлекет бөлетін субсидияны алу үшін оларға қойылатын негізгі талаптардың бірі болып табылады. Ол үшін аталған шаруашылықтар малды өз төлінен кө­бей­ту қағидаларын сақтау (сүтті ірі қара шаруашылығында малдарды толық қол­дан ұрықтандыру), олардың есебін жүр­гізумен қатар, осы істі атқаратын ғылы­ми ұйымдармен селекциялық үдеріс­тер­ді қамтамасыз ету жөнінде тікелей бай­ланыста болуы, шаруашылықтарда асыл тұқымды (тұқым жақсартушы) ата­лық малдарды бекіту мен алмастыру тәртібінің сақталуы, автоматтандырыл­ған ақпараттық талдау жүйесінің негізінде малдардың ветеринарлық және зоотехникалық есебін жүргізуі секілді талаптар орындалуы тиіс.

Бастапқы кезде, осының мәнісін тү­сінбеген кейбір шаруашылықтар бұған қарсы екендіктерін білдіріп, біздің ғы­лыми инновациялық орталыққа хат жаз­ған да болатын. Бірақ, олар бұл талап­тардың әлемдік тәжірибеден алынға­нын, осы үрдісті өз жағдайымызға бейімдеп жасағандығымызды, бұдан бас­қа жолдың жоқ екендігін түсініп бізбен ортақ келісімге келді. Былай қарағанда, еліміздегі мал тұқымдарын асылдан­ды­ру жұмысы әрбір жеке шаруашылықтың деңгейінде дами алмайтындығы, олар­дың бәріне ортақ бір жүйенің қажеттігі, міне, сондай жағдайда ғана мемлекет мал тұқымдарын асылдандыруға байла­нысты бірыңғай саясатты белгілеп, осы арқылы шаруашылықтарға тиісті көмек жасай алатындығы кез келген көзі ашық адамға белгілі жәйт қой. Демек, біз велосипед ойлап таппай-ақ бүкіләлемдік қауымдастықтар мойындаған осы шара­ларды батыл жүзеге асыруға бел будық.

Аталған істі жүйелі жолға қою үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Каз­АгроИнновация» АҚ аясында «Мал шаруашылығы және ветеринария ғылы­ми-инновациялық орталығы» ЖШС құ­рылған болатын. Бұл орталық­тың бас­ты бағыты ақпараттық талдау жүйесін қалыптастыру және оны ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етуді жолға қою. Орталық құрамына Алматыдағы мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институты, Солтүстік Қазақстан облысындағы мал шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институты, Алматыдағы малдәрігерлік ғылыми-зерт­теу институты бекітіліп берілді. Сонымен, мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекция жұмысын ілгері жылжытудың негізгі материалдық-тех­ни­калық және ғылыми базасының негізі қалыптастырылып, осы жұмыс біздің елі­мізде былтырдан бастап қолға алынды.

«Мал баққанға бітеді» деген баба­ларымыз. Ал бір кездегі мал бағу мен қазіргі бағу арасындағы айырма өте зор. Қазіргі заманның талабы да талға­мы да бөлек. Біз де осы көшке ілесіп, оның әдіс-тәсілдерін меңгеруіміз қажет. Сон­дықтан, бүгінгі бастамамыз заман тала­бына сай ғылыми негізде мал өсіруге және мал шаруашылығын өр­кен­­детуге апаратындығына сеніміміз зор.

Айбын ТӨРЕХАНОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры.