• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
04 Қараша, 2011

Жаңа діни ахуал: Мүмкіндіктер мен қатерлер

8416 рет
көрсетілді

Ғасырлар тоғысында әлеуметтанушы америкалық ғалымдар Дж. Нейсбит пен П.Абурдин 2000 жылы ХХI ғасырдың алғашқы жылдарындағы әлемдегі ең басты, ықпалды, жаһандық сипаттағы он бағыттың (мегатенденциялар) ішінде тілдік патриотизм мен діни қайта жаңару үрдістерін атады. Ал БҰҰ қолдауымен 2003 жылы дайындалған «Әлем болашағы пішіні» атты еңбекте де он төрт басты үрдістердің екеуі діни және ұлттық жағдайларға байланысты: радикалды ислам идеологиясының дамуы және этностық өзін өзі тану саясатының күш алуы («Социально-гуманитарные» №3, 2011 жыл, 4-5-беттер). Ұлттық және діни мәселелердің ықпалының өсуін сарапшылар XXI ғасырда отаршылдыққа қарсы күрестің жаңа толқынының басталуымен түсіндіреді. Егер бірінші толқын экономикалық және саяси тәуелсіздікке қол жеткізу болса, отарсыздану зымыранының екінші сатысы мәдени және әлеуметтік тәуелсіздіктен арылу болып отыр. Осы мүмкіндік пен қатерлер төңірегінде бұрынғы отарланған елдер мен отарлаушы елдер терең ойлануда. Діни ахуал деңгейлері ХХ ғасырдың 80-жылдары Кеңес Одағында жүргізілген зерттеулерге қарағанда, төрт адамның бірі дінге әртүрлі деңгейде мән берсе, қалада олар 10 – 20%, ауылда 30 – 40% болған, олардың ара­сын­да аға ұрпақ, әйелдер басым. Көпдінді кеңес­тер елінде ислам дініндегілер өз дініне басқа­лар­дан берігірек болған сияқты. Дінді мойын­дау­шы­лардың мешітке, не шіркеуге баруға мүмкін­дік­те­рі бола бермеген, сондықтан отбасында діни мерекелер, салт-дәстүрлерді ұстанған. Дінге деген ықылас, әсіресе, кеңестік интеллигенция ара­сын­да жоғары көрінген. Ол дінге бет бұрды дегенді білдірмейді, бірақ ұлттық мәдениет, әдебиет, әсі­ре­се ауыз әдебиетін, сәулет өнерін, археология, эт­нография, тіл білімін, музей құндылықтарының мәнін, мазмұнын діннің рухани ықпалынсыз тү­сі­не бермейтіндігіне көз жеткізілді, атеизм салда­ры­нан жас ұрпақтың төлтума өркениеттен, рухани құндылықтан жат бола бастағаны айқын сезілді. Кеңес билігі тарағаннан кейін Қазақстанда «Ді­ни сенім және діни бірлестіктер туралы» Заң діни қызметке, діни ілімдерді насихаттауға, діни әде­биет­терді таратуға, құлшылық етуге еркіндік берді. Діни ахуал туралы сөз қозғағанда оның екі дең­гейін ескергеніміз жөн: жаппай бұқаралық дең­гейдегі діни сана мен жоғары діни институттар деңгейі. Бұқаралық деңгейдегі діни сананы сара­ла­сақ, бұл дүниеде барлығын «дін аманмын» дейтін қазақ, ХХ ғасырдың 20-жылдары, әсіресе жастар діннен атеизмге бет бұрса, ХХ ғасырдың аяғында тәуелсіздікпен бірге діни сенімге де еркіндік ал­ғаннан кейін, тағы да жастар, енді дінге аса қы­зығушылық танытты. Осылай сағаттың маятнигіндей діни санадан атеизмге, атеизмнен діни са­наға ауытқудамыз. 2009 жылғы халық санағы бойынша, Қазақ­стан халқының 70,2%-ы мұсылмандар, 26,3-і хрис­тиандар, 0,1%-ы буддистер, 2,8%-і ешқандай дінге сенбейтіндер, 0,5%-ы жауап беруден бас тарт­қан. Әдетте түркі тілдес халықтарды мұсыл­ман дініне ойланбай жатқызады. Бірақ халық са­нағы көрсеткендей, қазақтардың 0,4%-ы (39 172) адам христиан дініне, 1 923-і – иудаизмге, 749-ы – буддизмге, 1 612 адам басқа діндерге өткен. 