• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2011

Шындық

570 рет
көрсетілді

Жұмыр Жер бетіндегі тіршілік біткеннің саналысы да, ақылдысы да адам. Соған орай одан асқан адал да әділ жан жоқ деп жоримыз. Солай шығар. Бірақ табиғаттан асқан әділ бар ма екен? Бұған біреу келісер, енді біреу қарсы тұрары анық. Өйткені, шындыққа көзі жетпеген адам ешқашан сенбейді. Ал шындық дегеніміз табиғаттың өзі. Табиғаттан асқан шындық жоқ. Алып ағаш өсіп тұр. Алып­ты­ғымен де, жасылдығымен де керемет көз тартады. Көк аспанға шан­шыла тартылып, тіп-тік бой түзеген. Нағыз бір шебер қылқалам суретшінің қолынан туған сұлу, баға жетпес өнер туындысы іспетті. Туынды екені рас, тек ол шынайы нағыз табиғи өнер туындысы. Сондықтан да оның бойында адам баласы түсіне алмайтын тіршілік үшін күрес жүріп жатыр. Оған адамдар онша мән бермейді, өйткені, оны ағаш дейді, ағашқа назар аудара қоймайды. Ал сол оқшау тұрған ағашта, бір қарағанда, мін жоқ секілді. Оның жан-жаққа қол соза өскен әрбір талы жас шыбық кезінен-ақ ортақ дің­гек­тің мықты болуына бауланған. Сон­дықтан олар өзгелерден бұрын күн көзінен нәр алып, өне бойға қан жү­гіртсе, төменге тартылған тамырлар қорек іздеп, бұтақтарға қуат беру үшін тереңге бойлай түсу керек екенін жақсы біледі. Олар солай тамыр тартып, бұтақ жайып, жапырақ көктеткен жыл сайынғы әдеттерінен жаңылмайды. Алайда, жаз өтіп, күз келетінін олар да жақсы біледі. Оқшау тұрған ағашқа көп бұтақ біткен еді. Оларға күннен нәр алу үшін қастарында көлеңкелейтіндей өзге ағаштар жоқ. Сондықтан емін-еркін күн сәулесін сіңірулеріне ерік молынан тиді. Бұл мүмкіндікті тура ортадағы діңгектің ұшар басындағы бұтақ басқаша ұқты. Ол өзінің өзгелерге қарағанда ерек орынға біткенін пайдаланып, көкке тартыла түсті. Қасындағылар бұған қызыға да, қызғана да және сақтандыра қарағанын түсінбеді. – Өзгелерден қол ұшын үзетіндей саған не жорық, асқақтай берме, – деген жанашыр бұтақтардың сөзін қаперіне алмады. Тамыр, діңгек бәріне, өзіне де ортақ екенін, не істесе де сол ортақ тамырға салмақ салатынын ойлап жатпады. Ойлағысы да келмеді. Ал қалған бұтақтарға да бойларына біткен жапырақтарын жаю үшін оларға да ортақ тамырдан нәр тарту керек еді. Бірақ діңгектің тура ұшар басынан өзек алған бұтақ осы мүмкіндікті өзіне ғана ерекше берілген даралық деп ұқты. Сондықтан ол өзіне тиген орнын өзіне ғана пайдаланып, елден ерек қуат алуға ұмтылды. Ондағысы қалайда өзгелерден артық күн сәулесін бойына көбірек сіңіруді мақсат тұтты. Онысы алғашқыда пайда болып та тиді. Бірақ уақыт өткен сайын ол өзінің тіптен биіктеп, өзгелерден қол үзіп кеткенін де байқамай қалды. Бір қараса күн сәулесін өзгелерден көбірек сіңіремін деп жоғары ұмтылғаны соншама, жалғыз сидиып қалыпты. Өз орнына қайта оралайын десе кеш, мүмкін емес. Оған енді тек жалғыз өзіне ғана сенім арту қалды. Ақыры бір күні аяқастынан қатты дауыл тұрды. Жел екпіні соншама көп бұ­тақты жапырағы қалын бәйтеректің өзін иілдіріп жіберді. Ал өз қатар­лас­тарының нәпақасын өзім ғана татам деп жалғыз шапқан бұтақ жа­лаңаштанып қорған болар пана таба алмады. Тіпті қатты соққан жел екпінінен сынардай сытырлай бүгілгенде сүйенерге бұтақ, қарманарға тал қалмады. Ақыры дауыл екпініне шыдай алмай морт сынды. Ұшар басы қайран жапырақтарымен бірге жел өтінде қанбақша қағылып, айдалаға ұшып түсті. Артынша жел де тынды. Өзге ағаштардың да кейбір қыңыр, қисық, жалғыз өскен бұтақтары бір сәт соққан дауылдың екпінінен діңгегі­нен үзіліп немесе морт сынып көктей солған жапырақтарымен жерде жатыр.  Ал бірін-бірі қымтай өсіп, жұмырлана бір жұдырықтай түйіле біткен бұтақтар діңгектеріне қуат беріп, жайқалған күйі жасыл жапырақ­тарын жайып тұр. Иә, бес саусақ бірдей болмаған­мен бәрінің де бойына бірдей қан жүгіру керек, әйтпесе, денеге ауыр­лық әкеледі. Мемлекеттегі әрбір адам да солай, елімен бірге жасауы керек. Мұны адамдар жақсы біледі. Алайда, олар өздерінің әрбірі бір бұтақ секілді екенін ешуақытта ойланған емес. Бұл теңеу олардың күлкісін келтіреді. Себебі, адамның қолынан бәрі келеді деп ұғады. Қажет дүниені «берсе қолынан, бермесе жолынан» алуға болады дейді. Алғашқыда солай көрінетіні рас, бірақ өмір шындығы: ондайлардың түбінде жолы болмайды. Бұл сөзімізге нақты дәлел табиғаттың өзі. Өзгелерінен көбірек аса жеймін деген бұтақ жұлыны үзіліп, сойдиып қалды. Жап-жасыл жапырақты бұтақтардың арасында қураған тұқылы басқаларға «бө­лін­генді бөрі жейді» дегендей оғаш  тартып, Жер бетінде жемқорлардың жолы болмайтындығын Жарат­қан­ның өзі білдіргендей көрінеді. Өзге­лер­дің нәпақасын ұрлап жеп жат­қа­нын жемқордың өзі нақты сезеді, ал оның ісін Алла тағала жақсы біледі. Алайда, мұны арамыздағы жемқор пенделеріміз қайдан түсінсін, әзір­ге жұлын­дары бүтін ғой, бірақ олардың да үзілетін күндері алыс емес екені осы та­би­ғат­тай ақиқат шындық. Александр ТАСБОЛАТОВ.