• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2011

Мұжығын

533 рет
көрсетілді

« ...Бұзылған қауымды Тәңірі тура жолға бастамайды».

(Құран Кәрім. Мәида сүресі, 51-аят)

1.

Ақсары бала әдеттегісінен кештеу оянған. Сағат тілі он бірге тақапты. «Күндегідей жетіде тұрып, ертеңгілік шайымды асығыс іше сала мектепке жүгіре жөнелуден құтылдым, – деп ойлады есінеп-құсынап. – Жазғы каникулдың басталғаны кеше. Алда үш ай демалыс бар... Қандай тамаша!..»

2.

Ертеңгілік шайын ішіп болған бала ыдыс-аяқ­тар­ды жуып, жинады да, жазғы демалыс ай­ларын­да не істеу керектігін рет-ретімен жаза бастаған. Негізгілерінің астын сызды, «оқитын кітаптарым» деген тұсқа жетіп, ойланыңқырап қалды. Қандай шығарма таңдайды? Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын оқысам деп оқталды да, іле қазақ ертегілеріне көңілі ауған. Бұл идеясы ұна­ға­ны сондай, кітап сөрелеріндегі «Қазақ халық әде­биеті». «Ертегілер. Үшінші том» деген жинақты алып, парақтай бастады. «Ағаш ат туралы» ерте­гі­нің бас жағына көз жүгіртіп еді, жетелеп барады. «Баяғы заманда атақты бір патша болыпты. Оның күндей сұлу үш қызы, айдан аппақ бір ұлы болыпты...» «Тоқтай қал Нұржан... Күндей сұлу дегені жөн, айдан аппақ ұл бола ма?!. Айдан ап-пақ-қ... Ай­дан ап-пақ-қ... Айдың аппақ болғаны ма?! Ол­-дағы жерге ұқсаған өзге планета ғой... География пәнінің мұғалімі Қалдыбек ағай солай айтқан! Иә-ә, картадан қарасаңыз, Жер де, Ай да дөңгелек...» « ... Күндердің күнінде патшаға өнерпаз үш жігіт келіпті, оның біреуі қолына тауыс (көркем түкті құс), біреуі мыстан істелген қоңырау, біреуі ағаштан соққан ат ұстап кіріпті ...» «Қызық... Тауыс... мыстан жасалған қоңырау... ағаш ат... Һім-м... Қазақ тіліндегі осындай ертегілерді оқымаймыз да, таңдай қағамыз... Біздің сыныптағы оқушылардың есі кетіп, көріп жүрген Гарри Поттерден қай жері кем бұл ертегінің?!. Ары қарай не болады?!.» – Кітап сөресінің қасында тұрған Нұржан, өз бөлмесіне келіп, столға жайғасты да оқуын жалғастырды. « – ... Оларға, патша: – Бұл көтеріп жүргендерің немене? – деп сауал қойыпты. Тауыс ұстаған жігіт: – Тақсыр, сіз өз қатарыңыздағы патшалардан асқан ұлы патша болдыңыз. Біз сіздің заманы­ңыз­да оқып өнер тапқан кісілер едік. Сізге өнеріміз­ бен жеткен табысымызды әкеліп отырмыз. Мына менің қолымдағы тауыс жанды сағат. Ол әр сағат сайын шақырып, өткен мезгілді білдіріп отырады». Ғажап, – деді бала. – Қоңырау шеттен келген жау­ды біледі. Қақпаға іліп қойса, қастық оймен қам­дан­ған дұшпандарды сезіп қалып, күміс үні сың­ғыр­лап дыбыс шығарады. Мемлекеттің қауіп­сіз­дігі үшін арнайы соғылыпты. Ал ағаш атпен ұшып, діттеген жерге қас-қағым сәтте жетуге болады екен... Ағаш аттың кереметін көруге көпшілік қауым жиылды. Әркім атқа мініп, аяқтарын тебініп, та­қым­дап көрді. Ағаш ат міз бақпады. Орнынан қоз­ғал­мады. Патшаның баласы келіп атқа отырғанда, ағаш атты жасаған шебер бір тетікті қозғап жіберді. Ат біртін-біртін көкке көтерілді. Шаһардың сұлбасы бұл­дырап, көзден тасаланған шақта, патшаның ба­ла­сы «бұл мені жойғалы жасалған зат болар» деп қорықты. Ағаш аттың бүйірін сипап жүріп, оң жа­ғынан бір, сол жағынан бір шағын тетік тапты. Оң ­жағын басқанда жоғары өрлеп, сол жағын қозға­ған­да төмен түсетінін білді. Сөйтіп, ағаш атты игеріп, қалаған жағына ұшты. Жердегілер шаһзаданы қашан қайтып оралар екен деп күтіп қала берді. Балаға ертегі ерекше әсер етті. Қым-қиғаш қы­зық­ты оқиғалар көз алдына елестеді... Құдды кино көргендей... Кино демекші, бұның кішкентай кезінде, әжесі айықпас ауруға шалдыққан анасы­на шипа іздеген бала жайлы ертегі айтып еді...

