• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2011

Жолбасшы

578 рет
көрсетілді

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өтетін уақыт та күн санап таяп келеді. Біз үшін тәуел­сіз­дік ешнәрсеге теңгермейтін ұлы күн. Осы арада ойыма Елбасы Нұр­сұл­тан Назар­баевтың елдігіміздің 19 жылдығында сөйлеген сөзіндегі: «Азаттықтың арай­лы таңынан бері тәу етер киемізге айналған Тәуелсіздік күні – біздің ең ұлық мерекеміз. Арманда кеткен арыстардың асыл мұратына біз мыңжыл­дық­тар тоғысында қол жеткіздік. Айымыз оңынан туып, Тәңір тілекті берді. Төрт құбыламыз теңеліп, тө­бедегі келді. Алаштың айбыны асып, күн сөнгенше азат болды. Қырандай қом­данып, тұғырына қайта қонды!», деген жол­дар ойға оралып отыр. Иә, осы тәуекелге бекінген 20 жыл талай биікке көтеріп, асулардан асырды. Әрине, бұл күн бізге оңайлықпен келген жоқ. Арыға бармай беріден тізгін тартсақ, ел болған күннен бастап жұрты­мыз­ды сара жолға бастаған жолбасшымыз – Тұң­ғыш Президентіміз. Ол кісі жоғарыда айтқан, арманда кеткен арыстар аңсаған тәуелсіздігіміз күн сөнгенше сөнбеуі тиіс. Бақытымызға қарай сол тәу­елсіздікті көру, шарапатына бөлену біздің тә­лейі­мізге жазылыпты. Көру өз алдына, мұның жауапкершілігін айтсаңызшы! Сол жауапкершілікті біз Тұңғыш Президентіміздей сезіне алдық па? Кейде осы сұрақ мені мазалайтыны бар. Ғасыр­лар тоғысында қолға тиген егемендіктің алғашқы жылдарындағы аласапыран, жаңа жүйе құру барысындағы ізденістер, нарыққа бейімделу кім­нің де болса көз алдында шығар. Балапан басына, тұрымтай тұсына тартатын. Бірі жетсе, екіншісі жетпейтін. Басқаны қайдам, өз салам бойынша өткенге ой жіберсем мың құбылып, көз алдыма ке­леді. Соның бәрін қазір артта қал­ды­рып, даң­ғыл жолға салған Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың ақыл-парасаты, алғырлығы, тара­зы­дай теңшеп отыратын сарабдал саясаты еді. Осы уа­қыт ішінде елімізде ғасырларға пара-пар жұмыс ат­қарылды. Төрткүл дүние елімізді, Елбасы­мыз­ды таныды. Экономикамыз өрлеп, әлеуметтік жағ­дайымыз жақсарды. Өтпелі кезең­нің сан өт­келі қысып тұрғанына қарамай Арқа төсінен Астана салдық. Бұл Мемлекет басшы­сының батыл қа­дамы, теңдессіз ерлігі болды. Басында орын­дал­майтын армандай көрініп еді. Енді тәуекелге бел бусаң бәрін жеңіп шығуға болады екен деген байламға кім де болса келетіні анық. Қазір Ел­ба­сының бұл ерлігін өзіміз ғана емес, төрткүл дү­ние мойындап отыр. Мойын­дағаны сол емес пе, небір алқалы жиындар Астанада өтіп, абыройы­мыз аспандап келеді. Келген жұрт мәуелі Бәй­те­рек­ке, сәулетті ғимараттарға қарап еліміздің әуле­тіне қарай дәулеті артқанын көріп, білуде. Дән ризалықтарын айтып, бұл береке-бірлікке ұйыған халықтың оң қадамы деп бағалауда. Мен мақаланың атын «Жолбасшы» деп бекер алып отырғаным жоқ. Елді бастай білу, дұрыс жолға салып, жолбасшылық көрсету кез келген адам­ның тәлейіне бұйырмаған бақ пен бақыт. Бұл тұрғыдан келгенде Нұрсұлтан Әбішұлы нағыз жолбасшы да, көшбасшы да дәрежесіне көтерілген әлемдік тұлға. Қыркүйек айының соңғы күндері Астанада Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы денсау­лық сақтау министрлерінің 3-ші Ислам кон­фе­рен­ция­сы болды. Арада екі апта өткеннен кейін, ол қазан айының 12-13-і күндері елорданың Тәуел­сіз­дік сарайында