• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2011

Тәуелсіздік тегеуріні

368 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вьетнам Социалистік Республикасына тұңғыш ресми сапары басталды

Сауытбек АБДРАХМАНОВ –  Ханойдан.

16 желтоқсан, азаттықтың ақ таңын атырған күн, тәу етер Тәуелсіздігіміздің ұлы тойы аталар күн жақындаған  сайын бос­тан­дықтың бағасы, еркіндіктің қадір-қасиеті жайында бұрын­ғы­дан жиірек ойлана бастайты­ны­мыз белгілі. Осындайда азат­ты­ғын жылдар бойғы жанкешті со­ғы­спен қорғап қалған елдердің талайлы тағдыры туралы да тол­ғанасың. Арғы тарихқа тереңдеп жат­пайық десек, ең бергі ке­зең­дегі сондай соғыстардың ара­сы­нан алдымен ойға оралатыны, әрине, Вьетнам соғысы. Бүгінде сол соғыс жайында шала-шарпы ғана білетін бүтін бір ұрпақтың өсіп шыққанына да таң-тамаша қаласың. Әйтпесе мына біздің буынның митингілерге қатысып, «Тарт қолыңды Вьетнамнан!» деген жазуы бар плакатты ұстап жүретіні күні кеше сияқты еді. Бірақ, шындық солай. Бұл да болса мына әрі ғажап, әрі азап өмір­дің бір заңдылығы, тір­шіліктің тағы бір тағылымы. Иә, өмірдің парадоксы сонда, мына дүниеде ештеңе ұмытылмаса да онша жақ­сы болмас еді.Тарихта еш­теңе ұмытылмаса адамзат бала­сы­ның көкірегін кек кернеумен, өзегін өштіктің оты өртеумен өтер еді, ол кек, ол өштік ұр­пақ­тан ұрпаққа ауысып кете берер еді. Жасампаз жұмыс деген, жақ­сылықтың, жарастықтың жалғас­ты­ғы деген жайына қалар еді.  Сон­дықтан да бір кезде импера­то­ры астанамызды өртеп кетіпті деп қазіргі орыстар қазіргі француздармен қырқысып жатпайды. Сондықтан да бір кезде елімізді отарлапты деп қазіргі вьетнам­дық­тар қазіргі француздармен, бір кезде солдаттары топыра­ғы­мызды таптапты деп қазіргі аме­рикалықтармен барыс-келіс, ал­ыс-беріс жасамай тұрмайды. Олар­мен ат құйрығын кесісе берсе алдымен өздері ұтылатынын біледі. Соның арқасында қазір ар­зан жұмыс күшімен арзанға то­қылған, тігілген киімдерімен Вьет­намның жеңіл өнеркәсібі Америка базарын бірте-бірте Қы­тай­дың тауарындай жаулап алма­ғанмен, жайлап алып бара жатыр. Ана жылы Нью-Йоркте, Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимаратын­да­ғы дүкеннен естелік болсын деп кеудесіне БҰҰ логотипі түскен жеңіл күртке алғанымыз бар. Қо­нақүйге келген соң қарасақ «Вье­т­намда жасалған» деген жазуы тұр. Әлемнің бас кеңсесіне жер түбінен  күртке таситындай не қа­жеттілік бар? Мұндағылар ар­занға тігеді, арзанға жеткізеді, содан да арзанға сатады. Базардағы басты нәрсе – баға. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше Вьетнам Социалистік Рес­пуб­ликасына тұңғыш ресми сапа­ры­ның бірінші күнінде ел бас­шысы – Президент Чыонг Тан Шангпен кездесуіндегі сөзін вье­т­нам халқының экономикадағы  құтты қадамдарын атап айтудан бастады. Әсіресе, кейінгі он жыл­дың көлемінде Вьетнам тамаша табыстарға қол жеткізді. Қай салада да, экономикада болсын, білім беруде болсын, мәдениетті өр­кендетуде болсын, вье­тнам­дық­тардың мерейі үстем түсіп тұр. Даму қарқыны бойынша Вье­тнам экономикасының Азия-Тынық мұхит өңірінде көш бастап келе жатқаны қалай айтқанда да ауыз толтырарлық жай. Вье­тнамның халықаралық аренадағы беделі де биік. Ел дүние