• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
02 Қараша, 2011

Дәуір айнасы ұлтқа олжа болып оралды

341 рет
көрсетілді

Ұлтын ұлықтап, жұртын тура жолға салып, ата-баба рухына адал­дық танытсақ деген Алаш арыстарының жөні бөлек. Олар алға қойған мақсат-міндеттер ұшан-теңіз болған еді. Оны кеңес­тік жүйе тұншықтырып бақты. Бірақ мүлде жоғалта алмады. Тәуелсіздік келіп бәрі жарыққа шықты. Соның бір дәлеліндей, қарашаның алғашқы күні Еуразия ұлттық университетінде Журналистика мәселелерін зерттеу инс­титутының директоры, көрнекті ғалым Намазалы Омашұлының ұйытқы болуымен жарық көрген 10 томдық «Алаш көсемсөзі» атты құндылықтың тұсаукесер рәсімі өтті. Бастау сөзді оқу орнының рек­торы Ерлан Сыдықов алып, үлкен ғылыми жобаның сәтті орын­дал­ғанын, бұл Тәуелсіздіктің 20 жыл­дығына тарту болып отырға­нын жеткізген ол 10 томдық еңбекте қазақ тәуелсіздігі үшін барлық саналы ғұмырларын арнаған Алаш арыстарының өткен ғасыр басындағы публицистикалық ең­бе­ктері топтастырылып отырға­нын тілге тиек етті. Ал осындай халқымызға қажет көп томдық туралы профессор Намазалы Омашұлы жан-жақты баяндап, сол дәуірдің айнасы болған ба­сылымдардағы Алаш арыс­тары­ның еңбектеріне тоқталды. Бұл дүниелер арқылы Алаш сөзі жаң­ғырып, ұлт алыптарының өшпес мұрасы жаңа дәуірге жетіп отыр­ғанын, осы іске Ғ.Ақсейіт пен С.Рахман сияқты азаматтардың өз үлестерін қосқанын алға тартып, докторант Серік Рахманға қам­қор­лық жасау жағын да атап өтті. Әсіресе, елім тәуелсіздікке қолын жеткізсе, насихатшысы болсам деген Мұстафа Шоқай шығарған «Жас Түркістан», «Шолпан», «Сары­арқа», «Абай», тағы да бас­қа жарияланымдардың қазақ жұртының мұңын мұңдап, жоғын жоқтағандарына, әр қазақтың баласы алғашқы екі жылда ана тілінде білім алуын қадап жазып кеткендеріне, тілінен айырылған жұрт жойылған жұрт деп шы­рылдағандарына нақты мысалдар келтірді. Олар орыстың байы да, кедейі де қазақты сүліктей со­раты­нын, ал қазақтың одан азаттығын алмай құтылмайтынын шырылдап жазғанынан да хабардар етті. Мемлекеттік сыйлықтың лау­реа­ты, жазушы Қойшығара Сал­ғараұлының айтуынша, бұл 10 томдық Алаш арыстарының шежіресі миынан, жүрегінен шық­қан ұлтшыл ойдың жемісі. КСРО құлағанда ел болудың үлгісін солардан оқып білдік дей келіп, олардың тәннің құлы емес, рух­тың ұлы болғанын айтып, зиялы кім дегенге байланысты өз бай­ламын баян етті. Кейде кімнің кім екеніне мән бермей, ұшқары ойлайтынымызға өкініш білдірді. Аталар аманатына адал болуды айтып, сөз бен ісімізді бір жерден шығару жайын қозғап, кейде ол үйлесім таппай жататынын, ондай кезде елдің алтын діңгегі болған­дардың ұрпағымыз, мұрагеріміз деу артықтық етеді деген ол, осындай құнды еңбекке өлшеусіз еңбек сіңірген азаматтардың жұ­мы­сын қалай бағаласақ та болады деп тоқтам жасады. Ақын Жүрсін Ерман өзінің