• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
02 Қараша, 2011

Атамның аты Ардақты

475 рет
көрсетілді

Әркімнің алар биігі әр қиядан көз тартып тұрады. Оны біреу ерте, біреу кеш бағын­дырады. Былайғы жұрттың бақ жұл­дызы ерте жанған адамдарға таңырқап жа­та­тыны содан болса керек. Біз мына дүние­де не істедік, қандай із қалдырдық деп өз-өзімізге сұрақ қоятын шақ туындарына да ешкім дау айта қоймас. Осы орайда мен өзімнің атам Ғаріп­жан Қожахметұлы Досымбековтің өзгеше тағдырын сөз етсем деймін. Оның тағдыр-талайы сол уақыт­тағы өзге адамдардікі секілді жалпыға ор­тақ идеяға тәуелді болды. Алайда ол әр­дайым өз көзқарасын, өз ұстанымын қорғай білетін тұлға екен. Бәлкім, тап сол бірбеткей мінезі үшін де шығар, 1956 жылы жал­да­малы қылмыс­кердің қолынан қаза тапқаны. Ғ.Досымбековтің 100 жылдығына орай мен ол кісінің өмірі, атқарған істері туралы естігендеріммен бөліссем деп едім. Естігендеріммен деп отыр­ған себебім, мен атамды көзі тірісінде көре алма­дым. Ол кісі жайында көбінесе анам әңгімелейтін. Менің ата-бабаларым Семей облысының Белағаш ауданынан сонау Батыс Сібір өлке­сіне 1903 жылы қоныс аударады. Ғ.До­сым­беков сонда дүниеге келеді. Қазіргі таң­да бұл жер Алтай өңірінің Құлынды ауда­ны­ның Қа­ракөл ауылы деп аталады. Пат­ша­лық Ре­сей­дің отарлау саясатына байла­ныс­ты қазақтардың біраз бөлігі өз туған жерлерінен Құлынды даласына қоныс аударыл­ған. Менің ата-бабаларым осы­лай­ша 1946 жылға дейін осы өлкеде ғұмыр кешеді. 1916 жылы кенжесі Қабду-Уахит дүниеге келісімен, анасы дүние­ден озады. Сол кезде Ғаріпжан Қожахметұлы 5 жаста еді. Бала­лар­дың балалық шағы аш­тықпен, қиын­шы­­лықпен өтеді, бірақ аналық мейірім мен ыстық ықы­лас­тан кенде қал­майды. Себебі, әкесі үлкен жүректі, мейірімді жас келіншекке үйленеді. Кеңес өкіметінің арқасында атам ауыл мектебінде оқиды (1918 ж.), сонан соң Ключев ауданы­ның жастар шаруа мектебін тәмам­дап шығады. Анамның айтуы бойынша, 1930 жыл­­дары зерделі жастардың сауатын ке­ңей­ту мақ­сатында арнайы курстар ұйымдас­тыры­ла бас­тай­ды. Осындай курс­тар­ды бітіріп шық­­қан азаматтар идеологиялық жағынан сауат­ты сана­лады екен. Насихатшылар курсын Ор қаласында аяқтаған Ғ.Досымбеков Батыс Сібір өлкесінің Құрылтай ауылдық округіне наси­хат­шы және Ключев ауданы оқу залының меңгеру­шісі ретінде жіберіледі. Алайда, Ғаріп­жан Қожах­мет­ұлы өзі­нің идео­логиялық біліміне қана­ғаттан­бай, 1931 жылы Омбы қаласында агротехник маман­­дығын алып шыққан соң, 1934 жылға дейін Алтай өлкесінің Құлынды және Ключев аудан­дарын­да мәшине-көлік стансалар жүйесінде еңбек етеді. 1934 жылы ол атамекені – Қазақстанға жіберіледі. Алматы қаласындағы «Каучуконос» трест жүйесінде тресті жабдықтау бойынша аға жауапты орындаушы болады. Кейінірек «Каучуконос» тұ­қым базасы директорының орынба­сары, сонан соң директоры қызметін атқарады. Сондай-ақ Алматы облысының Іліт ауданындағы №13 «Каучукопромхоз» дирек­торының орынба­сары болады. Сөйтіп, елді өркендетуге елеулі үлес қосады. КСРО-ның астық және мақта өсіру сала­ларын көтеру саясаты кезеңінде Ғ.