• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2011

Салық ЗИМАНОВ

2860 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының ғылымы мен руханияты ауыр қазаға душар болды. 90 жастан асқан шағында көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, танымал мемлекет зерттеушісі, заң ғылым­дарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Салық Зиманұлы Зиманов дүние салды. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ірі қайраткер, заң саласына өлшеусіз үлес қосқан Салық Зиманов бар ғұмырын ел мен жер мүддесіне арнады. С. Зимановтың заң саласының қыр-сырын зерттеудегі істері бүкіл республика жұртшылығының назарына ілінді, қаламынан туған ғылыми еңбектер мен мақалалар заң ғылымының негізін танытатын тарихтың қайталанбас беттеріне айналды. Жоғары оқу орындарында, ғылыми ұйымдарда басшы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Консультативтік кеңестің, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республи­касы Жоғарғы Кеңесінің депу­таты атанған жылдарында да туған тіліміз бен төл мәдениетіміздің тынысын кеңейтуге, еліміздің ырысын көбейтуге еңбек сіңірді. Халық арқалатқан аманатқа адал болып, жас мемлекетіміздің қанатының кең жаюына елеулі үлес қосты. Ата Заңымыздың негізін қаласып, күні бүгінге дейін заңдылықтың салтанат құруына атсалысты. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын да жауапты жылдарында Мемлекет басшысының қасында болып, азаттыққа жаңа қол жеткізген Отанымыздың өркендеуіне бағыт-бағдар берді, ұлт зиялыларының өнегесімен халыққа шынайы қызмет етті. Білікті заңгер маман ретінде егемендік, тәуелсіздік жолын­дағы Қазақстанның халықаралық қатынастарын заңдастырып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, президенттік басқару институтын енгізу, құқықтық-демократиялық реформаларды жүргізу ісіне белсене араласты. Қазақстан мемлекеті мен құқығының тарихын, ұлттық мемлекет құрылымының теориялық мәселелерін зерттеуде жаңа ғылыми бағыт қалыптастырып, әділ сотты қамтамасыз ету үшін республикада сот мүшелерінің қатысуымен «билер алқасын» енгізуге басшылық жасады. С.Зиманов қоғамға сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Респуб­лика­сы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Президенттік бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының иегері атанып, «Қызыл жұлдыз», «Отан», «Парасат» ордендерімен, басқа да медальдармен марапатталды. Салық Зимановтың еліміздің еңселі, тәуелсіздігіміздің тұғырлы, келешегіміздің кемелді болуына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ірі қоғам қайраткерінің, ғалымның, аяулы азаматтың өшпес мұрасы ел тарихынан өзіндік орын алып, бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады. Қазақстан Республикасының Үкіметі.   