сая­сатына белсене араласып жүр. Бы­лайша қарағанда жердің бір түбінде жатқандай, ол кезде Қа­зақ­станмен қарым-қатынасы аты­мен жоқ Вьетнамның біздің елі­міздің тәуелсіздігін таныған ел­дердің алдыңғы легінен табыл­ға­ны (1991 жылғы 27 желтоқсанда, яғни он бір күннен кейін), Қа­зақ­станмен дипломатиялық қаты­нас­тар орнатушылардың арасында да алғашқылардың бірі болғаны (1992 жылғы 29 маусымда, яғни жеті айдан кейін)  тіпті де тегін емес, осы арқылы да бұл ел азат­тыққа ұмтылудың қадір-қасиетін өзгелерден бөлекше бағалай­ты­нын білдіргендей. Елбасымыз ресми сапар бағ­дарламасын Ұлттық батырлар мо­нументіне барып, азаттық жо­лын­да құрбан болғандар рухына тағзым етуден, елдің тәуел­сіз­дігіне қол жеткізген  тұңғыш Пре­зидент Хо Ши Миннің мавзолейіне гүл шоғын қоюдан бас­та­ды. Ел көсемі 1945 жылғы 2 қыр­күйекте өзі Тәуелсіздік деклара­циясын жұрт алдында оқып беріп, Вьетнам Демократиялық Рес­публикасы құрылғанын жария еткен Бадинь алаңында жерленген екен. Денесі бальзамдалып қойы­лып­ты. Дәл сол жерге тұрғы­зылып, құрылысы 1975 жылы біткен Хо Ши Мин мавзолейі алыстан онша үлкен көрін­беге­німен, түбіне тақасаң әжептәуір қомақты-ақ: биіктігі 21, ені 41 метр, айналасында елдің әр қиы­рынан алдыртылған  250 түрлі ағаш егілген көлемді бақ бар. Ғи­мараттың кәдімгі Мәскеудегі Ленин мавзолейін үлгі етіп жа­сал­ға­ны көрініп-ақ тұр. Айт­қандай, мұнда қаланың орта­сын­да Ленин ескерткіші асқақтайды. Вьетнам­дық­тардың елдің социализм жо­лына түсуіне шешуші ықпал еткен тұлғаны құрмет тұ­татын жөні де бар. Француз отар­шылдығына қар­сы күресте де, американ империализміне қарсы күресте де Ленин елінің ықпалы да, көмегі де көп болғанын бұлар жақсы біледі. Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу кезінде Чыонг Тан Шанг Қазақстанның тәуелсіздік жыл­да­рындағы табыстары таңданар­лық­тай екенін қадап айтты, Елба­сым­ызды егемен елдің жиырма жылдығымен құттықтай келіп,  екі мемлекеттің сауда-эконо­мика­лық қатынастары алдағы кезде қазіргіден анағұрлым арта ала­ты­нын айтты. Онысы рас енді. Өт­кен жылы, мысалы, екі елдің сауда айналымының көлемі небәрі 44 миллион АҚШ долларына тең болыпты. Тіпті мардымсыз ғой. Қазақстан мен Вьетнамның әле­уе­тіне атымен сай келмейді. Кейінгі кездегі қадамдардың ішінен «Қазмұнайгаз» бен «Петровьетнам» арасында  2009 жылы құ­рыл­ған жұмыс тобын ғана атай аламыз. Енді бұл қатынастар бұ­рынғыдай сылбырлау жалғаса бер­мейтін сияқты. Кеше осында қол қойылған алты құжат – Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Респуб­ли­касы арасындағы азаматтық және коммерциялық істер бойынша өзара көмек жөніндегі келісім;  Қазақстан Үкіметі мен ВСР Үкі­меті арасындағы білім беру са­ла­сы бойынша ынтымақтастық жө­ніндегі келісім;  Қазақстан Үкі­меті мен ВСР Үкіметі арасын­да­ғы қосарланған салықты бол­дыр­мау жөніндегі келісім; Қазақстан Үкіметі мен ВСР Үкіметі ара­сындағы туризм саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі келісім; Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі мен Вьетнамның Көлік министрлігі арасындағы азамат­тық авиация саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі келісім; Алматы қаласы мен Хошимин қаласының Халық комитеті арасындағы өзара түсіністік жө­нін­дегі меморандум таяу жыл­дардың өзінде солай болады деген сенім ұялатады көңілге. Атал­ған құжаттарға біздің тара­пымыздан Әділет министрі Р.