• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2011

Мемлекеттің маңызды басымдығы

551 рет
көрсетілді

Сыбайлас жемқорлық деген әлеуметтік теріс құбылыс едәуір немесе шамалы дәрежеде әлем­нің кез келген мемлекетінде орын алған. Сыбайлас жемқорлық мем­лекеттік және қоғамдық инс­титуттардың дұрыс жұмыс істеуіне, әлеуметтік қайта жаңғырту жүр­гізуге кедергі келтіреді, ұлт­тық қауіпсіздікке қауіп-қатер төн­діреді. Қазақстанда сыбайлас жем­қорлыққа қарсы әрекет ету мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық басымдығы ретінде қаралады. Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саяси еркінің, құқықтық мемлекет құру туралы оның көреген саясатының арқасында мүмкін болды. Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық стратегиясы Тәуелсіз даму кезеңінде Қа­зақ­станда сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күрестің институттық және құқықтық негізін жетілдіруге бағытталған заңдар қабыл­дан­ды. Бұл осы саладағы ұлттық заң­наманы жалпы танылған ха­лық­аралық стандарттарға айтар­лық­тай жақындатуға мүмкіндік берді. Қазақстан кеңес дәуірінен кейінгі елдердің арасында сыбай­лас жемқорлық заңнамалық база­сын бірінші болып әзірлеуге кірісті. 1998 жылы шілдеде «Сы­байлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданды, онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі қағидаттарын, сыбайлас құқық бұзушылықтың нақты тізбесін айқындады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы басым превентивті тетіктерді қалыптастырды. Кейіннен бірқатар заңна­ма­лық актілерге өзгерістер мен то­лықтырулар енгізілді, ол құқық­тық олқылықтарды жоюға және осы әлеуметтік зұлымдыққа қар­сы іс әрекет етуде мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес жөніндегі мамандан­ды­рыл­ған орган – Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес агенттігі құрылды. Ұлттық сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы стратегияны жетілдіру жөніндегі жұмыс жүргі­зі­луде. Өткен кезеңде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің үш мемлекеттік бағдарламасы іске асырылды. Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы шараларға Қазақ­стан Республикасының 2010-2020 жылдардағы кезеңге арнал­ған Құқықтық саясат тұжы­рым­да­масында маңызды рөл бөлін­ген. Құқық қолдану тәжірибесін бағалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге ба­ғыт­талған қосымша шаралар әзірлеу мақсатында Президент жа­нын­дағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша комиссия құрылды. Кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін шенеуніктердің озбырлығынан қорғауға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсаттарда Мемлекет басшысының баста­ма­сымен Елбасының ресми сай­тын­да 2010 жылдан бастап «Бизнесті Президенттік қорғау» деген бө­лім жұмыс істейді. Ағымдағы жылы осы сайтқа 1806, оның ішін­де құқық қорғау органдары­ның желісі бойынша  299 өтініш келіп түсті. Қарауға алынған өті­ніштердің әрбір төртіншісі қа­нағаттандырылды. Көбінесе құқық қорғау ор­гандары қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне, судьяларға, әртүрлі деңгейдегі әкімдіктердің, салық және басқа да органдардың қыз­меткерлеріне шағымданады. Сыбайлас жемқорлықтың ал­дын алудың және жолын кесудің сыбайлас жемқорлыққа едәуір бейім салалары бойынша, шағын және орта бизнесті қорғауды кү­шейтудің, басқару шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етудің кейінгі шаралары Қазақстан Рес­публикасындағы Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл жөнін­дегі 2011-2015 жылдарға арнал­ған жаңа салалық бағдарла­ма­сында көрініс тапты. Салалық бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі болып сыбайлас құқық бұзушылық­тар­дың, оның ішінде халықтың сы­байлас жемқорлыққа қарсы дү­ние­танымын арттыру арқылы ал­дын алу мәселелері айқындалды. 