басталып, Семейде «Ядросыз әлем үшін» атты халықаралық форумға жалғас­ты. Аталған жоғары деңгейдегі екі мәжіліске де қатыстым. ИЫҰ форумына 57 елден 400 делегат, өз еліміздің медицина саласының мамандары, ғалымдар қатысты. Мен сол басқосуда шетелдік қоғам қайраткерлерімен, халықаралық ұйымдар­дың өкілдерімен кездесіп, сұхбаттастым. Ондағы ойым елдік істі өзгенің озық тәжірибесімен жетілдіре түсу еді. Семей ядролық сынақ полигоны төңірегін мекен еткен бауырлар бастан кешкен жантүршігерлік деректерді бейнелейтін «Қазақ­стан ядросыз әлемді қолдайды» атты фильмді зердемнен өткіздім. Адамның өлшеулі өміріне төнген қатер соңы өлімге соқтыратынын көрдім. Осыдан кейін адам денсаулығы, адамға және адамзатқа төнген апаттардың жауапкершілігі ту­ра­лы көп ойландым. Болашақ ұрпақтың қам-қаре­кетін ары­дан болжап, аждаһаны өз Жарлығымен тұншық­ты­рып, содан бері атомсыз ғаламды қалып­тас­ты­ру­ды көгілдір тумен қатар көтеріп келе жатқан Нұрсұл­тан Әбішұлының көрегендігіне тәнті болдым. Осы форумдардан кейін қырық жылдан астам денсаулық сақтау саласында дәрігерлік қызметте жүрген маман ретінде, ширек ғасырға жуық уақыт «Әлем дәрігерлері ядролық соғысқа қар­сы» атты халықаралық қозғалыстың мүшесі ретінде, Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы ретінде еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» оқырмандарымен өзімді толған­ды­рып жүрген ойлармен бөліскенді жөн көрдім. Мен жоғарыда айтқан алқалы жиындарда замандастарыммен пікірлескенде көп нәрседен хабардар болдым. Сонда аңғарғаным, медицина саласын толық қаржыландырған, барлық алға қойған мақсаттары шешілген, ұзақ жылдарды қамтитын стратегиялық бағдарламалары бар мұ­сыл­ман елі санаулы екен. Көп мемлекеттердің ден­саулық сақтау мекемелері медициналық құ­рал-жабдықтармен жеткілікті деңгейде қамтама­сыз етілмеген. Бастарын тауға да, тасқа да ұрған пәкстандық әріптестерім сатылу құны өте қым­бат тұратын вакциналарға қолжетімділікті қамта­ма­сыз ету мәселелерін көтеріп келе жатқалы біраз уақыт болыпты. Ирактағы әйелдердің 70 пайыздан астамы өздерінің отбасында босанады екен. Өйткені, елде акушер-мамандар жетіспейтін көрінеді. Ал Ауғанстанда безгек пен туберкулез аурулары үлкен проблемаға айналған. Олар бұл туралы дабыл қаққалы қашан. Бұл мемлекетте құрт ауруы дерті 50 пайыздан 70 пайызға дейін шарықтап кеткен. Ал Алжирдегі денсаулық сақтау саласының қызметкерлері қауіпті жұқ­палы сырқат СПИД-тің бой бермей, өршіп тұрғанына алаңдай­ды. «Елімізде бала мен ана денсаулығын қорғау аса қиын жағдайда: ана мен бала өлімі өте көп», деді Гвинея Республикасы денсаулық сақтау министрінің орынбасары Туре Фатомата. Делегаттардан Қазақстан туралы пікірлерін сұраған кезімде Біріккен Араб Әмір­ліктері денсаулық сақтау министрінің орын­ба­сары Мансұр Әл-Хуаси былай деді: «Қазақстанда денсаулық сақтау саласына, ана мен баланы қорғауға мемлекет та­рапынан ерек­ше қамқорлық жасалып жатқанына куә болып отырмыз. Оның барлығы өркендеген елдің эко­номикалық дең­гейіне байланысты деп ойлаймын. Астана­ла­ры­ңыз қандай керемет!». Бас­қа да әріптестер қазақ елінде медицина саласы жоғары дәрежеде дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Мен бұл пікірлерге неге тоқталып отыр­мын? Себебі, біз тәу­ел­сіздігін