• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2011

Шопаната кәсібі – қазақтың бүгінгі нәсібі

1690 рет
көрсетілді

Қазақстан үшін мал шаруашылығы, оның ірі сарқылмас қоры екендігі тарихтан белгілі. Ал, қой шаруашылығы – оның жетекші саласы. Бабаларымыз «Мал – әулие, малсыз болсаң жарылқар қай әулие» – деп айт­қандай, малды әулие санаған халқымыз­дың ғасырлар бойы тіршілік көзі де ауыл ша­руа­шылығының осы саласы екендігі сөзсіз. 1990-1991 жылдары Қазақстанда 100 мың тоннадан астам қой жүні мен 300 мың тоннаға жуық қой еті өндіріліп, қой басының саны бойынша еліміз әлемдегі алдыңғы он мемлекеттің қатарында бола­тын. 1991 жылы Қазақстанда қой басы 35,9 млн. болса, ел Тәуелсіздігінің алғашқы жыл­дары экономикалық реформаның және жаңа нарықтық инфрақұрылымның құры­луы, мал шаруашылықтарындағы селек­ция­лық-асылдандыру жұмыстарына мән бермеудің әсері мал саны мен оның өнім­ділігінің төмендеуіне әкеп соқты. Жеке­шелендірудің алғашқы кезеңінде түсі­н­беу­шіліктің салдарынан мал басы ұстағаның қолында, тістегеннің аузында кетті. Алайда, ауылдың тұрмыс жағдайы жақын уа­қытта түзелмеске бет бұрған тұста Елба­сымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2004-2006 жылдарды ауылды және оның шаруашылығын дамытуға арнап үлкен бетбұрыс жасады. Енді, міне, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Шопан ата кәсібін дамытуға бет бұрып, еліміздегі қой шаруашылығын жан-жақты зерттеп, талдап, арнайы бағдарлама қабылдауға дайындалуда. Бұл «ата кәсіпке» – деген үл­кен бетбұрыс. Өтпелі кезеңнің ауыртпа­лы­ғын алдымен көтерген ауылдың қайтадан қара атына мініп, аяғынан тік тұрып кетуіне бетбұрыс кейінгі кездегі ауыл шаруа­шылығына деген дұрыс көзқарастың қа­лып­тасуына байланысты екені де сөзсіз. Қазақстанның шөлді-шөлейтті және тау аймақтары қой өсіруге қойлайлы өңір. Республикада 180 млн. га жайылым бар, оның 71 млн. га шөлді, 35 млн. га шө­лейт­ті, 68 млн. га далалық және 6 млн. га таулы жайылым, ал жайылымның жалпы алқа­бының 76 млн. га көктемгі-күзгі, 79 млн. га жазғы және 24 млн. га қысқы жайы­лым­дар. Алайда қысқы жайылымдар қойдың қо­ректі заттарға деген қажетін толық қам­та­масыз ете алмайды. Осы жағдайға да мән берген дұрыс болар. Еліміздің мал­шы­лары да мамандары да, ғалымдары да мал шаруа­шылығымен айналысуды қолға ал­ғанда еліміздің ауа райына, жайылымына мән берген дұрыс. Өйткені, біздің республикада ауа райы құбылмалы: қыста -40°C болса, жазда +40°C-дан асады. Ал, Қазақ­станның ғалымдары ең алдымен еліміздің ауа райына, жайылымына сай келетінін жаңа мал тұқымдарын шығарған, оны ғы­лыми тұрғыдан сараптамадан өткізіп дә­лелдеген. Шетелдерден сатып алынған малдарды да еліміздің ауа райына, жайы­лымына қалып­тастырып, оны бейімдеуді зерттеу де ға­лым­­дар­дың міндеті. Сондық­тан мал шаруа­шы­лығын өркендетуде елі­міздің осы са­ладағы ғалымдарының да ой-пікірлеріне мән берген дұрыс. Жалпы, Қазақстандағы жайылымдық жер – қой шаруашылығын дамытуға таби­ғат­тың берген қолайлы жағдайы. Бұған ғасырлар бойы қазақ халқы мал өсірудің қыр-сырын терең білетіндіктерімен ерекшеленіп келгендігін қосқан жөн. 1905 жылы белгілі статист-экономист Ф.А.Щер­бина былай деп жазды: «Қазақ керемет ботаник, оның әр алуан өсімдік түрлерін белгілеуге, малдың әр түрі үшін әрбір өсім­діктің азықтық маңызымен кең таныстығы бар». Ал ғалым В.Я.