• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2011

Тимур ҚҰЛЫБАЕВ: Бокс – ел намысы мен ел мерейі

507 рет
көрсетілді

Бүгінде бокстың басы-қасында жүрген адамдар халқымыздың оң жамбасына тиетін спорттың осы түрін дамытуда көп жұмыстар атқарылып жатқанын жақсы біледі. Әсіресе, биылғы жылды ерекше айтуға болады. Биыл елімізде боксты дамыту жолында көп жобалар іске асты. Жақында біз Қазақстан Бокс федерациясының президенті Тимур ҚҰЛЫБАЕВПЕН кездесіп, соңғы кездері қолға алынған жұмыстар туралы айтып беруін өтінген едік. – Тимур Асқарұлы, бокстың біздің елге Олимпия ойын­дарын­да жүлде әкелетін спорт түрлері­нің бірі екені баршаға белгілі. Біздің елімізде өзіңіз білесіз, бокс­қа деген жанкүйер­лердің көңілі алабөтен. Сондық­тан әңгімені боксты дамытуда қандай жұмыс­тардың істелінгенінен, қандай жо­балардың қол­ға алынатыны­нан бастаға­ны­ңыз дұрыс болар еді. – Біздің елімізде бокс шыны­мен де ерекше орын алады. Кей кез­де біз боксты ұлттық спорт түрі­не жат­қы­зып қоятынымыз жа­сырын емес. Сон­­дықтан болар біз­дің жан­күйер­лер боксты өзіне жақын тартып, бокс­­­шыларға қан­дай жарыс бол­ма­сын жоғары талап қояды. Менің ойымша, бұл жақсылық нышаны. Талап дегені­нің өзі жанашырлықтан шыға­ды ғой. Сырт көз сыншы дейді. Қазір біздің боксты дамытуда істеп жатқан жұмыстарымыздың көбі жан­күйерлердің боксшыларға осын­шама талап қоюының арқасы деп те айтуға болады. Бүгінде елімізде бокс мектептерін ашу, төре­шілерді да­йын­дау, жарыстарды халықаралық талаптарға сай өт­кізу, ғылыми-ме­ди­циналық жетістіктерді пайдалану, боксшылар мен бапкерлердің жала­қы­сын өсі­ру, оларға сыйақы беру, дәрігерлер мен төрешілердің жағ­да­йын шешу сияқты жұмыстар ат­қа­рылуда. Осының нәтижесінде биыл біздің ел бокста бірталай жетістікке қол жеткізді. Оған жақында Әзер­бай­­жанның Баку қаласында ересектер арасында өткен әлем чемпио­на­тына қатысқан ұлттық құрама­мыздың жарысқа дайындығын, сонда көрсеткен өнерін, тұңғыш рет Бүкіләлемдік серия бойынша бокс­шымыз Қанат Әбутәліповтің алтын жүлдені жеңіп алып, Олимпиадаға бі­рінші болып жолдама алғанын, осы жазда Астанада жасөспірімдер арасында өткен әлем біріншілігінің ұйымда­с­ты­рылу деңгейін, елімізде алғаш рет Бүкіләлемдік бокс акаде­мия­­сы­ның салынатынын, АИБА ат­қару­шы комитетінің мәжілісінде 2013 жылы Астанада кезекті әлем чем­пионатын өткізу туралы шешім­нің қабылданғанын жатқызуға бо­ла­ды. Айта берсек, жұмыстар өте көп. Біздің ендігі мақсатымыз – Олим­пия ойындарында ұлттық құ­ра­маның лайықты өнер көр­сетуі, соған жақсы дайындалуы. Қазір біздің елімізде Олимпиа­да­ның алты жолдамасы бар. Алда тағы Астанада өтетін ли­цен­зия­лық турнир болады. Осы сын­­да Олимпиадаға төрт жолд­ам­а­ны же­ңіп алуды мақсат етіп отырмыз. – Өзіңіз айтып өткендей, елімізде жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтті, екі жыл­дан кейін ересектер арасында әлем біріншілігі өтеді. Халықара­лық әуесқой бокс қауымдас­ты­ғының біздің елде осындай жа­рыс­тарды өткізуге көңіл бөліп жат­қанын немен бай­ланыстырасыз? – Мұның бәрі алдымен Қазақ­стан боксында жүйелі түрде жаса­лып жатқан өзгерістермен бай­ла­нысты. Біздің елдің бокс мектебі бүкіл әлемге белгілі. Сондықтан біз­дің басты міндетіміз – боксты да­мы­туға тың серпін қосу. Бүгінде бүкіл әлемде бокс жақсы дамып келеді. Бұрын terra incognita бол­ған елдер­дің өзі қазір рингте жаңа