енді ғана алған мем­лекетпіз. Бар болғаны жиырма жыл, осы уақыт ішінде байтақ даламыз түледі, түрленді. Әрине, біздің де сан-салалы мәселе­ле­ріміз көп. Бірақ со­ның бәрін Елбасы ал­дын-ала болжап, орын­дау тетігін алға шыға­рып, адам денсаулы­ғын сақтау мен білім беруге ерекше көңіл аударуда. Соның нәти­жесі жұрттың әл-ауқа­тын арттырып, ерекше риза етіп отыр. Мұны өзіміз ғана емес, өзгелер де жоғары бағалауда. Бұл сөзіміз жалаң шық­пас үшін Елбасы та­ра­пынан денсаулық сақ­тау саласына жасалып жат­қан қамқорлыққа тоқ­тала кетсем деймін. Халық денсау­лы­ғы­ның жағдайы мем­лекеттің әлеуметтік бейімделуінің интегральдық көрсет­кі­шін бейнелейді және азаматтарының алдындағы Үкіметтің жауапкершілігін анықтайды. Бұл тұр­ғы­дан келгенде ел дамуының және азаматтар аман-саулы­ғы­ның ұзақ мерзімдік бағдары 1997 жылы Президент Н.Назарбаев ұсынған «Қазақ­стан-2030» Стратегиясында тайға таңба бас­қан­дай бекітілген. Онда халықтың денсаулығын нығайту мемлекет құрудың басым бағыттарының бірі ретінде дәйектелген. Ел тәуелсіздік алғаннан бері Мемлекет бас­шы­сы азаматтардың денсаулығын нығайтуға үне­мі қамқорлық көрсетіп келеді. Оның бәрі заңдық күші бар құжаттармен бекітіліп отыр. «Ха­лық­тың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі ту­ра­лы» Кодекс, денсаулық сақтау саласын да­мытуға арналған бірнеше бағдарлама, халыққа меди­ци­налық қызмет көрсетуді жақсарту жолын­дағы про­гресшіл, қазіргі күнгі Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін мақұлдауы соған дәлел деп білемін. Астана қаласынан Ұлттық ғылыми медициналық орталықты, Медициналық кластерді және Ұлттық медициналық холдингті құруы, елде «100 аурухана және 100 мектеп» салуға ұйытқы болуы, халықаралық «Назарбаев Университетінде» медицина мектебін (факультетін) және Тіршілік институтын, Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде медицина факультетін, Ал­ма­тыда Саламатты өмір салтын құрудың ұлттық орталығын ашуға бастамашылық етуі халыққа көрсетіліп отырған зор қамқорлық. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жыл сайынғы Жол­дауда нақтыланып, ол өз шешімін тауып келді. Соңғы он жылда денсаулық сақтау саласына жұм­салған қаражат 10 есеге көбейген. Тәуел­сіз­дік жылдары 500-ден астам жаңа ден­саулық сақтау мекемелерінің ғимараттары салынып, 2010 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) 3,2 пайызын құрады. Өткен жылы Елбасы «Қазақстан Республи­ка­сының денсаулық сақтау саласының «Саламатты Қазақстан» атты 2011-2015 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын» бекітіп берді. Ол елдің тұрақты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамта­ма­сыз ету үшін ел азаматтарының ден­сау­лы­ғын жақсартуға, қорғау мәселелеріне, ведом­ство­аралық қарым-қатынасты күшейтуге және санитар­лық-эпидемиологиялық аман-саулықты қамтама­сыз етуге, Бірыңғай ұлттық жүйені дамы­туға, жетілдіруге, медициналық және фарма­цев­тикалық білімді өр­кендетуге, медицина ғылымын және фармацев­ти­калық қызметті өрістетуге даң­ғыл жол ашуда. Аталмыш мемлекеттік бағдарлама Қазақстан Президентінің 2010 жылдың 1 ақпанындағы «Қа­зақ­стан Республикасының 2020 жылға дейінгі стра­тегиялық даму жоспары туралы» №922  Жар­ғысын іске асыру мақсатында дайындал­ға­нын еске сала кетсем деймін. Айтылған деректерге қарап отырып ел денсаулық сақтау саласын дамытудың Бас стратегі Қазақстан Президенті деп батыл айта аламын. Мемлекетіміздің іргесін көтеріп, әлемдегі ал­дың­ғы қатарлы 50 елдің қатарына қосуға бар күш-жігерін жұмсап жүрген Нұрсұлтан Әбіш­ұлымен бірнеше рет жүздесіп едім. Адам ретінде, азамат ретінде ол кісінің бүкіл болмысы маған үлгі-өнеге болып келеді. Енді кейінгіге сабақ болсын деп сол туралы да айта кетсем деймін. 