Дос­ым­беков Оңтүстік Қазақстан облысына жіберіледі. Бұл – аласапыран қызып жатқан 1937 жыл болатын. Сол жылдары атам әуелі орынбасар, содан соң бастық болған «Заготзерно» пункті­нің жұмыс­шы­ларды тамақпен қамтама­сыз етуде айтар­лықтай зор стратегиялық маңызы бар екен. 1939 жылғы наурыз айында Ғ.Досымбеков Келес ауданы атқару комитетінің хатшысы, ал шілде айын­да Сарыағаш аудандық атқару комитетінің төр­аға орын­ба­са­ры болып сай­ла­на­ды. Партияға қа­был­да­нады. 1940 жы­лы Оң­түстік Қа­зақ­стан облыстық ат­қару коми­теті­нің жауап­ты хат­шы­сы болып сай­ла­на­ды да, аз уа­қыт­та ке­ңес жұ­мы­сын дөң­­­геле­тіп әкетеді. Атам адам­дар­ды адамгершілігіне қарай баға­лай білетін және кемшілікті көзіне тіке айтатын та­лап­шыл да әділ адам болған көріне­ді. Мұндай басшылардың әрдайым биліктің назарында тұрға­ны белгілі. 1941 жылы Ғаріпжан Қожах­мет­ұлы Келес аудан­дық атқару комитетінің төрағасы болып сай­ланады. Соғыс жылдары ол басқарған аудан майданға қажет өнімдерді жеткізіп тұрады. Соғыстан кейін Ғаріпжан Қожахметұлы Қа­зақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының ақ­па­раттық-статистикалық бөлімінің меңгеру­ші­лі­гі­не тағайын­далады. Сол жылдары Қазақ КСР ақ­па­рат­­тық-ста­тистикалық жүйесін қайта ретке келтіру Үкіметтің маңызды тапсыр­масы­ның бірі бола­ды. Адал еңбегіне орай Қазақ КСР Жоғарғы Ке­ңе­сінің Құр­мет грамо­та­сымен мара­пат­талады. Ға­ріпжан ата 1949 жылы, Жам­был облыстық ат­қа­ру комитеті төрағасы­ның орын­басары қыз­ме­тін атқарған кезінде мал шаруа­шы­лы­ғын ал­дың­ғы орынға шыға­рып, осы саланың дамуына да өз үлесін қоса­ды. 1954 жылы ҚазМУ-ді сырт­тай және Жоға­ры партия мектебін бітіріп шығады. Сол жылдары БАҚ-тарда «Коммунистің жаны таза, ақылы дана», «Көптің көзі көреген» және т.б. насихаттық сөздердің көп айтылғанын білеміз. Сол дәуірдің азаматтары үшін қателікке ұшырамайтын дос та, жетекші де партия болғаны анық-тын. Бұл кезең де өзінше бір дәуір ретінде тарихтан орын алмақ. Ұзақ жылғы еңбек ғұмырбаянында Ғаріп­жан атам да жұмысқа деген ынтасын бір жоғалт­паған, тәртіп пен жауапкершілік жібін босаң­сыт­паған, ар тазалығын әрдайым биік ұстаған жандар­дың қатарынан саналады. Қатыгез дұшпандары оның өмірін ерте қиып кетті. Ол дүниеден озған кезде бар-жоғы 45 жаста ғана екен. Бүгінгі таңда өлімінің себебі ғана емес, сондай-ақ досы мен дұшпаны кімдер болғаны, отағасы ретіндегі мінез-құлқы, армандары мен мақсаттары қандай болғаны мен үшін жұмбақ. Адам – өз дәуірінің түлегі, өз заманының перзенті. Ол қандай қоғамда өмір сүрсе, бойын­дағы бар қайрат-жігерін сол қоғамның игілігіне жұмсайды. Кешегі коммунистік дәуірдің белсенді патриоты болған ағаларды сол үшін кінәлай алмайсың. Қайта олардың еткен еңбегін, төккен терін бағалай білу, олардың бойындағы отан­шыл­­дық сезімді өз бойымызға сіңіре білу, кісілік пен адалдық­тарын өнеге тұту – парыз. Қайрат ЖАҢАБЕРГЕНОВ, Есіл ауданының әкімі. Астана.