• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2011

Ғылымғұмыр

544 рет
көрсетілді

Ұлттық хи­­мия ғы­лы­мын­да тотығып-тотықсызданатын ион­алмастырғыш шә­йірлер және мембрандық электродиализ технология­сы деп аталатын жаңа сала­ның негізін қалап, оның әле­уетін әлем мойындаған биік дең­гейге жеткізуші химия ғылым­да­рының докторы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, Платина-Тарлан сыйлығының иесі, Фран­цияның «Ғылым маршалы» ата­ғына ие болған академик Еділ Ерғожин 25 жасында химия ғы­лым­дарының кандидаты атанған екен. Сөйтіп, ол кен қалдық­та­рынан сирек металдарды бөліп алатын шәйір ойлап тауып, қазақ­тың талантты халық екенін КСРО ғылыми әлеміне мойындатыпты. Осы жәйттерді естіген соң оны­мен танысуға ынтам ауа түсті. Оның бір себебі, Алматыға келіп, сәлем бере барғанымда атақ­ты химик-ғалым Батырбек Ах­метұлы Бірімжанов: «Шәкіртім Еділ Ерғожин ерлеп тұр. Бүкіл қазақ ғалымдары арасынан Мәс­кеу­­ден шығатын одақтық «Успехи химии» журналында мақаласы жарияланды. Ол журналға негізінен одақтық деңгейдегі академик­тердің мақалалары ғана шығатын. Ал Еділ аспирант кезінде-ақ ма­қаласын сонда жариялап, ерлік жасады» деген еді. Сөйткен Еділ Ерғожин бар болғаны 33 жасында докторлық диссертациясын қор­ғап, сол кездің ең жас ғалымы болды. Қазақстан түгіл, ондай жетістік Одақ көлемінде де сирек кездесетін. Мұндай талантқа ын­тызар болмағанда қайтерсің?! Еділ Ерғожин жайлы мерзімдік басылымдарда шыққан мақа­лаларды іздеп жүріп оқитын бол­дым. Бірде сол кездегі ең үлкен дәреже саналатын КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көр­месінен қазақ ғалымы Еділ Ерғожиннің күміс медальді жеңіп алғанын оқып, төбем көкке жеткендей болды. Маған ол Мәскеуде ұлттың туын желбіретіп жүрген нағыз ердей әсер етті. Көп ұзамай сол күміс медальді әперген жаңалығы оны ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты атандырды. Тағы да қуаныш, тағы да таңғалыс! Орайы келгенде айта кетейік, Еділ Ерғожаұлы дәл осы ғылыми ізденістерінен нәтижелер алу жо­лындағы шапшаң дамуы секілді қызмет бабында да тез өсті. Химия ғылымдары институтында зертхана меңгерушісі, Қазақ ұлт­тық университетінің химия факультетінде кафедра меңгерушісі, факультет деканы, білім ордасы­ның бірінші проректоры қызмет­тері бар болғаны 42 жасында жеткен мәртебелі орындар. Ал 45 жа­сында С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті­нің рек­торы болып тағайындалды. Оның ректорлыққа тағайындалуы 1986 жылы болған бір игі қадам еді. Әттең, ол кезде 1986 жылдың 16 желтоқсанында не болатынын еш­қайсымыз да: ол да, біз де болжап біле алмаған шығармыз. Атақты академиктердің бәрі де өмірге, ғылыми әлемге баспалдақ­тап шығатыны баршаға белгілі ғой. Ал Еділ Ерғожиннің ғылым­ғұ­мырға аяқ басуы бар болғаны «өскенде әсем көк үйді өзім салып аламын» деген бала қиялдан басталса керек. Бала қиял қайсар ұлдың сертіне айналып