қырынан көрініп жатыр. Мәселен, соңғы кездері Қытай мен Үнді­стан боксының жақсы дамып келе жатқанын айтуға болады. Футбол елі саналатын Бразилияда да жағ­дай осындай. Ол жерде де боксты дамытуға барлық жағ­дай жасалып отыр. Айтпақшы, биыл Астана мен Баку төрінде жасөспі­рім­дер мен ересектер арасында өт­кен әлем чемпионаттары қатысушы елдер мен жүлдегерлер саны бо­йын­ша рекорд жасаған жарыстар болып, бокс шежіресіне тайға таңба бас­қан­дай етіп жазылды. Бұл бокс­тың бүкіл әлемге кеңінен тара­лып, бә­се­келестіктің жылдан-жыл­ға кү­ше­йіп келе жатқанын көр­сетеді. Сон­дық­тан бізге жолдың жиегінде тұрмай, әрі қарай адымдап жүру үшін бокс­ты дамытуға бар күш-жігері­мізді сала беруіміз керек. Тағы айтатын нәрсе, жоғары жетістіктегі спорт экономика секторы сияқ­ты жүйелі түрде жұмыс істеп, көп еңбектенуді, инвестиция салуды та­лап етеді. Осы­ның бәрі болған­да боксты да да­мытуға болады. Біз­дің Бокс федера­циясының қа­зіргі міндеті – жүйелі, жоспарлы түрде бүгінгі күннің мәсе­лесін шеше отырып, болашаққа инвестиция салуға жұмыс істеу. Қазір фе­дерацияның өзінің толық жү­йе­сі құрылып, жұмысы реттелді. – Бұл қандай жұмыстар? – Біздің ұзақ мерзімді бағдар­ламаларымыз бар. Соның бірі – АИБА-ның Бокс академиясын салу. Оның жобасы Астанада өткен Халықаралық әуесқой бокс қауым­дастығы атқарушы комитетінің мә­жілісінде қабылданды. Қыркүйек айында академияның құрылысы басталды. Бұл енді әлемде теңдесі жоқ спорт кешені болады. Онда спортшылар, бапкерлер, төре­ші­лер мен басқа да мамандар дайын­да­лады. Аталған жобаның маңызы зор. Осы жоба бәрімізге керек. Алдымен ол отандық боксқа ауадай қажет деп ойлаймын. Осы күндері федерация тағы бір үлкен жұмысты қолға алып отыр. Ол – бұқаралық спортты да­мы­ту. Бұ­қаралық спорттың бәрі­міз­ге керек екені бесенеден белгілі. Спорт – бұла күштерді өсірудің құралы ғана емес, ол адамның бойында жеңіске деген жігерін, алға ұмтылу, мақсат қою сияқты мінездерін де қалып­тас­тырады. Қа­зір біздің жастардың бә­се­кеге қа­бі­летті болуы үшін осын­дай қа­сиеттер керек. Сол себепті ел Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық спортты дамы­ту­ға баса на­зар аударып келеді. Мем­лекет бас­шысы Қазақстан хал­қы­на Жол­дауында дені сау ұлтты қалып­тас­ты­рып, оның бәсекеге қа­бі­летті болуы үшін елдің ішкі сая­саттағы страте­гиялық басым бағыт­тары­ның бірі – бұқаралық спортты да­мыту, оны­мен айналысатын ха­лы­қтың санын 30 пайызға жеткізу керек екенін атап өткен болатын. Осыған байланысты біз жастар­дың спортпен айналы­суына бар­лық жағ­дай­ды жасап келеміз. Елде балалар үшін тегін бокс үйір­ме­лері жұмыс істеуде. Бокс жа­рыс­тарына кіру де тегін. Сіз өзіңіз «Қазақстан» спорт са­райын­да әлем чемпионаты өтіп жат­қан кезде қан­шама баланың жа­рысты та­маша­лауға келгенін көр­діңіз ғой. Міне, осындай жарыс­тар­ды көр­ген бала боксқа қызығып, ертең үйірмеге баруы әбден мүмкін. Әри­не, ертең олардың бәрі үлкен спортқа барады деп айта алмай­мын. Бірақ үлкен спортпен айна­лыс­паса да баланың үйірмеге бар­ғанының өзі спорт үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Менің ойым­ша, спортты дамыту – медаль жеңіп алған жағ­дай­мен өл­шен­беу керек. Ол халық­тың жаппай спортпен айна­лысуы­мен құнды. – Соңғы кезде еліміз АИБА-ның жұмысына белсене араласып келеді. Біз бұдан не ұтамыз? – Біздің федерацияның басым бағыттарының бірі – АИБА-мен тығыз қарым-қатынасты нығайту. Біз әрдайым оқиға ортасында бо­лып, бокстың әлемде қалай да­мып, қандай жолмен келе жат­қа­нын біліп отыруымыз керек. Қазір боксты ұлттық федерация аясын­да ғана дамыту мүмкін емес. Мұ­ны біз ғана емес, АИБА жетекшілігі жақсы түсініп отыр. Олар бү­гін­де әр елдің федерация­ларымен жұмыс істеуге мүдделі. Сон­дық­тан АИБА жер-жүзінде өзінің беделін көтеріп, боксты дамыту үшін жақ­сы идеялар ұсынуда. Был­тыр Бү­кіл­әлемдік бокс серия­сы­ның ал­ғаш­қы маусымы жан­күйер­лер та­ра­пынан қолдауға ие болғанын білеміз. Биыл оның екінші маусымы басталады. АИБА бұдан басқа тағы бір қызықты жоба ұсынып отыр. Ол – «АИБА-ның кәсіпқой бокс» жобасы деп аталады. Бұл жоба – «Бокс 16» деген бағдар­ла­маның бір бөлігі. Оның ағыл­шын­ша аты – АРВ жобасы. – Жаңа жобаның мәні мен маңызы қандай? Оған Қазақ­стан қатыса ала ма? – АРВ жобасы Лондон Олим­пиа­дасынан кейін іске асады. Мұн­да әлемдік рейтингтегі ең үз­дік бокс­шылар 2016 жылғы Олим­пиа­даға қатысуға жолдама алады. Бұл жоба – әуесқой бокста үлкен жетістікке жеткен боксшылар кейін кә­сіп­қой боксқа кетпеуі үшін жаса­лып отырған жоба. Әйтпесе, өз­дері­ңіз Олимпиада жүлдегері атанған спортшы көп ретте қал­та­сын ойлап кәсіпқой боксқа кетіп қалатынын білесіздер ғой. АРВ жобасы осы үр­дісті тоқтатуға ар­нал­ған. Былайша айтқанда, ұлттық федерациялардың Олимпиадаға дайындаған боксшы­лары үшін жұмсаған күші мен қаржысын зая кетірмеуге арналған деуге болады. Жалпы, бұл жобаның жақсы тұс­тары көп. Мәселен, оның ұлттық федерацияларға спортшы­лар­ды даяр­лауға материалдық жа­ғы­нан қолдау көрсету, боксшы қол­ға­бын шегеге ілгеннен кейін оны әлеу­мет­тік жағынан қорғауға жағ­дай жасау сияқты ережелері бар. Қазақстан Бокс федерациясы аталған жобаны іске асыруға белсене араласып жатыр. Енді біздің күнтізбелік жарыстарымызда кә­сіп­қой бокстан өтетін турнирлер өзінің орнын табады. – АИБА-ның 2013 жылы Астанада әлем чемпионатын өт­кі­зу туралы қабылдаған шешімін біздің елдің әлемдік бокстағы жетістігі деп айтуға бола ма? – Әрине. Бұл біздің көптен бергі арманымыз, мақсатымыз еді. Сол кезде біздің жанкүйерлердің арма­ны, тілегі жер-жүзінің ең мық­ты деген боксшыларының ай­қас­тарын өз елімізде тамашалау болғаны рас емес пе. Енді соған жеттік. Енді ал­ты жастағы бала мен алпыс жас­та­ғы атасымен бірге екі жылдан кейін әлем­нің небір гүрзі жұдырықты жі­гіт­терінің жек­пе-жектерін өз көз­дері­мен кө­ріп, тамашалай алатын бо­лады. Осы жерде мына нәрсені айта кеткен жөн шығар. Астанада әлем чемпионатын өткізу мүмкін­ді­гі бізге бірден келген жоқ. Бізге ал­ды­мен осы жылдың жазында жас­өспірімдер арасында әлем чем­пио­натын өткізіп, төрткүл дүние­нің төрт бұрышындағы сыншы­лар­ға ем­тихан тапсырып, олардың сы­ны­нан сүрінбей өту керек бол­ды. Біз содан сүрінбей өттік те. Астанадағы бозбалалардың әлем­дік бәсекесі барлық жағынан жо­ға­ры деңгейде өтті. АИБА президенті Чинг-Куо Ву мен әлем чем­пионатына қатыс­қан елдердің бокс федерациялары басшылары Астанадағы әлем чем­пионатының ұйымдастырылу дең­ге­йін бас бар­мақ­тарымен бағалады. Бұдан ар­тық баға керек пе? Енді біз 2013 жылы елімізде ересектер ара­сын­­да өтетін әлемдік бәсекені де ла­йықты деңгейде өткізуді мақсат етіп отырмыз. – Тимур Асқарұлы, Бакуде өт­кен әлем чемпионатынан қан­дай қорытынды шығардыңыздар? – Жалпы, біздің спортшыларға