3.

Ертеде бір байдың жалғыз баласы болыпты. Баланың қолы ашық, жомарт екен. Кембағал кедей мен жоқ-жітік адамдарға сұрағанын береді. Анасы да ұлының ізгі ниетін түсініп, жақ ашпайды. Бір күні анасы қатты ауырып, жатып қалады. Бала уайымдап, анасының жазылуына ем іздеп, алыс-жақын жерлерден атақты дәрігерлерді алды­рады. Жеті күн дегенде иманжүзді бір кәрия келіп, сырқат ананың тамырын ұстайды. – Жаман дерт екен, – дейді басын шайқап. – Не істеуім керек? Шипасы бар ма? – дейді бала қадалып. – Таба алмайсың, бәрібір... – Анам үшін жаным садаға! – Ауруды жіберген Алла, шипасын да жіберер! – Тәуекел! – Анаңа жаның ашиды екен. Ниетің түзу... – Аз-кем үнсіз отырған кәрия сөз бастады: – Жазық және аласа таулы жерлерде, арық жа­ға­ларында, сайлардың дымқыл жерлерінде өсетін мұ­жығын деген шөп болады. Бұл – тік өсетін, көпжыл­­дық, шөп тектес өсімдік. Биіктігі екі қарыс­тай. Жа­­пы­рағы кезектесіп орналасады. Түп жағы­ның жа­пы­рағы үлкен, ұзын сағақты, жо­ғар­ғы бөлігінің жа­пырағы кішкене, қысқа сағақты немесе сағақ­сыз­дау, кең қандауыр тәрізді, бүтін жиекті немесе бо­лым­сыз ара тісті келеді. Шоқ бас гүлі шашагүл шо­ғы­рын құрай­ды. Гүлі сары түсті, ернеуі тіл тәрізді келеді. Осы шөпті тауып әкелсең, анаң ауруынан жазылады.

4.