1989 жылдың наурыз айы болатын. Қырық­тың қыр­қасына көтеріле берген жасымда маң­дайы­ма елде бірінші салынған республикалық диаг­нос­тика­лық орталыққа жетекшілік ету бақыты бұйыр­ды. Бірақ ол кез халқымыздың бай салт-дәстүрлері естен еріксіз өшіріліп, біржола ұмыт болып кете бастаған өліара уақыт еді. Дегенмен, ұлттық ғұрыпқа талпыныс көрініс бере бастаған. Әлі есімде, өзім басқарып отырған орта­лықтың ұжымы Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын атап өтейік деп жатқанбыз. Қанаты­мызды еркін қомдауға қаймығатын сол заманда, өшкенімізді тірілтіп, жоғалтқанымызды қайта табуға мұрын­дық болып жүрген Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы екенін сезетінбіз. Үкімет басшысы орта­лыққа келеді деді. Алға­шын­да абдырап қалдық. Артынан ол кісінің қара­пайым ғана Наурыз тойымызды келіп тамашалап, дастарқанымыздан дәм тататынын ойлағанда мерейіміз өскендей болды. Бірінші жүздесуде сынап, әрі барлап қараған өткір жанар жадымда жатталып қалды. Жыл басын бізбен өткізіп, дәрігерлердің ортасында емен-жарқын әңгіме-сұхбат құрған маңдайы кере қарыс қандасымыздың қырағы көзқарасына алғаш рет мен, бәлкім, сол жолы іліктім шамасы. Адам жанын ажалдан қайтсем арашалап қаламын деп жүрген кез еді. Оған қоса психология ғылы­мына ден қойып, қатар игерген мен үшін жан-дү­ниесі теңіздей терең азаматтың болмысы бөлек, бітімі биік екенін ұғындырған алғашқы жүзде­су­дің жөні бөлек, мәні мен маңызы да зор болды. Күні бүгінге дейін бармақтай ғана бағымның жануына қазақтың біртуар перзентінің қырандай қырағылығы себеп болғанын айтып жүруіме де сол алғашқы жүздесу әсер етті білем. Қазір 20 жылдан бұрын болған жайлар еске түскенде, «Әр қазақ – менің жалғызым» деп жазған ақын бауырымыздың тамаша тіркесі жүректің қылын шерте ме, қалай? Мемлекетіміздің бірінші тұлға­сы бір мен ғана емес, миллиондаған азаматтарға қамқор болға­нын жақсы білеміз. Ол кісінің тәлімін алып, тәрбиесін көрген адамдардың абырой-беделге бөленгеніне де куәміз. Екінші жүздесу жайлы әңгімемізді әрі қарай жалғастырсақ, айшықты Астананың тағы бір жеңісі, Мемлекет басшысының төл баласындай туын­дысы Ұлттық ғылыми медициналық орта­лық жайында сәл толығырақ сыр шертіп көрейін. Жұртым деп жұмылып, елім деп еңіреген талай жақсы мен жайсаң көре алмай кеткен, еге­мен­діктің алтын арай шапағы нұр болып төгілген бақытты сәтті бастан өткеру, жоғарыда да айт­тым, біздің буынның маңдайына бұйырған еді. Одақтың құрсауынан босағанда халқы ата-баба жолымен ақ киізге көтеріп Тұңғыш Президент сайлап алған Қазақ елі де қайта түледі. Сағын­ды­рып, зарықтырып, тарықтырып жеткен тәуелсіз елдің ұл-қызының алдында сонда бір ғана міндет тұрды: өзгелермен терезесі тең, керегесі кең, еңселі ел болу. Ол кездегі мұрат та, мақсат та осы еді. Бір кісінің