• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2011

Ұлт ұлағатының жаршысы

1746 рет
көрсетілді

Профессор М.Қо­зы­баев сонау 70-жылдар­дың басында-ақ респуб­лика­дағы қоғамдық пікірді қалыптастыруға ықпал ететін ғалымдардың алдыңғы қатарынан көрінді. Сол кезеңнің өзінде-ақ ол Орта Азия мен Қазақстан, Кавказ тарихшыларының басын қосып, Ресей­дің отаршылдық саясатын талдап, ұлт-азаттық қозғалысының ортақ заңды­лықтарын ашты. Оларды әлемдік ұлт-азаттық қозғалысының құрамды бөлігін­де қарауды ұсынды. Тарихшылардың алқалы жиынында орыстың отаршыл саясатының түп тамыры қайда жатқанын батыл айта білді. Иә, бұл ұлтжанды қазақ зиялылары­ның күні әлі оңынан тумаған кез еді. Ұлт тарихы кешегі тәуелсіздікке дейін орыс империясының, одан қалды, жеке басқа табыну идеологиясының қанды шеңге­лінен шыға алмады. Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалысының ақи­қатын айтамын деп есіл ер Ермахан Бекмаханов итжеккенге айдалса, ғұлама-ғалымдар, Мәкеңнің ұстаздары Әлкей Марғұлан, Ақай Нүсіпбеков, Сақтаған Бәйішев, т.б. ағаларымыз өз ойларын ашық айта алмай дүниеден өтті. Біз олардың көзін көрдік. Кездескенде олар бізге бір жұмбақ адамдай көрінетін. Олардың ізбасары М.Қозыбаевқа да тоталитаризмнің шарпуы тимей қалған жоқ. 1973 жылы Мәкеңнің Зоя Голиковамен бірлесіп жазған «Золотой фонд партии» атты еңбегі тұтқындалып, Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің үкі­мімен отқа жағылды. Жазығы – сол кездегі Қазақстандағы кадр даярлау, өсіру, қызметке тағайындау принциптерінің ора­сан зор бұрмалаушылығының бет-пердесін ашып, ашық айтқандары. Жа­зығы – тарихқа қиянат жасамағаны, ақиқаттан алыс кете алмағаны. Осындай жағдайлар көп жылдар бойы Мәкеңнің ғылыми ізденіс аясын тарылтып, оның азаматтық өсу жолына үлкен тосқауыл болғаны да рас. Сөйтіп жүргенде, ғасырлар бойы ар­мандаған тәуелсіздіктің таңы атты, та­рих­шылардың жұлдызды сәті туды, Мәкең­нің екінші тынысы ашылды. Ол өз әріптестерімен бірге қолына қаламын алып, үйдегі-түздегі архивті ақтарып, өткен ақтаңдақтар ізіне түсті. Сөйтіп, «Алаш – алаш болғалы, Алаш атқа мінгелі, ала шұбар ту байлап, Алашқа ұран бергелі Әлім еді ағасы» – деп Мұрат Мөңкеұлы айтқандай, Манаш Қабашұлы ел тарихшыларының ноқта ағасы ретінде көш бастай жөнелді. Шындығына келсек, тарих ғылымы­ның ешуақытта «алтын ғасыры» болған емес. Өйткені, әрқашанда ол өз за­манының саясаткерлерінің, басшыла­ры­ның ықпалында болды. Дегенмен, өз кезеңімізді, өз еліміздегі соңғы 20 жылды алсақ, бұл ешкімге жалтақтамай, өзіміз­дің елдігімізді қайта танып жатқан, өткен жолдарымызды, жинаған рухани қазы­наларымызды ой сарабынан өткізіп, халық назарына қайта ұсынып жатқан заман. Қазақ елін, оның рухын, өркениетін, тапқанын, жоғалтқанын жан-жақты зерттеуге бұдан бұрын мұндай мүмкіндік, еркіндік, кеңшілік болған жоқ. Осындай рухани жаңғыру процесін бастап, оған белсене қатысып жүрген Елбасы Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздікті тарихи тұрғыдан негіздеу керектігін жан-тәнімен түсінді, тарихшылар ізденісіне жол ашып, өзі көш бастады, мүмкіндік туғызды. Осының арқасында ұлттық тарихи сана тәрбиесін негіздеу күн тәр­тібіне қойылды. Осы реттен де Нұрсұл­тан Әбішұлы «Тарих толқынында» атты еңбегінде қазақ мәдениеті мен өткен тарихымыз хақында соны және терең пікірлерін ел назарына ұсынды. Көптеген елдерден және өз тарихымыздан қазақтар туралы жазба деректерді молынан жиюға арналған кең көлемді «Мәдени мұра» бағдарламасы дүниеге келді және ол орындалу үстінде. Міне, осының бәрін ескере отырып, біздің қазіргі кезеңіміз тарих ғылымы үшін алтын ғасыр демесек те, оның жұл­дызы жанған жылдар деп толығынан ай­туымызға болады. Осы тұста тәуелсіз­діктің алғашқы онжылдығында тарих­шылар әулетіне көсемдік еткен Мәкең отантану ғылымының жаңа концеп­циясын жасауға кірісті. Мәкеңнің зерт­теу­лері негізінде Қазақстанның Ресейдің отарына айналу процесі қазақ халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан қайта қа­ралды, еліміздегі ұлт-азаттық қозғалыс­тардың жаңа концепциясы жасалынды, Кеңес Одағы кезіндегі саяси қуғын-сүргін тарихы зерттелді, оның құрбан­дары ақталды. Ауылдарды күштеп ұжымдастыру мен қазақ шаруаларын зорлап отырық­шы­ландыру тарихы мен оның қасіретінің салдарлары ашық айтылды. Ұлы Отан соғысы зардабының бұрын айтуға да, жазуға да болмайтын тұстары жария болды, Қазақстанның тарихнамасы жаңа тұрғыдан зерделенді. Тарихшы қауым Алаш деген сөзден үркіп-қорқып, ат-тонын ала қашқан кезде: «Алаш – қазақ халқы деген ұғым. Алаш – еліміздің ежелгі аты. Ол ғасыр­­дың басындағы ұлттық сананың өсу процесінің құрамдас бөлігі», – деп алғаш айтқан Мәкең болды. Қазақстан тарихна­масында Мәкең бірінші болып «халқы­мыз қараңғы еді, мәдениеті төмен, сорлы еді» деген тезиске қарсы шықты. «Дала этикасы – ол тағылар этикасы емес» деді Мәкең. «Ол көшпенділер өркениетінің этикасы. Ол – он үште ұлды ұлан етіп жеткізген, он алтыда қызды бұлаңдатып бойжеткізген халықтың этикасы. Ол – сұлулықты, батырлықты, парасаттылықты төбесіне көтерген халықтың этикасы». Академик М.Қозыбаев Ермактың тексіз, баукеспе қарақшы екендігін, Ресей шіркеуінің Ермактан әулие жасауының арамзалығын, Ресей империясының отар­шы­лық саясатының түп негізін жан-жақты ашты. Мәкеңнің қаламынан туған «Ашар­шылық ақиқаты», «Казахстанская трагедия», «Жауға шаптым ту байлап», «Ермак: аңыз бен ақиқат», «История и современность», «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Тарих зердесі» (екі кітап), «Дала өркениеті және қазақ халқы», «Қазақстан на рубеже веков: размышления и поиски» (екі кітап), тағы басқа көптеген туындылары халықты тарихқа жақындатып, ұлттық тарих ғы­лымының бас-аяғын жинап, бағытын ай­қындап, қалың оқырманның тарихи сана­сының шыңдалуына зор үлесін қосты. Сөй­тіп, Манаш Қабашұлы шын мәнінде халық перзентіне айналды. Академиктің тәуелсіздік тұсында жарық көрген еңбек­тері