Бала жолға шығады. Алғашқы ет қызуымен тоқ­тамастан үш күн, үш түн жүреді. Мезгіл көк­тем бол­ғанымен жер саз, жол ауыр. Ертеңінде ақ­шам уа­қы­тында арналы үлкен өзенге тап болып, белін жазып дем алады. Төңірекке қарап отырса анадай жерде қа­рай­ған бір мақұлық тыпырлап жатыр. Бұл не деп тақау келсе, аяқтары аспанға қарап сазға батқан кәдімгі тасбақа! Баланың жаны ашып, жағаға алып шықты. – Тұншығып өліп барады екенмін! Алғысым шексіз саған! – дейді тасбақа. – Көріп тұрып құтқармасам, кім болғаным, – дейді бала шынын айтып. – Осылай жатқаныма біраз болды. Кешеден бері қаншама адам өтті бұл жерден, ешкім назар аударған жоқ. Тасбақаның көңілі босап, көзіне жас келді. – Байқамаған шығар... – Неге байқамасын?!. Өзіңдей мейірімді жанмен жолықтырған Алла! Көрер жарығым бар екен. – Қайда бет түзедің? – Анам сырқаттанып, ұзақ сапарға шығып едім. – Бір қажетіңе жарармын. Басыңа іс түссе, көзіңді тарс жұмып, мені есіңе ал, – дейді тасбақа. – Жарайды, – деп бала жүріп кетеді. Жүріп келеді, жүріп келеді. Бірде қырға, бірде тау­ға өрмелеген иір-қиыр дала жолы таусылар емес. Күндердің бір күнінде, екінді ауған мезгілде, ну орманға енер тұста тізе бүгіп, дем алып отыра­ды да, көзі ілініп кетеді. Құдды өңіндегідей анасы­мен қауышады түсінде! Жүзі жайнаған анасы жай­дары! Үстіндегі киімдері шыттай жаңа! «Ба­лам-ай, шал­ды­ғып-шаршадың-ау!.. Бір өтіні­шім бар! Қашан да жәрдем сұраған тіршілік иелеріне қамқор бол! Қолыңнан келсе жақсылық жаса! Өйткені, мейірім иесін Тәңірі жақсы көреді! Жебеп-желейді!..» Аққу кейпіндегі анасы қанаттарын қағып-қа­ғып, аспан әлеміне әуелей көтеріліп көрінбей кетті. Бала оянып кетті. Бойы сергек, тың! Өн бо­йы­на қуат кіргендей қунап қалыпты! Жүрмек ниетпен тұра бергенде, шырылдап олай бір – былай бір ұшқан ана-қарлығашқа көзі түсті. Аса маза­сыз, абыржулы! «Бұл жай емес», деп бала қарлы­ғаш­тың соңынан ілесті. Діңі жуан ақ қайыңның түбіне келсе, айыр тілін сумаңдатып, ала­шұ­бар жылан сәмбі талдың ұшар ба­сындағы қарлығаш­тың ұясы­на жетіп қалыпты. Қолындағы өткір қы­лышпен тар­тып қалды. Сол мезетте ана-қарлы­ғаш­тың қы­зыл шақа бала­пандары ұлардай шулап қоя берді. – Алғысым шексіз саған, ей адам! – деді ана-қарлығаш. – Көріп тұрып құтқармасам кім болғаным, – деді бала. – Әлгінде ғана салт атпен бір кісі өтті. Онда алашұбар жылан енді-енді өрмелеп бара жатқан. Араша сұрадым шырылдап. Қайы­ры­лып қараған да жоқ! Жанары жасқа толы ана-қарлығаш мұңын шақты. – Байқамаған шығар... Сөкпе ешкімді... – Қайда кетіп барасың? – Анам қауіпті дертке ұшырап, жолға шығып едім. – Қажет кезде мені есіңе ал, – деді ана-қарлығаш қош айтып.

5.