Алты алаштың ардақты ақсақалы еді Өткен жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысы­ның Жарлығымен академик Са­лық Зиманов «Отан» орденімен марапатталғанда бұл шешімді бү­кіл заңгерлер қауымы шын қуана қарсы алды. Отандық заң ғылы­мы­ның патриархы туралы сол кезде мен де газет бетінде ізгі ниетімді білдірген едім. Амал нешік, бүгін алты алаштың ардақты ақсақалы болған академик ағамыз туралы азалы сөз жазуға тура келіп тұр... Мұндай ойы қанық, сөзі анық, жаны жайсаң, жүзі жарқын, өсіп-өнген, жаратылысы бөлек жандар бақилық болғанда биік бәйтерек­пен теңестіріп жатады. Асылы, кең ұғымда алғанда, тамырын те­реңге жайған алып ағашты құ­ла­ды деп айтуға келмейді екен. Өйт­кені, оның тамырынан тара­лып өскен тармақтарының өзі тал-теректі орманға айналып кетеді. Салық ағамызға қатысты ал­ған­да да солай. Неге десеңіз, оның тікелей ақыл-кеңесін алып, тәлім-тәрбиесін көрген, қамқор­шылық жетегінде болған шәкірт­тері де, етене араласпаса да жанамалай жақын жүрген және тіпті бір ауыз тілдесіп көрмесе де оның өмір жолын үлгі тұтатын, өзіне бірден-бір ұстаз санайтын шә­кірт­тері де жетіп артылады. Ең бастысы, артында азаматтық бол­мысын ардақ тұтатын, еңбегін де, есімін де естен шығармайтын еңселі де зерделі халқы бар. Бір өкініштісі, тоқсанның тө­ріне шыққан заң заңғары Тәуел­сіздіктің 20 жылдығы атап өтілер күнді көрмей өтіп барады. Ал еліміз егемендік алған тұста, ХII және ХIII шақырылған Жоғарғы Кеңестің депутаты болған кезеңде Салық Зиманұлы саяси және құқықтық жүйенің теориясы мен тарихының, конституциялық құ­қық­тың білгір маманы ретінде мемлекетіміздің құқықтық негізін қалауға бағытталған заңнамалық реформалардың бастауында тұ­р­­ды. Тәуелсіз Қазақстанның аяғы­нан тік тұруына аянбай атсалысты. Оның өмір жолы көпке өнеге. Қатардағы жауынгер болып, Отан соғысына аттанып, полк командирі ретінде жеңіспен елге оралды. Бейбіт еңбекке араласты, Қазақ­стан тарихында заң ғылымда­ры­ның алғашқы академигі болды. Ел алдында елеулі еңбек сіңір­ді. Том-том туындылары ұлттық қазынаға айналды. Дүние жалған деген ұғым осы­нау дарынды да дара тұлғаға қатысты алғанда теріске шығады екен. Өйткені, оның азаматтық ажа­ры, жарқын бейнесі халық жа­дында әрдайым жасай береді. Бақұл бол, абзал аға! Қайрат МӘМИ, Қазақстан Республикасы  Парламенті Сенатының Төрағасы.   Қазақ үшін еңбек еткен ер Қазақ арасында адамзат қауы­мы­ның барлық заңдылығын ұша­лап сөгіп, мү­шелеп бөліп, жіліктеп білетін әйгілі ғұ­лама өмір сүрді. Оның мұндай тұңғиық те­рең білігі бір басының сипатын асы­рып қана қоймай, күндердің күнінде ту­ған халқының ең асыл қажетіне жа­рады. 300 жыл отар­шылдық езгіде болып жер бетінен жойылып кеткелі тұрған хал­қы­мыз аман-есен теңдік алып, тәу­ел­сіздік тұғырына көтерілді. Осы­нау ұлы рухани ерлікті сомдаған санаулы сәтте ерекше қайрат көр­сеткен академик Са­лық Зи­манұлы еді. Сөйткен сабаз тәуелсіз­ді­гіміздің 20 жылды­ғына айдан астам уақыт қалғанда беймезгіл дүниеден өтті. Бұдан асқан өкініш болар ма?! Биылғы мамырда жасөспірім жігіт кезінде алғаш рет қызметін бастаған Ақкетік (Форт-Шев­чен­ко) қаласындағы орта мектепке бардық. Қайтадан қалпы­на келтірілген мектептің осы заманша жабдықталған оқу залдары мен кабинеттерін аралап көрдік. Сүй­сін­дік. Әсіресе, Сәкең қайта-қай­та шұқшия үңіліп, қадала сұрады. Естігендерінің бәрі көңі­лінен