осыған дейінгі 33 жыл бойы жария­ланған зерттеулерінен сапа мен мазмұн тұрғысынан да, сан жағынан да асып түсті. Сондықтан да оны егемендіктің, рухани жаңғыруымыздың жаршысы десек, бұл Мәкеңе берілген әділ баға екеніне ешкімнің дауы жоқ. Осы еңбектері баға­ланып, ғылым саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Николай Михайлович Карамзин «История Российского государства» деген кө­лем­ді еңбегін жазып бітіргенде, оны «Колумб Российской истории» деп марапат­таған екен десек, академик Қозыбаев өзінің 50 жыл бойғы ғылыми өмірінде 800-ден астам еңбек жазып, тарихымыздың бұрын ашылмаған қатпар-қатпар қойнау­ларын ашып, ел назарына ұсынды. Әсі­ресе, тәуелсіздік заманындағы жаңа тарих біздің елдігімізді дүние жүзіне жария етті. Ендеше, осындай ерен еңбектің иесі және де тарихшыларымыздың көшбасшысы академик М.Қозыбаевты «Қазақ тарихының Колумбы» десек, оның себебі мен дәлелі молынан бар деп ойлаймын. Әрине, мұн­дай дәрежеге жетуіне Мәкеңнен бұрынғы тарихшы ағаларымыздың да шығарма­шылық дайындығы молынан бар еді, бірақ кеңестік идеологиялық құрсау оларға мүм­кіндік бермеді. Төл тарихымыздың ақиқа­тына көшуге тек тәуелсіздік тұсында ғана мүмкіндік туды. Бірнеше ғасырда бір рет қана келетін бұндай мүмкіндікті Мәкең сияқты аса дарынды ғалым толығынан пай­далана білді. Тек қана Мәкең емес, Өзбекәлі Жәнібеков, Кеңес Нұрпейіс, Мә­лік Асылбеков, Мәмбет Қойгелдиев, Жан­ұзақ Қасымбаев, Карл Байпақов, Хангелді Әбжанов, тағы басқа да көрнекті тарихшы ғалымдар осы жаңару, жаңғыру үрдісіне өздерінің үлкен үлесін қосты, әлі де қосуда. Біз осыған дейін ғалым-тарихшы ретінде Манаш Қабашұлы туралы әңгіме қозғасақ, енді оның талантының екінші бір қыры, яғни жалынды публицист, жанкешті қайраткерлігі туралы айтпай кетуге бол­майды. Мәкең тек қана тарих мәселелері емес, еліміздің бүгінгі өмірінің өзекті проблемалары туралы өткір де ұтымды ой айтқан ғалым – публицист. Мынау жаңа заманның бірде-бір құбылысы, олардың шарапаты мен қайшылығы, болмаса ха­лық­қа тигізген зардабы Мәкеңнің назары­нан тыс қалған жоқ деуге болады. Әсіресе, тәуелсіздіктің елең-алаңындағы экономи­ка­лық, әлеуметтік реформалардың ажары мен көлеңкесі, жаңа үрдіске ілесе алмай берекесі кеткен зиялы қауым, көзді ашып-жұм­ғанша алдындағы малынан, істеген кәсібінен айырылған қазақ ауылының ауыр халі, кедейшіліктен өрісі тарылған ғылым мен білімнің жағдайы туралы, рухани азғындықтың өрістеп келе жатқаны сияқты бүгінгі тіршілігіміздің елеулі кемшіліктері жайлы санаға сіңімді, жүрекке қонымды мысалдармен жеріне жеткізе жазып та, айтып та жүрді. Оның айтқан өткір пікірлері көпшілікті елең еткізбей қоймады, сондықтан да Мәкеңді қалың жұртшылық ұлт ұлағатының жаршысы ретінде, та­банды қоғам қайраткері ретінде жақсы білді. Сондықтан да оның жалынды, өткір пуб­лицистикасы оқырманның сезімін сергітіп, ойын оятты. Иә, оның қуатты сөзі еліміздің тәуелсіздігін сақтап, нығайта беруге жұртты құштарландыра, белсендіре түсуге жетеледі. Ендеше, Мәкеңді Елбасы Н.