• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2011

Алғыс азаймағай. Алайда...

405 рет
көрсетілді

Айналайын алашыңызда: «Алтын алма, алғыс ал», деген сөз бар. «Жауынмен жер көгерер, алғыспен ер көгерер», дегенді қағидалаған да қазағыңыз. Бұл өнегелер, бұл өлшемдер бүгініңізге жүре ме, жүрмей ме, ұлағат боп ұғыныла ма, ұғынылмай ма, ол — басқа гәп. Біздің бір ауыз сөзіміз «Алғыс хат» дейтұғын дүние хақында ғана. Жақында бір озат оқу орнының мерей­тойында болдық. Бәрі жақсы, бәрі керемет. Өкінішке қарай, өте-мөте ерсі көрінген бір мәселеге назар жықпасқа лажымыз жоқ. Бір кезеңдерде жеке адамдар болсын, ұжым-ұйымдар болсын, олардың мерей­тойлары мен мүшелтой­ларында «Құттық­тау адрестері» көпірте құрастырылып, көптеп тапсырылып, мезі етуші еді. Оларда не жазылатыны, қалай қиыстырылатыны, қайдан көшірілетіні баршаға аян-дүр. Енді ондай адрестер айдалада қалып, «Алғыс хаттар» нөпірі көпір бұза тасқындап, ыстық ықылас тудырудың орнына ығыр шығарып барады. Әлгі озық оқу орнына «Алғыс хаттардың» шектен тыс көп тапсырыл­ғаны соншалық, оларды қайда қояр екен деген уайым туды. Ұстаздар мен шәкірт­тер әлгі «Алғыс хаттарды» қабылдап, әйнектерін сындырмай, жиектемелерін бүлдірмей тасудан титықтады-ау. Алуан түрлі меке­ме­лер­дің, кәсіпорындардың, ашық және жабық АҚ пен ЖШС, облыс­тық, қалалық, аудан­дық әкімдіктердің, басқармалар мен бөлім­дердің, тағысын-тағылардың бастық­тары, төрағалары, пре­зиденттері, төрайым­дары, үлкенді-кішілі депутаттарыңыз, партиялар мен өзге де қоғамдық ұйымдардың жетекшілері шиырып қолдарын қойған, жиектемелер мен әйнектерге салынған «Алғыс хаттар» ағыны қырғын-ақ. Қазір, басқа жақты қайдам, біздің Оңтүстік Қазақ­стан облысында осындай ағым асқынып тұр. Бір қызығы, байқап қарасаңыз ше, жаңағы «Алғыс хаттарды» тапсырушы түрлі-түрлі бастықтарыңыз мерейтой иелеріне емес, өздерінің шиырып қойған қолдары мен аты-жөндеріне һәм мөр­леріне мерейлене қарап, ләззаттанатын секілді сезіледі. Талай-талай тұлғалар­дың: «Осы «Алғыс хаттар» бір бөлме­мізге толды, не істерімізді білмейміз», дегендерін де еститінге айналдық. Ойланайықшы, ағайын. Әлбетте, Ел­ба­сымыздың «Алғыс хаттары» айрықша. Жөні бөлек, жосығы ерек. Жарайды, облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдері де біршама байқап, байыптап, «Алғыс хаттар» тапсырсын. Ал басқар­малар мен бөлімдерден төмен қарай, басқа да мекемелер, ұйымдар, депутаттар, қоғамдар, абайласа қайтеді?! Алғыс азаймағай, ағайын! Алайда, «Алғыс хаттардың» абыройын айрандай төге бермейік. Дана Абай айтқандай-ақ, әр нәрсенің өлшемі мен мөлшері болады. Одан асса, «бірдеңесі» шығады. Мархабат БАЙҒҰТ. Шымкент.