шық­ты. Анталаса жаутаңдасқан бүл­дір­шіндермен отыра қалып, сұх­бат құрды. Отызға толмай жатып, зеңбірек­ші­лер дивизиясын, бри­га­дасын басқар­ған ержүрек офицерден қараны қанды­рып, төрені төндірген, білмейтіні жоқ ұлық Ұстазға, Қазақ ғылымының тірі Патриархына айналғанға дейінгі қызық та хикметті өмір жолынан сыр шертті. Сол әңгімесін тыңдап отырған талай жайнақ көздерде небір тәтті қиялдар мен асыл армандар оянғаны анық. Ертеңдері жүзеге асатын сол армандар айту­лы Азаматтың, асыл Ардақтың ар­тында қалдырған мәңгілік ес­керт­кіштері болғай. Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.   Есімі ел есінде қалары сөзсіз Абыз аға туралы қаралы ха­барды есту оның әріптестері мен шәкірттері, яғни еліміздегі жал­пы заңгерлер қауымы үшін ғана емес, барлық қазақ халқы үшін өте ауыр болғандығы айдай ақи­қат. «Өлді деуге бола ма ай­тың­даршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп ұлы ақын Абай айтқандай, туған халқының, елі­нің игілігі жолында жан аямай, қажырлылықпен еңбек етіп, со­ңында өшпес із қалдырған ғұла­ма ғалым, белгілі қоғам қайрат­кері туралы бүгін өткен уақыт­пен айтудың өзі оңай емес. Көпшілікке белгілі, Салық Зи­манұлының еліміздің заң ғы­­лы­мы саласындағы ауқымды да бағалы және ешқашан өзінің құн­дылығын жоймайтын еңбек­тері жарық жұлдыздай жарқын өмі­­­рі­нің куәсіндей ғасырларға жол тарт­пақ. Барлық ғұмырын ұлан-байтақ республиканың, Қа­зақ­стан­ның ғылымының өркен­деуіне арнап, жүздеген шәкірт тәрбиелеп, оларға көмек қолын созып, бай тәжірибесімен бөліс­кен, жүрек жылуын сыйлаған асқар таудай биік тұлғаны ұмыту мүмкін бе?! Қиын да қызықты өмір жо­лында биік парасат-пайымымен, адамгершілік асыл қасиеттері­мен ерекшелене білген абырой­лы азаматтың ғибратқа толы жо­лы кейінгілерге, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып, мәңгі есте қа­латындығы айтпаса да түсінікті. Осындайда «Жаратқанның ісіне не шара» деп өкініш білдіргеннен басқа амал бар ма?! Абыз аға­ның жатқан жері жайлы, то­пы­рағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын. Сұлтан САРТАЕВ, академик.   Елдің бетке ұстар беделі Қайран Сәке! Қазақ ғылымы­ның қара нары Салық Зиманұлы, сізбен де қоштасқалы отырмыз. Өмір бойы рухани ізгіліктің келбетін жасап, ел парасаты мен өркениетіне сүбелі үлесін қосқан, ұзақ өміріңде табанды күрескер­лігіңмен ел құрметіне бөленген айбынды ағамыз едің. Қазақ елінде заң ғылымы мен білімінің негізін салып, 60 жыл­дан аса өміріңіздің соңғы күніне дейін оның көшін бастадыңыз. Қазақ ғылымының Қаныш Сәт­баев бастаған алыптар тобының белді мүшесі болып, оның мәрте­бесі өсіп, даңқы әлемге жайылуы­на да жасаған еңбегіңіз зор. Сіз салған сара жол бар, сіз ашқан ғылым мектебі бар, сіз ұрпаққа ұсынған рухани мол мұра бар. Қазақтың ата заңдарын тын­бай зерттеп, басқа бірде-бір ха­лықта болмаған билер сотын әлемдегі ең әділ сот жүйесі, қа­зақ өркениетінің әлем өркение­ті­не қосқан дербес, озық үлгісі екеніне алыс-жақынның көзін жет­кізген де сіз едіңіз. Билер: адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік – осы төрттің құлы дейді халқымыз. Сіз де осы асыл қа­си­ет­терді өмі­рі­ңіздің туы ғып, оны ешқашан түсірмей өмірден өтіп бара жатырсыз. Жарты ғасыр ағалап соңыңыз­дан еріп едім, ардақты Сәке! Бетке ұстасам беделің қандай еді, арқаға ұстасам панаң мол еді. Бақұл бол, әз-аға! Жарқын бейнең әрқашан жүрегімізде. Кенжеғали САҒАДИЕВ, академик.   