• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
25 Қараша, 2011

Тәуелсіздік құрдастары

7805 рет
көрсетілді

Еркін елдің ертеңі

ТАРИХТАҒЫ МАҢЫЗДЫ КҮН

Осыдан 20 жыл бұрын еліміз азаттығының таңы арайлап ат­қанда дүние есігін ашқандардың бірі Ас­танадағы С.Сейфуллин атын­дағы Қа­зақ агротехникалық уни­вер­­ситетінің ІІ курс студенті Айжан ДҮЙСЕН­БАЕ­ВА еді. Жақында студент қызды Тәуел­сіздіктің құрдасы болудың қандай екенін сұрас­ты­рып, әңгімеге тартқан едік. – 1991 жылы еліміз Тәуелсіздік алғанда біз Щучье қала­сын­да тұрғанбыз. Мен сол жерде тудым. Әкемнің аты  – Сәр­сенбай, шешемнің есімі – Ризаш. Екеуі де дәрігер. Дәрі­герлер отбасынан шыққан соң, мен де кішкентай кезімде ата-анам сияқты болуды армандап өстім. Бірақ, мектеп бітіргенде дәрігерден гөрі ауыл шаруашылығы маманы болуды таңдадым. Қазір дүние жүзінде азық-түлік проблемасы өзекті мәселелердің бірі болып отыр ғой. Болашақта елімізде мал шаруашылығы, азық-түлік мәселе­сімен айналысқым келеді. – Тәуелсіздік күні, басқа да кездері қандай қы­зықты оқиғалар есіңде қалды? – Енді сол күні менің туған күнім ғой. Әртүрлі сый­лық­тар аламын. Туысқандарым, достарымның бәрі құт­тықтап жатады. Ол, әрине, көңілімді өсіріп тастайды. Тәуел­сіздіктің 10 жылдығын да ешқашан ұмытпаймын. Сол күні біз Бурабайдағы «Жұлдыз» лагерінде 10 күн жақсы демалдық. Бұл біз сияқты ойын балаларына Тәуелсіздіктің 10 жылдығы кезінде жасалған бір сый болды. – Мектепте өзің сияқты 16 желтоқсан күні туған балалар көп болды ма? – Щучьеде бір қыз болды. Сосын Көкшетауда бір ұл баламен оқыдым. – Бос уақытыңды қалай өткізесің? – Әртүрлі ғой енді. Музыка тыңдаймын, құрбы-құрдас­тарыммен демалып, көңіл көтергенді ұнатамын. Кітап оқи­мын. Інім Асланби мен сіңлім Айғанымға қарайласып, уақы­тымды өткіземін. Анама үй шаруашылығында көмектесемін.

Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.

АСТАНА.

ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ

Мен Тәуелсіздік таңымен бірге тү­леген ұрпақпын. 1991 жылы 16 жел­тоқсанда Панфилов ауданы Са­рыбел ауылында дүние есігін ашып­пын. Қазіргі кезде әкем Еркін Оспанбеков Талдықорған қаласын­дағы №3 кә­сіптік мектепте өндірістік оқыту шебері, анам Гүлбақ Алибекова кітапханашы болып еңбек етуде. Отбасы жағдайымен 1999 жылы Талдықорған қаласына қоныс аударып, Мағжан Жұмабаев атындағы №9 мектеп-гимназияда оқуымды жалғастырып, оны үздік бітірдім. Арайлы азаттық таңымен таласа туғанымнан болар, мектеп қабырғасында өте жақсы оқу үлгерімімен қатар, қоғам­дық жұмыстарға да белсене араласып, құрбы-достарыма үлгі болдым. Пәндік олимпиадалардан, байқау­лардан, соны­мен қатар спорттық шаралардан (бокс) жүлделі орындарға ие болып, алғы шепте болуға талпындым. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында 103 балл жинақтап, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне мемлекеттік грант негізінде оқуға түстім. Ағымдағы жылы Щвейцарияның Цюрих университетінен келген студенттермен бірге этнографиялық экспе­дицияға қатысу құр­метіне ие болдым. Осылайша білім шыңына құлаш сермеудемін. Иә, қос мереке менің өмірімнің айтулы сәті. Соған лайық тарту әзірлеу – басты мақсатым. Мирас Абдрахим, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті. Алматы облысы.