Бенькович болса: «Бірнеше күн бойы ат үстінде өкпек желдің өтінде жүріп, қарлы боранда үйір-үйір жылқыларға ие болатын жылқышы – қазақпен кім теңесе алады?» – деп баға берген. Осы пікірлер сонау ерте заманда-ақ Қазақстанда төрт түлік мал өсірудің бай тәжірибесі болғанын айқын көрсетеді. Ал біз болсақ, әлі де табиғи жайы­лым­ды тиімді пайдалана алмай келеміз. Қа­зақстандағы жайылымдық жердің 100 млн. гектардан астамы шөл және шөлейт ай­маққа орналасса, осы жайылымдык жердің 50-60%-ы пайдаланылмауда. Оны игеру қой шаруашылығын дамытуға орасан мүмкіндік екені сөзсіз. Ата-бабаларымыз осы орасан зор жайылымдық жерлерді қой өсірумен қатар түйе және жылқы өсіру арқылы тиімді пайдалана білген. Қой шаруашылығын дамыту арқылы еліміз үшін аса маңызды кезінде екінші тың аталған саланы өркендете отырып екі міндетті – азық-түлік қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етуді және экспортты әртараптан­ды­руды шешеміз. Әрине қой шаруашылығының өнімділі­гін арттыру үшін бес қағиданың орын­да­лу­ын қамтамасыз ету қажет: олар, қой ба­сының біркелкі өсуі, өндірілген қой өнім­дерінің ішкі және сыртқы базардағы бәсе­ке­лестік қабілетін арттыру, қой тұқымда­рының қажеттілерін өсіру, әрбір өнім өндірушінің қаржылық бірқалыптылығы және қой өнімі мен шикізаты базарын калыптастыру. Оңтүстік-Батыс аймақ республикада қой етін өндіретін үлкен өңір болып та­бы­лады. Осыған орай бұл аймақ үлкен майлы (еділбай және гиссар тұқымдары) және шағын майлы өнімді (қаракөл тұқымды) қой етін өндіре алады, яғни тұрғындар мен тұтынушылардың сұранысына толық жауап беретін аймақ. Аймақта қылшық жүнді етті-майлы қойлардың 71%-ы өсіріледі және қой ша­руа­шылығының осы бағыттағы тұқымдары Қазақстанда шығарылған барлық қой тұқымдарының негізі болып саналады. Республиканың шөлді-шөлейтті айма­ғын­дағы өсімдіктерді жоғары да аталған қой тұқымдарынан басқа ешқандай қой тұқымдары тиімді пайдалана алмайтынын айта кеткен жөн. Шөлді-шөлейтті Оңтүстік-Батыс ай­мақ­та қой шаруашылығы саласының дамуында жергілікті қылшық жүнді қазақы, қаракөл, елтірілі-етті-майлы атырау, еділбай қой тұқымдары үлкен рөл атқарады. Бұл қой тұқымдарының тарихи маңыз­дылығына қарамастан, қазіргі уақытта олар­­дың арасында нарықтық басымдық үшін ғана емес, сонымен қатар өмір сүру үшін бәсекелестік те өсіп барады. Бұл құбы­лыстың себебі негізінен тұтынушылардың мал шикізаты түрлеріне сұранысына бай­ла­нысты. Қазақстандағы қаракөл шаруашы­лы­ғының қалыптасуы қарсаңында сыртқы және ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие бол­ған, елтірі алу мақсатында құйрықты етті-майлы қойларды қара түсті қаракөл қош­қарларымен шағылыстырудың нәтижесінде етті-майлы бағыттағы құйрықты қойлар­дың басы барынша қысқарып кеткен бола­тын. Ал қазір керісінше, етке деген сұра­ныс етті бағыттағы қой тұқымын көбейтуге әкелуде. Қаракөл шаруашылығы қой шаруашы­лығының ерекше саласын құрайды, ал қаракөл қойларының өте жоғары бейімделгіштік қабілеті, олардың таралуына және республиканың шөл және шөлейтті аймақ­тарында орналасқан шаруашылықтарда ет, сүт, жүн және жоғары сапалы қаракөл өнді­ру үшін қолдануға мүмкіндік береді. Сон­дықтан, республикамыздың шөлді-шө­лейт­ті аймағын тиімді пайдалана отырып, қан­дастарымыздың тұрмыс-тіршілігін жақсар­ту үшін қаракөл өнімдерін өндірушілермен Ішкі істер, Қорғаныс, т.б. министрліктер келісім-шартпен екі жақты бірлескен мекеме аша отырып, әскери және ішкі істер қызметкерлеріне көк қаракөл елтірісінен, ал теңіз флотын қара қаракөл елтірісінен қажетті әскери киімдер шығару жағын ойластыру ең алдымен кең-байтақ еліміздің шөлді-шөлейтті аймағының негізін құрай­тын қандастарымызды жұмыспен қамта­ма­сыз етуге үлкен мүмкіншілік жасаған болар еді. Мал шаруашылығы өнімдерінің заманауи өндірісі негізінен қой шаруашылығында басым ет алуға бағытталған. Соңғы уақыт­та мұндай бір жақты қарым-қатынас құй­рық­ты етті-майлы қойларды өсіру ареалы­ның жаппай кеңейюіне әкеп