баласындай, бір қолдың сала­сын­дай бірігу парыз еді. Өйткені, атам қазақтың «Төр­теу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала бол­са ауыздағы кетеді» деген сөзі әрқайсы­мыз­дың жадымызда жаңғырып тұратын. Қазақ елінің өміріне сәулелі сән кіргізген тәуелсіздіктен көңілдің марқайып, мерейдің асқақтап жүрген күндерінің бірінде мен дарабоз қазақпен тағы жүздестім. Сол баяғы қырағы көз қыран қазақ мені анадайдан жазбай таныды. Алмас қылыш­тай жарқылдап тұрып айтқан ағалық сөзі де жан дүниемнің ішкі бар иірімін тербемей қоймады. – Сындарлы сәтте әр саланы көтеру үшін мен өздеріңе, өздерің секілді азаматтарға арқа сүй­ей­мін, – деді Нұрағаң, – бәрі елдің игілігі үшін, атқа қамшы басатын кез келді. Абай, Қазақстанда медициналық кластерді дамытуымыз қажет. Ақмолада барлығымыз жұдырықтай жұмылып, талай жаңа жобаларды жүзеге асыруымыз керек. Елбасы айтқан мақсат пен міндет айдай анық еді. Осылайша менің бірқалыпты өтіп жатқан өмірім күрт өзгеріп сала берді. Мемлекет басшы­сы сенім артып отыр. Оны бұлжытпай орындау па­рыз. Астана қаласындағы Республикалық кли­ни­калық аурухананы (кейіннен «Ұлттық ғылыми медицина­лық орталыққа» айналды), Президент бізге құн­дақ­тағы баладай тапсырып еді. Содан бері де оқтай зулаған 10 жыл өтіп кетіпті. Өткен күн­дерге көз жүгіртсем, талай жай санамда сайрап қоя береді. Солардың бірқатарын қысқаша шо­лып көрейін. Орталық аз уақыттың ішінде Қа­зақстанның ден­сау­лық сақтау саласының жол­бас­шы­сы бола білді. Қазіргі таңда мекемеде жары­сып «сен тұр, мен атайын» дейтіндей мамандар шоғырланып жұмыс істеуде. Бізде 60-тан астам медицина ғылым­дары­ның докторлары мен канди­дат­тары, 80-нен астам жоғары санатты дәрігерлер еңбек етуде. Клиникамыздың озық үлгідегі заманауи технологиямен жабдықталуы да Елбасының қамқорлы­ғы­мен жүзеге асып жатыр. Әлемдік өркениетке халқымды жеткізсем, медициналық көмек алу мүмкіндігін жақсартсам деген ниеті ай санап емес, күн санап өз жемісін беруде. Соның дә­лелі Елбасы идеясын өз стратегиясына айнал­дыр­ған клиника науқастарға көрсетілетін қыз­мет­тің жоғары сапалы болуын алға оздырды. Оған медицина қызметкерлерінің жоғары интел­лек­туалдық әлеуеті көп септігін тигізді. Бірігіп істеген іс көп­тің көңілінен шықты. Қазіргі күнгі озық тех­но­логияларды пайдалану мен ма­ман­дардың үнемі өзін өзі жетілдіруі де табысқа ұйытқы болды. Ұжы­мның мұндай зерделі еңбе­гін соңғы жыл­дары халықаралық ұйымдар мойындады. 2008 жылы клиника ISO-9001-2000 сапа менеджменті жүйе­сінің халықаралық сер­ти­фикатына (ТЮФСЕРТ, Германия), ал 2010 жылдың маусым ай­ын­да, EFQМ моделі­нің «Танылған кемел­де­нудің 4 жұлдызы» (сапа менеджменті жүйесінің Еуро­па­лық қоры, Бельгия) сертификатына ие болды. Еуро­кеңестің сау­да-өнеркәсіп пала­та­сы біздің орталыққа «Еуропаның медицина саласындағы ең үздік кәсіпорны» серти­фи­ка­тын тапсырды. Ашыл­ған­нан кейінгі 10 жылда клиникада қазақстан­дық­тармен бірге АҚШ-тан, Ресейден, БАӘ-ден, Түркиядан, Германиядан, Ұлыбрита­ния­дан 210 мыңнан астам жо­ғары технологиялық кө­мек алды. Мен мұның бәрін Тәуелсіздіктің ар­қасы, Елбасы саяса­ты­ның дұрыстығы деп білемін. Бұған қоса Отанымызда мықты денсаулық сақтау жүйесі қалыптасып отыр. Бұрын бодан кезімізде бұл жүйе орталықтың