Азамат, ойшыл, ғұлама Көрнекті ғалым, данышпан ой­шыл, ұлағатты ұстаз Салық Зиманұлы Зиманов өмірден озды. Қазақстандық құқықтанудың, заң ғылымының, мемлекет және құ­қық тарихының негізін салушы ретінде ол бүгінгі ұрпақтар үшін терең білімге, жаңа идеяларды тынбастан іздеуші әрі оны жүзеге асыруға табанды ұмтылудың шы­найы үлгісіне айналды. Қазақ­стан­ның ғылыми ойының дамуы­ның тұтастай бір дәуірі Салық Зиманұлының есімімен байла­ныс­ты. Оның өмірден өтуі еліміз үшін, ғылым үшін, оның жүзде­ген шәкірттері мен серіктестері үшін орны толмас қайғы. Біз бүгінде Салық Зиман­ұлын, оның еліміздің ғылымын­дағы жетістіктеріне қосқан тең­дес­сіз үлесін айрықша ықылас­пен және терең алғыс сезіммен еске аламыз. Ол жаһандық ау­қым­дағы шешімдерді іздестіруде қол жеткен жетістіктеріне тоқ­мей­іл­сіген емес, оны ашу үшін әрдайым жаңа мүмкіндіктерді таба білді. Оның ерекшелігі – осында. Салық Зиманұлы нағыз азамат, өз елінің шынайы патриоты еді. Ол өзінің бұл қырын қолына қару алып, соғыс кезінде майдан даласында да, Ғылым академия­сының мүлгіген тыныштыққа бө­ленген кабинеттерінде де, Пар­ламенттің биік мінберінде де дә­лелдеді. Оның құқықтану ғылы­мын қалыптастырудағы орасан зор ықпалын Қаныш Сәтбаевтың геологиялық-минералдық ғы­лым­ды дамытудағы, Мұхтар Әуе­зов­тің әдебиет пен абай­та­ну­ды өр­кен­детудегі, Ермұқан Бек­ма­ха­нов­­тың қазақстандық тарих ғы­лы­мын жаңғыртудағы еңбекте­рі­мен тең санауға болады. Салық Зиманұлы Ұлы Отан соғысы жылдарында жанқияр ба­тырлық пен ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Стратегиялық биіктікті ұстап тұру кезінде, дивизион командирі майор Зиманов миномет соққысына төтеп беріп, күші тең емес ұрыста аман қалып, қарсы шабуылға шыққаны туралы оқи­ғаны біз білеміз. Ол сегіз майданда Отан үшін отқа түсуден еш­қашан тайсалмаған. Оның әскери наградалары – I дәрежелі Отан соғысы ордені, «Қызыл жұлдыз» ордені, «Кавказды қорғағаны үш­ін», «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдары – қазақстандық май­дан­гердің қажымас қайратының символы. Дәуірдің дарабозы болған Са­лық Зиманұлы аса үлкен ауқым­дағы ғұлама ғалым еді. Өмірінің соңына дейін ізденуін тастамады және өзінің білімін өзгелерге үй­ретумен болды. 2009 жылы, оның 90 жылдық мерейтойынан екі жыл бұрын, оның бір топ шә­кірт­терінің көмегімен Салық Зи­ма­новтың шығармалары мен ғылы­ми еңбектерінің толық жинағы жарыққа шыққаны есімде. Біздің бастамамыз туралы білгенде, Са­лық Зиманұлы бізге: «Сендер менің еңбектерімді өте ерте жинап жатырсыңдар. Менде идея көп. Сіздер жинақтаған шығар­ма­лар толық жинақ бола қой­мас!», деді. Солай болып шық­ты да. Мерейтойына дейінгі соң­ғы екі жылда ғалым бірқатар құнды ғылыми еңбектерін