Түсіпбеков, Сыртқы істер министрі Е.Қазыханов, Туризм және спорт министрі Т.Ермегияев, Кө­лік және коммуникация министрі Б.Камалиев, Алматы қаласының әкімі А.Есімов қол қойды. Рәсім аяқталғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Чыонг Тан Шанг журналистер алдында жасаған мәлімдемелерінде бұл сапардың тарихи сипаты бар екенін, екі ел­дің қарым-қатынастарында жаңа белес басталғалы тұрғанын бір­ауыздан айтты. «Жаңа ғана жо­ғары деңгейдегі ашық, өзара се­німді үнқатысу аяқталды. Ынты­мақ­тастығымыздың басымдықта­ры дәл айқындалды. Екі елдің халықтарын татулықтың, тілек­тестіктің  тарихи берік тіндері бай­ланыстырып тұр. Қазақстан-Вье­тнам қарым-қатынастарын қар­қын­ды дамытуға барлық қа­жетті жағдайлар жасалды. Біздің ел­де­рі­міздің арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқ. Ең алдымен екіжақты сауданы жолға қоюы­мыз керек», деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. Қазақстан Президенті сөзінің соңында журналистерді таяу уақытта Ханойда біздің елшілігіміз ашылатынынан да хабардар етіп өтті. Қазірше бұл мін­детті Икрам Адырбеков Бей­жің­дегі миссиясымен қоса атқа­ра­ды. Ханойда елшілік ашу өте орынды шешім, әрине. Қытай­дағы елшілік қызмет басқа жұ­мыс­пен қабаттастыра жүргізетін жұмыс еместігін айтудың өзі артық. Оның үстіне Вьетнам Қа­зақ­стандағы өз елшілігін мұнан үш жыл бұрын ашып та қойған. Тағы бір айта кетер жай мынау: алдағы кезде екі елдің арасында тұрақты әуе рейстерін ашу да ойластырылып жатыр. Бұл мә­селе әлі толық пісіп-жетіле де қоймаған сыңайлы, дегенмен, іскерлік байланыстар үшін де, туризмді дамыту үшін де мұның мәні үлкен екендігі анық. Елба­сымыздың бүкіл әлемдегі биік беделіне біз вьетнамдық іскер топ­тардың ірі өкілдерімен сөй­лес­кенде тағы көз жеткізе түстік. Құрамына елдің 33 кәсіпорны кіретін «Thaison group»  вице-президенті Пхам Гап қазақстандық журналистерге берген сұхба­тын­да Нұрсұлтан Назарбаевтың ел экономикасын дамытудағы ерен еңбегін ерекше айтты. Екі ел президенттерінің аз ая­да­ғы кездесуі өтіп жатқан кезде біз Премьер-Министрдің орынба­сары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешевпен, «Қазақмыс» басшысы В.Киммен қысқа-қайырым тілдесіп қалдық. Әсет Өрентайұлы бұл елмен экономикалық ынтымақ­тас­тықтың көкжиегі кең екенін нақты мысалдармен әңгімелеп берді, В.Ким дәл өзінің саласы бойынша дәл қазір нақтылы әріп­тестер таба қоймағанын, әйтсе де мұндағы арзан жұмыс күші қа­зақстандық инвесторларды қы­зық­тырып отырғанын айтты. «Бұл елде қазірше банктердің құны өте төмен. Көзін тапқан адам банк сатып алу арқылы-ақ байып кете алады», деп қояды В.