98 511 қа­зақ ешқандай дінде жоқ. 26 085 адам жауап бермеген. Сонымен бірге, өзбектердің де 0,4%-ы, ұй­ғырлардың – 0,5%-ы, татарлардың – 10,2%-ы, тү­ріктердің – 0,3%-ы, әзербайжандардың – 2,5%-ы, қырғыздардың – 0,9%-ы христиандар екен. Сондай-ақ орыстардың – 1,4%-ы, украиндардың – 0,9%-ы, немістердің – 1,6%-ы, корейлердің – 5,2%-ы, бе­лорустардың – 0,8%-ы, поляктардың – 0,7%-ы, басқа ұсақ этностық топтардың 34,7%-ы исламды қа­былдаған. Қазақстандықтардың дін таң­дау­ын­да, сөз жоқ, аралас некенің де ықпалы бар. Тағы бір назар аударалық мәселе: украиндардың – 7,3%-ы, немістердің – 14%-ы, корейлердің – 28,5%-ы, белорустардың 7,8%-ы ешқандай дінде жоқ. Әртүрлі этностар дін ілімін терең білмегенмен, «қазақ болғандықтан мұсылманбыз», «орыс болғандықтан православиелікпіз» дегендей өзде­рін белгілі бір дінге, конфессияға жатқызады, сон­дай-ақ дінге сенбейтіндер де бар. «Дүние – шыр айналған бір дөңгелек» дегендей, өзгермелі, құбылмалы заманда бірқатарымыз дүрмекке еріп, әртүрлі топтың жетегінде де кетіп жатырмыз. Діни ахуалдың екінші деңгейі – бұл діни институттар мен ұйымдар, конфессиялар, олардың құрылымдары, бірлестіктері, басқару орталық­та­ры. Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сес­сия­сында сөйлеген сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіздіктің 20 жылында Қа­зақ­стан аумағында жұмыс істейтін діни қауым­дас­тықтардың саны 700-ден 4500-ге дейін өсті», – деді. Елімізде дінді танып білуге талпыныс ар­тып, дін рухани өміріміздің негізіне айналып келеді. Сонымен бірге, дінге оралу барлық пост­ке­ңес­тік елдерде, соның ішінде Қазақстанда да, зай­ыр­лы мемлекеттегі діннің орны, дін мен мемлекет қарым-қатынастары туралы мәселелер төңіре­гін­де пікірталастар туғызды. Басқа елдердегі діни ахуал, сондай-ақ еліміздегі «жаңа діни» козға­лыс­тардың мемлекетіміздің әлеуметтік-психо­ло­гиялық өміріне ықпалы да бүгін өткір мәселеге айналып отыр. Әртүрлі діндер мен конфессиялардың олар­дың жолын ұстаушылар мен ұйымдарының, со­нымен бірге, олардың билікпен, азаматтық қоғам­мен қарым-қатынасы елдегі діни ахуалға ықпал етеді. Діни ахуал әлеуметтік ортадан, айналадан аулақ оңашаланған әлем емес, оны елдегі әлеу­меттік, саяси, рухани-психологиялық ахуалдан бөліп қарауға болмайды. Елдегі діни ахуалды тереңірек түсіну үшін Ресей мен Қазақстандағы дін жағдайын саралап көрейік. 2000 жылы Ресейде «Ресей православие шіркеуінің әлеуметтік тұжырымдамасының негіздері» атты ХХI ғасырдағы бағыт-бағдарына ар­нал­ған тұжырымдама мақұлданды, ол дінтанушы ғалымдардың да талдауынан өтті. Ресми бағдар­ла­ма шіркеулерге ғана емес, мемлекеттік билікке, зайырлы ұйымдарға, әр шіркеу мүшесіне ар­нал­ған. Тұжырымдама дін мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың тиімді моделін ұсынады, оны екінші сөзбен айтқанда, симфония, немесе үн­дес­тік дейді. Орыс православие шіркеуі визан­тия­лық дәстүр – билікті қастерлеуден бас тартып, би­ліктің қол астындағы бағынышты дін еместігін, мемлекеттен, мемлекет басындағы тұл­ға­лармен жақындаспай, бойларын аулақ са­ла­тын­дықтарын мәлімдеді. Билікті қолдаудың да шегі барлығын ескертті: дінді сыйламайтын, елді діннен ажыратуға тырысатын мемлекеттің әрбір қадамына шіркеудің қарсы болатындығын ескертті. Сонымен бірге ортақ ел мүддесі үшін мемлекетпен бірлесіп жасайтын істердің бағыттарын айқындады («Основы социальной концепции русской православной церкви» («Социологические исследования, 2001 ж. №8). Ал енді бүгін дінтанушы ғалымдар Ресейде мемлекет пен орыс православие шіркеуінің жа­қын­дасуы Конституция шеңберінен ашықтан ашық шықты деп алаңдаушылық білдіруде. Ол шіркеудің мемлекеттік қызмет, оқу орындары, әскери, мәдениет салаларында ықпалы өсіп, мемлекет діншіл (клерикалдық) сипат алып, дін үс­тем­дігі күшеюде, шіркеу тіпті биліктің дінге то­лық бейімделуін талап етіп отыр («воцерковление власти») делінеді. Ал билік партиясы – «Біртұтас Ресей» бұл ниетке қарсы емес, барлық заң жо­ба­ларын православие