бағыттауымен жұмыс істейтін. Тәубе, қазір бәрі өз қолымызда. Әлемде қандай озық жетістік, медицинаға қажет техника, технология бар болса, соның бәрін еркін алып отырмыз. Оған қаржы республикалық бюд­жеттен бөлінуде. Еуропалық деңгейдегі көпсалалы клиника ретінде ҰҒМО Қазақстанның денсаулық сақтау са­ла­сының және медицина ғылымының бірнеше өзекті бағыттарын дамытуда: жасуша техноло­гия­ла­рын, кардиологиялық және кардиохирур­гия­лық көмек беру, тыныс алу, жүйке және эндокринді жүйе аурула­рын емдеу (сирингомиелия, шашы­раң­қы тіннің сырқаттық қатаюы, қант диабеті, т.б.), бүйрек, көз сырқаттарын, бауыр циррозын, гепатит ауруларының ауыр түрлерін анықтау және емдеуді жолға қойды. ҰҒМО-дің жасушала­рын қолдануға ТМД елдері арасында сапаға қатысты өте талғампаз және ымыраға келмейтін ұйым – FDA Департаментінің (АҚШ) рұқсатын алған жалғыз клиника. 2010 жылдың тамызында біздің орталықта криобанкі бар дің жасушаларын транспланттау жөніндегі қазақ­стандық-аме­ри­ка­лық зертхана ашылды. Ал одан бір жыл бұрын, 8 жылдық тәжірибелік-клиникалық сынақтардан соң, созылмалы ауыр аурулардың 6 тобын емдеу үшін фетальді жасушаларды транс­планттауды тәжірибеде қолдануға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми рұқсатын алдық. Дің жасушамен емдеуді қолдануымыздың қо­ры­тындылары өте үміттендіреді: созылмалы ауру­лары бар үш мыңнан астам пациент емделіп шықты. Олар жаңа ем алғаннан кейін өз өмір­ле­рі­нің сапасын әлдеқайда жақсартты. Кейбіреулері құлан-таза жазылып шықты. Ишемиялық инсульт­тің салдарынан және омыртқа жұлы­ны­нан зардап шеккен америкалықтардың екі тобы бізде дің жасушаларымен ем қабылдап, науқас мүгедектер тұрып, қимылдап жүруге мүмкіндік алды. Тағы бір ауыз толтырып айтуға болар ақпарат: 2003 жылы желтоқсан айында Елбасы біздің орталықтың жаңа кардиохирургиялық бө­лімін аш­қан кезде: «Қазақстанда жүрек ауру­ларынан өлім-жітім көп. Шетелге барып жүре­гіне операция жасауға мәжбүр болған науқастар мыңдап са­на­лады. Сіздер елімізде кардиохирургия саласын дамытуға күш салыңыздар» деп еді. Бүгінгі күні Президент тапсырмасын біздің ұжым абыроймен орындап келеді. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Қазақстанда кардиология және кардиохирургия қызметтерінің үйлестірушісі болып отырмыз. Соңғы жеті жылда ауқымды шаруа­лар­ды іске асырдық: кардиохирургия, кардиология саласында (кардиохирург, кардиоанестезиолог, перфузиолог, интервенттік кардиолог, аритмолог, т.б.) мамандығы бойынша орталықта жүздеген мамандар даярла­дық, осы саладағы әлемдік озық техноло­гияларды әуелі клиникада қолданып, онан кейін жақсы тәжірибемізді облыстарға тара­туда­мыз. Біздің жылжымалы кардиохирургиялық бригада­ларымыз көптеген өңірлерде апталап-айлап жатып, өздерінің озық жетістіктерін жергілікті мамандарға үйретумен келеді. Оның нәтижесі ойдағыдай деуге толық негіз бар. 2006 жылы республикада кардиохирургиядан небәрі 110 науқас­ты емдеп, кардиохирургиялық операциялар 3 мекемеде ғана қолданылатын еді. Қазіргі таңда Отанымызда он мыңнан аса сырқатқа көмек көрсететін болдық. Барлық облыстарда және Астана, Алматыда 23 мекеме кардиохирургиялық көмек көрсете алатын дәрежеге қол жеткізді. Біздің интервенциялық кардиологтар және арит­мологтар – клиниканың