кеткендей. Бұл жайлы Еділ ағамыздың өзі былай деп әңгімелейді: – Мен Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында жарық дүние есігін ашыппын. Ес біле көріп, қызыққаным ауылдың ортасын­да­ғы әсем «көк үй» болатын. Оның маңдайшасында «Сталиннен Дос­қожа­нова Нұрипаға» деген жазу тұратын. Досқожанова Нұрипа ме­нің жақын жеңгем еді. Қызыл­ша­шылар звеносын басқарып, оты­зыншы жылдарда әр гектардан 900 центнерден астам тәтті түбір жинаған ол звеносындағы Бал жеңешемді ертіп, Мәскеудегі кө­сем Иосиф Сталиннің қабылда­уына барады ғой. Иманды болғыр екі жеңешемнің Сталинді ортаға алып түскен суреті сол көк үйдің төрінде ілулі тұрушы еді. Ал мені қызықтырған көк үйді темірдей қатты әмірші Нұрипа жеңешем ауылға оралғанша Сібірден жеткізіп, сый ретінде тұрғызып берген екен. Сол кездің адамдары бұл үйді салудың өзін ертегідей қы­лып айтатын. Әр ағашы нөмір­ле­ніп келген үй бас-аяғы бір аптаға толмайтын уақыт ішінде тұрғызы­лып біткен екен. Міне, сол үй менің биіктерге талпынысымның бастауында тұрды. Көк үйдің оңайлықпен салынбайтынын білгендіктен, өзімді еңбектенуден ая­ған жоқпын. Мектепте жоспар­лы пәндерді жақсы оқуым былай тұрсын «Алпамыс», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр» жыр­ла­рын жаттап өстім. Ғылымды қууыма да зеректігім жетекшідей әсер етті. Не керек, «көк үйді» өзім салып алу үшін ұмтыла-ұм­тыла жүріп, ақыры қазіргі дәре­жеме де жеткен екенмін, – деп Еділ ағай әрі ойлы, әрі шаттықты сезімде біраз күліп алды. Бертін келе мектепке барған, мектепте жақсы оқыған балаң Еділ Текелідегі металлургия комбинаты­ның маңында үйіліп жатқан кен қалдықтарын көріп, ондағы инженерлерден «бұл қалдықтардың ішін­де де адамға аса қажетті заттар жетерлік, бірақ оны алуға қазіргі химия ғылымының күші әлсіз болып тұр» дегенді естиді де, енді сол қалдықтардан кен алатын химиялық жолды ойлап табатын ғалым болуға талпынады ғой. Тіпті қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультетіне алғашқы жылы түсе алмай қалып, сол кезде «Осы балмен Ресейдің әскери институттарына түсуге болады» деген кеңес айту­шылардың да сөзін тыңдамай, ғалым химик болуға біржола бекінеді. Қайсарлық, табан­дылық деп осыны айт! – Менің бақытыма орай «химфак» деканы Батырбек Бірімжанов үлкен ғалым ғана емес, сонымен бірге ұлтжанды, та­лантты жастарға әкедей қамқор бола білетін жылы жүректі жан болып шықты. Ол мені бірден өз қамқорлығына алды. Орысша жөнді білмейтін едім. Ал Снегирева Нина дейтін зертханалық жұмыстардан сынақ алатын ұста­зым тіпті талапшыл болып шық­ты. Білгенімді қазақша ай­тып берейін десем, көнбейді. Не керек, өзі алатын сынаққа бірнеше қайта кіргізді. Деканның алдына да жетелеп апарды. Сол жерде «бұл орыс тілінен мазмұндаманы қалай жазып жүр» деп менің оқуға түскендегі бағама күдік келтіргендей де болды. Мен орыс тілінен мазмұндама мәтінін үтір нүктесіне дейін мектептегі ұстазым жазып