қанағаттанарлық баға беру керек деп ойлаймын. Бұл чемпионаттың бір жақсы жері, боксшылардың дең­гейін, кемшіліктерін көрсетіп бер­ді. Әрине, бес саусақ бірдей емес қой. Әр елдің өзінің жақсы жақтары мен кемшін тұстары бо­ла­ды. Осы чемпионат бізге ұлт­тық құ­рамамыздың жаттығу жұ­мы­сын қайта қарауды, бокс­шы­ларды да­йын­­даудың жоспарын өз­гертуді, басқа да проблемалармен жұмыс істеуді көрсетті. Қазір бапкерлер құ­ра­мын дайындау мен қосалқы құ­рам­ды жасақтау үшін шаралар қа­был­данды. Мен бізде талантты жас­тар­дың көп екенін талай рет айтып келемін. Бізге жас­тарға жағдай жасап, жеңіске жетуге үйрету керек. Серік Сә­пиев пен Әділбек Ниязым­бетов­ке құрмет тұғырының ең биік саты­сы­на көтерілуге бір табан жетпей қалды. Спорт дегеніміз міне, осы. Жеңіс пен жеңіліс әрқашан бірге жүреді. Енді федерацияның, бапкерлер, кешенді ғылыми топты мүшелері мен спортшылардың міндеті – Олимпия ойындарының да­йындық бағдарламасының негізіне кіретін терең талдамалар, сараптамалар жасап, өткен жарыс­тардан қорытынды шығару. – Қазақстан бокс федера­ция­сы­ның қандай жоспары бар? – Біріншіден, Олимпия ойын­дарына дайындалу. Екіншіден, қо­салқы құрамды дайындау мәсел­е­сіне баса наза аударылады. Үшін­шіден, бапкерлер құрамын дайын­дау жүйесіне реформа жасайтын боламыз. – Әйелдер боксы туралы не айтар едіңіз? – Әйелдер боксына да ерекше көңіл бөлетін боламыз. Өйткені, ол енді олимпиялық спорт түріне енеді ғой. Биыл Астанада әйелдер ара­сында өткен халықаралық турнирде біздің қыздар атақты қар­сы­лас­тары­мен бәсекелесе алатынын көр­сет­ті. Енді олар келесі жылы Қы­тай­да өтетін әлем чемпиона­тын­да Олимпиадаға жолдама ала­ды деп сенеміз. –  Қазақстан бокс федера­ция­­сының кубогы да жанкүйерлер тағатсыздана күтетін жарысқа айналып отыр. Осы жарыс туралы да айтып берсеңіз. – Бұл турнирдің мақсаты – бокс­­тың өңірлердегі даму дең­гейін көрсету. Биыл аталған жа­рыс­тың ережесіне облыстық және қалалық федерациялар тарапынан бірнеше ұсыныстар түскеннен кейін өзгеріс­тер енгізілді. Осы өз­герістер жа­рыс­тың тазалығын көр­сетеді деп ойлаймын. Был­тырғы кубок туралы әртүрлі пікірлер айтылды. Енді биыл қай ко­манданың кубоктың иегері атанатынын көреміз. – Тимур Асқарұлы, жаңа сіз қосалқы құрамды дайындау мә­селесін айтып едіңіз. Біздің ұлт­тық құраманың қосалқы құра­мы­ның Кореяда өткен Азия бокс конфедерациясының чем­пиона­тын­дағы өнеріне қандай баға бересіз? – Біздің жігіттердің жақсы нә­ти­­же көрсеткені қуантады, әрине. Бі­рақ соған қарап қол қусырып отыра беруге болмайды. Кеңес Одағы кезінде қандай бәсеке­лес­тіктің бол­ға­нын еске түсірейікші. Біз қазір осын­дай деңгейге жетуіміз керек. Егер ұлттық құраманың бірінші, екін­ші, үшінші, төртінші нөмірлі боксшылары деңгейлері­нің бір-бірі­не жақын болуға жұ­мыс істеуіміз керек. Сонда ғана біздің команда ең мықты деген қарсыластарымен тең деңгейде бәсекелесетін болады. Бокс – ел намысы мен ел мерейі. Оны біз үшін дәл қазіргі кездегі №1 спорт түрі десе де болады. Өйткені, елі­міз­дің әнұраны алдымен нақ спорттың осы түрі арқылы Олимпия ойын­дары мен басқа да көп­теген ірі ха­лықаралық жарыстар­да шырқалады. Сондықтан Қа­зақстан бокс феде­ра­циясы елімізде боксты дамыту үшін жаңа жобаларды іске қосып, қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасайды. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен  Дастан КЕНЖАЛИН.