2017 жылдан бастап табыстарды жалпыға ортақ декларациялау мен ақша қаражатының қолма-қол айналымын қысқартуға кезең-ке­зеңмен көшу жоспарлануда. Мемлекеттік қызмет көрсе­ту­лер­дің едәуір бөлігі электронды форматта ұсынылатын болады. «Электронды үкіметтің» да­муы мемлекеттік органдар жұмы­сы­ның ашықтығы мен айқындығы дең­гейі­нің артуына, олардың қа­был­­да­ған шешімдерінің тиімділігіне, сы­байлас жемқорлық көрі­ністердің азаюына әкеледі. Бұлардың бәрі мемлекеттік ор­ган­дардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жұ­мысын жандандыруға ықпал етеді. Тек 2011 жылдың 9 айында заңсыз жолмен табылған ақша қаражатын немесе өзге де мүлікті заңдас­ты­руды, экономикалық контрабан­да­ны, парақорлыққа делдалдықты, би­лікті теріс пайдалануды немесе билікті асыра пайдалануды ан­ық­тау деңгейінің өскені байқалады. Халықаралық ынтымақтастық­ты нығайтуда Қазақстан Респуб­ликасы 2008 жылы БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес конвен­циясын, ал 2010 жылы Қылмыстық әрекет­тен түскен табыстарды жы­лыстату, анықтау, алу және тәр­кі­леу туралы конвенцияны ратифика­циялады. Бір­қатар мемлекеттердің үкімет­тері­мен сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл мәселелері бой­ын­ша келісімге қол қойылды. Қазіргі уақытта Еуропа Кеңесінің ГРЕКО (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы) халық­аралық ұй­ымына мүшелікке өту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік органдар мен қо­ғамдық бірлестіктерді біріктіру, заң­намалық және өзге де шара­лар­ды жетілдіруге жүйелі көзқарас еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы рейтингісін едәуір жақ­сарт­ты. «Транспаренси интернэшнл» сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіне сәйкес 2008 жылы Қа­зақ­стан 145-ші ұстанымда болса, 2010 жылы 178 елдің ішінде 105-орында тұр. Қазақстанның жетістіктерін «Бизнес жүргізу-2011» рейтингі де растайды, оған сәйкес Қазақстан әлемдегі 183 мем­лекеттің арасында ағымдағы жылға 11 тармақ қоса отырып, 47-орынға ие болды. Елімізде сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл жөнінде қабыл­да­нып жатқан шаралар БҰҰ, ЭЫДҰ, ГРЕКО беделді сарапшы­ла­рының, оның ішінде Астана қа­ласында 2009 және 2010 жылдары өткен халықаралық конференцияларда оң бағаларға ие болды. Азаматтық қоғам институт­тарының аталған процестегі рөлі айтарлықтай артып келеді. Мы­сал­ға, «Нұр Отан» халықтық-демо­к­ра­тиялық партиясы сыбайлас жем­қорлықты жою бойынша белсенді жұмыстар атқаруда. «Нұр Отан» жанындағы Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің қызметі қазақстандық­тар­дың құқықтары мен заңды мүдде­лерін қорғау жөніндегі азаматтық қозғалыстың туындауына ықпал етті. Бұл сыбайластық «дақты» та­ратпауға бағытталған іс-қимыл­дар­дың маңызды факторы. Барлық өңірлерде партиялық комиссиялар мен бекеттердің жұмысы жолға қойылған, сенім телефондары жұ­мыс істейді, мемлекеттік орган­дар­дың тиісті жұмысына мониторниг және талдау жүргізіледі.   Жаңа міндеттерді шешуге жаңа көзқарас қажет Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің едәуір деңгейі құқық қор­ғау органдары қызметінің тиімділігіне байланысты, осыған орай Мем­лекет басшысы олардың алды­на құқықтық тәртіп пен заңды­лық­ты қамтамасыз етудің жаңа шарт­тары мен талаптарына барабар осы көрініске қарсы іс-қимыл жүйесін құру бойынша міндет қойды. Қазіргі кезде құқық қорғау ор­гандары қызметінің басым бағыт­тары Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің «Қазақстан Республика­сын­да қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті кү­шей­ту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қо­сымша шаралар туралы» 2009 жыл­ғы 22 сәуірдегі Жарлығында айқындалды. Мемлекет басшысы қолдауы­ның арқасында соңғы жылдары Қаржы полициясы агенттігінің әлеуе­ті едәуір нығайтылды, онда сыбайлас жемқорлық көріністерге байланысты барлық қылмыстар қамтылды. Сонымен қатар, қазіргі кезге дейін қаржы полициясы ор­гандарының қызметі осы келеңсіз көріністің салдарымен күресуге бағытталған. Сыбайлас жемқор­лық­тың себептері мен