беріп, соны жаттап алғанымды бүкпесіз айттым. Сенбей, қайта айтқызды. Мұнымның өтірік емес екенін білген декан Батырбек Ахметұлы түйіннің шешілуіне жол ашқандай бір іс істеді. Жатақханада қазақ жігіттерімен жа­та­тын мені орыс балалары тұратын бөлмеге ауыстырып, оларға маған тіл үйретуді тапсырды. Әрі сөздікті жаттап, әрі орыс тілі граммати­касын ежіктеп, әрі бөлмедегі орыс балаларынан сөйлегендегі қатемді дұрыстап жіберулерін өтініп жүріп, не керек алғашқы семестрдің өзінде-ақ бұл тілді біраз үйреніп, көп ұзамай-ақ орыс тілінде баяндама жасайтындай жағдайға жеттім ғой. Алғашқы ұстазым Нина Ефимовна қатал, талапшыл, ал өмірлік ардақтыма айналып кеткен Батыр­бек Бірімжанов әкедей қамқор болды. Және солардың осындай істеріне орай еңбектенуден өзімді аямауым ақыры менің ғылым биігіне қанат қағуыма қозғаушы күштей әсер етті. Ғылымғұмырының бастауын­да­ғы «қызықтарды» осылайша бүкпе­сіз әңгімелеген академик Еділ Ер­ғожин сол кездегі Одақтық химия ғылымы әлеміндегі ең беделді ба­сылым «Успехи химии» журналына да бірінші шыққан қазақ ғалымы екенін жоғарыда айттық. Десек те, алпарыстың күштісі, жеңістің үлкені әлі алда болатын. Ол кезде одақтық химия ғылымы әлеміне өткізетін бір өте кінәмшіл «сүзгі» болған. Ол ғылымдағы «тазалық­тың сақшысындай» академик Валентин Алексеевич Каргин еді. Бұл тұлғаны «алдап өтіп» ғалым бо­луың мүмкін емес. Ал оның алды­нан өтіп «батасын алмасаң» әрі қарай аяқ баса алмайсың. – Ардақты ұстазым Сағид Рауфович Рафиков бүкілодақтық ғылы­ми конференцияда баяндама жа­сауға тиіссің, деген соң мұқият дайындалғанмын. Соның өзін әлгі жетекшім екеуміз тағы да біраз екшеуден өткізгеннен кейін «Енді осыны Каргинге көрсетіп, оның бағасын ал» деп тапсырма берді. Атақты ғалымды бірінші көруім ғой. Салқын, сұсты, тас мүсіндей әсер етті. Қайдан, не үшін келгенімді айтсам да, ол тіл қатар емес. Сонан соң өзімнің «Успехи химии» журналына мақалам шыққанын айт­тым. Оған да жібитін түрі жоқ. Сонан соң қайсарлығыма басып, баяндамамдағы қамтылған мәселе­лерді түгел баяндап шықтым да, «Бұл бүгінгі химия ғылымындағы жаңалық» дегенді төбесінен жай түсіргендей нығарлай айттым. Манадан бері көңілі далада секілді көрінген ол «Расында да мынауың жаңалық секілді» деп бетіме енді ғана тура қарады. Сөйтсем, менің бүкіл баяндамам туралы айтқаным­ды мұқият тыңдап отырған екен. Баяндаманы тастап кетуімді сұра­ды. «Бағасын кейін естірсің, жазбаша түрде» деді. Болған жайды Сағид Рауфовичке баяндадым да, Алматыға іле қайта оралдым. Үйге келгенім сол еді, телефон шыр ете қалды. Ар жағынан Сағид Рауфо­вич­­тің қуанышты дауысын естідім. «Сүйінші баяндамаңды Каргин жоғары бағалапты» деп тұр. Бұл болашақтағы әлемдік дең­гейде мойындалатын үлкен ғалым Еділ Ерғожиннің ғылымғұмыры бастауындағы кезекті және шешуші жеңісі еді. Егер ол дәл осы қатал сыншы алдында бір рет сүрінсе, тарс жабылған есікті қайта ашу мүмкін болмас та