• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
04 Қараша, 2011

16 мәселе қаралды

312 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі кезекті жалпы отырысында он алты мәселе қаралды. Бұл жолы депутаттар Кеден одағы аумағындағы құқық бұзушылық жағдайларын, мәдени құндылықтардың заңсыз айналымының жолын кесу, газбен жабдықтау және өзге де мәселелерге қатысты заң жобаларын жан-жақты талқылады. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кей­бір заңнамалық актілерге өз­герістер мен толықтыруларды қа­рас­тыратын заң жобасын тал­қы­лар кезде пікір қайшылығы туды. Сенат енгізген өзгерістерді қарау кезінде Мәжіліс депутаты Серік Темірболатов «Біле тұра, заңсыз ақша жинауға жағдай туғызу...» деген сөйлеммен келіспейтіндігін, қылмысқа қаржы жинаудың заңды жолы болуы да мүмкін еместігін өткір қойды. Бұл нор­ма­ны заң жобасынан алып тас­тауды немесе басқа сөйлеммен алмастыруды Сәт Тоқпақбаев пен Рамазан Сәрпеков те қолдады. Депутаттар заң жоба­сын комитетке қайтарып, аталған мәселе бойынша заңды пысықтау қа­жет­тігін алға тартқанымен, дау­ыс беру нәтижесінде Сенат енгізген өзгерістер сол қалпында қалатын болып шешілді. «Кеден одағының және Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жау­ап­кершіліктің ерекшеліктері ту­ралы шартты ратификациялау туралы» және «Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден ор­гандарының қылмыстық істер мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша құқықтық көмегі және өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары да бір­ауыз­дан мақұлданды. Осы орайда «Қазақстан Республикасының Үкі­меті мен Беларусь Респуб­ли­касының Үкіметі арасындағы Аза­маттық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынты­мақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да еш қиындықсыз қолдау тапты. «Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салу мен олар­дың алдын алуға бағытталған шаралар туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баян­да­ма­ны Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед жасады. Аталған конвенция 1970 жылдың 14 қарашасында Париж қаласында ЮНЕСКО тарапынан қа­был­данып, оған әлемнің 119 мемлекеті қосылып үлгерген. Алайда, пост­ке­ңес­тік елдердің ішінде Қазақстан, Түркі­менстан және Латвия әлі қосылмапты. Аталған құжат мәдени құндылықтарды ұрлау, заңсыз тасымалдау, оларды қор­ғап, заңды иесіне қайтару шараларын айқындайды. Сондай-ақ, мүше мемлекеттерге ұрланған мәдени құндылық­тар­ды елге кіргізбеуі, ұрланған еліне ақ­парат беруі және музейлердің қабыл­дауы­на жол бермеу міндеттері жүк­теледі. Заңсыз археология жұмыстары­на бақылауды күшейту құжаттың негізгі мақсаттарының бірі болып табылады. Конвенцияға сәйкес мәдени құн­ды­лықтарға археология, тарих, әдебиет, өнер мен ғылымға қатысты бағалы зат­тар жатқызылады. Сирек кездесетін флора мен фауна коллекциялары мен үлгілері, ірі тарихи оқиға мен белгілі адамдарға қатысты заттар, археология жаңалықтары, сирек қолжазбалар, көне кітаптар, пошта маркалары және жа­сал­ғанына жүз жылдан астам уақыт өткен тиындар, мөрлер, жиһаздар және тағы басқа заттар жатады. Министрдің пайымынша, 2012 жылдың 1 қаңта­ры­нан бастап Кеден одағына мүше мемлекеттер ортақ экономикалық кеңістікке енеді. Сондықтан Қазақстан тарапынан осы мәселеде біріздендіру шаралары ер­терек өткізілгені жөн. Және де ха­лық­аралық құжатқа қосылу өркениет­тіліктің белгісі саналады. Конвенция салаға қажетті кадрларды дайын­дауға, мәдени құндылықтарды әкелу мен әкету мәселесін реттейтін ар­найы қыз­меттерді құруға септігін тигізеді. Талқылай келіп, депутаттар маңызды заңдық құжатты мақұл­дауды ұйғарды. Депутаттар сондай-ақ Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың «Газ және газбен жабдықтау туралы» және соған ілеспе заң жобалары бойынша баяндамасын тындады. Заң жобасы Үкі­мет айқындайтын ұлттық оператор­дың қызметі үшін заңнамалық базаға айналады. Оның негізгі міндеттерінің бірі республиканың ішкі қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекет­тің тауарлық және шикізаттық сатып алуға басым құқығын іске асыру болып табылады. Заң жобасы газдандыруды жетілдіру мен қаржыландыру мәселе­сін және стратегиялық міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Талқылау нәтижесінде депутаттар алғашқы заң жобасын мақұлдап, ілеспе заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.