жағдай­ла­рын жою жөніндегі жүйелі жұмыс тиісті түрде жүргізілмейді, бірақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы рейтингі жетекшілерінің ішінде жүрген елдер тәжірибесі жемқор­лықтың шешуші рөлін адал өмір сүруді таратуға бағытталған алдын алу шараларын атқарды. Сыбайлас жемқорлық құры­лы­мының негізгі бөлігін қыз­меттік жалғандыққа байланысты әрекеттер, сеніп тапсырылған мү­лікті өзіне иелену және ысырап қылу, пара алу, лауазымдық өкі­лет­тіктерін теріс пайдалану, пара беру қылмыстары құрайды. Кәсіпкерлік қызметке және экономикалық контрабандаға заң­сыз қатысу түріндегі қыл­мыс­тық әрекеттерді ашу бұрынғыша төмен. Бұл ретте, мемлекеттік сатып алулар, жер қойнауын пайдалану, жер қатынастары, құры­лыс, кеден және салық әкімшілігі саласы сыбайлас жемқорлыққа едәуір бейім болып табылады. Тергеу сапасының төмен­ді­гі­нен сотқа жолданған қылмыстық істердің төмендеу үрдісі бай­қа­лады. Бір сөзбен айтқанда, сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында оң үрдіс динамикасын күшейту қажеттілігі құқық қор­ғау органдарының тиісті қызме­тін ұйымдастыруға көзқарасты батыл өзгертуді талап етеді.   Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес саласындағы заңнаманың даму жолдары Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимылдың қазіргі құқық­тық негізі жетілдіруді қажет етеді. Өмір бір орында тұр­май­ды. Бұл тезисті сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы заңнаманы жетілдіру үшін қолдануға болады, бұл туралы Мемлекет басшысы сы­байлас құқық бұзушылыққа ық­пал ететін құқықтық амалдарды жою қажеттігінің астын сыза отырып, нақты айтқан болатын. Біз заң жобалау қызметі бой­ынша ведомствоаралық комис­сия­да ұсынылған шараларды, ал Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жө­нін­дегі комиссияда оларды іске асы­ру нәтижелерін қарай отырып, осылармен жүйелі негізде айна­лысып жатырмыз. Егер осы жұмыстың бағы­ты­на қысқаша тоқталар болсақ, онда оларды үш негізгі топқа бөлуге болады: – әлемдік тәжірибенің ең үз­дік мысалдарын ескеретін қыл­мыстық және әкімшілік заңна­маны жетілдіру; – «Сыбайлас жемқорлық ту­ра­лы» Заңды және оларды одан әрі халықаралық стандарттарға жақындату мақсатында мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы дамыту; – әкімшілік кедергілерді, оның ішінде лицензиялар және өзге де рұқсат беру құжаттарын қысқар­ту арқылы жою. Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрестің тиімділігін арт­ты­рудың шынайы жолы кез келген құқық бұзушылық үшін (төз­беушілік), ең алдымен жоғары тұрған шенеуніктерге жаза белгіленбей қалмауы тиіс.   Ұйымдастырушылық-қызметтік сипаттағы кейбір шаралар Табысты сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы саясаттың нәтижесі мемлекеттік органдар көрсететін қызметтердің сапасы жоғары және тез болуы және осы қыз­меттерді көрсететін мемлекеттік қызметшілермен байланысқа тү­суді барынша азайтуы тиіс. Егер Еуропалық Одақ елдерінде азаматтар әр түрлі құжат­тар­ды ресімдеуге 40 минут жұ­м­са­са, Сингапурде – 15-20 минут жұмсалады, ал Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 2,5 сағаттан бірнеше күнге дейінгі мерзімді құрайды. Дамыған елдерде халыққа қыз­мет көрсету орталықтары ар­қылы 2000-нан астам түрлі қыз­мет көрсетіледі, ал Қазақстанда барлық мемлекеттік органдар 211 қызмет түрін көрсетсе, оның 70-ке жуығын халыққа қызмет көр­се­ту орталықтары атқарады. Осы­лайша, ХҚКО-ның әлеуеті айтарлықтай және бұл бағытта жұмыс істеу қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимылдың тиімділігіне қол жеткізу үшін халықтың жемқор­лық­қа деген көзқарасын өзгерту қажет. Қоғамда сыбайлас жем­қор­лық қабылданбауы керек. Қа­зақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың пікірінше, осы зұлымдықпен күресудегі шешуші сәт параны алу немесе беру туралы ой әрбір азаматтың санасынан сылынып тасталғанда ғана басталады. Алик ШПЕКБАЕВ,  Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі.