• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
02 Қараша, 2011

Берік бағындырған белестер

483 рет
көрсетілді

Сұлулық – тек бет-әлпеттің ға­на емес, ол ең әуелі жан-дү­ние­нің әдемілігі, діл тазалығы десем, оған Берік Шаханұлымен «Жазушы» баспа­сын­да оншақты жыл қызметтес болған кезде көзім одан әрі жете түсті. Иә, қо­быраған қолжазбалармен жұмыс істеу, ол кездегі цензураның қатал талабынан өтетін­дей етіп кітап шығару дегенің қия­метті шаруа десем, Берік Шаханұлының талай-талай қиын қол­жазбаларға тер төккенін біз жақсы білеміз. Әсіресе жазушы, қоғам қайраткері Балғабек Қыдырбекұлының «Ала­тау» рома­ны­ның кітап болып шығуына айрықша ең­бек еткен болатын.  Ашаршы­лық жайлы ащы шындық, нақты оқиғалар жазылған көркем туынды­ның, яғни өткен ғасырдың 1929-1933 жыл­дарындағы қазақ ұлтының тең жарты­сын жоқ еткен нәу­беттің беті ашылып, жария болуы ол кезде еш мүмкін емес жағдай еді. Романның  өткірлігін, фактілерінің құнды­лығын зердесімен түсіне білген Берік тәуе­келге барды. Кітап авторымен келісе оты­рып, шығар­ма­ның біраз жерін сол кездегі жағдайға орай  қысқартса да оның жарық көруіне атсалысты. Иә, мен білетін Берікте кісілік те, тектілік те жетіп, артылады. Олай дейтінім, оның бір адамның бетінен алғанын көрмеп­пін. Ал әділетсіздікке, қиянатшылдыққа өре түрегелетін кездеріне сан рет куәсі бол­ғаным бар. Жары Дәріжан екеуі ұлын Ұрымға, қызын Қырымға қондырған дейтіндей берекелі де, шуақты отбасы. Шығармаларынан да сол шуақтың сәулесі себезгілеп тұрады. Мен Беріктің қаламгерлігін бізі, шегесі, тебені, таспасы орын-орнында сақадай сай тұрған кәнігі етікшіге теңеген болар едім. Олай дейтінім, жазушының әңгіме, повестеріндегі мінсіз көркемдік тәсілдері көңілге қонымды келеді. Сондықтан да прозашы Берік Шаханұлының дүниелеріне тереңірек үңіліп, ол қандай қаламгер, өзге қалам­дастарынан артықшылығы неде деген сауалға тоқталып, өз ой- толғамымды білдіре кетсем деймін. Шіркін, не жазсаң да көңілдің көзінен, жүректің сүзгісінен өткізіп барып жазғанға не жетсін. Ондайда қаламгер өзін де, өзгені де алдамайды. Мен білетін прозашы Берік Шаханұлының таза да талғампаз жазушы екеніне  екі томдық шығармалар жинағын оқы­ғаннан кейін көз жеткізе түсесің. Себебі, бұл жинаққа енген шығармалардың дені әңгі­мелер десем, әр жылдарда, әр кезеңде жа­зылған олардың әрқайсысы шынайылы­ғымен сүйсіндіреді. Ең ғажабы, оның әр әңгімесінен ауыл исі аңқып, дала қазағы­ның дара болмыс-бітімі, табиғаттай таза мінезі көрініс береді. Осынау күндегі техника, кибернетика, компьютер дегендерің тұрмы­сымызды жаулап алған заманнан басыңды ала қашқың келгенде, жазушы суреттеген қарапайым бір ауылға барып, тығылғың келеді... «Жаз ортасы ауып қалған. Жусанды дала қоңырқайланып, шабындық сазға атүсті жалатып өткендей сарғыш бояу араласқан. Шілденің деген шағы. Шөбін шауып алған «Тасқұдықтың» басында шағын ауыл отыр. Шашырай тігілген төрт-бес киіз үйдің бірі – Әбділда қойшынікі». Міне, оның «Есінен кетпес әні екен» әңгімесі осылай бас­та­лады. Мұнда ауылкеңес төрағасы, жас жігіт Әбділда мен жаңа келген хатшы келіншек Балайым екеуінің аз күндік сезім сырлары шертіледі. «Ақ құба өңді, сұңғақ бойлы ...