соқтырды. Осылайша шөлдің қолайсыз жағдайларына өте жақсы бейімделген және керемет түсті және реңді қаракөл өндіруге мамандан­ды­рылған әлем нарқында үлкен сұранысқа ие, қаракөл қойлары қатал экономикалық қы­сымға ұшырады және нарықтық баға жо­ғары болса да, ішкі нарықта бәсекелес­тік­тен жасанды түрде шеттеп қалды. Елтірілі-етті-майлы атырау және құй­рықты қылшық жүнді қойлар өнімділіктері бойынша бірін-бірі өзара толықтырып оты­рады және олардың тұқымдары болашақ селекция үшін генетикалық материал көзі болып табылады. Әлемдегі елтірі қой ша­руашылығының даму жағдайын сараптау – керемет әр түсті және реңді елтірі мен тез жетілгіш қозы және қой еті өндірісін ұл­ғайтуға бағытталғанын көрсетеді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының елтірілі қой шаруашылығы үшін ғылыми-тәжірибелік тұрғыда керемет түсті және реңді құйрықты атырау қойларын өсірудің әдістерін жасау, бұл қойлардың жеке асыл тұқымды базасын құру, елтірі ассортиментін жаңа түстермен байыту және бәсеке­лестікке қабілетті отандық асыл тұқымды қойларды шығару өзекті мәселе болып табылады. Бұл мәселе, қолдан ұрық­тан­дыру біткеннен кейін саулықтарды еркін қашыру кеңінен қол­данылатын және асыл тұқымды қошқарлар­дың шығу тегін анық­тауда өте қажетті, елтірілі қой шаруашы­лығында өте маңызды, өйткені шығу тегінде жоғары бағалы ата-енелері бар малдар барынша өнімді бола алады және қойларды қолдан ұрықтан­дыруда кеңінен қолда­нылады. Жоғары өнімді малдардың басын және толық құнды азық-түлік өнімдері өндірісін ұлғайту заманауи мал шаруашылығының өзекті мәселесі болып отыр. Қазақстанның далалы, шөлді және шөлейтті аудан­да­рын­да өзара ерекшеленетін 22 туыстық өзге­рістегі қазақтың құйрықты қойлары ертеден өсірілген. Оларға Батыс Қазақстанда – еділбай, азғыр, әлім, адай, Орталық Қазақ­станда – бағаналы, бесата, Жетісуда – шу, жаркент, Шығыс Қазақстанда – зайсан және басқа да тұқымдар жатады. Қазақтың құйрықты қылшық жүнді қой­лары құрғақ даланың шөл және жар­ты­лай шөлдің кең көлемді аудандарының та­биғи-климаттық және азықтық жағдайла­ры­на өте жақсы бейімделген. Олар қыстың қатал суықтарына және жаздың ыстығына өте төзімді және жыл бойындағы жайылым жағдайында күтіп-бағуға шыдамды, әрі ұзақ қашықтықтағы жайылымды жеңіл жүріп өтеді және өзінің морфофизио­логия­лық құрылымына байланысты өнімділігі төмен жайылымдарда тез арада ет алуға қабілетті. Қазақтың құйрықты қойлары керемет тез жетілгіштігімен және жайылымда тез ет алуыменен ерекшеленеді. Дегенмен, хал­қы­мыздың көшіп-қону өміріне байланысты қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойла­рының төлдегіштігі төмен. Ертеде мал отарларын іріктеу алыс маусымдық жайы­лымдарға көшіп-қону кезеңдерінде анасы­ның соңынан еруге қабілетті бір қозы алып өсіруге бағытталған болатын, осыған бай­ланысты селекциялық жұмыстарда қойлар­дың төлдегіштігі ескерілмеген. Қазіргі таңда қой етін сатып алуға сұраныс Қытай, Ресей, Иран, Сауд Арабия­сы, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты ірі мемлекеттер тарапынан екендігі белгілі. Ал, Иран, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері мемлекеттерінде негізінен май­лы құйрықты қой етіне сұраныс жоқ екендігін ескергеніміз абзал. Аталған елдер болашақта Қазақстанға қаракөл қой етіне тапсырыс беруі мүмкін. Өйткені, оларда өсірілетін авасси қой тұқымымен қаракөл қой тұқымының түр-тұлғасы, құй­рық май­лылығы жалпы ет өнімі бойынша айыр­машылық жоқтың қасы. Қазақстаннан қой сатып алушы аталған ел мамандары да қаракөл қой тұқымына қызығушылық білдіруде. Ал, Ресей мен Қытай мемлекеттерінде қазақтың жергілікті қылшық жүнді кетпен құйрықты, еділбай, сарыарқа