дін мүддесі тұрғысынан сараптамадан өткізілуін қолдады. Осыдан келіп ға­лымдар орыс қоғамы үлкен қауіп-қатердің алдын­да тұр, деп алаңдайды («Религия и право», 2011 ж., №1). Православие, ислам және басқа да мәдениетті насихаттау деген желеумен таза діни білім берілуде, ал ол зайырлы қоғам, зайырлы білімге жат делінеді. «Білім ту­ра­лы» Заңға «діни білім» деген ұғым енгізілуі оқу орындарында енді миссионерлер мен секталарға діндерін насихат­тауға жол ашыл­ды деушілер көп. Бүгін әлемде, әсіресе, Батыста еуропоцентризм идеологиясына не­гізделген ислам дініне, мұсыл­ман­дарға деген қарсылық басым. Мысалы, Ресейде, әсіресе, Сол­түс­тік Кавказдағы соғыс жылдары ислам дінін шеттету орын алды. Ішкі істер министрлігі мен орыс православие шіркеуінің ынты­мақ­тас­тық туралы мұсылмандардан оңаша қабылдаған келісімі «азаматтарды рухани арандатушылықтан қорғау» деп аталды. Ресейдің қауіпсіздік кеңесі мен православие діни бірлестіктерімен өткен келісім де осы пішінде өтті. Бүгінгі Патриарх Кирилл Ресейдегі мұсылман­дар­дың санын кемітіп көрсетіп, 20 млн.-ға жеткен, халқының 15%-дан астамын құрайтын мұ­сыл­мандарды нәбәрі 4-5% деп, Ресейдің православие елі екендігіне басымдық беруге тырысса, кезінде патриарх Алексий II де «Ресейдің идео­ло­гиясы парвославие» деген болатын. Ресейдің бір­қатар өңірлерінде мешіттер салуға қарсылық әлі көп. (Э.Абдулагатов, «Российские православные и мусульмане: общие проблемы – разные взгля­ды». «Общественные науки и современность», 2004, №2). Бүгін ислам дінін құ­быжық етіп көрсетіп, экстремизм қаупін тек исламнан көру етек алған. Соңғы кезде Норвегияда болған жантүршігерлік террористік оқиға ақы­лы­нан адасқан біреудің әрекеті емес. Андрес Брейвик өзінің қылмысын қоғамның көңілін аудара­тын «қажетті айуандық» деп есептейді, ол мұсыл­ман­дардың Норвегияны отарлауына қарсылық деп бағалайды. Мұсылмандарды еуропалықтар ис­лам діні мен салтынан бас тартпайды деп айыптайды. Біздің елімізде ислам дінінің орны бөлек. Қа­зақ сияқты отарланған ұлттар үшін дәстүрлі құн­дылықтарды, ұлт мәдениетін, дәстүрлі дінін қол­дау өте маңызды. Ислам діні – ғасырлар бойы ұл­ты­мызға тірек, өркениетіміздің қазығы болған және бола беретін мәдениет құрушы, орны бөлек рухани күш. Дегенмен, біз өз ұстанымымызды то­лық анықтай алмай келдік. Батыс пен Ресейдің ислам дініне деген салқындығы Қазақстанда да сезіледі. Ол – бұқаралық ақпарат құралдары ар­қылы ағылып келіп жатқан әдебиеттердің, оның ішінде ғылыми деп аталатын еңбектердің де ықпалы. Бір сөзбен айтқанда, ақпараттық экс­пан­сия ислам дініне салқынын тигізуде. «Діни экстремизм», «ислам экстремизмі», «ислам фундаментализмі» ұғымдарын біз ойланбастан қабылдап, оқулықтарға енгіздік және онда исламға көлеңке түсіру ниеті жатқанына мән бермедік. «Экстремизм» (фр. тілінен extremisme, лат. extremus) – шектен шығу деген мағынаны білдіреді. Бірақ «шектен шыққан» көзқарас, «әрекет» деп нақты нені айтамыз деген сауалға жауап алуан түрлі. Негізі ол тек Конституцияның, заңның та­лабымен өлшенсе керек. Әртүрлі лаңкестік әре­кет­терді дінмен, әсіресе, ислам дінімен байла­ныс­тыру қате пікір: шынайы ислам экстремизмге, экс­тремизм исламға жат. Ғасырлар бойы мәде­ниет­тің, өркениеттің негізі болған исламды түрлі жағымсыз істермен, қантөгіс уақиғалармен бай­ла­ныстырудың астарында басқа діндерді тық­палау ниеті жатыр. Төркініміз Кеңес өкіметі ұлт десе ұлтшыл деп айыптауға дайын тұратын еді. Енді бүгін дін десе, әсіресе ислам діні туралы сөз бола қалса, ол дінді ұстанушыларға «экстремист», «террорист», «ва­хабист» дейтіндер көбейді. Шындығында, мұн­дай анықтаманы тек сот бере алады. Әлі де дінді жау көрмесе де, идеология саласында бәсе­ке­лес көре­тін­дер бар. Жастардың көбірек мешітке бараты­нынан, болмаса ерекше киінгенінен зайыр­лы мемлекетке жасырын қауіп іздеушілер жоқ емес. Діндарлықты – «фанатизм», радикалдық іс әрекеттермен байланыстыратын психология өз ішімізде әлі де көрініс алып отыр. Дін ата-ба­ба­ла­ры­мыздың құндылығының негізі дегенімізбен, әлі оның парқына бара алмай жүрміз. Орыс ақы­ны А.