еді-ау. Бұл күндері төрткүл дүние тү­гел мойындаған көрнекті ғалым Еділ Ерғожиндей сом тұлғаның соғылып шығуы үшін ойлап отыр­сақ осындай өз ісіне сенімділік пен оның дұрыстығын қайсарлықпен дәлелдеу секілді қасиет те керек болған-ау деп ойлайсың. Демек, «табанының бүрі жоқтарға» ғылым әлеміне кірер есік ешқашан ашыл­майтын секілді. Сарабдал Мәскеу ғылыми орта­лығы енді қазақтың жас талантына дүниежүзілік конференцияларға қа­тысуға да жол ашты. Бірде ол Братиславада өткен халықаралық конференцияда баяндама жасауға жолдаманы одақ бойынша жеңіп алды. Неміс тілінде дайындалған баяндамасын оқуға Братиславаға келгенде ондағылар бұл болмайды дегенді кесіп айтыпты. Ол кезде Чехословакияның КСРО жоғары би­лігінің саясатына наразылық көр­сетіп жүрген шағы көрінеді. Мем­лекетаралық саясаттың салқыны енді қазақтың жас талантының қос өкпесінен тигендей бір құқай еді. Бұл жөнінде осы уақытқа дейінгі кедергілердің бәрінен өтіп, ақыры түпкілікті жеңімпаз болып шыққан академик былай деп еске алады: Құр уайымдағаннан не шығады, баяндаманы қайтсем де жасаймын деген ұстанымымды ұстазым Сағид Рауфовичке жеткіздім. Ол: «Ағыл­шын тілін білмейсің ғой, қалай жасайсың» деп қынжылды. «Қын­жы­­латын ештеңесі жоқ, сіздер аударып беріңіздер соны кирилицамен жазып алып, түні бойы тіл жаттықтырып, жаттап аламын. Сонан соң сол жаттағанымды ауызша айтып шығамын» дедім. Сонан соң Мәскеу университетінің профессо­ры Николай Альфредович Платэ Сағид Рауфовичпен бірлесіп баян­да­маны ағылшын тіліне аударды да, оны Николай Альфредович дауыс­тап оқыды. Оның оқығанын мен кирилицаға түсіріп, сол қалпында жазып отырдым. Не керек түні бойы көз ілмей, әлгі жазған­дарымды жаттап шығып, баяндама жасауға дайын екенімді айттым. Ақыры баяндаманы ағылшын тілінде айтып шықтым. Алғашқы сұрақтар неміс тілінде қойылды. Оған өзім жақсы білетін неміс тілінде мүдірмей жауап бердім. Келесі сұрақтар ағылшынша болып еді, аудармашылыққа Николай Платэ шығып, не керек жиналғандардың зор қошеметіне ие болдық. Кон­ференцияға төрағалық жасап отыр­ған америкалық профессор Пол Джон Флори мақаламды АҚШ елінде шығатын ғылыми журналға басуға рұқсат беруімді сұрады. Ол Нобель сыйлығын алған, әлемге танымал үлкен ғалым еді. Оны осыншалықты риза еткенім үшін өзім ғана емес, бүкіл отандастарым болып қуандық. Ақыры баяндамам АҚШ журналында шықты. Мінеки, ғылымда да осындай кедергілер кездеседі. Егер олардан өте алмай сүрінсең, жолың болмайды. Бүгінде біздің Мемлекет басшысы «Жас­тарымыз үш тілді меңгерсін», деген әдемі өміршең ұсыныс жасағаны өзімізге белгілі десем, оған кейбі­реулердің қарсы болуына қайран қаламын. Оу, бұл білімсіздік қой демеске лажың жоқ. Орайы келгенде айта кетейік, Братиславада әлгін­дей кедергіге тап болып, оны қайсарлығымен жеңіп шыққан Еділ Ерғожин Алматыға орала салысы­мен ағылшын тілін мектеп парта­сына жаңа отырған баладай ежіктеп оқуға көшті. Сөйтіп, бұл