• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2011

Озықтың пайдалысын сұрыптай білейік

341 рет
көрсетілді

Адамзат дамуының көші неғұрлым ілгерілеген сайын, дүниенің түрлі тылсым құпиялары соғұрлым тез ашылып жатыр. Уақыт өте келе адамның өркениеттілік пен дамуға деген қызығушылығы артып, бағындыратын асуларын алыстан болжайтын болды. Осылардың бәрін жаңа технологияның қарқынды дамуынсыз елестету мүмкін емес. Ақпараттық технологияның ерекше қарқынмен дамуы нәтижесінде ақпарат таратушы құралдар әрбір адамның өміріне дендеп ене бастады. Бүгінгі таңда теледидары жоқ, не болмаса компьютері жоқ отбасын кездестіру қиын. Сол үшін де отбасы тәрбиесіне, әсіресе, балалардың өсіп-жетілуіне жаңа технология белгілі деңгейде өзінің кері әсерін тигізіп те жатыр. Соңғы уақытта қоғамның да бұл мәселеге айрықша назар аударып жатқандығы байқалады. Бала жаңа құбылыстарды ең тез қабылдайтын адамдар тобына жатады. Қоршаған ортаның кез келген құбылысына тез бейімделетіндер де солар. Бала­лардың байқау мен үйрену қабілеттері ересектерге қарағанда 13 есе артық екенін ғалымдар дәлелдеген. Ересектерге қарағанда балалардың зерек болатыны да сондықтан. Өсіп келе жатқан балаға дұрыс жол сілтеп, оң-солын тану барысында оған керекті нәрселері мен керексіз нәрселерінің ара-жігін ашып берудің маңызы жоғары. Әсіресе, жаңа технология қатарына жататын компьютер мен теледи­дарға қатысты мәселеге келгенде ерекше сақтықпен қараған жөн. Жаңа технологиялар бала психологиясына қандай деңгейде кері әсер етеді деген сұрақ қазір барлық ата-ананы мазалап жүргені шындық. Бұл сұраққа жауап табу үшін біраз ізденуге тура келген еді. Енді сол мате­риал­­дардағы мағлұ­мат­тар не дейтінін саралап көрсек. Арнайы зерттеулерге жү­гінсек, 3 пен 7 жас аралы­ғындағы балалардың те­ле­дидарға қызығушылықтары айрықша жоғары екен. Теле­дидардағы бағдар­ламалар ту­ралы сөз етпеген күннің өзінде, ұзақ уақыт бойы те­ледидарға телміріп қара­ған­ның өзінен бала көптеген ауруларға шалдығатын кө­рінеді. Мәселен, ұзақ уақыт теледидар көрген баланың айналасындағы адамдармен қарым-қатынас жасау ын­тасы төмендейді. Сөйтіп, тілі кеш шығады. Одан қала берді бала жиі жалғыз­сырайды. Басқа балалармен емін-еркін байланыс жасап ойнауға құлықты болмайды. Уақыт өте келе психоло­гиялық ауруға шалдығады. Ұзақ теледидар көрген баланың тұмау ауруымен тез ауыратындығы да белгілі болған. Бұл қалай дегенде, ұзақ уақыт бойы үйден шықпаған баланың далада таза ауамен тыныстауы азаяды. Далаға шығып артық қимыл жасамағандықтан, қан айналымының да жүйесі бұзылады. Үйден шық­паған, күн көрмеген баланың далада қимыл-әрекетін жасау қабілеті төмендейді, үйге кіргенше асығады, содан барып иммунитеті төмендейді де организмі тұмау вирусын тез қабылдап алуға бейім тұрады. Көз ауруларына да алып келетінін айтып өту керек. Экранға ұзақ қараудың кесірінен көз қарашығы қанталап, құрғап кетуі әбден ықтимал. Соның салдарынан көз қарашығының қабыршағы жұқарады да, жарықты реттеу қызметі күрт әлсірейді. Бұлардан бөлек, семіздік ауруына да белгілі деңгейде себепші болады. Отырып ұзақ уақыт бойы теледидарға телмірген баланың дене қимылы азаяды да, тері астындағы май қабыршақтары тез жиыла бастайды. Оның үстіне теле­арналардағы түрлі тағамдардың жарнамалары балалардың сол тағамдарға деген тәбеттерін арттырып, орындарында отырып үздіксіз тамақтануларына себепші болады. 3 сағаттан артық теледидардың алдында отырған баланың 40 пайызынан астамының асқазандары төмен қарай салбырау құбылыстары да жиі байқалады. Осылардың бәрі ең соңында семіздік ауруларына соқтырады. Баланың уақытын тиімді пайдаланып, теледидардан тек керектілерін ғана көрсетіп, шекті уақыт белгілеу аса ұтымды болмақ. Компьютер мен компьютерлік ойындар туралы айтар болсақ, бұл аталған­дардың да бала денсаулығы мен психологиясына кері әсерін тигізетіндігі белгілі болып отыр. Компьютерлік ойындардың ішіндегі пайдалысы мен зиянын ажы­рата біліп, бала интеллектісіне оң ықпал ететіндерін дұрыс таңдаудың да маңызы зор. Атыс-шабыс, ересектерге арналған көріністер, әскери агрессия сынды бала психикасының дұрыс жетілуіне кері әсерін тигізетін элементтері бар ойындар аса зиянды. Баланың компьютер ойынына деген құштарлығының себептері де баршылық. Компьютер – технологияның ірі жетістіктерінің бірі. Оның тілін білмеу қоғам­ның көшінен қалып қою дегенмен бірдей. Сол үшін де балаға компьютердің тілін тез үйретуге асығамыз. Алайда, ата-аналар көп жағдайларда баласына техни­каның тілін үйретуді ойындар ойнатумен бастайтыны өте өкініш­ті. Керекті ақпа­раттарды айтудың орнына, компьютерді іске қоса салысымен бірден ойындарға кірісіп кетеді. Осы себепті де баланың ойынға деген қызығушылығы күрт артады. Ғалымдардың зерттеулеріне жүгінсек, компьютерлік ойындардың төмендегі­дей зияндары бар екен. Ұзақ уақыт бойы экранға телміріп қарағаннан баланың көру қабілеті төмендейді әрі бұлшық еттерінің өз деңгейінде жетілуіне кері әсері тиеді. Баланың ойлау және жүйелеу психикасының, кез келген құбылысты талдау қабілетінің төмендеуіне де әкеліп соғады. Сабақ үлгеріміне де теріс әсер етіп, оқу-білімге емес, керісінше, ойынға қызығушылығы артады, интеллектілік қарым-қабілеттерін жоғалта бастайды. Кез келген нәрсені орнымен пайдалана білу керек. Сонда оның зиянынан пайдасы молырақ екеніне көзің жетеді. Әсіресе, жаңа техниканың тілін біліп, оны бала тәрбиелеу ісіне тиімді пайдалану арқылы да ұтатын жерлеріміз көп. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ. Астана.