Вознесенский айтқандай, «мы некрещенные дети советской империи» деп, бүгінгі қазақ­тар­дың да кіндігін негізінен атеистер кескен, рухани тәрбие алмай, енді көп дүниені ой елегінен өткізудеміз. Сондықтан да зайырлы мемлекеттің не екенін біреу біліп, біреуі білмей, атеистік мемлекетке теңейді. Діни ахуал қалыптастыру Ақтөбе облысының Шұбаршы, Кеңқияғында еліміздің басқа да кейбір елді мекендеріндегі сияқты исламның Қазақ еліне дәстүрлі емес топтарының барлығы бұрыннан белгілі. Бірақ діни алалық шиеленіске, бұлтартпайтын бірбеткейлік текетіреске ұласпаған. Тапа-тал түсте алдын ала өздерінің алысқа бара алмайтындарын білсе де, қарулы топ ашық қанды қақтығысқа бел буды. Бұл уақиғаның астарында діни емес, қылмыстық қақтығыстың барлығы да бірден айтылды. Бірақ күні бүгінге дейін бұл қылмыстың сыры ашылып, соңғы нүкте қойылған жоқ. Сондықтан, ел ішінде әртүрлі болжамдар мен қауесеттер сейілмей отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сес­сия­сында сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев: «Мен елі­міздегі діни істер туралы ерекше айтқым ке­леді» – деді. Елбасының дін жағдайына аса назар аударуының терең себептері бар. Еліміздегі діни ахуалды жаһандану үрдістерінен, әлемдік қайшылықтардан, ислам дінінің әлемдегі орны, ықпалынан бөліп қарау мүмкін емес. Мысалы, Палестина проблемасы – ислам үшін қасиетті жерде Израиль мемлекетінің пайда болуы, еврей мемлекетінің Палестина территориясын басып алуы араб әлемін есінен тандыратындай етті. Батыс­тың еврейлерді қол­дау­ы араб ұлтының намы­сы­на тиді. 2003 жылы Қа­зақ­стан Парламенті Мәжі­лісі деле­га­циясының Си­рия­ға сапа­рында президент Башар Асадтың: «Біз Из­раильмен емес, АҚШ-пен Ба­тыс­пен соғысып жа­тыр­мыз, әйт­пе­се бір топ еврейге той­тарыс беру біз­ге қиын емес. Кезінде араб­тар­ды шап­қын­шы­лардан қорғаған Бей­ба­рыс ұр­пақ­тары – қа­зақ­­тар­дан қару-жарақ емес, мо­ральдық қолдау күте­міз», – дегені есімде. АҚШ-тағы еврей лоббиі жағдайында Палестина мә­се­лесінің шешімін табуы қиын. Дегенмен, бүгін күдіктен үміт ба­сым. Ал егер күштілер осылай араб елдеріне, палести­налықтарға ойына келгенін істей берсе, онда әлсіздер тарапынан лаңкестік әрекеттер де жалғаса бермек. АҚШ-тың мүддесі бар әлемнің кез келген елінде сыртқы күштер әртүрлі жолдармен ел ішіне іріткі салуға ұмтыла беретін болады. Ішкі діни ахуал о баста кеңес заманының дө­ре­кі атеистік саясаты, дінге қарсы жүргізілген зор­лық-зомбылық, діни ғибадатханалардың жа­бы­луы, діни қызметкерлерін қудалаумен де бай­ланысты. Тәуелсіздікпен бірге діни еркіндік алған дәстүрлі дінімізге оралуды мақсат еттік те, оны нақтылап анықтауға біліміміз де, тәжірибеміз де жеткіліксіз болды, ислам дініндеміз, мұсылман­быз дедік. Сырттан келгендердің барлық уағыз­да­рын жоғары ақиқат деп қана қабылдап қойған жоқ­пыз, басшылыққа алдық. Осылай әртүрлі жат ағымдарға икемді орта қалыптаса бастады. Олар әлемдік тәжірибеден өткен әккі жолдарын Қа­зақстанда да пайдаланды: мешіт, медресе, шіркеу салуға сырттан қаржылай көмек көрсету, бірақ жетекшілері шетелдіктер болуын басты талап ету, әртүрлі қайырымдылық