Тоқымдай құрақ көрпесін жерге жайып, азық-түлік салған қоржынын басына жастанып жата қалған. Көзі ілініп кетіпті. Ақ сақалды, ақ сәлделі, қолында ақ таяғы бар кәрия тақау келді: – Анаңның сырқатына шипа іздегенің сауапты іс! Тәңірі жарылқасын! Алған бетіңнен қайтпа! Көп ұзамай табарсың! – деді. Бала көзін ашты. Апыр-ай, өңі ме, түсі ме? Ақсақал қайда?!. – Көзіңді жұм! Кірпіктері қамасып, беймәлім дүниеге енген. Ақ сәлделі ақсақал жымиып нұсқау берді: – Аса қамқор, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын де! – Аса қамқор, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын! Қалықтап бара жатқанын сезді. Қандай ғажап, қандай қызық мына көрініс! Іп-ілезде іркес-тіркес, қабат-қабат сырғи жылжып, жүзіп бара жат­қан ақ бұлттардың арасынан табылды. Бұлттар сондай жұп-жұмсақ! Бет-жүзін аялай сипайды! Ығысып жол ашады! – Анасын ардақтаған перзент сендей-ақ болсын! Қатарласа қалықтап аппақ бұлт еріп келеді. – Рахмет! – деді бала жымиып. – Жолың болсын жолаушым! – Айшаңқан бұлт біраз жерге дейін ұшып келді де, қоштасып қалып қойды. Ғажап! Ақша бұлттар сонау-сонау төменде; бұл әлі ұшып келеді. Төңірегіне хош иіс шашқан гүлдердің иісін-ай! Сылдыраған кәусар бұлақ дыбысы қандай әуезді! Ұшар басын мұз басқан асқар таулар! Етегі сыңсыған орман! Құйқыл­жы­та ән салған әнші құстар! Алтынмен апталып, кү­міс­пен күптелген үйдің ал­дына келіп, ішке енді. То­қым­дай құрақ көрпесі кіре беріс бөлмеде қалды. – Бұл сенің үйің, – деді ақсақал. – Қаласаң тұруыңа болады. – Неге? –Түсінбей аң-таң. – Ол сауалыңа жауапты ес­тірсің... Әзірше арала, көр. Өзінің жалаң аяқ, жалаң бас екендігін сезді. – Қорықпа! – деді ақсақал жымиып. Тәй-тәй басқан сәбидей үркектеп алға атта­ған. Қызылды-жасылды гүл­дерді басуға аяншақтады. Жапы­ры­лып, тырбиған башпайларымның іздері қалып қояды-ау деп қорықты. – Қысылма, жүре бер, – деді кәрия. Біреу қуып келе жатқандай, алға озған. – Артыңа бұрыл... Жапырылып қалады-ау деген гүлдері бұрын­ғыдан да құлпыра түскен. Таңғажайып мекенді армансыз аралады. – Шаршасаң, үйге кір, – деді кәрия. Не деген көп бөлмелер! Бірімен бірі жалғас, салына берген – салына берген. Әр бөлменің қа­быр­ғасы, шаңырағы, тіпті босағасына дейін өсімдік. Әдемі сарайдың сыртқы қабырғасы толы жаңғақтар! Аршып, желімдеп қойған сияқты. Үй деп жүргені, кәдімгі киіз үй! Оң қолын созып еді, қабырғадағы жаңғақ дәні уысына топылдап толып кетті. Асады армансыз. Қарны сыздағанымен, көзі тоймайды. – Кекірік атып, тым-тым ашқарақтанған жаман ғадет! Жаңғақ дәнін аузына апара бергенде, ми қа­быр­шығына ұқсас кішкентай түйір тіл қатты. Бала қолын тартып алды. – Ашқарақтықтың екінші аты не екенін білесің бе? Түйірдей дәннің төтесінен қойған сауалынан ұялды. – Нәпсі дейді! – Нәпсі?! – Неге таңғаласың? – Алғаш естіп тұрмын. – Білмесең, тыңда! – Айтыңыз. – Әр нәрсенің орны бар. Ұйқының да, күлкінің де, тамақтың да... Нәпсі жәйлі мағлұмат білгің келсе, мен саған асықпай әңгімелейін. – Тыңдайын, – деді бала. Түйірдей дән сөзін сабақтады. – Адамда екі рух бар. Біреуін рух-и хайуани дейді. Бұл Алла тағаланың құдірет сипатының араласуымен жаратылған. Екіншісі, рух-сұлтани. Ол да Алла тағаланың көркем сипатымен жара­тыл­ған. Денеде осы екі патшаның бір-бір уәзірі және адамның рухани басшысы бар. – Қызық... – Дене табиғатын осылар арқылы басқарады. Рух хайуанидың ақыл кеңесшісі – шайтан. Ол шайтандармен кеңеседі. Рух сұлтанидің уәзірі ақыл және періште. Ол солармен ақылдасады. Рух-хайуанидің зауқы – ішіп-жеу, киінуге ғана соғады. Яғни, сырттай адамға ләззат беретін не болса, солардың барлы­ғы­нан күш тауып, рухи сұл­таниді жеңіп отырады. Рух – сұлтанидің қа­лайтыны – ғиба­дат және Алланың әміріне бағыну, жақ­сы­лық жасау, кісілікті болу, отаның­ды сүю! Әрі Алланың тыйым­дары­нан қашу. Рух – сұлтани, міне, осы­лар­ды жасау арқылы рухи-хайуаниден басым түседі. Бұлар денеде билік құрады. Біреуінің сипаты екіншісіне қайшы келгендіктен бір-бірімен үнемі қарсы келіп жатады. Рух-хайуанидің негізі, ерекше күшпен жамандықты әмір етеді. Оны – нәпсі дейді. Әл­гін­де, сен қызығып жаңғақ дәнін той­ған­ша жедің. Қарның сыздаса да, көзің тоймады. Нәпсінің жетегіне ердің... – Өзім де ұялып тұрмын... – Бұдан былай нәпсіңді ауыздықта! Сабыр сақта! – Бұл сөздерің жігерімді шыңдады! – деді бала. – Әңгімем аяқталған жоқ... – Жалғастыр, – деді бала. – Рух – сұлтанидің негізгі сипаты – сәфиә. Оны адамшылықтың сипаты деп те атайды. Мұндай си­пат­қа ие болған кісі нағыз адам! Бұл – Алла таға­ла­ның жақсы сипаты. Сондықтан осы екі сипат бір-біріне қарама-қарсы, адам ағзасында шайқасып жата­ды. Яғни, рух-сұлтани рух-хайуа­ни­ді қараусыз қал­дыр­май, онымен ылғи күресіп отырса, онда қарсы­ла­сын өзіне тәуелді етеді. Әр­бір бұйрығына бағын­ды­рып, илаһи әмірді орындаған болады. Түсіндің бе?!. – Түсінгендеймін... – Мынау дөңгеленген дүниедегі алуан түрлі со­ғыстар, қырқыстар, қиянаттар, қызғаныштар, кө­ре алмаушылықтар тағы басқа толып жатқан то­йымсыздықтар, әлгі рух-хайуанидің амал-әре­кет­тері! Обыр, жалмауыз нәпсіден! Әгәрәки адамзат­тың жол бастаушы серігі рух-сұлтани болса, жайлы тіршілік орнайды жер бетінде! Сонау-сонау ықылым заманнан айтылып келе жатқан, ата-бабаларымыз аңсаған, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын ө м і р дегеніміз сол! – Ғажа-ап, – деді пейіш нұрына шомылғандай сезімдегі бала – Ға-жа-ап!..

6.

Бала бір-біріне ұқсас бөлмелерді ұзақ арала­ды. Бәрінің іші қызылды-жасылды шөп, түрлі-түрлі өсімдіктер! Басқан ізі байқалмайды. Аралап-аралап келіп, екінші есіктен далаға шықты. Бұл жерде құрма ағаштары жайқала өсіп тұр. Екеуін алды. Біреуі өзіне, екіншісі анасына. Екі-үш құрманы жеп көріп еді, орнына құрмалар қайта­дан өсіп шыға келді. Баланың басына тамаша ой келді. Бұрылып үйге енді де: – Аса қамқор, ерекше рахымды Алланың атымен бастаймын! – деді. Көздерін тарс жұмып, қолдарын алға созды: «Табыла көр, мен іздеген құрақ көрпе!» Алға аттап еді, бір бөлменің есігі сырылып ашылды. Көзін ашса, тоқымдай құрақ көрпесі жатыр алдында. – Ата, ата, таптым!– деді қуанғаннан. – Қайта ғой еліңе, рұқсат... Ақ сәлделі ақсақал қолын бұлғап, қоштасу рәсімін жасады. Бала тоқымдай құрақ көрпеге отыруы мұң екен, көзді ашып-жұмғанша, өзі келіп тоқтаған тау бөктеріне дік ете түсті. Күн көкжиекке тақапты.

7.