қой тұқымдарының ет өніміне сұраныс басым. Сондықтан, етті қой тұқымын өсіріп, одан ет өндіруде өркениетті елдердің сұра­нысы­на мән берген дұрыс болар. Осы жылдың 4-5 қазан күндері Тәжік­станның астанасы Душанбе қаласында ИКАРДА халықаралық ғылыми орталығы­ның ИФАД қоры қолдауымен «Жүн өнім­дерін өңдеп, одан дайын бұйым өндіре отырып, майда фермерлермен ауыл әйел­дерінің өмір деңгейін көтеру» тақырыбы бойынша өткізілген кеңес-семинарда ар­ген­тиналық ғалым Яоягуин Мюллер Қыр­ғызстаннан, Тәжікстаннан, Ираннан, Сирия мен Америкадан, Италиядан келген ға­лымдарға «дүние жүзінде қазақтар ет жеуден екінші орында екен» – деп маған қара­ды, ал Иран ғалымы болса “бірінші орында кім?” – деп қалды. Оған ол іркілместен «қас­­қыр» – десе болар ма. Әрине, бұл сөзде ­де үлкен мағына жатыр. Бұның өзі қазақ­тардың етті көп қорек ететінін дүниежүзі халықтары мойындағанын көрсетеді. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр бойынша қазақ етсіз, оның ішінде қой етінсіз дас­тарқаны көп жайылмаған ел. Жалпы, Қазақстанда 17 қой тұқымы өсіріледі. Олар: биязы жүнді (оңтүстік қа­зақ мериносы, солтүстік қазақ мериносы, 2011 жылы шығарылған етті меринос, қа­зақ арқармериносы, қазақ биязы жүнді) қой тұқымдары; жартылай биязы жүнді (қазақ жартылай биязы кроссбред жүнді, қазақ етті-жүнді, ақ жайық етті-жүнді, дегерес етті жүнді) қой тұқымдары; жарты­лай қыл­шық жүнді (қазақ жартылай қыл­шық жүнді, дегерес жартылай қылшық кілемдік жүнді етті-жүнді) қой тұқымдары; қылшық жүнді (қаракөл, әрі елтірілі, әрі етті, әрі майлы атырау, еділбай, қазақ қыл­шық жүн­ді құйрықты, сарыарқа) қой тұқымдары. Әрине, қой етін өндіруде аталған қой тұқымдарының барлығы да ішкі және сыртқы сұранысты қамтамасыз ететін қой тұқымдары. Аталған қой тұқымдарын шығаруда және жақсартуда Қазақстан ғалымдарының орны ерекше екендігін атап өткен дұрыс. Сонымен бірге, бұл қой тұқымдары мен тұқымдық топтарды жақсарту қарқыны әлі де болса жеткіліксіз екендігін атап өткен жөн. Елімізде селекциялық асылдандыру жү­йесі қазіргі қой шаруашылығын дамыту­да алға қойылған міндеттерге сай келмейді. Сондықтан да, қой шаруашылығын селек­ция­лық жолмен асылдандыруда, оларды бағып-күтуде, еңбекті ұйымдастыруда, жем­­­­шөп өндіруде және мал азығын дай­ындау бағытындағы ғылыми-зерттеулерді кеңей­тіп тереңдете түскен жөн. Оның ішінде, ғылыми-зерттеулердің мы­­надай басым бағыттарына мән берген дұрыс: - селекцияның, гендік инжене­рия­ның, биотехнологияның, генетикалық математи­калық сараптаманың және бағдарлама жа­саудың заманауи әдістерін қолдану арқылы тұқымдық қойлардың өнімділік және асыл­тұқымдық сапаларын жетілдіру; - қой шаруашылығы өнімдері өндірі­сі­нің экологиялық таза технологияларын жасау; - қойларды азықтандыруды жетілдіру және азықтың базасын зерттеу, мал азық­тарының желінуі және құнарлылық құнды­лығын арттыру, егіндік және шабындық-жайылымдық мал азығы өндірісімен, мал азықтарын дайындау және сақтаудың қар­қынды әдістерін, жаңа барынша толық құнды және қуаттылық сыйымдылығы мол мал азықтарын жасау бағытында зерттеулер жүргізу; - жұқпалы ауруларды емдеу және олар­дың алдын-алудың әдістерін жасау; - шағылыстыру және будандастыру әдістерімен өміршеңдігі жоғары тұқымды қойлардың отарларын құру; - нарықтық қатынастарды, салалық стандарттарды, қой шаруашылығы өнім­дерін сертификаттауды жетілдіру. Қазіргі кезде жайылымдардың 90%-ы суландырылмаған және ішінара ғана пай­да­ланылады. Қой шаруашылығының жа­йы­лымдық жемшөп қажеттілігін қамта­масыз ету үшін табиғи жайылымдар мен ша­бындықтарды тиімді пайдалану жолдарын жасай отырып, олардың өнімділігін арт­тыру жөнінде іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Шөл және шөлейтті аймақтардағы жа­йылым жағдайындағы мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімді са­ласы болып табылады. Жайылымдағы мал шаруашылығын тиімді ұйымдастырудың қажетті жағдайы – маусымдық жайылым­дардың жекелеген түрлерін, малды мау­сым­дық жайылымдардың бір түрінен екінші түріне ауыстыру негізінде немесе ұзақ қашықтықта оларды барынша мол өнім­ді­лік берген жылдары пайдалану болып табылады. Малды алыс жайылымдарда күтіп-бағу, аз шығын жұмсап, үлкен мал басын ұс­тауға, шөлді аймақтың жайылымдарын ба­рынша пайдалануға мүмкіндік бере оты­рып, республиканың қараусыз жатқан аймақтарын шаруашылық айналымға енгізуге жағдай туғызатынын айта кету қажет. Қазақ ерте заманнан-ақ төрт түлік мал­ды бағып-күтудің, оны тиімді өсіре оты­рып, өнім өндірудің, тұқымдық қасиеттерін зерделеп табиғаттың сыйы – жайылымдық пен шабындықты пайдаланудың ерекшеліктеріне аса зор мән беріп, көп жылдар бойғы тәжірибелерін атадан-балаға мұра етіп қалдырып отырған. 1992-1999 жылдары Қазақстанның ауыл шаруашылығында тек сандық емес, сондай-ақ айтарлықтай сапалық өзгерістер де бол­ды. Ауыл шаруашылығы мекемелерінің құ­ры­лым­дары өзгерді. Ірі мамандандырылған шаруашылықтардың орындарына шағын фермерлік қожалықтар (шаруашылықтар) пайда болды. Қазіргі уақытта барлық ауыл шаруашылығы малдарының 95%-ы тұрғын­дар мен шаруа қожалықтарының, фермер­лердің жеке аулаларында өсіріледі. Еліміздегі қазіргі шаруашылық құры­лым­дары төрт түлік малды ауылда елді мекен орталықтарында, не ауыл аймақта­рында жыл он екі ай бойы бір орында бағуды үрдіске айналдырып алды. Мал­шылардың қолда бар малдарын өздеріне тиесілі жер көлемі мен жайылымы көтере ала ма, жоқ па онда шаруасы жоқ. Кешегі Кеңестік дәуірде жеке ауыл тұрғындарында ең көбі он-он бестен ғана қой болып, орташа бір ауылдан 500-600 қой таңертең өріске шықса, бұл көрсеткіш бүгінгі күні 3000-нан 10000-ға дейін жетіп отыр. Әри­не, бұл ауыл халқының мал ұстауға, одан өнім өндіруге бет бұрғанын көрсетсе, екінші жағынан ауыл төңірегінің тақырланып бара жатқандығын, алыс жақсы жайы­лым­дардың дұрыс пайдаланылмауына әкеліп соқтыруда. Оның үстіне мал бағу техно­логиясын жақсы менгерген малшыларымыз бен дәстүрлі малшы отбасылары мал бағу­дан көп алшақтап қалды. Тіпті төрт түлік малды бағып-күтетіндер бірлі-жарым ғана қалды десем жаңылыспаймын. Атам қазақ айтқандай «Заманына қарай адамы да, оның амалы да өзгереді» – деп. Олай болса мал өсіріп, одан өнім өндіру жолдарын бүгінгі таңның талабына сай іске асырған жөн болар. Алайда, елімізде қой түгілі басқа малдардың сандық құрамы, жайылымы, оған қажетті мамандар ең бастысы – шопан-малшының саны мен сапасы белгісіз. Сондықтан, осы бағытта арнайы зерттеулер жүргізген жөн болар. Асылдандыру жұмысында ең алдымен аса құнды тұқымдық малдан бастау керек. Бұл бұлжымас қағиданы ықылым замандардан бергі бабаларымыздың тәжірибесі де дәлелдей түседі. Табынның генетикалық өсімі негізінен жоғарғы өнімді аталық малдарды пайдалану жолымен келетіні бүгінде әрбір қатар­дағы ауыл адамдарына да жақсы таныс. Осы арқылы жоғары өнімді, текті тұқымды малдар дүниеге келді. Алайда, өтпелі кезеңде (1992-1999 жж.) көптеген жаңа шаруашылық құрылып, ма­мандары көп бас қатырып жатпай, оңай жолмен кетті. Қаржыны үнемдеу мақса­тында ұрықтандыру жүйесінде қолдағы бар өнімділігі төмен тұқымдық малдарды пайдалану кеңінен етек жайды. Өнімділігі төмен, тұқымдық қасиеті нашар малдарды ұзақ уақыт бойы пайдалану асылдың азып-тозып, өнім сапасының төмендеуіне әкеп соқтырып, мал ағзасының әр түрлі табиғи факторларға шыдамдылығы төмендейді. Нәтижесінде жалпы мал санында