шыға­рып үлгерді. Салық Зиманұлы өз сөзінде тұрып, жаңа буын ғалым­дар үшін еңбектенудің нағыз үлгісін көрсетті. Салық Зиманұлы өзгерістер дәуірінің ойшылы болды. Біздің еліміздің бүгінгі өмірінде өтіп жатқан барлық орасан оқиғалар­ды өзі арқылы, өз жүрегі арқылы өткізді. Онымен әңгімелесу әр­дай­ым жаңаша ойлап, білім кеңістігін кеңейтуге септігін тигізді. Өзінің 90-ға толған жасын­да да ол әдеттегідей идеяның бастамашысы болды, ол әр­дай­ым өзекті мәселелерге қазіргі заман ауқымында қарайтын саңлақ еді. Ұлы Отан соғысының ең қи­ын жылдарында Салық Зиман­ұлы үш рет өзеннен өтіп, төрт рет қатты жарақат алған екен. Алайда, қашанда төзімділік көр­сеткен ол күш-қайратын мұқалт­қан емес. Сондай-ақ, бейбіт кезде де ол өмір-өзеннен алға жүзіп өтіп, жеңіске жетіп, қиындықты лайықты еңсерді және уақыт сынынан сүрінбей өтті. Көрнекті ғалым, тамаша адам өмірден өтті. Салық Зиман­ұлы­ның терең білімі оның көптеген еңбектерінде, біздің жылнама­мыз­дың өшпес беттерінде қала­тын болады. Оның ғұлама дана­лығы, адами ерлігі және қайсар жасампаз рухы әрқашан біздің жүрегімізде сақталады. Бағлан МАЙЛЫБАЕВ, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары.   Періште адам болатын Салық Зиманов – қазіргі қалыптасқан өмі­рімізге үйлесе бермейтін ғажап адам, ғажап тұлға еді. Мен мұны ғылыми, жалпы қоғам­дық, мемлекеттік еңбектері тұрғысынан емес, оны ерекше адами тұрғысында айтып отыр­мын. Ерекше биік парасатты қасиеттің иесі еді. Періште адам еді. Кейде ол кісі осы өмірге адасып келген, осы орта­ға сый­май­тын сияқты көрінетін. Өтіріктің, өсек­тің, кәдімгі алдау, арбаудың құр­сау­ын­да кеткен адамдарға мүлдем ұқсамайтын. Сон­дықтан да мына өмірге таза келіп, таза кетіп ба­рады. Әрбір данышпан адамның өмірден осылай өтуі – бұл әркімнің пешенесіне жазыла бермейтін жағ­дай. Өйткені, ол кереметтей ғажап өмір сүрді. Ешкімді мазаламады, ешкімді әуре етпей, үн-түнсіз ғана өмірден өте берді. Өкініштісі, мәңгілік өмір жоқ. Ал осындай адаммен қатар өмір сүргеніміз, оның заман­дасымыздың болғаны біз үшін бақыт. Кейбіреулер дүниедегі ең соңғы ғажайып адам дү­ниеден озды дейді, мен айтар едім, соңғы емес, ол жалғыз. Онымен ешкімді қатар қоя алмаймыз. Мен ол кісіні ерекше түсінуге тырыстым. Өйткені, тылсым тұңғиық еді. Кейде ойланып, осындай да адам болады екен-ау дейтінмін. Әрине, әркім өзін кем сана­май­ды. Бірақ Сәкеңнің қатарында ешкім тұра ал­майды. Оған қатар тұру мүмкін де емес. Бол­ған да емес, ай, болмайтын да шығар. Біз үшін осындай адамның болғаны халқымыз үшін үлкен мақтаныш, мәртебе. Сондықтан ғажап адаммен қа­тар өмір сүрдік, енді сондай ғажап адаммен қош­та­су­ға тура келеді. Қош, аяулы да ардақты асыл аға. Төрегелді ШАРМАНОВ, академик.   