 

ҚУАНЫШТЫ КҮН «ҚАРЛЫҒАШЫ» Мерейлі мереке қарсаңында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің математика жә­не жаратылыстану фа­культетінің ІІІ курс студенті, Тә­уелсіздік құрдасы  Гүл­наз Мо­лот­жанқызымен кездесіп, пікірле­судің сәті түскен еді. – Гүлназ, еліміз үшін қастерлі күні өмір есігін ашып­сың. Демек, отбасыңда қос қуаныш болыпты. Осы жайлы толығырақ айтсаң. – Мен өмірге келген 1991 жылдың 16 желтоқсаны ата-анам үшін ерекше болғанын ес білгеннен бері естіп жүр­мін. Маған дейін отбасымызда Махирам, Мәлік тәрізді тәтем мен ағайым бар еді. 16 желтоқсан күні сағат онның шамасында «іңгәлап» мен дүние есігін ашыппын. Сүйінші, Ақбаян, өмірге әдемі қыз әкелдің. Бейбітшілік бо­лады, құтты болсын, деген дәрігер анамның қуа­нышына ортақ­тасып, мені алақанына салыпты. Ағайын-туған, ұйғыр, қазақ бәрі де менің өмірге келуімді ерекше қуанышпен қарсы алған екен. – Тәуелсіздік мерейінің «қарлығашы» екенсің. Осы күні өмірге келгеніңді мақтан тұтасың ба? Бұның сенің мінезіңе, қалыптасуыңа әсері бар ма? – Туған күніме мақтанамын. Оның мінезіме, қалып­тасуыма әсері бар ма деп сұрадыңыз. Шынымды айтсам, бар. Өйткені, «Менің Қазақ­станым» Әнұраны мен па­триоттық әндер шыр­қалғанда тебірене­мін, тіпті көзіме жас келеді. Елім, жерім гүл­денсе, Қазақ­станның мәртебесі өссе деп тілеймін. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты теледидардан көргенде ең жақынымдай болады маған. Әр сөзін санамда сақтауға тырысамын. Күш-жігерін, білімін, уақы­тын, бар ғұмырын елі үшін аямаған Көшбасшының денсау­лығының мықты болуын тілеймін. – Бүгінгі жастардың өмірге деген көзқарасы, ел мен жерге деген сезімі, ынта-ықыласы жайлы не айтар едің?

– Жастарға Елбасы жоғары сенім артып отыр. Бұған ата-ананың, ұстаздардың үмітін қосыңыз. Сонда бізге жүктелген міндет пен парыздың салмағы қаншалықты екенін заман­дастарым жақсы сезінеді деп білемін. Сондықтан да оқуда озат, қоғамдық өмірде жай отындай жарқылдап жүр. Курста корей қызы Оля Магай, орыс Максим Русинов, қазақ қызы Ажар Байжұманова, тағы басқалары жақсы маман болу үшін ерекше ынтамен білім алуда. Оля менен қазақ тілін үйреніп жүр. Максим де «қара жаяу» емес. Бәрі де ұлтына қарамастан, мемлекеттік тілді білуге ынталы. Қазақстан дегенде жүректері лүпілдеп соғады.

Әңгімелескен Күмісжан БАЙЖАН.

Алматы облысы.

ЕРТЕГІДЕЙ ЕЛІМ БАР

Биыл еліміз ғана емес, 1991 жылы жа­рық дүниеге келген құрдастарымыздың барлығы да 20 жасқа келгендерін атап өтуде. Есім кіргелі бері тәуелсіздік құр­дасы екенімді біліп, оны терең сезініп өстім. Өйткені ата-анам 5-6 жасымда Алма­тыдағы Тәуелсіздік алаңына апарға­ны жадымда. Сонда бұл күн біздің ұлттық мерекеміз екенін түсіндіруге тырысқаны да есімде. Мен туғанда әкем де, шешем де студент болыпты. Алма­тыдағы ҚазМУ қалашығында, студенттер жатақханасында дү­ние­ге келіппін. Олар бұл кезде өздерінің жас болғанын, көппен көрген ұлы той деп, көп қиыншылықты елемегенін айтады. Болашақ заңгерлер тұратын жатақханада менен басқа да бірнеше сәби болған көрінеді. «Сені жатақхананың барлық студенті баққан, сессия кезінде достарымызға тастап кететінбіз», деп айтып отырады әке-шешем. Қазір әкем – заңгер, шешем – журналист. Әкеме осыдан 10 жыл бұрын Ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауын­гер ретінде пәтер берілді. Құралай атты сіңілім, Еркебұлан есімді інім өсіп келеді. Өзім Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының 3-курс студентімін. Дизайн факультетінде оқимын. Сабақтан қалған емеспін. Біздің академия терең білім беретіндігімен жоғары оқу орындары арасында беделі бар. Диплом алғаннан кейін өз еліміздің көркейіп, әдемілене түсуіне үлесімді қосамын деп ойлаймын. Әлемге сұлулық сыйлағым келеді. Ғазиза ШЫҢҒЫСҚЫЗЫ, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының студенті. АЛМАТЫ.