электрофизиологта­ры жүрек-тамыр ауруларын емдеуде озық инно­ва­циялық технологияларды тиімді қолдануда. Олардың қатарында: баллонды ангиопластика және тәж артерияларын стендтеу, амплатцер бітегішімен жүрек арасы перделерінің кемістіктерін жабу, жүрек ырғағының бұзылуларын жою үшін аритмогендік аймақтардың радиожиілік аблация­сын жасау, кенеттен жүрек тоқтауының алдын алу үшін электрокардиостимуляторларды, кардиовертер – дефибрилляторларды орналастырып бекіту. Орталықта жасанды қан айналымы аппара­тын қолдану арқылы және жұмыс істеп тұрған жү­рек­ке де ересектер мен балалар үшін кардио­хирур­гиялық операциялардың барлық түрлерін жасауға мүмкіндік бар. 2010 жылы біздің мамандар бес мыңнан астам науқасқа кардиохирур­гиялық кө­мек көрсетті. Оның ішінде екі мыңнан астамы – ашық жүрек сырқаты. 2011 жылдың мамырында клиникада Қазақстанда алғашқы рет науқасқа жасанды жүрек қарыншасын орна­ластыру операциясы жасалды. Кейінірек донор табылған жағдайда науқастың жүрегі алмас­тырылады. Осыдан 20 жыл бұрын қатерлі дертке шал­дық­қан адамның «Ауру – Алланың тұтқыны» дей­тін пікірге сеніп, ерте семіп-солатын жағдайы қазір өткен күндердің еншісінде қалды. Ілім-бі­лім­нің, ғылымның дамуы нәтижесінде қазір қай дерттің де шипасы бар, айықпас ауруға саналып кел­ген науқасқа бұл күнде медицина тиімді көмек бере алады. Былтырғы жылдан бері клиникада жи­ырма бірінші ғасыр медицинасындағы жаңа тех­нологиялардың бірі енгізілді. Ол Хайфутерапия деп аталады, бүгін операциясыз, былайша айт­­қанда пышақсыз, тек фокусталған, жоғары қар­­қынды ультрадыбыс көмегімен қатерлі ісіктерді жоюдың мүмкіндігіне қол жеткізіп отырмыз. «Нұр Отан» ХДП-ның ХIII съезінде сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әр адам­ның қарапайым құндылықтарының мән-мағы­насын айқын атап өтіп: «Ол – тұрғын үй, денсаулық, білім, жанұя, жұмыс. Даму мен өркендеудің басты мақсаты дегеніміз осы. Тек осылар ғана біздің жұмысымыздың негізгі бағыт-бағдары болуы керек» деген еді. Мұнымен қатар Мемлекет басшысы: «Біздің бағдарламалардың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын нығайту. Биыл мен үш аса маңызды – білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту мемлекеттік бағдарламаларын бекіттім» деді. Осы бойынша Елбасы жүргізіп отырған саясаттың оң нәтижелеріне бір сәт назар аударсақ көп нәрсеге көз жеткіземіз. Ішкі жалпы өнім мөлшерінің көрсеткіші бір адамға шаққанда 1994 жылы 700 доллардан аз ғана асса, 2010 жылы 9 мың долларға дейін өсті. Бұл еліміздегі экономикалық өрлеудің, тұрақты дамудың айқын дәлелі. Шетелдің жетекші клиникаларымен байла­ныс жақсы жолға қойылып, 150 телемедицина­лық орталық іске қосылды. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде халықтың туу көрсеткіші 25 пайызға өсіп, өлім-жітім 11 пайызға төмендеді. Халықтың та­би­ғи өсуі 1,7 есе болды. Әрине, бұл өлшем болып қалмақ емес, өрлеу, өсу әлі алда қарқын алады. Дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру арқылы өткен үш жылға таяу уақыт ішінде елде жыл сайын 6,4 миллион шаршы метр деңгейінде жаңа тұрғын үй беру мөлшерін сақтап қалудың өзінде халықтың жағдайын ойлау жатқаны анық. Тұрғын үй салу бағдарламасы арқасында мил­лион­ға жуық қазақстандық жаңа пәтерлерге қо­ныс аударды. Жалпы, Қазақстанда