• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2011

Қазақ мұнайының қайнары қуатты

524 рет
көрсетілді

Жер қойнауындағы зерттелген мұнай қоры бойынша Қа­зақ­стан дүние жүзінде тоғы­зын­шы орынды иеленіп, мұнайлы державалардың қатарына қо­сыл­ды. Бұл біздің Елбасы­мыз­дың тәуелсіздік жылдарындағы көрегендік саясатының арқа­сын­да іске асқан зор жетіс­тік­тердің бірі. Осы орайда елі­міз­дің тәжірибелі кәсіби мұнай­шы­ларының бірі Ұзақбай Қара­балин­мен сұхбаттасып, әлем­дік сахнада салиқалы салмағы бар Қазақстан мұнай және газ сала­сын игерудегі қиындықтар мен қолданып жатқан ерекше техноло­гия­лар туралы ой бөліскен едік. – Сіз өзіңіздің еңбек жолыңызды бастаған сонау жетпісінші жылдардан бері еліміздің мұнай және газ са­ла­сы­ның технологиясын жетілдіріп, осы са­ланың ғылыми әлеуетін арттыруға өзіндік үлес қосып келесіз. Осы салада жүзеге асқан бірегей өзге­ріс­тердің ортасында жүрсіз. Сондықтан, өзіңіз куә болған кезеңдегі үлкен жетістіктер, технологиялар туралы ай­тып өтсеңіз. – Каспий аймағы ойпатындағы негізгі ірі кеніштер үлкен тереңдікте жатқан тұз қабаты астындағы кен орындары болып саналады. Мұндай қазба бай­лық­тары қалыңдығы бірнеше метрден бірнеше шақырымға дейін жететін орасан зор тұз қабатының астында орналас­қан­дық­тан оларды игеру үшін жаңа бұр­ғы­лау технологияларын пайдалануға тура келді. Мысалы, Шұбарқұдық кенішіндегі тұз қабаты кейбір жерлерде 4,5 шақы­рымға дейін жетеді. Қара алтын қоры нақ осындай тұз қабатының астында шоғырланған. Сондықтан, тұз қабатын тесіп өтіп, ұңғыма құрылысын жүргізу арнайы зерттеулерді қажет етті. Сол бір кезеңде мен ҚазҒЗГБ инс­ти­ту­тында директордың бұрғылау сала­сын­дағы ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары Олег Константинович Ан­гело­пулоның жетекшілігімен жұмыс істедім. Ол кісінің басшылығымен магний гидрогелі атты бұрғылау жуғыш сұйы­қ­тар­ды пайдалану жүйесі қолданыла бас­тады. Бұл магний гидрогелі жоғарыда айтқан тұз қабаттарынан өту кезінде ерекше тиімділік берді. Алайда, бұл бұрғылау сұйықтығы барлық проблема­лар­ды бірден шеше алмады. Сондықтан біздің ұжым осы сұйық ерітіндісіне қосатын адгезионды кальматант атты қоспа ойлап тапты және осы қоспа қо­сылған жуғыш ерітіндіні тау жыныс­та­ры­нан өткен кезде олардың ылғал­да­нуын азайтуға мүмкіншілік берді. Со­ның арқасында, кедергісіз ұңғыларды терең бұрғылауға жағдай жасады. Осын­дай технологиялардың пайда болуына мен де атсалыстым. Бұл ұсыныс өнер­тап­қыштық деп танылып, жоғары бағаға ие болды. Соның нәтижесінде біз, яғни осы өнертапқыштық ұсыныстың автор­лары бүкілодақтық патент бюросының куәлігіне ие болдық. – Мұндай ғылыми әдіс қандай кен орындарында қолданылды? – Біз Қарашығанақ кенішінде де осындай құймаларды пайдалану арқылы терең бұрғылауға жағдай туғыздық. Мәселен, Манаш атты барлау алаңында ұңғының тереңдігі 6 мың метрге дейін жетті. Сондай-ақ Айыршағыл, Шолқара, Үлкен төбе, Тортай, тағы басқа көптеген барлау аймақтарында да осы әдісті қолдану арқылы терең ұңғылар қазыл­ды. Бір айта кететін мәселе, геология­лық барлау