асыл тұқымды қой саны бар жоғы 5-6%, ірі қара малы 3-4%, түйе 6-7% ғана құраған. Бүгінде асыл тұқымды мал шаруашы­лық­тарда өнімділігі жоғары қошқарлар әлі де болса аз және олардың шаруа қожа­лықтарымен байланысы жолға қойылмаған. Бұрын етті-майлы қой шаруашылығы ай­мағындағы саулықтардың 90-100 пайызы қолдан ұрықтандырылатын болса, қазір қолдан ұрықтандыру пункттері жоқтың қасы. Ал, қолдан ұрықтандырусыз зауыт­тық селекциялық жұмыстарды жүргізіп малды асылдандыру мүмкін емес. Жалпы, селекция қазіргі қолда бар тұ­қымдарды, зауыттық сүлелерді, ата тізбек пен мал топтарын жетілдіру және жаңасын шығару, олардың өнімділік және тұқымдық сапасын жақсарту әдістері туралы ғылым. Мал шаруашылығында селекциялық жұ­мыста басты көзделетін мақсат – мал­дың екі жыныстық тобының таңдаулары­нан, неғұрлым бағалыларынан әрі қарай өсіру үшін таңдау, әрі қойылған мақсатқа сай келмейтіндерін, жарамсыздыққа шы­ғару. Онда өсірілетін малдың тұқым қуалау негізіндегі өзгерістері арқылы тұқымның өнімділігін жақсарту және жетілдіру мәсе­лесі көзделеді. Селекция адам бақылауымен жүргізі­ле­тін құбылыс. Мұндай тұжырымның әділ­дігін қазақстандық селекционерлердің жұ­мы­сы да растайды. Қаракөл қойларымен ұзақ уақыт жүргізілген селекциялық жұ­мыс­тардың нәтижесінде тұқымда оның икемділігін және тұқым ішінде жетілдіру мүмкіндігін құру, жаңа елтірілік сапасы бар мал алу жолдары қалыптасты. Қолда бар құжаттардың негізінде арнайы жұптау, мұқият, әрі қатаң сұрыптау арқылы қаракөл қойларының жаңа зауыттық сүлелері шығарылды. Мал шаруашылығында селекцияның жетекші буыны сұрыптау болып саналады. Ол зоотехникалық әдіс ретінде, ең таң­даулы сұрыпталған жеке мал түрлерін барынша пайдалану арқылы оның белгілі бір аймақта селекциялық белгілерін гене­ти­калық жақсаруды қамтамасыз етеді. Сұ­рыптау селекцияның бастапқы кезеңі, одан кейін міндетті түрде жұптау тәсілін қол­дану қажет. Жұптау – белгілі бір сападағы ұрпақ алу үшін аталығы мен аналығын ш­а­ғылыстыру. Жұптаудағы мақсат – сұрыптау әсерін орнықтыру және шағылыс­ты­ры­ла­тын жұптардың үйлесімі негізінде, бастап­қы туыстық негізімен салыстырғанда, ұрпақ сапасын жақсартуға қол жеткізу. Селекциялық-асылдандыру жұмыста­рын­да сұрыптау мен жұптауды бірыңғай қарастыру қажет. Бұл орайда ескеретін жәйт, жұптау әрдайым сұрыптауды күшей­те­ді, ал соңғысы үнемі жұптауға бағыт­талады. Селекцияның негізгі міндеттері малды тұқымға сұрыптап өсіру кезеңінде жүзеге асырылады. Төл өсіргенде алдын ала сұ­рыптайды және жұптаумен аяқтайды. Осы­лайша, сұрыптау, жұптау және арнайы мақсатта өсіру селекцияның негізгі мәнін құрайды. Өз кезегінде селекция тиісті деңгейде азықтандырумен және күтіп-бағумен, қалыпты өсіп-жетілетін, дені сау мал өсіру кезінде жүзеге асырылуы тиіс. Малдың қолайлы шаруашылық – тектік белгілерін дамытуға арналған селекцияны ойдағыдай жүргізу үшін бастапқы зерттелетін тұқымды, оның генетикалық өзгер­гіштік деңгейін зерделеу, тұқымды және тұқымішілік саралауды бағалау қажет. Қазіргі кезде селекциялық жұмыстар­дың белгілі бір тәсілдері мен әдістерінің тәжірибелік негіздемесі бар. Қой шаруа­шылығында негізінен ең таңдаулы малдың ауруға төзімділігі секілді дәстүрлі әдістер­ді, сондай-ақ олардың жергілікті тектік қорларын талдауға байланысты мәселелер: сұрыптау және өнімі төмен малды мол өнімділерімен ауыстыру жолдары, тұқым­дық тектік (гендік) қор мүмкіндігін баға­лау; жаңа жоғары мал тобын құру және шығару, селекция үшін маңызды белгілерді бағалау, айрықша мол өнімді малды сақтау және пайдалану; ерекше мол өнімді малдың аталық тізбесін шығару және тектік қорларын талдау, көп тұқымды аталық тізбесі мен аналық ұясын