адами әлеуеттің нәтижелі даму моделін құруға, қазақ­стан­дық ұлттық өмір сапасы стандартының негізін салуға мүмкіндік туып отыр. Осы дерек­тер­дің, нәтиже­лердің бәрі – Ұлт Көшбасшысы жүргізіп келе жатқан саясатының жеңісі мен жемісі деп білеміз. Елбасы бір сөзінде: «Алтын анам Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іркер күшім жоқ... Нені де болса елмен бірге көремін, елмен бірге тө­зе­мін, елмен бірге жеңемін» деген еді. Шынында Президент елмен бірге жүріп, небір қиын­дық­тар­ды жігер күшімен жеңді. Жемісі мол бүгінгі күнге жеткізді. Сол жеңіс пен жемістің бір көрінісі – ажары көз тұндырған, ерке Есілдің екі жағын қатар алып жатқан Астанамыз еді. Елорданың бүгінгі келісті келбетіне бір күнде жеткеміз жоқ. Ақмола қаласы Астана болады дегенде санаулы бір-екі көше ғана бар еді. Бүгінгідей еңселі ғи­ма­рат­тар жоққа тән болатын. Суы кермек, балшығы белуардан еді. Тоқ ауған жаққа бақ ауады деп, қазіргі Астана ол кезде қиял-ғажайып ертегі болатын. Есіме осындайда Астананы ауыстырған тарихи сәттер түсе берді. Айтылып жүрген алуан түрлі пікірлерді, алып-қашпа әңгімелерді саралай келіп Елбасы: «Астананы құру – ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазу. Мұндай мәртебе әр ұрпақтың маңдайына бұйыра бермеген» деп шешіле сөй­леген еді. Президент айтса айтқандай, Астананың ауыстырылуы – бұл шынымен де ауыз толтырып айтар тарихи оқиға. Жыл сайын Астана күнін атап өту тегіннен тегін болмаса керек. Бүкіл мем­ле­кетіміздің айбыны мен айбары болып отырған бас қаланы солай ұлықтау ұрпақ санасына ұлттық рухты, халықтық салтты сіңіруге жол ашады. Бір кездері Астананы шенеуніктер қаласы деді. Қазір рухани орталыққа айналып, шоғыр-шоғыр зиялылар қалыптасып келеді. Біз мұны ерекше ай­тып отыруға тиістіміз. Мұндай үрдіс арқылы ұрпақ сабақтастығы да қалыптасады. Бұл Ұлт Көшбас­шы­сының көрегендігін, көсемге тән көңіл көкжиегінің кеңдігін дәйектейді. Басшы жүрер бағытыңды анық айқындаса, қосшының бағы жанады, бақыты баянды болады. Біздің бүгінгі тірлік-тынысымыз осының жарқын мысалы деп айтуға болады. Тамаша сәулет өнерімен көркемделген заманауи ғимараттардың бой көтеруі, төрт құбы­ла­сын жасыл желек көмкеруі, тар көшелердің кең даңғылға айналып, адамдардың қала иесі екенін түсініп, түйсінуі өзімізді ғана емес, халықаралық қоғамдастықтардың да назарын аударып келеді. Мен Астана қаласының әлеуметтік-мәдени дамуы жөніндегі комиссиясының төрағасы ретінде көптеген шаралардың бел ортасында жүремін. Көре жүріп көңілге түйгенімді жоғарыда айттым. Соның ең бастысы, тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішіндегі қазақтың киелі топырағын мекендеп жатқан ұлттардың береке-бірлікте, тату тірлікте өмір сүруі дер едім. Қазір әлемге қарап отырсаң, небір үрейлі көріністерді байқайсың. Ондай жағдайларды айна­ламыздағы елдер де бастан өткерген еді. Қазақ жұрты қашанда тәубесінен жаңылмай, Абай да­ныш­пан айтпақшы: «Адам­зат­тың бәрін сүй бауы­рым деп» деген озық ойға бой алдырған халық. Содан да болар, Елба­сы­мыздың сара саясатының, дана басшылығының, көреген жолбасшылығының арқа­сын­да мемле­кеті­міздің төрткүл дүниеге түгел та­ны­лып, ерекше құрметке бөленіп отырғаны. Абай БАЙГЕНЖИН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.