жұмысы үнемі кен орнын ашумен аяқталмайды. Жалпы, әлемдік тәжірибеде үш ұңғыманың біреуі кен орнын ашатын болса, онда ол үлкен жетістік болып саналады. Сондықтан біз­дің де үлкен тереңдіктерге қазылған ұңғыларымыздың бәрі кен орнын ашқан жоқ. Алайда, олардың барлығы дерлік жер қойнауының геологиялық сипатын, ерекшелігін, химиялық және петро­графиялық құрамын зерттеуде ғылым үшін таптырмас құнды ақпарат беретін. – Тәуелсіздік алған алғашқы жыл­дары ел экономикасы күрделі жағ­дай­ға тап болды. Сол кезеңде еліміздің мұнай-газ саласына ірі шетелдік инвестициялар тартылды. Сіз сол кезде осы бір тарихи шаралардың басы-қа­сын­да болдыңыз. Еліміздің экономи­ка­сын дамытуға серпін берген ірі жобалар туралы айтып өтсеңіз? – Қазақстан алғаш тәуелсіздікке қол жеткізген жылдарда мұнай және газ саласының тұрақты дамуы Елбасының ерекше назарында болды. Мен ол кезде Мұнай және газ министрлігінде жұмыс істейтін едім. Сондықтан осы салаға инвестициялар тарту үшін атқарған Елба­сы­ның зор еңбегінің куәгері болдым десем, қателеспеспін. Министрлік Елба­сы­ның тапсырмасын іске асыру үшін алғашқы жылдары Қарашығанақ, Теңіз кен орындарына инвесторлар тарту мәселесімен шұғылданды. Сол кезеңдегі ең өзекті мәселенің бірі, Мемлекет бас­шысының тікелей тапсырмасымен дай­ын­далған «Мұнай туралы» заң еді. Алғашқы шетелдік инвесторлармен келссөздер жүргізу барысында инвес­ти­циялық компаниялар Қазақстанда нені қажет ететіндігін алғаш түсіне баста­дық. Бұл инвестициялар еліміз үшін қан­дай пайда беретінін, еліміз инвес­тор­ларға қаншалықты кепілдік беру керек екендігін ұғындық. Міне, осы саладағы алғашқы қадамдарымыз аса маңызды болды. Сонымен бірге, бұл қадамдар уа­қыт салмағымен шыңдалған дұрыс шешімдер еді. Отандық экономикамыздың бойына қан жүгірткен негізгі жобалар – бұл әрине, орасан ірі жобалар: Қара­шы­ға­нақ, Теңіз және соңғы он жылда жү­зеге асырыла бастаған Қашаған жоба­ла­ры еді. Бұл жобалар біріншіден, біздің елімізге миллиардтаған доллар инвестиция тартуға мүмкіндік берсе, екіншіден, осы жобалар арқылы біздің маман­дары­мызды жұмысқа тартып, тәжірибе шың­дауға жағдай жасалынды. Кен орындарының дамуына бағыт­тал­ған жұмыстарда тек бір ғана Қара­шығанақта 6 мыңнан астам адам, ал Теңіз кен орнында 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Олар жаңа жағдайда жұмыс істеп, тәжірибе жинақ­тау­да. Біздің мамандар халықаралық дә­режеде кәсіби шеберлікті игерді. Міне, осының бәрі бұрын біздің түсімізге де кірмеген жаңа сапалық жетістіктерге же­туімізге ықпал етті. Сонымен бірге, елі­мізге келген орасан зор инвестициялар мемлекеттік бюджетті толықтырып, егемендігімізді нығайтуға айтулы үлес қосуда. Айта кететін бір мәселе, мұнай және газ саласындағы ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарының көпшілігі бұрын шетелдерде жүргізілсе, енді тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін бұл саладағы ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарын өзіміз жүргізе бастадық. Бұның өзі мұнай және газ саласындағы кадрлардың халық­ара­лық деңгейде