мүше-мүшесі сұлу қиысқан солқылдаған балғын денелі» келіншекке Әбділда әуелі назар аудармаған. Орақ науқаны. Кәрі-жас демей колхозшылар егін оруға шыққан. «Бидайдың шығысы керемет. Басын көтере алмай майысып, ырғалып тұр. Жайқалған сары алқаптың үсті бырдай адам. Көбісі қыздар, әйелдер. Ат үстінен қарағанда, әр жерге бір-бірден шаншып кеткен қызғал­дақтай қызылды-жасылды. Балайым алдың­ғы қатарда жүр екен...» Енді жазушы орақшылар арасынан ала­бөтен көрінген Балайымның көздің сұғын алар қалпын былайша суреттейді: «...қызыл ала шыт көйлегінің кеуде жағы терден сығып алардай. Денесіне жабысып, мүше-мүшесін мүсіндей айқындап тұр. Толық түзу балтыры көнелеу көн етіктің қоны­шымен қоныш болып, тырс-тырс етеді. Ба­сындағы сарғыш орамалын желкесінен бір-ақ байлап, жуан бұрымын түйіп тас­таған. Орамал астынан будырап шыққан балаң шаштары тал-тал болып шашырап, ...жұ­мыр мойнына селкем-селкем жабысып тұр...» Осынау сұлу көрініске қызыға қараған бозбала ақыры шыдамы таусыла: «Бал­айым, ...кешке үйіңе барамын», – деп салады. Алайда, «Күйеуі әскердегі келіншекпен әуей болғандығы...» ауданға жетіп, арнайы келген өкіл жер-жебіріне жетеді. Салы суға кете ақыры келіншекке: «Жас­тықтың әурешілігі екен, Балайым, қосыла алатын емеспіз, кешір мені...» – дейді. Өмірдің бұралаң жолы екеуін шар тарт­қан кездерінде құдық басында жолық­ты­рады. «Оның ойына өткен бір оқиға оралды. Көз алдына қос атты арба үстінде артына қарай-қарай ұзап бара жатқан сары ора­малды келіншек елестеді. ...Жүрегі сыздап кеткендей болды». Шығарманың әр жерінен үзіп-үзіп үзінді келтіруіміздің мәнісі, Берік Шаханұлының суреткерлік мәнерін, келісті оймен түйін түйе білетін шеберлігін паш ету еді. Қай-қай әң­гіме, новелла, хикаятын оқысаңыз-дағы, автор­дың қазақы психологияға келгенде алдына жан салмайтындығына тәнті боласыз. Әрине, мен бұл жерде бүгінгі проза жайлы айтамын. Сол секілді «Аяштың «Абайкөгі» әңгімесіндегі сиыршы Аякеңнің сырт көзге сұсты, суық та болып көрінетін жан-дүниесін Берден ғана ұға алады. Берден – қойшы, жас жігіт, екеуі бір қыстауда отыр. «Құм етегінде кең жазықтың қамысақты, төскейлеу бір алаңқайындағы той болатын ауылға бұлар түс ауа бере іліккен. Бұлар таянып келгенде далада жүрген тойға жиналғандар «Оу, Аякең келді! Әй, аттан түсіріңдер, Аяке, мұнда жүріңіз», – десіп абыр-дабыр болып қалысады. Колхоз бастығы да емес, орта