тілде ешкімнен қымсынбай баяндама жасай алатын дәрежеге жеткен. Мен ұзақ әңгіме барысында академиктен: – Әлемге танымал, электромем­брандық диализ технологиясы са­ла­сында ашқан теңдессіз жаңалығы үшін әуелі КСРО Халық шаруа­шылығы жетістіктері көрмесінің күміс медаліне, сонан соң Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болған, 13 ғылым докторын, 80 ғылым кандидатын дайындап шы­ға­рып, 20 монография жариялаған, 300-ден астам авторлық патент алған, 40-тан астам халықаралық конференциялар мен симпозиумдерде баяндама жа­саған, «Парасат» орденін алған, сондай-ақ еліміздегі «Платина-Тарлан» сыйлығының иесі болған ғалым Еділ Ерғожин феномені неде? – деп сұрадым. Сонда ол еш кідірместен былай деп жауап берді: – Мен ғалым болып жаратылған адам емеспін. Данышпан Лев Толстой былай деген екен: «Адамға бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек қажет». Дұрыс айтылған сөз. Иә, мен бұрын-соңды оқып білмеген бөгде тілде баяндама мәтінін де бір түнде жаттап алатын алғыр да, зерек болдым. Бірақ оның өзі де еңбектен қашар болсам мені әлемге танымал ғалым етіп шығара алмас еді. Демек, менің бүкіл ғылым­ғұмырымда жан серігім болған еңбекқорлық барлық жеңістерім­нің атасы. Зертханадағы зерттеулерімді бастаған кезде ғылымға беріліп, еңбектенгенім сонша­лық, тіпті жұмыс орнында ұйық­тап қалған кездерім де болды. Оқудан да, зертханадағы ғылыми ізденіс деп аталатын «қара жұ­мыс­тан да» қорықпадым, қашпа­дым, жан тыныштығын іздемедім. Сол азаптардың бәрінде жеңдім. Сол азаптар ғана маған жеңіс дәмін татқызды. Ғалымның осындай нақты деректермен бекітілген әңгімелерін тыңдай отырып, «Ғалымды ға­лым ететін де еңбек екен ғой» демеске амал жоқ. Бұл – «ғы­лымды өміріме серік етемін» деген жастар үшін қазірден бастап санасына сіңіретін басты талап. Талантына еңбекқорлығын серік еткен академик Еділ Ерғожин Қазақ­стандағы ұлттық химия ғылымында тотығып-тотықсызданатын ионал­мас­тырғыш шәйірлер және элек­тро­мембрандық диализ технологиясы деп аталатын салалардың негізін қалады. Алып бәйтеректей сан бұ­тақты химия ғылымының осынау саласында қа­зақстандық ғылыми әлеует әлемнің ең дамыған мемлекеттерімен иық теңестіре алатын­дығы дүние жүзі бойынша мойын­далған ақиқат. Бұл ақиқатты ал­пауыт АҚШ ғалымдары түгіл, мемлекеттік лауазымды қыз­меткерлері де елімізде КСРО мұра­сындай бо­лып қалған баллисти­калық зымы­рандар мен ядролық оқ тұм­сық­тарды жою кезінде халық­аралық конкурста жеңіп алған      Ә.Бек­тұров атындағы Химия ғы­лым­дары инс­ти­тутының тындырған жұмыс нәтижесі арқылы мойын­дады. Мойындағаны сол, академик Еділ Ерғожин бастаған ғалымдар тобының тамаша нәтижелі жұмысы үшін институтқа қозғалмалы эко­логиялық зерттеу зертханасын сыйға тартты. Бұл күндері академик Еділ Ер­ғожин басшылық жасайтын Ә.