• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2011

Дамуға заңнамалық негіз нығыз

312 рет
көрсетілді

Өткен апта аяғында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары  Александр Судьин бастаған бір топ депутат Қарағанды облысын­да болды.  Аймақта үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық  даму бағдарламасының іске асырылу барысымен танысуға және  Мәжілісте қаралудағы «Индустриялық-инновациялық дамуды  мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасына байланысты жергілікті  өндірісшілердің ой-пікірін білу, оған енгізілетін толықтырулар мен өз­гертулерді бірлесе талқылау үшін ұйымдастырылған көш­пелі отырысқа қатысуға келген сенаторлар алды­мен өңірдің іргелі кәсіпорындарын  аралап, ұжымдар мүшелерімен әңгімелесті.

Теміртаудағы «Норд Пром НС», Қарағандыдағы «Минова Қазақстан», «Силициум Қазақстан» ЖШС-лері шы­ғара бастаған темірбетон шпал­дары, полимерлік бекітпелер, металдық кремний өндірісі, «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының металлургиялық комбина­тын­да жаңартылған №2 дом­на пеші сияқты іске асы­рылған ірі жобалардың жұ­мыс үстіндегі қарым-қабі­ле­ті тікелей көріліп, отандық ин­дустрияның қарышты қа­дамы көңіл өсіртті. Халық қа­лаулылары сондай-ақ, об­лыс орталығында орнатыл­ған академик Қаныш Сәт­баев­тың ескерткішінің ашы­луына қатысып, жұртшы­лық қуанышына ортақтасты.

Өңірдегі осындай жа­ңа­ру­лармен танысудан соң жо­ғарыда аталған мәселе бой­ынша өндіріс ошақтары бас­шыларымен кеңейтілген дөң­гелек үстелде басқосты. Оны Сенаттың Экономи­ка­лық және өңірлік саясат ко­ми­тетінің төрайымы Нұр­л­ы­ғайым Жолдасбаева жүр­гіз­ді. Ол өз сөзінде тоқталып өткендей, еліміз дамуының жаңа кезеңіне қолайлы ық­пал ететін заңнамалық негіз жасалған. Жаңадан «Ғы­лым туралы», «Арнайы еркін экономикалық аймақтар ту­ралы» заң қабылданса, қазір «Индустриялық-иннова­ция­лық дамуды мемлекеттік қол­дау туралы», «Энергия үнемдеу мен тиімділігін арт­тыру туралы» заң жобалары қаралуда. Бұл заңнамалық негіздерді тағы бір пысық­тап, сараптауда қандай мә­селелерге басым мән берілуі керектігіне қатысты ұсыныс-пікірлер ірікпей ортаға са­лынуына орай қатысушылар әңгімеге белсене араласты.

Келелі кеңес басында Сенат Төрағасының орын­ба­са­ры Александр Судьин, Индустрия және жаңа технология­лар бірінші вице-министрі Альберт Рау, облыс әкімінің орынбасары Ғабит Мұхам­бетов елдегі, аймақтағы әлеу­­меттік-экономикалық жағдайды жан-жақты баяндап берді. Іс нәтижелері айғақтап отырғандай, даму жолы жарқын. Былтырдан бері республика бойынша 900 млрд. теңге сомасында 227 жоба іске асырылған. Соның ішінде өндірісті Қа­рағанды өңірінде 18 жоба атқарылды. Бұлар негізінен ІТ технологияны, мәшине жа­сауды, баламалы энер­ге­ти­каны, металлургияны да­мы­туға арналған іргелі жобалар саналады.

Талқылауға қойылған мә­селе жөнінде ойын орта­ға салған «Атамекен» Ұлт­тық экономикалық палата бас­қарма төрағасының бірінші орынбасары Әлихан Мәм­бетәлин «Индустрия­лық-ин­новациялық дамуға мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасында бизнес механизмін жетілдіруге бағытталған шаралар толықтырыла тү­суіне тілек білдіре келіп, мынадай ұсыныстарға назар аудартты. Оның пікірінше, бизнестік іс-қызметте салық­тық, кедендік және рұх­сат­тамалық ынталандырудың қосымша тетіктерін қарас­ты­ру керек. Мәселен, әкелім кедендік алым төлемі боса­тылса немесе кейінге шегеріле тұрса, осындай жеңілдік импорттық құрал-жаб­дық­тарға, шикізатқа, қосымша құн салығына қолданылса деген ой айтты. Жобада мемлекеттік қолдауға қол жет­кізудің тәртібі мен ретінің нақты нормаларын айқындау қажет делінді.

Ал «Қарағанды мәшине жасау консорциумы» ЖШС директоры Болат Кенжин жер­гілікті кәсіпорындарға шетелдік бұйымдардан еш кем соқпайтын өнімдерді жеткізуге басымдық беретін анық заңнамалық нормалар жоқтығына құлақ түрдірді. Мемлекеттік грант бойынша оқитын болашақ мамандар­дың өндірістік тәжірбиеден өтуі заңдастырылуына тілек білдірді. Талқылауды жал­ғас­тырған «Силициум Қа­зақстан» ЖШС директоры Александр Сутягинский Қа­зақстанда бірінші рет кремний өндіру жолға қой­ыл­ғандығын, осы уақытқа дейін шығарылған бұл өнімнің 100 пайызы экспортқа жө­нел­тілгенін, алдағы кезде де солай болмақтығын жеткізді. Сөз орайында зауыттың электр қуатына өте тәу­елділігін, мұның өзі өнімнің өзіндік құнының 42 пайызын құрайтындығын қаперге сал­ды. Бүкіл әлемде кремний өн­дірісіне энергетика жа­ғынан мемлекет тарапынан көмек көрсетілетіні ескеріліп, сондай қолдау қажеттігі аталды.

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Арыстан Ғазалиев ғылым мен өндірістің бай­ла­нысын беріктіріп, тереңдете­тін заңнамалық нормалар бел­гіленуі керектігіне тоқ­талды.

Сенат депутаттарының өңір өндірісшілерімен кездесуі, дөңгелек үстел басын­да­ғы ашық әңгіме оны жүр­гі­зушінің әріптестері атынан бұқаралық ақпарат құрал­да­ры өкілдеріне мәлім еткеніндей, екі жаққа да пайдалы бол­ды. «Облыста бәсекеге қабілетті өнімдерді өндіре­тін, озық технологиямен кең жабдықталған, еңбектің ұй­ым­дастырылуы жоғары үлгі­дегі өндірісті қалыптас­ты­руда ұшан-теңіз жұмыстар атқары­лып жатқандығына көз жетті.

Парламент Сенатының жаңа заң жобасын өз орта­ларына арнайы келіп талқы­лауға салу үрдісі Қарағанды өнеркәсібі тізгінін ұс­тау­шылар көңілінен шығып, жал­ғасын табатындығы құп­талды. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, өн­дірісті өрлетуге өркен жай­дырар жаңа заңның солай боларына сенім білдірілді.

Айқын НЕСІПБАЙ.

Қарағанды.