Мұстафа Шоқайдың екі том кітабын жата-жастана оқығаннан кейінгі жан серпілісін әңгімелеп, Әміре мен Шоқайдың Парижде жүздескенінен дәйектер келтірді. Көрнекті ғалым, қоғам қай­раткері Мырзатай Жолдасбеков Алаш арыстарымен қарғадай кезінен танысқанын, ауылдағы мал дәрігері болып істейтін қара­па­йым жеңгесінің Ахмет Байтұр­сынов мақалаларын орамалына түйіп көрсетпей оқып жүретініне, Мағжанды қазақтың Пушкині деп білетініне мысалдар келтіріп, Мұс­тафа Шоқайдың басына ар­найы барып тәу еткенін, ол шы­ғарған «Жас Түркістан» жур­налы­ның көшірмелері қолында барын, оны пайдалануға беретінін атап өтті. Президент Баспасөз хатшысының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі Мұстафа Шоқайды көп­тен бері зерттеп жүргенін, ғылыми еңбектеріне арқау етіп алғанын, «Жас Түркістан» жур­налы урду, жапон, Еуропа тілдеріне аударылғанын нақты мысал­дармен жеткізіп, Абай туралы мақала, Мағжан өлеңдері жария­лан­ғанын тілге тиек етіп, үш мәселені қадап айтты. Оның біріншісі, әлі де болса ұлттық жур­налистиканың бастауында тұрған өзге де біраз басылымдардың қозғалмай жатқанын, оны да қол­ға алу керектігін, солардың қа­тарында «Яш Түркістан», «Ұлық Түркістан», «Шура» «Уақыт» секілді рухани құндылықтардың барын алға тартты. Екінші, осындай кітаптар шығарған кезде көп жағдайда түпнұсқаға бармай, бұрынғы жарияланымдарды не ау­дар­маларды  ала салу үрдісі ба­рын, бұл бұрынғы қатені түзетуге мүмкіндік бермейтінін де тілге тиек етті. Үшінші, докторантурада жүрген жастарды парсы, шаға­тай, өзге де қазаққа керек шығыс тілдеріне бейімдеп оқыту арқылы үлкен мектеп қалыптас­тырсақ, еуропалық үлгімен ұш­тас­тырар едік деді. Профессор Дархан Қам­забекұлы бұл 10 том дәуір ай­на­сы, ұлтқа келген олжа деп баға­лады. Сол секілді қазір осын­дай еңбек­тер бойынша ғылыми дү­ние­лер жаздыру мәселесін айтып, қазір дипломдық жұмыс көшіру­ден тұ­ра­тынын бүкпесіз жұрт талқысына салды. Журналист Несіп Жүніс­баев осындай құнды еңбекті ал­да­ғы уақытта мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға болаты­нын, Тәуелсіз­дік­тің алғашқы жыл­­дары А.Сәр­сен­баевтың бас­тауымен журналистерге ондай ма­рапаттардың тигенін тілге тиек етсе, алаштанушы Тұр­сын Жұрт­бай бұл үлкен ізденіс­тің қоры­тын­дысы екенін айта келе, осы 10 том еңбектегі тілдік байлық бөлек, осының бәрін сүзіп жү­ріп іске асырған, күмістей қақтап жұртқа ұсынған Омашұлы баста­ған азаматтарға алғысым шексіз, деді. Сенатор Қуаныш Сұл­танов «Алаш көсемсөзі» ұлт рухания­тына қосылған өлшеусіз олжа дей келіп, ұлттық саланы өсірудегі Қытай елінің үлгі-өнегесінен мысал келтірді. Сөйтіп, ұлтымыздың рухания­ты­на 10 том құндылық қосылды. Енді осыдан сабақ алып, Алаш идея­сын жаңғырту арқылы тәуелсіз­дігімізді бекіту әр азаматтың мой­нындағы парызы деп білеміз. Сүлеймен МӘМЕТ.