Бек­­тұров атындағы Химия ғылымдары институты төрткүл дүниенің ғылым әлеміне түгел танымал. Ал оны тәуелсіздік жылдарында тұтастай дерлік басқарып келе жатқан Еділ Ерғожин өзінің өмірлік ұстанымын былайша түсіндіреді: – Менің өмірімде екі тамаша аяулы ұстаздарым болды. Олар Батырбек Ахметұлы Бірімжанов пен Сағид Рауфович Рафиков бо­латын. Солардың ұдайы санама сіңір­гені «ұстаз шәкіртімен көрікті» деген қағида еді. Ғылымғұмырымда осы қағидамен жүрдім. Қазір өзім ғана емес, сонымен бірге, бүкіл институттың ғылыми қызметкерле­рінің, шәкірттерімнің халықаралық деңгейде танылуына мүмкіндік жасаумен келемін. Олардың ғылыми ізденістеріндегі нәтиже­лерін, қо­рытындылаған мақалала­ры­ның ха­лықаралық басылымдарда жария­лануын жолға қойдық. Ол ол ма, бұрын халықаралық симпозиум, конференцияларда баяндама жасау­ға баратын санаулы ғалым болсақ, қазір мұндай мәртебеге біздің инс­титуттың көптеген ғалымдары қол жеткізген. Мұның өзі ғылым әлемі қазақ химиктерінің әлеуеті мен болашағын толық мойындады деген сөз емес пе?! «Бұлақ көрсең көзін аш» деген даналықтың болмыстағы қарекетке айналуы осы болса керек. Осылай­ша тұтастай ұжымды әлемге мойындата алған академик өзінің бір керемет қуанышын жасыра алмайды: – Мен осы институтта лаборант болып алғашқы ғылыми ізденістерімді жүргізіп жатқан кездері мұн­да қазақ академиялық ғылымы­ның негізін қалаушы Қаныш Иман­тай­ұлы Сәтбаев келе қалды. Аты-жөнімді, қайда оқитынымды және немен айналысып жатқанымды сұрастырып біліп алған Қанекең сөз соңында былай деп еді: «Арпа ішінде бір бидай екенсің, қазақтың намысын қорғауға тырыс. Еврейлерді «жеңе алсаң», орыстар өзі­нен-өзі мойындайды». Аты аңызға айналған ағаның бұл сөзінің аста­рында не жатқанын бірден білдім. Ол кезде біздің институтта ғылым қуған қазақ саны бір қолдың саусағына жетпейтін. Басым бөлігі басқалар еді. Не керек, сол басқалардың өздері де мойындады ғой. Бірақ қуанышым бұл емес, қуанатыным – сөздің тура мағына­сында қазақтың ұлттық химия ғылымының қалыптасқандығы. Қа­зір біздің институтымызда ең­бек ететін ғылыми әлеуеттің 70 пайызы өзіміздің ағайындар. Бұл қуаныш емей немене! Есіңізде болсын, қазақтың ұлттық ғылымы Ұлы Отан соғысы кезінде эва­куацияланып келген Мәскеу, Ленинград ғалымдарының күшімен өмірге келген. Мұны жасыр­мауымыз керек. Соғыс аяқталған соң олардың көбі келген жеріне қайта оралды. Біразы қалды. Бір бөлігі күні кешегі тоқсаныншы жылдардағы қиындыққа шыдамай елден кетті. Енді мұнда «аспан айналып жерге түссе де» Қазақ­станнан ешқайда кетпейтін өз ағайындарымыз қалды. Бүгінгі қазақ химиясын әлемге мойын­датып жүрген солар. Осы әңгімесін аса бір шаттық сезіммен айтқан ғалым енді бір кезекте химияның отандық эконо­микаға беретініне тоқталды: – Қазіргі кезде он жылдық өміршең жоспар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Елбасымыздың бұл ауқымды тапсырмасын өнді­ріс­ке химия ғылымын кіріктірмей шешу мүмкін емес. Мұны атқа­рушы биліктің жауапты тұлғалары да толық түсінгендей. Егер бұрын біз