Ә.Назарбаев жүргізген мемлекеттік сая­саттың, егемен­діктің жаршысы, белсене қол­­­даушысы болды деуге толық негізіміз бар. Публицистиканың бастауы, оның жа­лынды болуы шешендік, көсемсөздік шеберлікпен байланысты екені баршамызға мәлім. Көсемсөздік шеберліктің негізінде туған публицистика қай кезеңде болса да ойыңды тербетіп, санаңды өткірлейтін, ұрпақ­тан ұрпаққа жететін бағасы жоқ мұра. Сондықтан да сонау ықы­лым заманнан бері Демосфен мен Цицеронның, олардан кейінгі Вольтер, Руссо, Дидроның, өз ұлты­мыздың даналары Бұхар жыраудың, Ахмет Байтұсынов пен Әлихан Бөкейхановтың ұтым­ды да өткір, сыры терең нақыл сөздері баршамыздың ортақ мұрамыз болып келе жатқан жоқ па. Бүгінгі заманда Ғабит Мү­сіреповтің, Зейнолла Қабдолов­тың, Әбіш Кекілбайұлының, Манаш Қабашұлының көсемсөздің майталман шеберлері екендігіне ешкім шек келтірмейді. Сондықтан да олардың еңбегі тек қана біздің емес, келешек ұрпақтың құрметіне де әбден лайық. Манаш Қабашұлы жоғарыда айтқаны­мыздай, академиялық ғылымның сардарла­рының бірі емес, бірегейі. Мәкең қоғам­тану ғылымының туын ұстаған академиктер Салық Зиманов, Әбдуали Қайдаров, Серік Қирабаев, т.б. ағаларымен бірге, Канекең – Қаныш Сәтбаев жасақтаған ғылымдағы ұлы шоғырдың жалғасы іспетті, даналар құрған академия шаңырағын жанымен, арымен қорғаған ғалым. Сондай-ақ ол Қаныш Сәтбаевтың мұрасын түген­деуге қомақты үлесін қосып кетті. Манаш Қабашұлының ғұмырнама сала­сындағы елеулі еңбегін де айтуымыз керек. Ғалым дала өркениетінің шежірешісі Мырза Мұхамед Хайдар Дулати, ортаға­сырлық түркі жазба тарихының көрнекті өкілі Қадырғали бек Жалайыр, Тұран өлкесінің перзенті Жалаңтөс, Исатай, Махамбет, Хан Кене, Шақшақ Жәнібек, Қарасай батыр сияқты қазақ халқының тұғырлы тұлғалары туралы ауқымды пікірлер айта білді. Кешегі Алаш қозғалысы, оның көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, өткендегі зұлмат заман­ның құрбаны болған ұлт перзенттері Смағұл Садуақасов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов туралы көлемді мақалалар жариялады. Өз көзімен көрген аяулы ағалары, біртуар азаматтар Мұхтар Әуезов, Ермахан Бекмаханов, Ілияс Омаров, Шаһмардан Есенов, Өзбекәлі Жәнібеков сияқты жалпы саны жүзге жуық қазақ зиялыларының бейнелерін жасап, олардың тарихтағы орнын анық­тап, тұғырына қондыруға ерекше атсалыс­қан да Манаш Қабашұлы. Бұны біз қазақ зиялыларының ғұмырнамасын зерттеудегі жаңа сөз, ұлттық зиялы қауымның ғылыми тарихын жасаудағы Манаш Қозыбаевтың қосқан дербес үлесі деуіміз дұрыс. Осы ғұмырнамаға байланысты Манаш Қабашұлының орындай алмай кеткен арманын, осы саладағы ол көрсеткен кейбір кемшіліктерді де айтпай кетуге бол­майды. «Біз қазақ зиялыларының жалпы тарихын жазар белеске келіп қойдық. Зиялы қауым – ұлттың ұйтқысы. Ол барша халықты қоса да, ыдырата алады. Қазақ зиялылары тарихы шын мәнінде ұлт тарихы екендігін айтқан орынды. Сон­дықтан