Бала қалжырап шаршағанына қарамастан көз ұшында көрінген шаһарға жүріп кетті. Аяқтарына тас байлап қойғандай, отыра кетсе тұруы неғайбыл. Діңкелеп шаршаған шақта аз уақыт аял жасады. Көкжиекке таяған шартабақ күнге қолын көлегейлеп ұз-а-а-қ қарады. О, тоба! Шаһар үйлері шашыраңқы һәм жұпыны! Көшелері қисық, бұралаң! Қала халқы ауа көшкен­дей, өлі тыныштық үрей шақырады. Батыс жақта арналы өзен ағып жатыр. Су беті қап-қара! Тағы таң­ғалғаны, арналы өзеннің арғы жағы да қала! Қала болғанда қандай! Аршыған жұмыртқадай ақ шаңқан үйлер! Оқтай түзу көшелер! Аспанмен таласқан биік-биік сәмбі талдар! Көк желекке малынған гүлзарлар! Осындайда кереғарлық болады екен-ау! Ар­налы дарияның екі жағындағы екі қала – екі әлем! Бірі, сүреңсіз-сұрқай, екіншісі – жәннатты жасыл баққа оранған! «Өңім емес, түсім шығар!» деп ойлады бала. Мына қызықты қараңыз! Сәнді қаланың тұр­ғын­дары да ажарлы бірөңкей! Иманжүзді, ибалы адамдар жымия күліп, бірі-бірімен есендесіп өтіп жатыр. Не деген ізет-ілтипат! Бергі жағалаудағы шаһарда жан баласы көрінбейді. Іркес-тіркес, қалай болса солай салынған тоқал тамдардың тозы­ғы жетіп, құлауға жақындапты. Бала орнынан тұрды. Сұрқай шаһардың шетіндегі темір қақпадан ене бергенде бет-жүздері аңға ұқсаған, екі аяқты, мүйізді құбыжық алдын кес-кестеді. – Қайда барасың? – Жолаушымын... Көзін шүберекпен таңып, қолына кісен салып патшаға алып келді. Дәліз бе, қора ма, әйтеуір тарс-тұрс, тарс-тұрс ашылған кө-өп есіктерден өткенін біледі. – Шеш көзін! Төрдің төбесінде бет әлпеті бұжыр-бұжыр, қос мүйізді өңкиген дәу отыр. – Жүрек жұтқан жанға ұқсайсың! Өміріңе қауіп төнгенін сезбейсің бе?! Біздің елге келген адам тірі қалмайды... Жоқ, әлде бәрін біліп, жорта аңқаусып тұрғаннан саумысың?! – Өтірік айтып өлетін жайым жоқ! Жол сорабы сіздің елге алып келді... Бірер сауал қоюға рұқсат па? – Сұрағын... – Сіздің шаһарда халық тұра ма? – Тұрмағанда ше? – Неге көрінбейді? – Жұртшылық күндіз ұйықтайды... – Сонда түнде не істейді? – Түнде тіршілік басталады. – Ғажа-ап! – Оған неге таңғаласың? – Жұмыс істемей ме, жүріп-тұрмай ма?! – Біздің елде тіршілік әуені мүлде бөлек! Адамдар күндіз ұйықтап, түнде тіршілік жасайды. – Түсіндім-м, тақсыр... – Тағы сауалың бар ма? – Қала неге көңілсіз... Өзеннің арғы бетіндегі шаһарға қараңызшы! Таң-тамаша қалдым! Онда бәрі-бәрі сұлу, көркем! – Доғар сөзді! Ақыл айтуға келдің бе? Қаһарлы патша қолындағы аспабын сылдыр еткізген. Еңгезердей екі әскер жетіп келді. – Мына пендені зынданға тастаңдар! Өлсін іріп-шіріп! Аң бейнесіндегі құбыжықтар баланы дедектетіп ұзын дәлізбен жүріп-жүріп келді де, зілмауыр есіктегі қара құлыпты ашып, қараңғы бөлмеге итеріп жіберді. Қанша жатқаны жадында жоқ. Тас қабырғаға басы соғылған ба, солқылдап барады. Көзін аша бер­генде ышқына айқайлап жіберді. Жүзін әжім тор­лаған, шашы алба-жұлба мыстан кемпір төніп тұр. – Қорықпа балам! – деді кейуана. Үні жұмсақ. Зәресі ұшып, жүрегі тоқтап қала жаздаған бала көзін ашқанда бет аузы мыж-мыж кемпір сөздерін жалғады. – Бағы жанбаған бейбақпын... Осынау зын­данды тұрақ еткеніме қанша болғанын да білмеймін... Көрер жарығым бар екен! Жүрегім соғып тұрғанмен, тірі аруақпын!.. Сөйлесерге қара таппай, зарығып жатқанда келгеніңді қарашы! Тас зын­данда жолықтырған Аллаға сансыз шүкір­шілік айтамын! Кешегі түсім шуақты күндерден белгі бергендей еді!.. Бәсе-бәсе-е!..

8.