ашқан жаңалықтардың басым көпшілігі КСРО державасының, Одақтың игілігіне айналып, басқа республикалардың меншігі болып кетсе, енді біздің өніміміз өз отанымыздың игілігіне айналады. Мен бұл он жылдықты Қазақстан экономикасында химияландыру кезеңі болады, дегенді батыл айтамын. Иә, әлем мойындаған көрнекті ғалымның пікіріндегі «тоқетер» осы. Ұлттық ғылым академия­сында вице-президент, Білім және ғылым министрлігінде вице-министр қызметтерін атқара жүріп, отандық білім-ғылымның жалпы адамзаттық өркениет көші дең­гейін­де болуына айтарлықтай үлес қосқан, адамзатқа дүние жүзі бойынша тұңғыш рет Қазақстан­ның Алматысы мен Астанасынан «Үшінші мыңжылдықтың ғылы­мы қандай болады» деген өмір­шең сұрақ қойған алқалы халық­аралық конференцияны ұйымдас­тырушы Еділ Ерғожин бұл күн­дері былай деп толғанады: – Ғылым дамыған сайын оның көптеген жаңалықтары қоршаған ортаға зиянды бола түсуде. Жерді көмкерген азон қабаты жұқарып, күннің ультракүлгін сәулесі пайдадан гөрі зиянды болып барады. Жер қойнауының қоры азая түсуде. Адамзат саны артып, жер бетінің оны асырау мүмкіндігі ықшамдалуда. Мәңгілік мұздақтар еріп жатыр. Көп ұзамай, ауыз су тапшылығы үлкен мәселеге айна­луы мүмкін. Міне, осындай проб­лемаларды адамзат бірлесіп шешпесе, бұдан былай «бет-бетіне түйе айдаған» жағдайда өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан біз әлем­дік ғылымның ашық қоғам жағда­йында интеграциялануын халық­аралық деңгейге шығара алдық. Не боларын уақыт көрсетер. Академикпен әңгімелескенде көбіне естігенім, ғылым айна­лысуға тиісті проблемалар. Ол мұнысын былайша ақтап алады. «Ғалым ұдайы проблемаларды шешу ісімен айналысады ғой. Бірін шешіп, одан оң нәтиже алған соң келесіне көшеді. Сөйтіп, шексіз ізденіс жағдайында өмір сүреді. Біздікі сол тірлік». Иә, ол өмір алға тартқан ғы­лым орбитасындағы түйіндерді шешумен өмір сүретін секілді. Басқаға алаңы жоқ. Бәлкім, оның ештеңеге алаңдамай ғылым қуып, бұл жолда әлемдік маңызы бар жаңалықтар ашып, жетістікке жетіп жүруінде ғалымға «күйбең тірлікке көңіл бөлмей өмір сүру мүмкіндігін сыйлай алған» оның жары Зеннат апамыздың еңбегі ғалымның өз еңбегінен де көп шығар. Шотбаева Зеннат Мәмбет­қызы ұзақ жылдар бойы Қаз КСР Жоспарлау комитетінде жемісті жұмыс істеген, университетте дәріс оқыған, экономика ғылым­дары­ның кандидаты. Осындай жауапты қызметіне қоса бала тәрбиесін өз мойнына алып, мінсіз атқарған ана да болды. Ғалымның күндіз күлкісіз, түнді ұйқысыз өткізетін беймаза ғұмырында сүйікті жар, сенімді сүйеніш бола білген Зеннат апаймен Еділ ағамыз бұл күндері немере қызығын көріп жүрген әже, ата. Өздерінің үш қыз, бір ұлы жоғары оқу орындарын бітіріп, алды ғылым докторы дәрежесіне жеткен. Ата мен әже балалары түгіл, неме­релерінің де шет тілдерін жақсы меңгеріп жүргендерін қуаныш әрі мақтаныш көреді. Олардың мұнысы да ұлтқа үлгі боларлық өнеге. Жұмабек ЖАНДІЛДИН, журналист.