қорларын құру, жастарды араб және басқа елдерде діни білім алуға жіберу, олар оралғаннан кейін ұстаздарының идеялық уа­ғыздарын насихаттауға тиісті болу. Осы қауіпті ескеріп, Ресейдің 1997 жылы қабылданған «Ар-ождан бостандығы және діни бірлестіктер ту­ра­лы» заңы шет ел діни ұйымдары өкілдіктерінің діни қызметпен айналысуына тыйым салды. Елдегі тыныштықты, тұрақтылықты мылтық­пен орната алмаймыз. Көршіміз Ресей тәжірибесі қаза болғандардың орнын туыстары, жерлестері, ниеттестері толтырып өш алу, арандату жалғаса беретінін көрсетіп отыр. Ел тұрғындарынан азамат тәрбиелеу, ымырашылдық, іштей жек көре­тін­дермен де сырттай сыйласа білу, жұғысу, келісіп отыру да аз, өз пікірінде қалу, елді ұйым­дас­ты­рып, дінаралық, ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу маңызды болып табылады. Ең бастысы – адамдарға әділ қарап, тілектестік, жарастық табу, бірбеткейлікке жол бермеу. Бүгін елімізде ислам дінінің Қазақстанға та­рауы, дін мен ұлттық салт-дәстүріміздің үйлесімі мен ерекшеліктері, Әбу Ханифа мазхабы, салафия бағыты туралы мазмұнды, терең насихат жүр­гізілуде. Елді тәрбиелейтін ағартушылық іс діни ахуалға оңды ықпал ететіні сөзсіз. Бірақ оның да шегі бар. Бұл істе науқаншылдық тиімсіз. Ақтөбе облысының Темір ауданы, әсіресе, Шұ­баршы, Кеңқияқ ауылдарында діни насихат жалықтырған да тәрізді. Уағыз, насихат саяси - әлеуметтік, мәдени өмірмен үйлесіп жатқанда ғана тиімді. Мемлекет пен дін бірлігі, халықтың мем­лекетке де, дінге де сенімі діни ахуалды тұрақтандырады. Діни ахуалға, әсіресе, радикалдық көңіл-күй­ге, экономикалық, нарықтық қатынастарға бет алу, елдің бай мен жарлыларға жіктелуі, діні бөлек шет ел жұмыс күшінің таралуы әсер етпей қоймайды. Бір жағынан, әлеуметтік қиындықтар, социалистік құндылықтардың күйреуі, наным-сенімдердің өзгеруі, екінші жағынан, еркіндік жеке адамдарды жаңа іс әрекеттерге, әртүрлі ағымдарды таңдауына мүмкіндік туғызды, итермеледі, олардың арасында радикалды пікірлер де аз болмады. Әлі де ысылмаған, оңын-солын танымағандар жетекке ере берді. Ресми есеп бойынша, елімізде жарты мил­лион­ға жуық тіркелген жұмыссыздар бар. Со­ны­мен бірге, 1,7 млн. өзін өзі жұмыспен қамтамасыз етушілер, олардың 1,3 млн.-ы қосалқы үй шаруашы­лығын­да­ғылар. Ресми статистика оларды жұмыспен қам­тылғандар қатарына жатқызады, ал олардың басым көпшілігі өздерін жұмыссыздар­мыз деп санайды. Сондықтан биылғы Қазақстан хал­қы­на Жолдау­ын­да Н.Назарбаев «Өзін өзі жұмыспен қамтып отырған тұрғындар – біздің эконо­ми­ка­мыздың зор кадрлар резерві», – деп бағалады. Шет елдерде оқитын жастарды белгілі бір діни идеяның ықпалына икемдеу бүгін басты стратегия­лық мақсатқа айналды. Дәстүрлі от­ба­сы­лық, туыс­қан­дық, мәдени ортадан жырақта жүрген жастар­дың елін сағынатыны, жалғыздық көретіні, шеттетілетіні анық. Олар мешітке, шіркеуге діни серіктер табу үшін емес, жолдас, дос табу үшін барады, сол жерде олар әртүрлі ағымдардағылармен пікірлес болады. Сондықтан, тек шел елдегі діни оқу орнындағылар ғана емес, басқа да колледж бен университеттерде оқитын жастар әртүлі діни бағытта болуы ықтимал. Елге оралғаннан кейін олар діни ахуалға өзінше ықпал етеді. Ауылдан қалаға келген жастар да дәстүрлі емес дін соңындағы жерлес бауырластарының жетегінде кетеді. Діни ахуалға ұлттық факторлардың тікелей ықпалы барлығы белгілі. Қазақстанда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде әлсіздігі, Ресей телеарна­ларының үстемдігі, теледидардағы ислам дәстүріне жат зорлық-зомбылықтың, порно­гра­фияның кең тарауы бөтен тілдің, мәдениеттің өк­темдігі ғана емес, бөтен діннің де