Таң алдында басын көтерді. Тыңайып қал­ған­дай. Шекесіндегі ісігі де басылған. Жан-жағына сақтана қарады. Сығырайған шамның жарығы жөнді көрсетпейді. Алаң-құлаң сұлба шалын­ған­дай. Қараңғы бұрышта бүгіліп, қос қолын жайып кемпір отыр. Соңғы сөздерін еміс-еміс құлағы шалған: – Раббым Алла! Тілегімді қабылдап, бір пендеңді жібергеніңе рахмет! Енді осы баланың тезірек жазылуын нәсіп ет! Екеулеп әрекет жасап, жарық дүниеге шығуымызды жақын ет!.. – Әмин! – деді бала жүрегі жарылардай қуанып. – Сауықтың ба, балам! Беті-қолыңды шай! Әйтеуір суға тапшы емеспіз! Шүкір! Одан соң оразаңды ашып алғын!.. Белі бүгілген кейуана қолындағы барын жұ­пы­н­ы дастарқанға қойды. Қатқан қара нан. Суып қалған көже. Қарны ашқан екен. Бірін қалдырмай соғып алды. – Өлер-өлмес ауқат қой! Қанағат қарын той­ғызады демекші, бұған да көндіктім... Көндік­пе­генде не істеймін?! Сенің осында келетініңді, көп ұзамай жарық дүниеге шығарымды Тәңірім сездірген!.. Білдірген!.. – Қайтіп?! – Оның мәнісін түсіне қоймассың... – Ықтиярыңыз білсін апа! Күпті көңілдің білмегі де мол... Шаһардағы адамдар аңға неғып айналған? Менімен тілдесіп, осы зынданға жіберген патша да құбыжық бейнесінде. Сөзі түзу сияқты, кәдімгі адам тілінде сайрап тұр... Мұндай халге неге ұшыраған? Айтыңызшы білсеңіз? Әлде, мен түс көріп жатырмын ба?!. – Түс емес, өңің балам... Өрекпіген жүрегін басып, кәриянің әңгіме­сіне құлақ түрді бала. – Бұл шаһар Жақұт аталатын мемлекеттің астанасы болатын, – деп бастады хикаясын кейуана. – Үлкен елдің тасы өрге домалап, жылдан-жыл­ға дәулеті молайды. Қарын қамынан басқаны аңсамаған халықтан береке-бірлік кете бастады. Бы­лайша айтқанда, басқа қонған бақты тепті. Болмашы себепті сылтауратып, той тойлады. Арақ-шарапты суша сімірді. Қулық-сұмдық, мақ­тан­шақ­тық, кісі ақысын жеу, аярлық асқынды. Жез­өк­шелік етек алды. Қара халық сондай болған соң, хан да ұзап қайда барсын! Ынсап кетті одан да! Патша сарайының қызметшілерін жағымпаз­дық, көлгірсу, тәкаппарлық, қызғаныш, қызылды-жа­сыл­ды дү­ние­ге деген ашкөздік жайлады. Әді­лет­сіз басшы­лар орынтақтары үшін өзді-өзі қы­рық пышақ қырқысып жатты. Қысқасы, мей­ма­насы тасып-шалқыған елді тәубесіне келтіру үшін Жа­ратушы жер сілкінтті. Оған да қыңбады қыңыр ел. – Сұмдық қой! – Бала жағасын ұстады. – Ақыр аяғы немен тынды дейсің ғой?! – Ия... – Жаратушысын ұмытқан ел оңушы ма еді?! Тәңірінің назасына ұшырап, құбыжыққа айналды! – Бірде-бір кісі қалмады ма? – Онда мен он үш жаста едім... Апаттың бәрі Алла­ның жазасы деп білдім... Сол үшін де, жат­сам-тұрсам тілімді кәлимаға келтірдім... Мінәжат еттім Жаратушыға! Адам кейпінде қалғаным, бәлкім содан... – Хикмет екен.... – Құбыжыққа айналғанын, әуелі патшаның өзі біледі! Айна алдына келіп үңілсе, қос мүйізді біреу бағжиып, бақырайып тұр дейді. Қақ маң­дайында кере қарыс мүйіз! Бет-жүзін жүн басқан! Қорқып, қоңыраулатып уәзір-жандайшаптарын ша­қырмай ма! Уәзірлері де бірөңкей мүйізді құ­бы­жықтар! Тіпті, бұрынғыдан да елгезек! Ыл­дым-жылдым! – Дереу қала халқын жиыңдар! – дейді қаһарлы патша дауыс көтеріп. Сағатқа жетпей хабар жетті: – Тақсыр, ел-жұрттың төрт көзі түгел! Сарай алдына алаңға жинадық! Сіздің ғазиз жүзіңізді көруге ынтық! Тағатсызданып тұр! – Қос мүйізді бас уәзір иіліп-бүгіліп, жік-жаппар. Есік алдына шыға бере басы айналып, құлап түсе жаздады патша ағзам. О, тоба! Қақ шекелерінде біздиген-біздиген кереқарыс мүйіздер! Көз­дері қызарған, жүздері бозарған адамдар бұқа көз­деніп, тұра шабатындай; айбат шеге, мүйіз­дерін сұғып-сұғып алатындай! – Тарасын... кетсін үйлеріне! – Қалшылдап-дірілдеген патша ұлы денесін әзер игерді. – Бір ауыз лебіз айтпадыңыз ба? – Бас уәзір қиылып, патшаға тілек етті. – Жоқ айтарым... Қаһарлы патшадан қаймыққан уәзірлер қысқа-қысқа бұйрық беріп, халықты қуып жүргенде, өзі жас, өзі сұлу бойжеткенді көрді бас уәзір. – Япыр-ай! Қайдан келген перизат?! Аң-таң бас уәзір. Сөзге келместен патшаның алдына жеткізілді жас қыз. – Кімсің? – Көріп тұрсыз... екі аяқты пендемін... – Қала халқының бәрі аңға... мүйізді құбыжыққа айналғанда, сен... сен... қалайша адам бейнесіндесің?! Қыз қасқая қарап тұр! – Оның мәнісі Жалғыз Жаратушыға ғана аян! – Не дейді мына пенде?! Қалай-қалай құйқылжиды?! – Тәңірі ерекше мейірімді болғанымен, қаһары да қатты... Сіздің еліңіз қаһарға ұшырады! – Мен ше?! – Сіз де, сіздің еліңіз де... Емен есіктен енген жендеттер жетіп келді қыздың қасына. Патша айқай салды: – Зынданға апарыңдар, мына албастыны! Қалсын сонда...