жұмыс істей баста­ға­ны­ның айқын дәлелі. – Амангелді газ кенішінің ашы­лу­ы­­на қандай жағдайлар себеп болды? – Амангелді кен орны – бұл Үкі­меттің тапсырмасымен іске асырылған әлеуметтік маңызы зор жобалардың бірі еді. Кеңестік дәуірде Қазақстанды газбен қамтамасыз ету Өзбекстан арқылы жүзеге асырылатын. Алайда, мемлекеттеріміз тәуелсіздік алғаннан бастап, екі ел арасында жаңа қарым-қатынастар пайда болды. Бұл ретте жұмыс тобына жүктелетін жауапкершілік орасан зор еді. Басты мақсаттардың бірі – газбен қамтамасыз ету саласында қауіпсіздікке қол жеткізу болды. Егемендіктің алғаш­қы жылдарынан-ақ бұл тығырықтан шығу жолын іздедік. Халқымыз үшін бұл жобаның әлеуметтік маңыздылығы соншалық, кен орнының ашылу салта­натына Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың өзі қатысып, сәттілік тіледі. – Ұзақбай Сүлейменұлы, Сіз бірнеше жыл бойы «ҚазМұнайГаз» АҚ-ты басқардыңыз. Осы жылдарда «Қаз­Мұ­найГаз» әлемдік ірі компания­лар­дың дәрежесіне көтеріліп, елімізде мұ­най және конденсат өндіру мөлшері есе­лей артты. «ҚазМұнайГаздың» осы даму жолы және болашағы ту­ра­лы не айтасыз? – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания­сын басқарған жылдарда бірқатар ма­ңыз­ды шаралар жүзеге асырылды. Ең ал­дымен, мұнай және конденсант өнді­ру­дің орташа жылдық 7 пайыз өсімі қам­­тамасыз етілді. Бұл кезде әлемдік орта өсім 2 пайыз көлемінде болатын. Ком­па­нияның мемлекеттік бюджетіне ауда­ра­тын табысының көлемі 3 есе артты. Осы жылдар ішінде компаниямыз халық­ара­лық мұнай рыногы субъектілерінің ішіндегі маңызды құрылымдардың біріне айналды. «Петро Қазақстан», «Қаз­гер­мұнай» сияқты мұнай өндіретін жеке меншік компаниялардың маңызды үлес­те­рін мемлекеттік бақылауға алу шаралары негізінде мұнай-газ кеніштерін мемлекет иелігіне қайтару жұмыс­тары жүргізілді. Бұл үрдіс кейінгі уа­қытта да жалғасуда. «ҚазМұнайГаз» компаниясы арқылы мемлекет бірқатар кен орындарының бақылау пакетін иеленуге мүмкіндік алды. Осы жылдар ішінде «Қаз­Мұ­най­Газда» корпоративтік басқарудың ха­лық­аралық стандарттары өндіріске енгізіліп, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың Лондон биржасына шығып, инвесторлардың 2 миллиард доллардан астам қаржыларын ел экономикасына тартты. Бұл Қазақстан компания­лары­ның Лондон биржасында ІРО-ны ұй­ым­дастырудағы алғашқы қадамдарының бірі еді. Каспий теңізі секторындағы Қалам­қас теңіз, Ақтоты, Қайран, Жанбай, Аташ, Түпқараған, Құрманғазы, Блок «Н» сияқты қазақстандық бірқатар ірі кен орындарын игеру жұмысы бас­тал­ды. Осы орайда Нұртай Әбіқаев бас­қар­ған үкіметтік келіссөз жүргізу тобының Каспийде экономикалық секторлар ше­ка­раларын белгілеу барысында атқарған ауқымды жұмысын атап айтар едім. Және осы жұмыстың ұтымды және қысқа мерзімде шешілуіне, осы топтың жұмысына қатысқанымды абыроймен еске алып отырамын. Осы жылдары еліміз үшін өте маңызды стратегиялық мұ­най-газды магистралдық тасымалдау жолдарының экспорттық жүйесі өмірге келді. Атап айтқанда, Каспий құбыр­же­лісі концорциумы (КҚК), Атасу – Алашанькоу мұнай