Асқар тауымыз құлағандай Заңғар заңгер Салық Зиманов қайтыс болды деген қаралы ха­бар­ды естігенде ет-бауырымыз езі­­ліп сала берді. Заң ғылымының корифейі, академик ағамыздың мы­на жалған дүниені тәрк етіп, бақилыққа аттануы менің және мен сияқты мыңдаған шәкіртте­рі­нің асқар тауын құлатып кеткендей болды. Өйткені, ол біздің ар­қа сүйеріміз еді, ақылшымыз еді. Аяулы ағамыз жаңашыл істерге, жаңа бастамаларға үнемі қуа­нып, сондай бастамаларды үнемі қолдап жүруші еді. Өткен жылы ғана Қызылжар жерінде ұйым­дас­тырылған «Өлке тарихы – тұл­ғалар тағдыры» атты халықара­лық конференцияға бір топ шә­кіртін ертіп келіп, өзі осы конференцияда тұшымды сөз сөйлеген болатын. Адамгершілігі мол, па­ра­саты биік, білімі телегей теңіз Салық Зиманов ағамыздың ел та­рихының түгенделуіне қосқан өл­шеусіз үлесі – ел сенімін ақтау­дың биік үлгісі. Туған халқының шексіз махаббатына бөленген Са­лық Зиманұлы шын мәнінде ба­қыт­ты ғұмыр кешті. Текті ағамыз­дың тоқсанға шыққан торқалы тойына арнап жазған мақаламда «...тоқсанға Зимановша тік жету – тек бақыт қана емес, ұлттың ұлы мерейі, қуанышы» десем, енді бүгін «Жатқан жерің жәннат, топырағың торқа болсын, аяулы аға» деген қоштасу сөзін айтуға мәжбүр болып отырмын. Бекет ТҰРҒАРАЕВ, шәкірті.   Мені туған інісіндей көретін Салық ағамен жиырма бес жылдан бері іні­лі-ағалы бауырдай етене араластық. «Біреу ту­ысып туысады, біреу қиысып туысады» деген, мен қиысып туысып, туған інісіндей бол­дым. Ол кісі апта жібермей өзі телефон шалып тұ­ратын. Көп сыр, пікірлерін де менен жасырмайтын. Ол кісінің ерекше қасиеті әділетті, шын­шыл еді. Шындықты, ақиқатты сыйлайтын. Іскерлік қабілеті ерекше-тін. Бір кереметі, орыс­ша да, қазақша да шешен сөйлейтін. Ал заң ғылымының негізін қалаудағы еңбегі өз алды­на. Артына қаншама шәкірттер даярлап кетті десеңізші. Ол кісі өте қарапайым еді. Соның бір ны­шаны, қай жағынан болса да еліне, халқына еңбек сіңірген аса көрнекті ғалымның тоқсан жылдық торқалы тойын ел көлемінде атап өтейік дегенде, оған қарсы болды. Ең өкініштісі, Салық Зиманұлының орны еш­қашан толмайды, ешкім толтыра да алмай­ды. Ал бір көңіл қуантары, Маңғыстау облы­сы­ның Форт-Шевченко қаласында кезінде өзі сабақ берген мектебін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев күрделі жөндеуден өткізіп, Салық Зимановтың атын берген еді. Ол да бір аға­мыздың көзі тірісінде жасалған игі шараның бірі деп есептеймін. Тағы бір көңіл қуантары, асыл ағамыздың ар­тын­да өнегелі, өрелі ұрпақтары қалды. Марқұм жең­гей Шәрбан Батталқызы ағаның өзіне сай аяу­лы жан, белгілі ғалым еді. Ұлы Мұхтар мен қызда­ры Гүл­жа­мал, Меруерттен немере, шөбере сүйді. Ұл­дан немерелері Ермек, Ербол Зимановтар үлкен азамат болып ержетті. Ермек Чехияда тұрса, Ербол Аме­риканың әскери прокуратурасында қызмет істейді. Менің қабырғамды қайыстырып отырғаны, ке­мең­гер адам ғой, өмірден озатынын біліп, бала­ла­рын шақырып алып, бақұлдасыпты. Сон­да «Жерлеу рәсімін академик К.Саға­ди­ев­ке, қалған ұйым­дастырушылық жұмыстарын Камалға тапсы­рың­дар», деп айтып кетіпті. Көрдіңіз бе, кім болса да мұндай аса жауапты шаруаны ең жақын, өзім деген адамдарына тапсырмайтын ба еді. Онысы мені жақсы кө­ретіні, туған інісіндей санағаны ғой деп қатты қиналдым. Мен шынында да туған ағайы­м­нан айырылған екенмін. Бақұл бол, аға. Жатқан жерің жайлы, иманыңыз саламат болсын. Камал ОРМАНТАЕВ, академик.