жастан асыңқырап қалған жәй сиыршыны осынша құрметтейтіндей не құдірет. «Аяке, қайсысы дұрыс?» деп ақ-қызылы аралас шөлмектерін де тізіп қояды. «Қой, бізге енді болмайды». Десе де кеу-кеулеген топтың құрығына түсіп қалған ол: «болса, қымыз ішейін» деген. Алайда бір тостаған қымызды сіміріп салған­да, оған арақ қосылғанын да сабазың аңғар­маған. Мұның сыры – Аякеңе ән салғы­зу еді. Ақыр қолқалағасын бірер әнді айтты да. Ауыл әйелдерінің бастаңғысында айтылатын қаражаяу әндер. Құлақ құрышы қанбағандай жұрт ықыласы өзі кезінде шырқаған «Абай­көгінде» жұрт қолқалап қоймаған соң: – Оған дауыс жоқ қазір... Бір кезде... қазір қайда, – деді ол мұңайып. «Жә, енді қол­қаламайық» дегендей отырғандар тым-тырыс қалғанда, бір құрдасы тұрып: «Әй, кілең жесір әйелдерді бір өзі иемденем деп жүріп болдырған ғой, қасқа...» деп салғаны... Соғыстан кейінгі жұтаң ауылда бір өзі ғана күш-қайрат көрсете алатын жастағы Аякең шынында кілең жесір қалған жас әйел­дерге қамқорлығын аямайтын. Біріне отын-суын түсіріп, «...құмның сары жігер сексеуілін қара атанға қайыстыра теңдеп, үстіне бір­лі-жарым ет салынған дорбаны байлап...» ке­лін-жеңгелерінің үйіне кезек әкеліп, түсіріп кетіп жүретін. Келе-келе кей үйлердің есігінен таң азанда сырт көзден бүгежектемей шы­ғып жүретінін жұрт байқамай қалған жоқ. Соңыра сол үйлерден нәресте үні де естілген... Құрдасының қағытып отырғаны осы еді. Жолай Берден көңіліне күпті боп қалған ойын жасырмай: – Аяке, осы бағанағы «Абайкөк» деген әніңізді айтыңызшы? Сіз сондай бір әнді айтады деп естіген едім, – дегенде, «Әй, сен ит оны тыңдамай қоймассың...» – деп ол көнген ыңғай танытады. Сәлден соң аязды даланы жаңғырықтыра кең тынысты, жүйкені боса­тып, кісінің жан-дүниесін шым-шымдап, еріксіз баурап әкететін әуелеген ән кернейді. Жалпы, ән, саз Берік шығармаларының басты тақырыбы десе де болады. «Егіз әуен» әңгімесінде де бір кездегі сырнайына қосы­лып сыңсыған аққудай әндерін әуелететін Нұркен дейтін кейіпкерінің трагедиялық хал-күйін әсерлі бейнелейді: «Манадан көзге қораш жарбиып отырған қатпа қара шал түлегендей өзгеше түрлене бастады. Жанары оңған шегір көздерінде жылы сәуле ойнап, тершіп, отырған орнында екі жауырыны түлкі алған бүркіттей құшырлана бүлкілдеп, мұз үстінде сырғанағандай лыпып отыр». Елу жылдық шығармашылық ғұмырында Берік Шаханұлы ауыл өмірі, оның табиғаты мен тұрмыс-тынысы сияқты кең өзекті тақы­рыбынан бір сәтке де айныған емес. Әйт­кенмен, бүгінгі кезең тақырыбын да қозғап қоятын кезі бар. «Пойызда кездескен қыз» әңгімесінде іссапарға жиі шығатын қала жігіті – Дәулеттің кездейсоқ кездескен купелес Зылиха атты қызбен арадағы оқиғасы бейнеленген. Иә, сол жолы Дәулет Зылихаға ғашық болып қалады. Ғашық болғаны сондай, сапа­рын ортан жолдан үзіп, қыз түсетін стансадан