шығару әдісі ғалымдардың басты міндеті. Ғылыми-зерттеулердің жиынтығы жаңа ойлардың пайда болуына, оны іс жүзіне асыру арқылы қойлардың өнімділігін арт­ты­руға ықпал етеді. Қазақстандағы қой шаруашылығымен айналысатын ғалымдар қойларды респу­б­ли­каның әр түрлі экологиялық аймақтарын­да өсірудің теориялық негіздерін; неғұрлым жетілдірілген селекциялық тәсілдерді және қазіргі зерттеу амалдарын пайдалана оты­рып, олардың тұқымдық бағалау әдістерін жетілдіру жолдарын әзірледі. Селекциялық асылдандыру ісі маман кадрларсыз тағы да төрт аяғынан тең басып кете алмайды. Бұл тұрғыда «Іс тетігін маман шешеді» деген ұран кез келген формацияда өз күшінде қала бермек. Өйткені, өндірістің бір тұтқасы солардың қолында. Ауылға мамандар қажет. Бізде ауыл шаруашылығының барлық түрі бар, бірақ зоотехник, агрономдар жоқтың қасы. Бай­лы­ғымыздың қайнар көзі – мал шаруа­шылығы және ауыл адамдары. Шүкір, әзір­ге ауыл адамының бәрі бірдей алыпсатар­лық жолға түсіп қалаға кеткен жоқ. Ескеретін бір жәйт, мал шаруашылығын жетік білетін ауыл адамдарының көбінің жасы ұлғайды. Ал, ауыл жастары болса еңбекке көндікпей жатып, ауылда жұмыссыз немесе кейбірі күнкөріс үшін қалада жүр. Бірақ үнемі осылай бола береді деп ойламаймыз. Заман түзелді. Елімізге білікті жұмысшы, мамандар, қарапайым шаруа, еңбеккерлер, мал шаруашылығымен айналысатын түйе­ші де, сиыршы да, жылқышы да, қойшы да қажет. Оларды дайындау үшін мемлекет тарапынан «Мал шаруашылығына қажетті мал мамандары мен малшылар дайындау және олардың тікелей төрт түлікпен айна­лысуын қамтамасыз ету» жөнінде бағдар­лама қабылдау керек. Бағдарламада ең басты мән беретін жағдай: ауыл жастарын мал бағуға қалыптастырып, ата кәсіпті өр­кендету жолында оларды баули тәрбие­лей отырып, бетбұрыс жасау. Мал шаруашы­лығы ғылымымен айналысқаннан соң, ауылда туып, ауыл өмірінен қазірге дейін қол үзбегеннен соң білетінім – ауылда әлі де болса төрт түлік малмен айналысуға құш­тар жастардың бар екендігі. Ауылдарда жастардың ауылшаруашылық өндіріс кооперативтерін құрып, оған мемлекеттен қаржы бөліп, ауылда тұратын төрт түлік малмен айналысуға ниет білдірген жас отбасыларға мал сатып алуына көмектесіп, қол ұшын берсе ауыл жастары әрі мал шаруашылығымен айналысар еді, әрі мал басымен оның өнімділігі көбейіп Қазақ­станның пайдаланылмай жатқан жайылым жерлері айналысқа түсіп, оны тиімді пайдалануға мүмкіндіктер туар еді. Қазіргі кезде қой шаруашылығында жеке меншік нысанына көшуде түбегейлі өз­ге­ріс болды. Малды күтіп-бағу, азықтан­дыру, өсіру және көбейту әдістері өзгерді. Осының барлығы жаңа жағдайда қойларды өсіруге арналған бірқатар шаралары тез арада жүргізуді қажет етеді. Қалыптасқан дәстүрлі технология бой­ын­ша, қой шаруашылығында негізгі өнді­рілетін ет жыл сайын жарамсыздыққа шы­ға­рылатын қошқарлар мен саулықтар (18-20%) және тұқымдық қошқар ретінде қал­дырылғаннан басқа тоқты қошқарлардан өндіріледі. Ғылымда зерттеліп және іс жүзінде дәлелденгені – қой қозыларын туылған жылы етке өткізу биологиялық тұрғыдан анағұрлым тиімді. Мұның өзі ет өндіруді едәуір ұлғайтуға, оның өзіндік құнын кемітуге, күтіп-бағу шығынын азайтуға, басқа жыныс-жас топтары қойларының жайылым өрісін босатуға ықпал етеді. Еркек тоқты­ларды қысқа қалдыру зоотехникалық тұр­ғы­д­ан қолайсыз, әрі экономикалық тұрғы­дан тиімсіз. Қысқа қарай қойлардың қосқан салмағы жұмсалған шығынды өтемейді. Қойларды жайылымда бағу жағдайында ең маңыздысы – бордақылауға қойылатын жә­не жайып семіртіп, кейіннен етке өткізіле­тін малдың жасын дұрыс таңдау. Қой өсіретін шаруаларға еттің эконо­ми­калық тиімділігін арттыруды қамтамасыз ететін қозы етін өндірудің ерекше