• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2011

Албарбөгет

641 рет
көрсетілді

Әбдібек Нұрмағамбетов деген қарт журналист өзінің «Албарбөгет» атты шағын кітабында Торғай да­ласын былай әспеттеген. “Сарыарқаның сауы­рын­да жатқан жалпақ дала Торғай алқабы боп аталады. Бұл өңірдің қашан да қысы – қысылшаң, қызыл шұ­нақ аязды, жазы – жайлы шуақ, аптаған ыстығы да баршылық. Осы алқаптың нақ ортасында егіз қозы­дай қапталдаса, қатарласа ағып жатқан екі өзен бар. Ол өзендер: Қабырға, Торғай деп аталады. Осы өзен­дер бойындағы сандаған төрт түлік мал үнемі мәйек басып, мамырлап жатқаны. Иә, бұл екі өзен ежелден мал баққан елдің құтты қонысы, береке бастауы...”. Шынында да, Әбекең ақсақал айтса айтқандай, егіз қозыдай қатарласа ағып жатқан Қабырға, Торғай өзендерінің бойы күні бүгінге дейін мал бағып тіршілік етіп отырған елдің атақонысы. Сәл шегініс жасап, тарихқа үңілсек – Қазан төң­ке­рісіне дейін Торғай даласы, оның ішінде Қабырға мен Торғай өзендерінің бойы зерттелмей кел­гені мәлім. Осы өңірді мекендеген ха­лық кө­шіп-қонып, ежелден мал бағуды кәсіп еткен. Малы жоқ кедей – кепшіктер сай са­ла­ны сағалап, “өзен жағалағанның өзегі талмастың” кебін киіп, су жиналған жыра­ны паналап, кетпенмен жер шауып, қадақ­тап тұқым сеуіп, апталап су шығарып, егін егіп күнелткен. Қабырға өзенін маңай­ла­ған жұрт осылайша итшілеп күн көріп, өмір сүріп келген. Сол кезде осылай өмір сүрген халық мы­надай құлазып жатқан, құрғақшылық құ­ша­ғын­дағы ен даланы суландырып, асау өзеннің арнасын бөгеп, ен дәулетке жетер күн бола ма екен деп армандаған. Осы елдің асыл арма­ны­ның орындалуына ел қамын жеген Едіге сын­ды Торғай өңірінің аяулы азаматы Айса Нұр­мановтың сіңір­ген еңбегі зор. Өзінің аз ғұмы­рын­да арты­на игілікті із қалдырған, жастайы­нан ат жа­лын тартып мініп көптеген шаруа тын­­дыр­ған Айсекең жайлы аруағы риза бол­сын деп осы тұста бір – екі ауыз сөз айта кетсек жөн болар. Айсаның әкесі Нұрман жастай қайтыс болғаннан кейін ол әкесінің ағасы Бұқарбай деген кісінің тәр­бие­сін алады. Дәулеті мол, дастарқаны кеңге жайыл­ған қа­сиетті қарашаңырақ иесін ауылдастары сый-құр­метке бөлеп баққан. Сөзге шешен, дініне берік, жақсыға серік бола білген Бұқарбай ақсақалдың абы­ро­йы жалпақ жұртқа жетіп жатқан. Сондықтан бір тай­па елдің басы, әрқашанда еңсесі биік, аса тұлға­лы, ақылгөй Бұқар­бай­ды әрі аға, әрі әке тұтқан Айса оның айтқан ақыл-кеңе­сіне әрдайым құлақ асып отырған. Жастайынан елім деп еңіреп, халқым деп қалт­қы­сыз қызмет еткен Айса Нұрманов көзі ашық, көкі­регі ояу, сауаты мол ер жігіт болып өседі. Жараты­лы­сынан бойына көптеген ерекше қасиеттерді сіңі­ріп өскен ол өзі туып-өскен ортада, ағайын-туыс ара­сын­да үлкен беделге ие болып, 1924 жылы көпші­лік­тің дауысымен Торғай уезіне қарасты Қарақоға болысына болыс болып сайланады. Ең алдымен елдің елдігін, халықтың бірлігін ойлаған басшы елдің кемшілігін қарастыра бастайды. Ең бастысы «көшерін жел, қонарын сай білетін» көшпелі елді қоныс­тан­дыру, атакәсіп – мал шаруашылығын өр­кен­детумен бірге жерді суландырып, егіншілік кәсі­бін де өрбіту еді. Ол үшін, ең алдымен жерді сулан­ды­ру мәселесін қолға алып, түбегейлі шешу керек болды. Сөйтіп бөгет құрылысына жөн-жоба көрсететін мамандар табудың қамы қолға алынады. Бөгеттің та­банын шегендеп салуға ағаш, тас, сырғауыл, бө­рене қажет болатын. Құрылыс материалдарын табуды қарастырып уез, облыс орталықтарына барып, су құрылысының жайын білетін