бірге түсіп, оның үйіне түнеп те шығады. Алған жары, балалары бар ортан қолдай жігіттің бұл халін біреу ұғынар, біреу ұғын­бас. Өйткені, махаббат – дүлей күш, құйын­дай соқтырады да кетеді. Зылихамен сырла­са, мұңдаса келе екеуінің сезім дүниесінің қос әуендей бірге шырқап кететінін, бір-бірін ежелден білетіндей халге түсетінін аңғара келе Дәулет: «Тірі жүрсем, бұл әйел затымен кездеспеуім мүмкін емес екен ғой...» деп ой түйеді. Сұлудың мысы басып, іссапарға әдейі пойызбен шығып, көзіне отша басылатын стансадан түсіп қалуды дағдыға айналдыра келе, күндердің күнінде өзіне өзі тыйым салмаса, әйелінің де бұған күдігі күшейе бас­тағанын, балаларының да тосырқай қарай­тынын аңғарған ол тосын шешімге келеді:  «Осы жолы тек самолетпен ұшамын...» Сөйтеді де. Олай істеу оңайға түспейді, әри­не. Алайда қайтар жолында ұшақтың билетін өткізіп, пойызға отыруға тура келген. Оған ауа райының күрт бұзылуы, сіркіреген жаң­быр мен көк тұман себеп болған еді.  Әсі­ресе, пойыздың сол стансада «күйбеңдеп» ұзақ­тау тұрып алғаны Дәулетті сын сағаттан өткіз­ген­дей бір қиын халге түсіреді. Шыда­мының да жібі үзілуге шақтап қалғанда көлік жылжыды. «Уһ» деген. Өз арымен өзі арпа­лысқан осынау шақта әрбір өткен-кеткен по­йызға сүзіле қарап ғажайып бір нәзік жанның тұрғанын бар жан дүниесімен сезінген. Ол «Сары белде, аңызақтың өтінде өсіп тұрған жалғыз қызғалдақ еді...» Оның «Қоңыр бәтіңке» деген шығарма­сын оқығанда мен Сайын Мұратбековтің «Күзгі бұралаң жол» әңгімесімен іштей салыстыра, екі шығармадағы нәзік лиризм, табиғи мінез бен ауыл өмірінің күйбеңі бітпес тіршілігі соншалық ұқсас екен деп түйгенмін. Қайыра оқығанда, екі суреткердің де оқиғаларды тым баттастыра бермей, кейбір жазғыштарша үсті-үстіне қоюлатпай, кәнігі суретші машығымен бірер штрих, бояуы қанық бірер өрнекпен ғана мәнерлей жазғанын аңғардым. Беріктің әңгімесінде бала Берденнің қиялымен, колхоз бастық Жақсылыққа әкесі сыйға тартқан дәу қоңыр бәтеңкені киюді армандағаны әсерлі жазыл­ған. Жалпы, жазушы Шаханұлы бар шығар­масында табиғаттың таза туындысы – адам­ның жанын кір баспауына, мейірім мен қа­йырымдылық атты қасиеттердің сақ­та­луы­на баса көңіл бөледі. Сондай қасиеттің бірі – кеңпейілділік, кешірімпаздық десек, оның әсі­ресе қазақ психологиясына тән екені мә­лім. Қазір соның жұрнағы да қалмай бара жатқан қыйтұрқы заманда құм ішінен ал­тынның түйірін іздегендей боласыз. Бұл тақырып әсіресе  бүгінгі кезең тақырыбына жазылған жас буын қаламгерлер туындыла­рында кемшін соғып жатады. Сондай жоғал­ған тақы­рыптың бірі – отансүйгіштік. Ақыл-санасын тек ақша мен атаққұмарлық билеп кетсе, жеті қат жерді қопарғанмен табу қиын-ау ондай тақырыпты. Оның үстіне соңғы толқын – жастар соғысты көрген жоқ, исі де мұ­рындарына бармайды. Ал біз небір