маңызы бар. Алайда, қозы етін өндіру жеке үй ша­руасында болсын, фермерлер мен шаруа қожалықтарында болсын күні бүгінге дейін айтарлықтай кең таралмай отыр. Сапалы қозы етін Қазақстанның қой өсіретін бар­лық аймақтарында, барлық қой тұқымда­рынан едәуір мол өнім өндіруге болады және оның ғылыми негізі де, технологиясы да жасалған. Қой етін өндіруді арттырудың және оның сапасын жақсартудың маңызды ық­палы – сақа қойларды жайып семірте оты­рып бордақылау. Мәселен, жайылымдағы қойларды жайып семірте бордақылауды дұрыс ұйымдастырған жағдайда оның салмағын 50-60% көтеруге болады. Қой етін өндіруді арттыруда олардың табиғи төлдегіштігі зор әсер етеді. Егіз туатын саулықтардан ет шамамен 70% көп алынады, жалғыз төл беретін саулықтарға қарағанда, мұндай саулықтар азықты 30-35% жақсы пайдаланады. Сонымен қоса, егіз төл алғанда мал басын тез көбейтуге, сондай-ақ ет өндіруді ғана емес, жүнді, қой терісін өндіруді арттыруға мүмкіндік береді. Қойдың ет өнімділігін жақсартудың нақты мүмкіндіктерінің бірі – тұқымаралық будандастыру, өйткені будан қойларда будандық күш (гетерозистік) қасиеті пайда болғандықтан, олар тез өсіп-жетілетін­ді­гімен, жақсы бордақыланатындығымен, салмағын көбірек қосатындығымен, әрі сойыс шығымдылығымен, өнім шығынын жақсы өтейтіндігімен ерекшеленеді. Әрине, бұл тәсілді тек кәрі саулық­тарды басқа тұқымдағы қошқарлармен ша­ғылыстыруда пайдалануға болады. Өйт­кені, кәрі саулықтан алынған қозы да етке өткізіледі. Ал – жалпы болашақ пайда­лануға қозы алынатын саулықтарды тек сол тұқымдағы асыл тұқымды қошқарлармен шағылыстыру керек. Төрт түлік малды жайып семіртуде Оң­түстік Қазақстан облысы Созақ ауданының кеңестік кезеңдегі тәжірибесін қазір кең көлемде пайдалануға болады. Созақтық­тардың мал бағу әдісі негізінен ата-бабадан келе жатқан төрт мезгілдің жайылымдарын тиімді пайдалануға негізделген. Мал қыс мезгілінде Мойынқұмда, көктемде Қаратау бөктерінде, ал жаз бойы Бетпақдалада өсіріледі. Көктем айларында тау бөктерінде қой қоздатқан шопандар жаздан сонау қоңыр күзге дейін Бетпақдаланың жайылы­мын тиімді пайдалана отырып, қойларын барынша семіртіп, күзгі қашырымда Шу өзені бойына өрлетсе, ал қошқар қозы­ларды енесінен бөлген бойы шілде айында 28-30 кг салмақта етке өткізеді. Тіпті етке өткізілетін кәрі саулықта, кәрі қошқарда қоңдылығы жоғары деңгейге жетіп, етке жоғары салмақта өткізіледі. Қазақстанда қой шаруашылығын өркен­детіп, қой санын арттырып, оның етін өн­діру жөніндегі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоба­сын орындауға толық мүмкіншіліктер бар. Қой шаруашылығын дұрыс жүргізу арқылы Қазақстанда қазірдің өзінде 1,5-2,0 миллионнан астам қозыны туылған жылы етке өткізіп, одан 25 мың тоннадан астам ет өндіруге болады. Бұл ет өндірудегі үлкен резервтердің бірі. Жалпы, қой етін өндірудің өзіндік құны сиыр мен шошқа етін өндіруге қарағанда, едәуір төмен және ол қой өнімдерінің әр түрлі болуына байланысты. Егер қойдан алынатын өнімдерді (ет, май, жүн, тері, тіпті сүт) өндіруді үлкен білгірлікпен жүргізе білсе, қой шаруашылығынан шаруа айтар­лықтай табыс алған болар еді. Кең байтақ Қазақстан жерінің жайы­лым жерлерінің мол болуы, мал бағудағы шопан­дарымыздың, түптеп келгенде хал­қы­мыз­дың бай тәжірибесі, мамандар мен ғалым­дардың осы бағыттағы мақсатты жұ­мыс­тары қой шаруашылығын тиімді салаға айналдыра отырып, оны өркендетуге мүм­кіндік берері сөзсіз. Олай болса, ата кә­сі­бі­міз – қой шаруашылығын қолға алып, жай­ы­лымдық жерлерімізді тиімді пайдаланайық! Әбдірахман ОМБАЕВ, Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдары­ның докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.