• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2011

Жаңа тұрпаттағы әріптестік

384 рет
көрсетілді

Орнықты даму – бұл елімізді алға қарай үдемелі дамытуды қамтамасыз ету ғана емес, сондай-ақ табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың тұтас бір кешені, өрге басудың жаңа көздерін құру мен қоғамда тұлғаларды бір бірімен үйлесімді етіп ілгерілету екендігі анық. Қазақстанның батыс өңірі әлеуетінің өрісін кеңейтіп, дамыту жолында, атап айтқанда, Қарашығанақ мұнай-газ конденсатты кен орнын игеруші «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (ҚПО) халықаралық консорциумы осы ретте инвестициялар салудағы ықпалы зор. 1997 жылы әлемнің алпауыт инвесторларымен тәуелсіз Қазақстанның Өнімдерді бөлісу туралы түпкілікті келісімге қол қоюы еліміздің шын мәнін­дегі мұнай-газ маржаны деп саналатын Қарашы­ғанақ кен орнының тарихындағы жаңа беттерді ашты. Бұл кен орны 1979 жылы ашылған болатын. Ол әлемдегі ең ірі газ конденсатты кен орында­ры­ның бірі болып саналады. Кен орны Қазақстанның солтүстік-батысында орналасқан және 280 шаршы шақырымнан астам аумақты алып жатыр. Оның бастапқы көмірсутегінің есептік баланстық қоры 9 миллиард баррель конденсатты және 48 триллион текше фут газды құрайды, ал жалпы бағалау қоры 2,4 миллиард баррель конденсаттан және 16 триллион текше фут газдан астам. Осы көл-көсір байлықты игеру Қазақстанмен бірге қоян-қолтық ынтымақ­тастықтағы “Би Джи Груп”, “Эни”, “Шеврон” және “ЛУКОЙЛ” тәрізді беделді мұнай-газ компанияла­рының альянсына сеніп тапсырылды. Қарашығанақ бойынша әріптестер өздерінің білімдері мен біліктерін Қазақстан Республикасының игілігіне лайықты түрде беруде. Өйткені ең басты міндет – ішкі сондай-ақ сыртқы мүмкіндіктерді барынша ұтымды пайдалана отырып орнықты дамудың даңғыл жолын салу. ҚПО-ның Қазақстандағы іскерлік белсенді­лігінің құрамдас бөлігі әрдайым орнықты дамыту болып отыр. Қазақстан Республикасымен әріптестік компанияға елдің табиғи ресурстарын тиімді әрі үнемді дамыту арқылы мемлекет мүддесі үшін толайым табыстар алу ісінде бизнесті бағамдап бағдарлауға мүмкіндік жасайды. Консорциум өзінің күнделікті тынымсыз тіршілігін өндірістік үдерісті және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту бағ­дарламасын жетілдіруге корпоративтік басқару­дың жетілдірілген қағидаттарын, оны шеберлікпен қол­дануды, озық технологияларды енгізуді, еңбекті қор­ғаудың, қауіпсіздік техникасының және қоршаған ортаны қорғаудың өміршең жүйелерін қолдауға жұ­мылдырған. Сондай-ақ, қазақстандық үлес көлемін ұлғайтып, өңірдің әлеуметтік дамуына атсалысуды мақсат тұтқан. ҚПО Жайық өңіріндегі ең ірі жұмыс беруші екендігі әмбеге аян. Міне, сондықтан да компания жауапты міндетті мүлткісіз атқаруды санайды. Кә­сіби қызметкерлерді дайындау және жергілікті тауарлар мен қызметтердің жеткізушілерімен жұмыс нысандарын ұдайы жетілдіруді нақтылап алған. Қа­зақстан тарапынан жобаға қатысудың айтарлықтай өсуі – ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына ҚПО-ның тартар сүбелі үлесі екендігі шүбәсіз. Өнімдерді бөлісудің түпкілікті келісімі жасалған сәттен бастап Қарашығанақ жобасына құйылған инвестицияның жалпы сомасы 