мұсыл­ман­дар­ға шабуылы деп қабылданатыны анық. Мемлекеттік басқару органдары мен өзін өзі басқару органдарының елдегі ахуалға жағымды ықпал ету, кесепаттың алдын алу жолдары мол. Олар­дың ішінде: - елді мекендердегі, аудандардағы жағдай туралы құқық қорғау органдарымен әрдайым өзара ықыласты байланыста болу; - қалаларда мәслихаттардың пәтер иелері кооперативтерімен сенімді қарым-қатынаста болуы, тұрғындар тынысы жайлы хабардар болу; - қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялармен байсалды пікір алмасу; - кейбір жағдайда сенім телефоны арқылы жал­пы өрескел іс-қимылдар туралы мәлімет алып отыру; - азаматтардың әр салада да белсенділігін қолдау, оларға ықылас-пейіл таныту, менмендікке жол бермеу; - мемлекеттік басқару органдарында кіші ассамблеялармен қатар этномәдени бірлестіктермен, басқа да орталықтармен байланысқа жауапты адамдарды бекіту; - діни, ұлтаралық, әлеуметтік ахуал жөнінде тә­жірибені мезгіл-мезгіл саралап, жергілікті об­лыс­тық, мемлекеттік деңгейде ұсыныстар дайындау; - әлеуметтік зерттеулер негізінде жоғары оқу орындары колледждер мен мектеп оқушы­лары­ның көңіл-күйін, рухани ұстанымдарын анықтау; - жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару органдарының елді мекендер аумағын­дағы базарлар, сауда орындары, мейрамханалар, демалыс орындары, спорттық секциялар, парктер мен зират орындары төңірегіндегі ахуалды қадағалап отыру; - бұқаралық ақпарат құралдарын рухани, байыпты, кісілік қасиетке бейімдеу. Діни ахуал және заң Уағыз айтушы қай заманда да айтқан уағызы­на сай әрекет ете бермеген. Дін бірлестіктері мен дін қызметкерлерінің білмей, сауатсыздықтан, кейде саналы түрде де заң бұзушылыққа жол беретіні жиі кездеседі. Сондай-ақ заңды қадағалап, азаматтардың құқын қорғайтын қызметкерлер де әділетсіздікке, заң бұзушылыққа баруы мүмкін. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа Заңның оңды тұстары жеткілікті. 3-баптың 3-тармағында мемлекетіміздің зайырлық сипаты баян етілген. Бұрынғы заңдағы «Мемлекет діни бірлестіктерді қаржыландырмайды» деген тұжы­рым алып тасталған. Енді қажет болған жағдайда мемлекет діни бірлестіктерді қаржылай қолдай алады. Ол орынды, себебі, бірқатар діни бірлестіктер шет елдерден қаржы алады. Кіріспе бөлім (преамбула) де басым жұртшылықтың ойынан шығады. Онда: «Халықтың мәдениеті мен діни өмірін дамытуға ханафи бағытындағы ислам және православиелік христиан діндерінің тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының діни мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танытатынын негізге алады», – деп алғашқы рет тарихи діндер қолданған. Әлемдік тәжірибеде тарихи, дәстүрлі діндерді қолдау дағдыға айналған. Батыста священниктер мемлекеттен еңбекақы алады, халық діни салық төлейді, мектептерде тарихи діндер – міндетті пәндердің бірі. 12-баптағы діни бірлестіктердің мәртебесін айқындап, оларды жергілікті, өңірлік, респуб­ли­калық діни бірлестіктер деп санына қарай тану да әділ шешім, себебі, бұрын бес мүшесі бар секта мен мұсылмандардың діни басқармасының мәртебесі заң алдында бірдей еді. Енді ең күрделі мәселе заңдарды қолдануынан туындайды. Мысалы, «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңда экстремизм «діни өшпен­ді­лік­ті немесе алауыздықты, соның ішінде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақы­ру­мен байланысты алауыздықты қоздыруды, сон­дай-ақ азаматтардың қауіпсіздігіне, өміріне, ден­сау­лығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндіретін кез келген діни практиканы қолдануды (діни экстремизмді) көздейтін іс-әрекет (ұйымдастыруы және «немесе жасауы») деп анықталған. Бірақ осы заңда құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне де қойы­ла­тын талаптар анықталмаған. Осы заң және бас­қа да әлеует құрылымдарының қызметін реттейтін заңдардың астарында айыптау, жауапқа тарту, қадағалау үрдісі басым да, олардың дінаралық, ұлтаралық, нәсілдік алауыздықпен күрестегі міндеттері нақтыланбаған. Кейде қылмыстық қақтығыстар мен діннің ара жігін ажыратпай дінді кінәлау жиі көрініс алады. Қылмысты діндармыз деген адамдар жасаса, оған дін кінәлі емес. Анық-қанығына көз жеткізбей шүйілу, ескертулер айту да кездеседі. Құқық қорғау органдары мен арнаулы қызмет­тер де өз қызметін тым кең мағынада түсініп, өз қызметтерінде өз құзыреттері шеңберінен асып жатады, мемлекеттік басқа органдардың қызметін алмастыруға тырысушылық та көрініп қалады. Қай салада да барлығын бақылап, ашса алақа­ным­да, жұмса жұдырығымда болсын деген ниет ойдағыдай нәтиже бермейтіндігі белгілі. Тізгіндеп, күнде «достық» әңгімеге шақыру адамды ашындырып, өзіне өзі қол салуға дейін апарады. Өкініштісі, құқық қорғау органдарында дін мәселелерін талдайтын мамандар жоқ. Ал әртүрлі конфессиялық ортада дін сияқты табиғаты күр­делі, нәзік мәселелерді түсіну, оларды реттеу үшін тек сауатты дінтанушы, ешкімге бұра тарт­пайтын мамандар қажет. Арнайы мамандардың тапшылығынан діни бірлестіктер қызметі туралы тұжырым сол адамдардың ой-өрісімен баға­ланса, талай қиындықтар туары сөзсіз. Осының салдарынан заң аясында қызмет жасайтын діни бірлестіктерді үсті-үстіне тергеуден жағдай ушығады. Экстремизммен күресті сылтау етіп, азаматтардың наным-сенім мәселелеріне заңсыз араласу қателіктерге ұрындырып, ашу-ызаны қоздыруы мүмкін. Діни ахуал осылай күрделеніп, жанжалдарға негіз болуы мүмкін. Басты мәселенің бірі – діни әдебиеттерді талдау, сараптау, оларды зиянды деп табу. Құқық қорғау органдары күдіктілерді қамауға алғанда олардың үйінен діни әдебиет табылды деп жариялап жатады. Бүгін елімізде дінге қызушылық басым, діни әдебиетті оқушылар көбейді. Мыса­лы, соңғы кезде тіпті неміс тілінен орыс тіліне аударылған А.Гитлер сөздерінің стенограммасы жарық көрді. Кешегі және бүгінгі де фашизмді танып білу үшін ол кітап пайдалы, бірақ ол кітаптың иесі фашистік идеология жетегінде дегенді білдірмесе керек. Дегенмен, солақай полиция, тергеуші, сот мұны қалай түсінеді? Көрші Татарстанда сараптамашының тайыздығынан Мұ­хаммед Пайғамбарымыздың хадистері, 18 ғасырдағы мұсылман теологтарының еңбектері зиянды деп табылып, сот үкімі шығарылған. Ресей Бас прокуратурасы, Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы Шейх Рафиль Гайнутдинов аралас­қан­нан кейін ғана сот мәселені қайта қараған. Сон­дай-ақ көре-тұра дінаралық және ұлтаралық араз­дық тудыратын жағдайларды үстіртін сарап­та­ма­ның салдарынан іс көтерілмеген жағдайлар да бар. Діни бірлестіктер мүшелеріне тіл тигізу, дөре­кі­лік көріністері де орын алатыны талай азамат­тардың Парламентке жолдаған хаттарынан белгілі. Құқық қорғау қызметкерлері азаматтардың ана тіліне, салт-дәстүріне, мәдени және этностық ерекшеліктерін ескерген күнде ұлтаралық және дінаралық сыйластыққа жағдай туады. Егер полиция қызметкерлері мен дін ұстанушы азамат екі ұлттың өкілі болса, полиция қызметкерлерінің дөрекі мінезі, оғаш сөздері діндар адамға діні, ұлты бөтен болғандықтан, оған көрсеткен арнайы өрескелдік болып көрінеді. Діни бірлестіктермен жұмыс сыпайылықты, әдептілікті талап етеді. Сондай-ақ, полицейлердің ғибадатханаларда жү­ріс-тұрысы, тәртіп қағидаларын, кішіпейілдікті сақтау, діни қызметкерлермен өздерін қалай ұс­тауын, сөйлесуін