боздағынан айы­рылып, зар жылаған ана менен әкені, сақа­лынан жасы сорғалаған атаны, майданға аттанған күйеуін тосып, санадан сарғайған небір уыздай жас келіншектерді көрдік. Берік Шаханұлы осынау тақырыпты «Құса» повесіне арқау етіпті. Бір ғана соғыс тақырыбы емес, әріден, сонау колхоздастыру кезеңінен желі тартқан шығарманың бас кейіпкері Серәлі, бүгінде жүз жасқа таяп, «шөгіңкі тұлғасы бір уыс болып, кішірейіп, құржиып кеткен» шүйкедей шал. Есі бірде кірсе, бірде туған баласы Берденді де танымай «Бұл қайсың!» деп отыратын ал­жудың алдындағы жан. Өйтпейінше ше, қара ормандай ұйысқан әулеттен қаздиып қалған бір өзі. Бүгінде сопайып жалғыз қалған Сер­әліден сыр тартар болсаңыз, оның әңгімесі заманында бір рулы елге би болған, қара қылды қақ жарғандай әділдігімен аңызға айналған өз атасы Бектібай биден бастау алар еді. шындығында да ол бір әулие адам екен. Бірде отыншы дейтін мырза, бай, бірақ әділ кісі өзінің немере ағасы болыс Бақтыбаймен ерегіске түсіп, соның кесірінен жалаға ұрылып, жер аударылуға үкім шығарылады. Сол үкімге төбе би қол қоймайды. Көптен жақсы қарым-қатынастағы, беделді болыс Бақтыбайдың қолқалауымен осы іске ара­ласқан ояздың өзі: «үкімге қол қоймасаң, сені де Сібірге жер аударттырамыз!» дегенінде, қоқан лоққыға да қыңбаған Бекті­байдың әділдігі заманында аңызға айналған екен. Атасы қартайғанда билік тізгінін үлкен ұлы Тырнақбайға, Серәлінің әкесіне ұста­тыпты. Ол да барынша адал, ел арасындағы дау-дамайды әділ шешуге күш салған. Алайда, бір жолы ол әділ қазылық құрғаның үшін деп екі қап күріш ұсынады. Оны көрген атасы ашуға булығып: – Мен қырық жыл билік айтқанда елден екі уыс дән алып көрген жоқ едім. Сен бір сапарыңда екі қап күріш артып келіпсің. Сірә, менен тумаған шығарсың, пәтшағар, – депті. Тектілік, бекзаттық, іске адалдық бұл әулетке сонау қалың қазақ басына түскен ауыр кезеңде халқының кегін қуған атақты Баян батырдан сүрлеу тартқанын көреміз. Ұрпақтан-ұрпаққа қастерлі бойтұмардай сақталған бұл үрдістің тігісі сөгіліп, кенересі қақырайтын кез – Кеңес дәуірі. «Осы кезде қала, шойын жол, хабар-ошар дегеннен мүлде мақұрым, сахараның алыс түкпірінде жатқан» өз беттерінше тіршілік құрып, ауа жайылып жүрген ауылға «патша құлапты, жаңа заман орнапты» деген алып-қашты сөз бірде жетіп, бірде жетпей жататын ғой. Әсте, Серәлінің үлкен ағасы, әке орнына әке санатындағы Бекті бауырларын жинап жиын өткізеді: «Заман бұл қалпында тұр­май­тын сияқты. Ішіміздегі жас болса да, бас болар, алғыр, есті, зерек Бабырды орыс оқуына өткізейік», – дейді. Сол сөз – сөз. Бабыр орыс мектебіне оқуға кіреді, одан Ташкентке үлкен оқуға ауыстырылады. Есейе келе жаңа Кеңес заманының ең белсендісі болған Бабыр ақыр аяғында трагедиялық күйде қайтыс болады. Сөйте-сөйте бір әкеден туған он