зиялы қауым кім, ол қай заманда жеке тап болып немесе топ болып қалыптасты, қандай кезеңдерді басынан кешірді, қазақ зиялыларының өркениетке қосқан үлесі қандай? – деген сияқты келелі сауалдарға жауап беруіміз керек. Бұл үшін зиялы қауым тарихымен айналысар жас, албырт буын тәрбиелеуіміз керек» дейтін еді Мәкең. Ғалымның осы арманын орындаудың бүгінгі таңда да маңызы зор, бұл тарихшылар қауымының келешектегі үлкен бір міндеті десек болады. Өлім – екі түрлі. Бірі – табиғи өлім. Екіншісі – рухани өлім. Біздің мақсаты­мыз, шын мәніндегі тарихи тұлғаларды рухани өлтірмеу. Сондықтан да тарихшы шындықтың құлы, ардың пірі болуы керек. Осыларды айта келе, Мәкең ғұмырнама жанрында етек жайып бара жатқан, өз сөзімен айтқанда «қазақшылық сарынға» қатты қиналатын еді. «Ғұмырнамада қазақтық және қазақшы­лық сарын қатар орын алып келеді. Қазақ­тық дегеніміз – ұлттық қасиет, ұлттың менталитетін, ата-салтын, дәстүрін ұстауға, дамытуға, насихаттауға бағытталған патриоттық сезім, іс-әрекет. Ал қазақ­шылық дегеніміз – ұлттық қасиетті бұрмалау, оған шылықты қосу, бы­ла­пыттау, қазақтықты басқа халықтар есебінен өсіремін деп лепіру, басқаша айтқанда, қазақтыққа ұлтшылдық сарын беру, тап, ру, тайпа территориясымен шектелген патриотизмнің сепаратизмге ұласуы. Бұл өте қауіпті үрдіс» деп тебіренетін еді Манаш Қабашұлы. Атақты тарихшының осы бір ескертулерін де жадымыздан шығармағанымыз жөн. Мәкең – ұлағатты ұстаз еді. Артына ерген ормандай шәкірттерінің ішінде 90-ға жуық ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары бар. Мәкеңнің сөзімен айт­қанда, ұстаз шәкірттің рухани әкесі. Көптеген жастарға Мәкең осындай рухани әке бола білді. Аз ғана жылдар ішінде тәуелсіз Қазақстан тарихының күрделі проблемаларын зерттейтін ғылыми мектеп бой көтерді. Ғалымның көптеген шәкірттері биік лауазым иелері, олардың ішінде шетел азаматтары да баршылық. Манаш Қозыбаевтың шебер ұйымдас­тырушылық қабілетін де айтуымыз керек. Академиктің бұл қыры оның өзі қызмет істеген ұжымдарда, әсіресе Шоқан Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология институтын көп жылдар басқару ісінде, еліміздегі белгілі қоғамтанушылардың басын қосып, Қазақстанның жаңа бес томдық академиялық тарихын жасау ісіне жұмылдыра білуінен айқын көрінді. Бүгін осы бес томдық тарих университет студенттері үшін негізгі оқу құралы болып отыр. Жоғарыда Манаш Қабашұлы мемлекет және қоғам қайраткері дедік. Респуб­лика Жоғары Кеңесінің депутаты болып жүріп Егемендік, Тәуелсіздік, Азаматтық туралы заңдарды әзірлеуге белсене атса­лысты. «Жаппай қуғын-сүргін құрбан­дарын ақтау» туралы заңның жобасын ұсынды, тұңғыш Ата Заңымыздың жо­басын жасаушылар тобында болды, Президенттің қасындағы мемлекеттік сая­сат туралы ұлттық кеңестің, тағы да басқа гуманитарлық өзекті мәселелерге байла­нысты көптеген комиссиялардың мүшесі болды. Иә, тәуелсіздіктің алғаш­қы 10 жылы ішінде республика кө­лемін­дегі саяси-қоғамдық