маманды тауып әкел­ген де Айса еді. Осылайша ауылға ала бақанын арқа­лаған су мамандары келе бастайды. Соларға бас­шы­лық жасаған инженер Николай Котельников­ты көр­ген жұрт осы күнге дейін оны әлі әңгімелеп отыра­ды. Әңгіменің үлкені – бөгетті қай жерден салу керек, өзеннің су тоқтарлық ұрымтал жері қай тұс бо­ла­тыны төңірегінде өрбиді. Біреулер Ақтікен, екінші біреулері Ақсуат маңдарын нұсқаған. Ұсыныстар аяғы жинала келе ақыры Ақсуаттан төмен Көлқамыс маңына табан тіреді. Шынында да нағыз ұрымтал жер осы болып шықты. Бұл жер суға тосқауыл боларлық жар қабағы биік, өте қолайлы екенін кейін өмірдің өзі көрсетті. Қарабөгет табаны шөккен түйедей боп, о баста осы жерде орналасқан еді. Сонымен не керек, су мамандары іске кірісіп те кетті. Бөгет жасаудың картасы да дайын болды. Оның та­банына салуға қанша ағаш, тас керек, соны­мен қа­тар, екі жақ қанатын қалаудың жоба жоспары сызыл­ды. Қай жерге қанша топырақ салынады, оған қанша адамның күші керек, бәрі-бәрі межеленді. Осы маңай­дағы жер-суды, ой-шұқырды, жазық та жалпақ даланы бес сауса­ғын­дай білетін Айса жоба-жоспарға өзінің ұсы­ныс­тарын үнемі енгізіп отырды. Ендігі жерде еңбек дүбірі толастамай, аттың жа­лын­да, атанның қо­мын­да қыруар жұмыс атқарылып, өзеннің екі жақ қапталын­дағы бөгет бірте-бірте биіктеп, созыла түсті. Бөгет қанатын жайып, бір жағы Көкалат, екінші жағы Қарақоға поселкесіне дейін көсіліп жатты. Әрқайсы­сының ұзындығы 6 километр шамасы. Осымен бөгет бірер жыл ішінде салы­нып бітіп, ендігі кезек тереңдігі 10-15 метр, ені 100 метрге жуық өзен арнасын буып, бұғалақ салу сияқ­ты күрделі де көлемді жұмыстарды бастау сәті тұр­ды. Бөгет салуға инженер-техниктер топ-тобымен қатысты. Әрісі Ленинград, Москва, берісі Ақтөбе, Қостанай жақтан келген­дер­дің ішінде орыс та, украин да, башқұрт та бар еді. Олар ауыл аралап, сахара тұрмысына сұқтана қарап, тамашалап жүрді. Қыс­қа­сы “тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар” дегендей, атақты Албарбөгет аталуы да тегін емес-ті. Өйт­кені, өзеннің екі жақ қанатын албарлап бөгеп тас­таған­дық­тан да осылайша аталып кеткен. Сөй­тіп бөгет құры­лы­сы екі-үш жылдың ішінде ойдағы­дай аяқталды. 1927 жылдың күзінде аяқталған құрылыс келер жылдың көктемінде алғаш рет тасқын суды тосқан-ды. Бөгеттің тосқауылынан аққан су Қабырға өзенінің екі жак қап­талындағы құлазып жатқан даланы басып өтіп, ғасыр­лар бойы кеуіп жатқан ой-шұқырды толты­рып, жалпақ даланың шөлін қандырды. Содан нәр алған мал мен жан рахатқа батып, әп-сәтте жер бетіне өң кірді, ел іргесіне ырыс айналды. Сөйтіп, ел боп еткен еңбектің жемісін халық көрді. Айсаның армандаған ойы іске асып, ақыры ұшан теңіз табысқа тап болып, ел мен жер қуанышқа бөленді. Дәл осы тұста өмір ағысының бір белесі болып, дүниеге келген ауыл-аймақ көлеміндегі елеулі бір құбылыс – Албарбөгеттің даңқы шығып дархан мол­шылықтың көзін ашқан еді. Сол бөгеттің арқасында елдің көркі, жердің сәні кіріп, тарихтан өз орнын тапқандай еді. Осы бөгетті кезінде халық ақыны Нұрхан Ахметбеков “Торғайдан сәлем” атты өлеңін­де былай деп жырға қосқан: ...