білуі керек. Өкініштісі, біздің заң­дарда діни бірлестіктер мен жеке азамат­тар­дың құқы бұзылған жағдайда құқық қорғау ор­ган­дарының жауапкершілігі терең қарастырыл­маған. Олардың адамгершілігі, төзімділігі, бүгінгі тілмен айтсақ, толеранттылығы, байсалдылығы да ел тұрақтылығының кепілі. Діндер туралы мәліметтер тым тайыз болған­дық­тан, олар нені қолдап, нені айыптауды біле бер­мей, кейде тіпті түгел дінді айыптайды. Намаз оқығандармен, басқаша киім киетіндермен күрес – күрестің ең оңай жолы. Бірақ осының сал­дарынан мемлекетіміздің беделіне нұқсан келеді, мемлекет пен дінге сенетін адамдардың арасына жік түседі. Сауатсыз әрекеттің салдарынан кейбір діни бірлестіктер жұмысын астыртын, құпия жүргізуге, тіпті күмәнді топтарға енуге мәжбүр болады. Абзалы әлемдік тәжірибе көрсеткендей, құ­қық қорғау органдары қызметкерлеріне арнал­ған ислам, православие, католицизм, протестантизм, иудаизм, буддизм туралы жаднама (памятка) дайындап, онда әр діни ілім туралы қысқаша мә­лімет, оның ерекшеліктері, діни бірлестіктердің байланыс телефондары мен мекен-жайлары көрсетілсе тіпті орынды. Ақтөбе облысындағы оқиғалар ел қауіп­сіз­ді­гін қамтамасыз ету барысында орталық орган­дар­дың міндеттері заңдарда айқындалғанын, ал жергілікті мемлекет басқару мен өзін-өзі басқару органдарының төтенше уақиғалар, қақтығыс тұ­сын­дағы құзыретінің заңда белгіленбегенін көр­сетті. Нәтижесінде жергілікті ауылдық, аудандық, облыстық билік уақиғалардың үндемейтін куәгер­ле­рі ғана болып отыр. Жергілікті елдің тұрмы­сын, психологиялық, әлеуметтік және діни ахуа­лы­нан құлағдар мәслихат депутаттары, тұрғын­дар, ардагерлер қандай да қайшылықты шешуге тиімді ықпал ете алады. Олар бүлікке бейімділерді де, қақтығыстың алдын алу, келісім табудың мүмкіндіктерін де біледі. Ал жергілікті халық шеттетілген жағдайда қақтығыстарды тек күшпен шешудің жолы ғана қалады, ол қантөгістерге әкеледі. Абай «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандастарының бәрі виноват», деген. Демек, мемлекеттік органдар, бұқаралық ақпарат құралдары, отбасылары, әр азамат болған жағдайларға кінәлі. Елді мекен халқын уақиғалардан қақпайлау, ығыстыру адамдарды еліне қорғаныш, таяныш емес, әлсіз, қауесет пен қауіп-қатер ықпалындағы мүшкіл топқа айналдырады. Сонымен, дінге бетбұрыс, дінге сенушілердің, діни бірлестіктердің, ұйымдардың, діни оқу орын­дарының санының тез өсуі елімізде күрделі, қайшылыққа толы діни ахуал қалыптастырды, еліміз алуан түрлі діндердің араласатын алаңына айналды. Бір жағынан, демократиялық ахуал жаңа мүмкіндіктер туғызды, адам тәрбиесіне жаңа қырынан келіп, рухани-психологиялық тәр­бие­ге мүмкіндік берді, дін мұсылман ағайынның басын біріктіретін, рушылдық, жүзшілдіктен жоғары тұратын патриоттық идеологияның бір негізіне айналып барады. Екінші жағынан, діни ағымдар мен конфессиялар арасында бәсеке­лес­тік күшейді. Абай айтпақшы, «кеселді кісі еркін келетұғыны несі?» деп, діни сенім бостандығын әртүрлі секталар, жат ілімдер көбірек пайдаланып кетті. Бұл бұрын-соңды болмаған діни ахуал еді. Кешегі атеистік қоғамнан шыққан біздің қоғам мейірімді дін мен дінді бүркемелеп жүрген әр­түр­лі іріткі салушы топтарды ажырата алмай, кауіп-қатерді талай ғасырлар бойы елімізді тәрбиелеп келген ислам дінінен көретіндер де бой көрсетті. Бүгін жаңарған діни сананы елдің басын біріктіріп, мәдениетінің, дәстүрінің тірегіне айналдыру, дін мен мемлекет, дін мен тәрбие үйлесіміне қол жеткізе білу – ел дамуының ізгілігі мол шапағатты жолы. Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымдарының докторы, профессор.