• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
04 Қараша, 2011

«Сыбаға» жақсартқан жағдай

468 рет
көрсетілді

Әлемдік рынокта азық-түлік өнімдеріне деген сұраныстың артуына байланысты Қазақстан Үкіметі ауыл шаруашылығы саласының, соның ішінде, мал шаруашылығының дамуына үл­кен көңіл бөлуде. Бұл ретте мал өсірушілерге мемлекеттік қол­дау шараларын ұйымдастыра оты­­рып, жаңа фермер шаруашы­лықтарын құрып, дамыту ісіне екпін түсіріліп отырғандығын айтуға болады. Аталған мақсатты нақты жү­зеге асыру ісі  «ҚазАгро» холдингіне тапсырылған. Холдинг бұл мәселені бірнеше бағыттар мен несиелік желілер арқылы ұйымдастырып, іске неғұрлым кешенді сипат беріп отыр. Осы ретте айта кететін бір мәселе, «ҚазАгро» холдингі фермерлік шаруашылықтарды ауыл шаруа­шы­лығын серпінді дамытудың басты тұлғалары ретінде қа­растырады. Өйткені, осынау ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін тиісті өндірістік буындар мен тетіктерді құруға, қажетті технологияларды әкелуге бо­ла­ды. Бұған қарқынды даму үстін­дегі Қазақстанның шамасы бар. Бірақ бар мәселе ақыр аяғында нақты адамдарға, олар­дың іске деген ынтасы мен іскерлік қабілетіне келіп тірелетіні белгілі. Нақ осы мәселеге қозғау салмай істен үлкен үміт күте қою да қиын. Сондықтан адамдар­дың ынтасын ояту ісіне бірінші кезекте мән беріліп, фермер болуға ұмтылушыларға тиісті қолдау шаралары қараc­тырылған. Соның бірі – түбінде елі­міздің әлемдік рынокта ірі ет экспорт­таушы аталуына мүм­кіндік беретін, етті тұқымды жас малды қалпына келтіру үшін агроөнер­кәсіп кешені субъек­тілеріне ірі қара малдың аналық басын жә­не бұқа өндірушілерді сатып алу­д­ы көздейтін «Сыбаға» бағ­дарламасы. Елбасы биылғы Жол­­дауында аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамы­ту жөнінде бұрын-сонды болып көрмеген бұл жобаға үлкен мән беріп, 2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жететінін хабарлады. «Сыбаға» бағдарламасы ту­ра­лы таратып айтсақ, бұл мал шаруашылығын заман талабына сай дамыту үшін өте қажетті шаралардың бірі болып отыр. Бағдарлама бойынша ірі қара малын сатып алғысы келетін шаруаға несие 6 пайыздық өсім­мен 7 жылға беріледі.  Жыл ба­сынан бері талай шаруаға қол­дау болып, «Сыбағаны» жүзеге асырып жатқан – «Ауыл шаруа-шылығын қаржылай қолдау қо­ры» АҚ. Несие алуға ниеттенген шаруаға қор 1 млн. теңгеден 18 млн. теңгеге дейін қаржы береді. Ағымдағы жылы фермерлік шаруашылықтардың алдында елімізге 40 мың бас ІҚМ сатып алу міндеті тұрса, оның 1 600 басы Жамбыл облысының ша­руа­шылықтарына тиесілі болмақ. Қазіргі таңда осы бағдарла­маның шеңберінде Жамбыл об­лысының фермерлік шаруашы­лық­тарынан мыңдаған бас ірі қара мал сатып алуға өті­ніштер қабылданды, соның тең жары­мынан астамы мақұлдан­ды, дейді Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқарма­сының бастығы Мұрат Әсіл­беков. Бүгінде «Сыбаға» бағдарла­масына сәйкес, осы облыста асыл тұқымды ірі қара өсіретін әрқайсысы 1000 бастан 5  шаруашылық пен әрқайсысы 1 мыңнан 5 мың басқа дейін 5 мал бордақылау алаңы және 180 фермерлік шаруашылық құру жоспарланып отыр. «Ауыл ша­руа­шылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қолдау көрсеткен фер­мерлік шаруашылықтың ал­ғашқы қарлығаштары қазірдің өзінде жұмыс істеуге кірісті, соның бірі Байзақ ауданындағы – «Ниет» шаруа қожалығы. «Сыбаға» бағдарламасының облыстағы алғашқы қатысу­шы­ларының бірі «Ниет» шаруа қожалығы 1998 жылы құрылған болатын. Ол Алматы – Ташкент автокөлік жолынан бір шақы­рым­дай қашықтықтағы Ақшо­лақ аулына қарайтын аумақта орналасқан. Құрылғанына 13 жылдай уақыт өткенімен «Ниет» шаруа қожалығы бірден дамып кете алмады. Себебі, белгілі. Еліміздегі көптеген шаруа қожалықтары секілді «Ниет» шаруа қожалығы да өз істерін кеңейту үшін ең алдымен қар­жыға зәру болды. Дегенмен ота­ға­сы Ұзақбай мен отанасы Нау­рызгүл қолдан келген тірліктің бәрін жасады. Соның арқасында қолдағы ұсақ малдарды қоспа­ғанның өзінде ірі қара санын жиырмадан асырып, өздерінің шағын тірліктерін дөңгелете біл­ді. Бірақ ауылда отырып, мал бағады екенсіз, одан түскен табыс та айтарлықтай болып, осы кәсіппен көркеюдің алғы­шарттарын қамтамасыз ету керек қой. Осындай ойға бекіген еңбекқұмар жандарға «Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ көмекке келді. Шаруа қожалығы қормен ке­лісім-шартқа отырып, 8,5 миллион теңге жеңілдікті несиеге ие болды. Бұл несиенің жылдык сыйақы ставкасы, жоғарыда ай­тылғандай, 6 пайызды құрайды. Яғни, екінші деңгейдегі банктер беретін несие ставкасынан әлде­қайда төмен. Оның үстіне несие, қожалықтың дамуы үшін қажетті уақыт ескеріле отырып, неғұрлым ұзақ мерзімге беріліп отыр. Қожалық қолға тиген несиеге 42 бас ірі қара мал сатып алды және басқа да ке­рек-жарақтар үшін өзінің айна­лым қаржысын толықтырды. Сөйтіп, іске кірісіп, сүт бұлағын ағыза бастады. – Осы несиені алуға ниет танытып жүрген кезімізде «Қаз­Агро» холдингінің басшысы Берік Бейсенғалиев облыс, аудан басшыларымен бірге біздің қо­жалықта болып, жағдайы­мыз­бен танысқан еді. Қазір енді несиеге ие болып, көңіліміз ор­нықты. Бірақ жауапкершілік жүгі бұ­рынғыдан арта түс­кендей. Себебі, ісіміз пәрменді сипат алып отыр. Шынын айт­қанда, мемле­кеттің алға қойған мақсатына сәйкес жаңаша тірлік бастап жатырмыз. Қожалықта жұмыс істейтін адамдар саны да көбей­іп, кәсіпке кәсіп, нәсіпке нәсіп қосылатын сыңайлы, дейді бізбен әңгімесінде қожалық иесінің ұлы Саха Ұзақбайұлы. Қыдырбек Әбдірахманов.