16 миллиард АҚШ долларынан асып түсті. Оның едәуір бөлігі көмір­су­тектерін өндіру мен өңдеуге жаңа озық техноло­гияларды енгізуге тиесілі. Сонымен бірге, қомақты инвестиция мамандарды оқытуға және біліктілігін көтеруге бағытталған. Жергілікті кадрларды жұмыс­қа барынша тарту бағдарламасы дәйекті әрі жоспар­лы түрде жүзеге асырылуда. Оны ҚР өкілетті орга­ны бекітіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мақұлдады. Мұны Қарашығанақ жоба­сы бойынша барлық әріптестер де қуаттап отыр. Қа­зіргі кезде жергілікті мамандардың басқару қыз­мет­теріндегі үлесі 65% құрайды және техникалық мамандар мен орта басқару буын арасында 90%-дан ас­ып жығылады. Бұл жұмыс одан әрі жалғаса бермек. Біліктілікті арттыру және мансаптық өсуді одан әрі көтеру үшін ең қабілетті және адал ниетті қыз­меткерлер таңдап алынады. Қызметкерлерді оқыту және дамыту бөлімі іс жүзінде машықтыққа баулап, теориялық әзірлік жағына да үлкен мән береді. Өндіру және қызмет көрсету техниктері бөлімінде операторларды қосымша кәсіби дайындау бағдар­ла­масы бойынша бірнеше жылдан бері озық тәсілді қолданып отыр. Ол халықаралық деңгейде танылған Британ мұнай және газ академиясының оқыту әдіс­темесіне негізделген. Үстіміздегі жылдың қыркүйегінде компанияның 43 қазақстандық қызметкері Британ көшбасшылық және менеджмент институтымен (ILM) бірлесіп ұй­ымдастырылған менеджменттің сертификатталған бағдарламасы бойынша оқуды аяқтады. Оған қоса 9 қазақстандық қызметкер OPITO мұнай және газ академиясының құзіретті бағалаушылары серти­фи­кат­таған халықаралық үлгідегі куәліктерге ие болды. Талантты да талапты студенттерді таңдау жо­ғары оқу орындарының қабырғасында жүргенде бас­талады. Арнайы комиссия мұнай-газ саласы үшін мамандар даярлайтын оқу орындарымен ын­тымақтастықты сөйтіп жақсы жолға қойған. Осы­лайша ҚПО-дан 130-ға жуық қазақстандық студент стипендия алды. – Жергілікті персоналдың біліктілігін арттыру және қазақстандық мамандардың халықаралық дең­г­ейдегі тәжірибені меңгеріп игеруі – компанияның ең маңызды және тұрақты басымдықтарының бірі, – дейді ҚПО бас директоры Джузеппе Пази. – Қара­шығанақ кен орнын игеру және пайдалану үшін мыңдаған білікті мамандар – инженерлер, техниктер, экономистер және материалдық-техникалық қам­тамасыз ету жөніндегі мамандар қажет. Жақсы дайындалған персонал – біздің табысты қызме­тіміздің негізі. ҚПО бұл бағытта жергілікті ұлт өкілдерінен кадрлар санын арттыру бағдарламасын жүзеге асыруда. Ол үшін шетелдік әріптестердің бай тәжірибесін және меншікті ресурстарымызды пай­да­ланамыз. Ынтымақтастық жасауға әлемдегі ең бел­гілі оқу орындарын тартамыз. Сондай-ақ, тұрақты негізде Қарашығанақтағы инвесторлармен және жергілікті бизнес-қауымдас­тықпен әріптестік үнемі даму үстінде. Бұл орайда пікір алысу алаңдарында әр тараптың мүдделері екшеленіп, нәтижесінде бірлескен семинарлар өткізі­ліп тұрады. Осындай пайдасы мол кездесулерде ҚПО алдағы жұмыстардың көлемдерін, талаптарын, тауарлар мен қызметтерге қойылатын сапалық өлшемдерді ұсынады. Семинарға қатысушылардың қызметтері ерекшеліктеріне қарай айқындалады. Қорытындысында сұраныс ұсыныстарға сәйкес келтіріледі. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету­дің, сервистік қызмет көрсету инфрақұрылы­мының, тендерлік іс-жосықтардың ережелері туралы ақпа­рат та маңызды. Яғни, ҚПО-ға мердігер болудың егжей-тегжейлі нұсқаулықтары мен ұсынымдары бірлесіп атқаратын жұмысқа жәрдемдесіп, көкжиегін ашады. Қазақстандық әріптестерге өнімдерінің тұсаукесерін жасауға қолайлы жолы да ашылған. Семинарларда атап өтілгеніндей, шетелдік және қазақстандық үміткерлер арасында тапсырыстар алу мәселесінде алауыздық жоқ екендігі мәлім болды. Негізгі талап – біліктілік талаптарына сәйкес келу. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» шетелдік мердігерлерге ішкі мердігерлік жағдайында жергілікті компаниялармен тығыз ынтымақтастықта болуын талмай талап етеді. Жайық өңірінде сапа көрсеткіштерін арттыру жолында тұрақты жұмыс істейтін кәсіпорындар саны аз емес. Олар тәжірибелерін тұңғыш рет қыз­мет ұсынушы инвесторларға үйретуден жалыққан емес. Мәселен, «Налько» шетелдік компаниясы кен орнына аса қажетті химреагенттер жеткізіп береді. Ол өз кезегінде жергілікті «Топан» ЖШС-мен та­быс­тың тайқазанын тасытуға құштар. Топандықтар шетелдіктерден көп тәлім алып жүр. «Топан» ком­паниясы «Би Джи Групп» тағайындаған халық­ара­лық конкурстың «Химреагенттердің қауіпсіздігін арт­тыру үшін» аталымында жеңімпаз болып танылды. Барынша сапалы жұмыс істеуге ұмтылуға қолдау көрсетуші әріптестердің қатарына «АВЕНКОМ» компаниясын да жатқызуға болады. Шетелдік әріптестердің көмегімен кәсіпорын басқару үдерістерін жетілдірді. Қазір байланыс, апаттық, күзеттік дабыл беру, бейнебақылау, автоматика жүйелерін және компьютерлік желілерді орнатумен және сервистік қызмет көрсетумен айналысып, ұзақ мерзімді келісім-шартты орындау жолындағы тынымсыз тірлік үстінде. Мұндай мысалдар аз емес. Тек өткен жылы ҚПО 300-ге жуық қазақстандық кәсіпорынмен жал­пы мөлшері 527 миллионнан астам долларға келі­сім-шарт жасады. Ал 14 жыл ішінде, ӨБТК аясында қазақстандық компаниялармен қол қойылған сәттен бастап 3,5 миллиард доллардан астам тауарларды және қызметтерді жеткізді. Тапсырысшы мердігерлерді дамытуға, олардың мұнай-газ саласындағы жаңашылдықты игерулеріне мүдделі. Кен орнының әкімшілік орталығы саналатын Ақсай қаласында, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай технопарктің құрылысы басталды. Оның негізгі мақсаты – инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда отандық үлесті, өндіруші компаниялардың қызметін арттыру. Қазақстандағы бұл бірегей жобаның бастамашысы ҚПО болып отыр. Өкілетті органмен (PSA) және жергілікті билікпен ынтымақтастықтың нәтижесі қашанда өз жемісін беретіндігі сөзсіз. Жұмыс тәсілі технопарктің, инновациялар иеле­рінің және қазақстандық компаниялардың үш жақты өзара іс-әрекетін болжамдайды. Технопарк бұл үшін барлық қажеттіліктерге ие болады, атап айтқанда: конструкторлық және сынақ зертханалары, өндіріс­тік шеберханалар, қойма тұрақжайлары мен офистер таяу уақытта есігін айқара ашпақ. Бірінші кезең­де ұсынылатын жаңа технологиялардың тізбесі қа­зір­дің өзінде жасақталды. Бұл блокты-модульдік құрылғылардың және панельдердің заманауи өнді­рісі болмақ. Онда құрылыс ағаштары, құрастыр­ма­лар мен жабынды жүйелері жасалынады. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау проблемаларын шешудің жаңа жолдарын игеруде ұйғарылған. Ең бастысы ластаудың алдын алу мәселелері бірінші кезекте жолға қойылмақ. Қалдықтарды кәдеге жаратудың, мұнайдың және басқа ластағыш құрамдастардың ағып кетуін жоюдың жаңа технологияларын игеру көзделген. Топырақ құнарлылығын қалыпқа келтіру мәселесі алғашқы кезекте тұр. Қайталама энергия өндірісі және өндіріс қалдықтарын пайдалы өнімдерге айналдырып өңдеу саласына инновациялар ұсыну әркезде де көкейкесті екендігі даусыз. Бұл орайда белгіленген мақсаттарға жетудің нақты мерзімдері егжей-тегжейлі есептелген кесте-жоспар жасалды. Онда шығындар көлемінің бәрі негізделген. Ол еліміздегі алғашқы серпінді жоба боларына күмән жоқ. Оны қолдану аясы Батыс Қазақстан облысынан тысқары жерлерде өріс алмақ. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы орнықты даму бойынша есепті өңірде алғаш рет есеп-қисаптарын іс жүзіне асыра бастады. Қазақстан экономикалық стратегиялар институты және Оксфорд экономика институты есептегендей, 1997 жылдан бері ҚПО-ның қазақстандық эконо­ми­каға жалпы тікелей және жанама тиімділігі ақшамен шаққанда 4,2 миллиард долларды құрады. 137 мың жұмыс орны ашылды. Биылғы жылдың қыркүйегінде ҚПО еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік менеджменті жүйесі бойынша қайталама сертификатталу аудитінен, сондай-ақ OHSAS 18001 және ISO 14001 халықаралық стандарттарына сәйкес экологиялық менеджмент жүйесінен ойдағыдай өтті. Басқару жүйесіне аталған стандартты енгізу ҚПО-ға компания қызметкерлерінің кәсіби қызметтеріне, сондай-ақ оның мердігерлеріне байланысты ықтимал тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге, бұл жетістік ҚПО-ның еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы халықаралық талаптарға сәйкес келетіндігін растады. ISO 14001:2004 стандартына сәйкес ҚПО-ның экологиялық менеджмент жүйесіне сертификат­та­луы қоршаған ортаға әсер етуін едәуір азайтуға мүм­кіндік беріп, нормативтік құжаттарға және қол­даныстағы заңнаманың барлық талаптарына сәйкес қамтамасыз етті. Өткен онжылдық ішінде ҚПО Қарашығанақ кен орнында өндірістік қауіпсіздікті жақсарту мақсатында теңдесіз шаралар қолданды. ҚПО-ның барлық қызметкерлері мен мердігер ұй­ым­дары өздерінің күнделікті жұмыстарында қауіп­сіздік техникасы ережелерін сақтауды міндеттеніп, бұл орайда айтарлықтай істер атқару үстінде. Апатсыз толық өндіріс құруға ұмтылып отырған консорциумның көпұлтты ұжымы уәде үдесінен шығуға бек сенімді. Шетелдік озық стандарттарды және технологияларды енгізу есебінен ҚПО алдағы уақытта да қоршаған ортаға өндірістің әсер етуін барынша төмен деңгейде ұстауды мақсат тұтады. Көмірсутекті шикізатты және су ресурстарын ысы­рапсыз пайдалану, парникті газдар шығарылымын және қауіпті қалдықтар көлемін қысқарту, сондай-ақ өнімдердің ағып кетуі мен құйылып кетуін бол­дыр­мау ҚПО-ның қоршаған ортаны қорғау бағдар­ла­масындағы өзекті құрамдас бөлігі болып табылады. Өзекті де өрелі істер жолында еңбек етіп жатқан консорциум ұжымының алдына қойған белестері биік. Ал оны орындау басты парыз. Марат АҚҚҰЛ.