құбыры, Түркіменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай газ құбыры іске қосылды. Сондай-ақ, Елба­сы­ның бастамасымен өмірге келген КҚК-ның «Теңіз – Атырау – Новороссийск» мұнай құбырының құрылысын салу жөнінде халықаралық келіссөздер жүргізуге қатыстым. Бұл жоба Қазақ­стан өнеркәсібінің жаңа тарихындағы өте маңызды экспорттық жоба болып табылады. Басқаша айтқанда, бұл елі­міздің мұнай өндіру саласының күре­та­мы­ры. Мен бұл жұмысқа қатысқаныма өте қуаныштымын. «ҚазМұнайГаз» қазақстандық компаниялар ішінде алғаш рет бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі механизмін енгізді. Біз осы жылдарда Жаңаөзен қаласында емхана және стадион салдық, Ақмола облысындағы Зеренді маңын­да­ғы және Маңғыстау облысындағы Кендірлі аймағындағы мұнайшылардың және олардың балаларына демалыс ба­за­ларын дамытуды іс жүзіне асырдық. Артта қалған аудандардың тұрғын­дары­на материалдық көмек көрсету шара­ла­рын қолға алдық. Оның ішінде Атырау қаласында арнайы тұрғын үй кешенін салып, Сарықамыс кентінің тұрғын­да­рын қалаға көшіру жұмысын атқардық. «ҚазМұнайГаз» компаниясы бүгінде республикамыздағы ең ірі компания­лардың бірі болып табылады. Қазақстан жерінің қойнауындағы мұнай-газ қоры­ның болашағын ескере келіп, «Қаз­Мұ­найГаз» үшін алдағы уақытта да елімізде атқаратын жұмыс ауқымы зор деп ойлаймын. Бұл теңізде және құрлықта компанияның әлеуеті және мол тәжі­ри­бесі арқасында жаңа кен орындары ашы­лып игеріледі деген сөз. Қазір Қазақ мұнай және газ институты бүкіл Қазақ­стан өңірі бойынша игерілген кен бас­сейндерінің қорын анықтау жөнінде кешенді жұмысты қолға алды. Бұл «Қаз­Мұ­найГаз» компаниясының және Қазақ­стан Республикасы геология комитетінің тапсырмасы. Осы зерттелген бассейндерде мұнай және газ қорының болашағы туралы жаңа идеялар және жаңа үдерістер ашылуда. – Сіз Қазақстан мұнайы мен газын тасымалдау мәселесін шешуде де ерекше еңбек сіңірдіңіз. Қазіргі біздің экспорттық тасымал құбырлары мен жолдары хақында не айтасыз? – Иә, бүгінгі еліміздің экспорттық магистралдық құбыр жолдары көптеген стратегиялық және коммерциялық міндеттерді шешеді. Бұл Қазақстан үшін өте маңызды мәселе. Республикамыз ішкі континентальдық ел болып табылады. Көмір сутегі шикізатын тұтынатын негізгі рыноктар Қазақстаннан шалғай жерлерде орналасқан. Солай бола тұрса да бізде сыртқа шығатын теңіз жолдары жоқ. Біз шикізатымызды тек құр­лық арқылы және басқа мемлекеттердің аумағы арқылы ғана шетке шығара аламыз. Сондықтан бүгінде елімізде жү­зеге асырылып жатқан мұнай-газ шикі­за­тын экспорттау жолдары таяу бола­шаққа қажетті стратегиялық маңызды міндеттерді шеше алады. Еліміздің мұнай-газ магистралдық құбыр жол­да­ры әлеуетін арттыру мақсатында алдағы уақытта да бірқатар кешенді жұмыстар жүзеге асырылады. Қорыта айтқанда, Қазақстан алдағы уақытта өзінің экс­порт­тық әлеуетін арттыра отырып, әлем­дегі ірі мұнай өндіруші елге айналып, халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын бұрынғыдан да жақсартуға барынша жағдай жасайды. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.