мәні бар оқиғалар Мә­кең­нің белсене қатысуымен өтіп жүр­ді. Тарихи-ағартушы «Әділет» қоғамы­ның президенті Манаш Қабаш­ұлы Қасі­рет кітабын, репрессия құрбан­дарына ескерткіш орнату ісін басқарды. Мә­кеңнің басшылығымен елімізде жаңа тарихи сананы қалыптастырудың кон­цеп­­циясы жасалды. Қорыта айтқанда, Манаш Қа­баш­ұлы ғалым-тарихшы ғана емес, көр­некті қоғам қайраткері, тәуелсізді­гімізді нығайтуға атсалысқан белгілі саясаткер. Оның қайраткерлігі, азаматтық келбеті алыстан бой көрсетіп тұрды. Қоғамдағы зор еңбегі үшін Мәкеңе республика Президентінің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығы берілді. Мәкеңнің жары Сара Пішенбайқызы 40 жылдан аса уақыт жоғары мектептің майталман ұстазы бола тұра, жарының ұшан-теңіз еңбегінің қамқоршысы да, қолдаушысы да, тірегі де бола білді. Қозыбаевтар әулетінен өрбіген Ілияс, Гүлшат ғылымда әке жолын қуып келе жатқан өскелең азаматтар. Сұхбат кезінде бір ағайын Мәкеңе: «сіз немерелеріңіздің бәрін де жақсы көресіз. Дегенмен солар­дың қайсысы сіз үшін ерекше ыстық?» деп сұрақ қойғанда: «Мен олардың бәрін де сүйемін. Әрқайсысының орны бөлек. Ардақ – тұңғыш жиен немерем, Ақботам – өз немерелерімнің алды. Ардақ пен екеу­ін бөле алмаймын. Ақеркемнің жаны нәзік, Айдын – ақылды тентек, ал Алмас болса ерке, әзірше кенжетай, бауырымда. Оның қылығы елжіретпей қоймайды» деген екен ол өз жауабында. Бір айта кететін жәйт, бүгінгі таңда да Мәкеңнің әулеті өсіп-өніп, көбейіп отыр. Ақботасының шаңырақ құрғанын әттең, атасы көре алмады. Манаш Қабашұлы зор парасат иесі болатын. Жайма-шуақ жаны бар, таза сақталған ары бар, ұлтын сүйген қызу қаны бар Манаш ағамыз айналасына жақсылықтың нұрын шашып, маңайына ізгіліктің сәулесін төгетін еді. Осындай сегіз қырлы, бір сырлы, есімі шартарапқа жайылған Манаш Қабашұлы­ның өз заманындағы, өз қоғамындағы алған орнын бір ауыз сөзбен-ақ айқын­дауға болады. Ол – тұлға, ерекше тұлға. Мәкеңнің өз сөзімен айтқанда, тұлға дегеніміз – интеллект, ақыл, парасат иесі. Ол өткірлігімен, тапқырлығымен, қажымас күш-қайратымен, басқаша айтқанда, кө­сем­дігімен, шешендігімен, әділдігімен, өз мүддесін ұлт мүддесіне ұштастырумен, ұлтжандылығымен ерекшеленген жан. Осы ізгі қасиеттердің бәрі Мәкеңнің бойында болды, мұндай тұлғалар күнде туа бермейді. Осы мақаланың авторы үшін де Манаш Қабашұлының орны бөлек еді. Жас күнімнен соңына ертіп, даналығы мен парасатын аямай, азамат болуыма өлшеу­сіз үлес қосқан ағам еді. Сондықтан да оның есімі біздің жүрегімізде мәңгілік сақталады. Академик Қозыбаев артына ешқашан ескірмейтін және өшпейтін ескерткіш қалдырды. Ол – Мәкеңнің тарихтың қат­пар-қатпар қойнауларын ашуға арналған еңбектері, ол – ұлт өркениетін, өскелең ұрпақтың тарихи санасын шыңдауға арналған туындылары, ол – ұшқыр да өткір қаламынан туған еліне, Ота­нына деген абзал ниеті, арман-тілектері. Сондықтан да оның есімі елдің аузында болса, өш­пес орны – тарихта. Кенжеғали САҒАДИЕВ, академик.