бір баладан сопайып Серәлі ғана қалады. Ашаршылық шалғыдай орады, үйленбеген екі інісін соғыс жалмайды. Колхоз ұйымдасқан кезде Серәлінің көрмегені жоқ, Жылымбек дейтін жылпос мұның соңына шам алып түседі. «Бай-құлақтың тұқымы колхозға мүше болмайды, Серәліні мүше еткізбеу керек», – деп жар салады. Белсенді тіршіліктен шеттеп, жеке қос тігіп отырған кездері – Серәлі мен оның әйелі Қалима үшін айтып жеткізгісіз күйзе­ліс еді. Ақыры Серәлі орталыққа өткен жалғыз түйесін сұрап алып, басқа жаққа көшпекке ниет қылады. Мұны естіген есер Жылымбек одан сайын ақкөздене: «Жоқ, мұны жібермеу керек, ...колхозға қарсы жаулық жасайын деп жүрген шығар, мұны көз алдымызда ұстауымыз керек», – дейді. Колхоз бастық Біржан болмаса, мүлде опырылып та қалар ма еді, соның ақылымен орталықтан келген үлкен өкілге мұң-шерін айтып шағынады. Бәрін естіп отырған өкіл жау қолынан қаза болған қыршын Бабыр жайына қанғансын, дереу Серәліні колхозға мүшелікке алып, қолына жұмыс тапсырады. Басынан жұлып алынған қосы мен орта­лыққа өткен түйесі қайтарылады, егіншілерге барып қосылады. Өмірінің үзілуге шақ қалған үзікбауы жалғанып, түтіні түзелген Серәлі ұзақ ғұмыр сүреді. Ұрпақ жалғастырады. Осы ұзақ өмірінде бәрін бастан өткізген, сол өткеннің бәрін ақыл таразысымен өлшей алған, сол арқылы өмірден өзі түйін түйген пайымды жан қартайған шағында бұ­рынғы-соңғы әңгімені салқын қан, сабыр­мен шерте отырып, сөзінің түп төркінінде: «Мына тіршіліктің алдамшы аз күнінде пенденің басынан жақсы да, жаман да өтетінін; дүниенің бір күйде бір қалыпты тұрмай­тынын; өмір-жалғанның бірде көл, бірде шөл екенін; әу баста жарық дүниеге шыр етіп, періште болып келген адам баласын ақ жолынан адастырар әзәзіл­діктің көп екендігін; бірақ осының бәрінде кісінің кісі болып қала алатынын; кісінің кісілігі дегеннің – жігіттің нашарға істеген қайыры, досқа істеген адалдығы, қиянатқа қарсы тұра білген, қарлығаштай да болса, қайратымен өлшенетінін; бәрінен де адалдық пен тазалықтың дұрыс екенін; адамды байлық та, бақ та емес қанағат ғана мұратына жеткізетінін» меңзеген өсиеттер еді. Міне, ғасыр бойына өткені мен кеткенін жіпке тізгендей қартайса да көз алдынан  өткізіп, санасы өшпеген қарт абыз – сонау дала аристократиясының соң­ғы сілемі еді... Берік Шаханұлының шығармаларын оқи отырып көңілге түйгеніміз, ол қарымды қаламгер. Әрбір туынды оқиғасының шы­мыр­лығына, тілінің маржандай сұлулығына қайран қаласыз. Ал бәрінен де ауыл қаза­ғының психологиясын қолмен қойғандай көз алдыңа елестете жазғанда бейне бір сахнадан көргендей әсерде қаласыз. Ең ғажабы, сіз сол әсерден көпке дейін айыға алмайсыз. Оқиға өрісі санаңызда қайта-қайта жаңғырып тұрып алады. Бұл жазушы шеберлігінің айқын дәлелі. Иә, біздің Берік әріптесіміз осындай жазушы. Шәрбану ҚҰМАРОВА.