Таңы қулап тайлақтың, Мойны түлеп бойдақтың, Арқандаулы арданың Құндыздай түгі құбылар, Албарбөгет бөгеті Асқар таудың орындай, Қазыбай мен Шәкіртам Арыстанбайдың желіндей. Адам айтса нанғысыз, Табиғаттың тегіндей, Ат шаптырым бөгетті, Азамат соққан ерінбей. Көк долы жойқын асау су Қайтсін мұнан шегінбей? Аласұрған тасқын сел Айналып келіп бас иді, Ұялшақ жас келіндей... Иә, бүгінгі әңгімеміздің арқауы болған Қабырға, Торғай өзендері ежелден мал баққан елдің құтты қонысы, береке бастауы болған. Осы Қабырға бойын мекендеген қазіргі Көлқамыс ауылы менің кіндік қаным тамып, туып – өскен жерім, атамекенім. Осы атақоныста өзім іргетасын қалап ұйымдастырған “Сыма-К” шаруа қожалығы орналасқан. Қазір бұл шаруашылық орта және шағын бизнесті дамыту жолын­дағы Жангелдин ауданы бойынша мал өсіру­мен айналысатын ірі шаруашылықтардың бірі. Ел қамын ертеден ойлаған Айса Нұрманов ата­мыз­дың салып беріп кеткен Албарбөгет бөгетінің ар­­қа­сын­да бүгінде төрт түлік малды өсіріп, қыр қаза­ғының таң­дау­лы тағамы ет пен қымыз, шұбат, қатық пен қай­мақ, құрт пен ірімшік, жент сияқты асыл тағам­дарды қорек еткен Торғай елінің қазаны ортаймаған. Бірақ “елу жыл­да ел жаңа” демекші осы­дан 84 жыл бұрын құрылысы салынып, талай тасқын суға тос­қауыл болған Албарбөгет 2007 жылы Үкімет­тен бөлінген 70 миллион теңге қаражатқа күрделі жөндеуден өтті. Кеңестік дәуір күйрегеннен кейін осы сияқты бірнеше үлкен өзендерді бөгеп тұрған бөгеттер ешкімнің меншігінде болмаған­дық­тан үлкен мәселе туында­ды. Осы орайда 1991 жыл­дың 21 тамызында Президент Н.Назарбаевтың апаттың алдын алудың және оларды жоюдың тиімді жүйесін жасау мақсатын­да “Қазақ КСР Қауіпсіздік кеңесін құру тура­лы” Жар­лығы шықты. Осы маңызы зор Жарлық рес­пуб­­ли­ка­мыздың әр аймағында ел басқарып отырған барлық басшыларға үлкен жауапкершілік жүктеді. Солай десек те, мысалы басшы­лардың жауапсыз қарауы­нан Алма­ты облысындағы адам жаны түршігерлік орын алған жағдай, Батыс Қазақстанда болған су апаттары мемлекетке қан­шама қыруар шығын әкелді. Бір ғана Қызылағаш оқиғасы қаншама адамның өмірін қиды. Мемлекетке 7 миллиард теңге зиян келтірді. Осы сияқты апатты жағдайлардың алдын алу үшін халықтың тілегі бойынша мен Жангелдин аудандық мәслихатының депутаты ретінде жоғарыда аталған Ал­барбөгет су қоймасын Үкіметтің балан­сы­на алу жөнін­де тиісті орындарға ұсыныс жаса­дым. Бұл ұсыны­сым­ды аудан басшылары қолдап Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Анарбек Орманға хат жолдадым. Комитет төрағасы бұл ұсынысты қабылдап, осы жыл­дың 1 шілдесінен бастап Қостанай облыстық су шаруа­шы­лығының бастығы Ж.Райымқұловқа бөгетті бақы­лау­ға алу жө­нін­де тапсырма беріп, міндеттеді. Жо­ғары­дан берілген нұсқауға байланысты осы жылдың көктемінде су тасқыны кезінде аудан әкімшілігі бұл жерді қатты бақылауға алып, кезекші трактор бөліп, бөгетті аман сақтап қалды. Егер осындай жедел шара қолдан­бағанда Албарбөгет тағаны бұзылып кетсе қаншама елді мекенді су басып шығын болатын еді. Мен айтып отырған Қабырға өзені басын Қара­ған­ды облысының Ұлытау ауданынан алып, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына барып, Суаяғы­құр­дым­ға құяды. Ұлытау мен Ырғыздың екі арасын­да қан­шама халық мал, егін шаруашылығымен айна­лысып, бау-бақша егіп, тіршілік жасап отыр. Ал Албарбөгет бөгетінің орналасқан жеріндегі судың тереңдігі 15-20 метр, енділігі 110-120 метрдей. Сон­дық­тан бұл бө­геттің мемлекеттік баланс­қа алынбауы өте қауіпті. Осы мақаланы жазған себебім, қаншама халық­тың күн көрісін сақтап, түрлі апаттардың алдын алған республикалық су шаруашылығы комитетінің басшыларына, оның төрағасы Анарбек Орманға Қабырға өзенінің маңайын мекендеп отырған Торғай елінің атынан шексіз алғысымды айтамын. Кәкімжан КАРБОЗОВ, Жангелдин аудандық мәслихатының депутаты. Қостанай облысы.