Ким. Біледі, білгеннен кейін айтады ғой. Кеше түстен кейін алғашқы Қазақстан-Вьетнам бизнес-фо­ру­мы болып өтті. Біраз жай­дың ба­сы сол жиында ашылды. Қазақ­стандықтардан 39 адам, вьет­нам­дықтардан 103 адам қатысқан Ханой форумының ашылуында біздің тарапымыздан  Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев пен елі­міздің Сауда-өнеркәсіптік пала­та­сының басшысы Қанат Төлеме­тов сөз сөйледі. Айтқандай, Қа­нат бауырымыз өмірден ерте өткен айтулы азамат, депутат ретінде де, меценат ретінде со­ңын­да ізгі із қалдырған Қуаныш Тө­леметовтің ұлы көрінеді. Сауда-экономикалық палатаның мү­ше­лері қатарында меншік түрі әр­қи­лы мыңнан астам кәсіпорын бар екен. Үлкен күш. Әсет Исекешев бас­тап келген іскер топтың құрамында 12 министрлік пен ведомствоның, 15 компанияның  47 өкілі бар  болып шықты. Олар­дың да өз әріптестерімен нақтылы уағдаластықтарға қол жеткізу мүмкіндігі мол. Кеше кешке қарай Нұрсұлтан Назарбаев Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы Нгуен Фу Чонгпен, Ұлттық Ассамблеяның Төрағасы Нгуен Шинь Хунгпен кездесті. Ол кездесулер жайында келесі нөмірде әңгімелейміз. Мақаланың өн бойына біз келген елдің экономикадағы та­быс­тары арқау болып  тартылып жатқанын көріп отырсыз. Әрине, Вьетнам халқының табыстарын жоғары бағалағанда біз бәрін де салыстырмалы түрде айтамыз. Ханойда ескі құрылыстың көп­ті­гіне де куә болып келеміз, ха­лық­тың киінуінен де онша шалқып-толудың белгісін таба қоймайсыз, орташа айлықтың екі жүз доллардан сәл ғана асатынын да естіп жа­тырмыз, мұндағы жұрттың көбінің жеке көліктен қолы жеткен жері мопедтер екенін де, бар тұрқы бір метрлік сол көлікке үш адам мінгесіп алатынын да көріп отырмыз. Сонымен бірге біз вье­тнамдықтардың көңілі көте­рің­кі, рухы жоғары екенін де, ертеңгі күннен үмітті, келешекке сенімді екенін де сезіп тұрмыз. Қазіргі заманның жағдайында бүкіл планета көлемінде ішкі жалпы өні­м­нің жылдық өсім қарқыны жө­нінен  алдыңғы орындардың бірін мұнан қырық жылдай бұрын жерінде адам айтқысыз алапат со­ғыс аяқталған Вьетнам елі иеленіп отырғанын ойлағанда Уа­қыттың қандай ұлы емші екенін тереңірек түйсіне түсесің. Иә, уа­қыт жазбайтын жара жоқ екен. Біз Ханойға келгелі осыған тағы бір көз жеткізіп жатырмыз. Дү­ние дидарындағы ең қуатты елмен оншақты жыл бойы жан алы­сып, жан берісіп айқасқан, бүкіл адамзатқа қайсарлықтың қайран қалдырарлық үлгісін, шамырқан­ған шақарлықтың шыңын көрсе­тіп, ақыр аяғында  қаруы да көп, қаржысы да қыруар амери­ка­лық­тарды жат жердегі мәнсіз-мағы­насыз соғысты тоқтатып, масқа­ра­шылықпен елді тастап шығуға мәжбүрлеген  осы шағын мемлекет кешегі қан-қасаптың жарасын жалап жазып, соғыстан тас-тал­қаны шыға қираған шаруа­шы­лы­ғын қалпына келтіріп, еңсесін көтеріп, бойын тіктеп, ойын жіктеп, санын түгендеп қана қоймай, анағұрлым асырып, жаһандану­дың жанталасына да шыдас беріп, бейбіт өмірде де жаңа же­ңістерге жетіп жатыр. 86 миллион халқы бар, тек астанасының өзінде 9 миллион адам тұратын елдің қазіргі таңда азық-түлік мә­се­лесін шешіп, артылған асты­ғын сыртқа сатып,  күріш экс­порты бойынша әлемдегі алдың­ғы орындардың біріне шыққанын айтсақ та, Вьетнам тұрғындары­ның жетпіс пайызын бүгінде жа­сы отызға толмағандар құрай­ты­нын айтсақ та мұндағы отаншыл­дықтың ғаламат қуатын көре ала­мыз, бәрінен бұрын – тәуел­сіз­дігін қадірлеген халықтың қолы­нан қандайлық ұлы істер келетінін сезінеміз. Вьетнам елінің бізге берер басты тағылымы да осы.Тәуелсіздік тегеуріні бұл. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.