9.

– Сол қыз, мына мен едім, – деді кейуана. – Содан бері осында жатырмын... Ол енді өткен өмір... Жә, балам, жарық дүниеге шығудың ама­лын қарастырайық! – Айтыңызшы апатай! Ана өзеннің ар жағындағы сәнді қаланың адамдары неліктен ажарлы! Көшелері неге түп-түзу! Сұлу шаһарға тамсанып, қарай бергің келеді... – Оның мәнісі Жаратушы Аллаға сенім және имандылықта жатыр! Өзің айтып отырған елдің халқы қайырымды, кішіпейіл, мәдениетті һәм білімді! Әсілі, иманды елді жау алмайды! Аспаны ашық әманда! Іргесі шайқалмайды, білдің бе?! – Түсіндім... – Түсінсең сол! Жә, мына қамақтан құтылатын қандай амал бар?! Бала жол-жөнекей жолыққан тасбақа мен Ана-қарлығашты есіне түсіруі мұң екен, екеуі де көп ұзамай зынданнан табылды. – Мін арқама, – деді тасбақа. Кейуана мен бала кезектесіп зынданнан шық­ты. Ана-қарлығаш шықылықтап жол бастады. Еш қиындықсыз арналы өзеннен де өтісті. Әсем шаһарға жеткен олардың алдарынан иманжүзді, сәнді киінген екі әскер жасағы шықты. Кейуана мен баланы салтанатты сарайдың қасындағы бір бөлмеге алып келіп, үстеріндегі шоқпыт-шоқпыт, ескі киімдерін шешіндіріп, моншаға түсірді. Жуынып, ес жиған соң жақсылап тамақтандырды. Үш күн алаңсыз дем алған кәрия мен бала патша ағзамның сарайына жеткізілді. Төрдегі тағында отырған патша меймандарын орнынан тұрып, құшақ жая қарсы алды. – Жағдайларыңды біліп отырмын, – деді патша мейірімін төге сөйлеп. – Әйтсе де, өз ауыз­дарыңнан естиін. Бала басынан өткен жағдайды баян етті. Ертеңінде патша жұмсаған адам Мұжығын шөбін алып келді. Тас зынданда кездескен кәрия­ні бала өзіне өкіл әже етіп қабылдады. Содан соң екеуін патшаның сенімді адамдары еліне жеткізді. Ал баланың анасы дертінен құлан таза айығыпты. Толымбек ӘБДІРАЙЫМ. Астана.