ҚАЙДА ЖҮРСЕМ ДЕ ҰМЫТПАЙМЫН

Маған анам әруақытта сен ерекше баласың деп айтатұғын. Кішкентай кезімде тіпті менің ойыншықтарым да болмапты. Студент анам біз тұратын жатақхананың еденін жуатын еді. Ондағы дәлізде бір ғана велосипед болатын. Шешем сол вело­сипед­тің иесімен келісіп, еден жуып жатқанда тебе тұруға сұрап алатын. Өзімнің неше түрлі ойыншықтарым болса екен деп армандайтынмын. Анам үйге ақша алып келген сайын, сол күні алып беретін шығар деп күтетін едім. Бірақ, олай болмайтын. Бізге көмектесетін де ешкім болған жоқ. Кейін анам диплом алған соң, бірден жұмыс таба алмағандықтан, кешкі ауысыммен дүңгіршекте сатушы болды. Мен анаммен бірге сонда жиі қонып қалатынмын. Бертін келе  шешем Қазақ циркіне жұмысқа тұрды. Осы­лайша біз үшін ғажап әлем ашылғандай болды. Жағдайымыз да жақсара бастады. Пәтер сатып алдық. Кейін анам бала кездегі арманын іске асырып, сиқыр әлемінің құпиясын меңгеріп, шетелдерге келісім-шартпен шыға бастады. Осылайша біз Щвейцария, Италия, Грекия, Түркия елдерінде жұмыс істедік. Нәтиже­сінде мен неміс, түрік тілдерін еркін меңгеріп алдым. Менің бала болсам да түсінгенім, шетелдерде жүргенде әр адамның өз елі болады екен. Анам Алтынай Байтоқанова қазір елге танылған өнер адамы. Қазақ сахнасына иллюзиялық шоу жанрын алып келіп, дамытты. Сонымен қатар 31-телеарнада «Өмір-өзен» бағдарламасын жүргізеді. Мен бүгінде Бейжің қаласындағы Орталық экономика және қаржы университетіндегі мемлекеттік басқару факультетінің студентімін. Қытай тілін меңгердім. Қай елде жүрсем де қазақ баласы екенімді ұмытқан емеспін. Бақытжан БАУЫРЖАНҰЛЫ, Бейжіңдегі Орталық экономика және қаржы университетінің студенті. АЛМАТЫ.

БІЗ ЕРКІН  ЕЛ ЖАСТАРЫМЫЗ

Үйімізде қашанда қонақ көп бола­тын. Сондай бір сәттерде бір атаның «Дені сау қоғамды дені сау адамдар құрады» деген сөзін естіп едім. Осы сөз құлағымнан кетпейді. «Дені сау дегені» ауру-сырқаудан сау кісілер екенін ұқ­тым. Бірақ, ауырмайтын адам да болмайды. Солар мүм­кін­дігінше сырқаттанбаса, туысқандары ренжімесе деп өстім. Дәрігер болу – басты арманым. Оған анам Райханның медицина қызметкері екендігі де әсер етсе керек. Тоғызыншы сыныптан кейін Көкшетау мемлекеттік университеті жанындағы лицейге түстім. Оны да ойдағыдай бітіріп, қазір қаламыздағы медицина колледжінің 3-курсында оқып жүрмін. Грант иегерімін, топ жетекшісімін. Ал туған күніме келсек, Қазақстан Тәуелсіздігі жарияланған 1991 жыл­дың тап 16 желтоқсанында дүниеге келу әркімнің тағдырына жазыла бермеген бақыт қой. Оған шексіз қуанамын. Мақтан етемін, бірақ оның ешқандай артықшылық бермейтінін білемін. Оны ақтау керек. Мен колледжге түскен жылы «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы өкілі оқу орныма, үйімізге келіп сұхбат ал­ған. Оған танитындардың бәрі риза болды. Әсіресе, әкем Бақыт­жанның: «Енді сенің төрт алуға хақың жоқ», дегенін ұмытпаймын. Інім Айдын да тырысып жүр. «Президенттік зияткерлік мектебінде» оқиды. Астаналық облыстың адам­дарының бәрі осындай деп ойлаймын. Өйткені, біз еңселі елдің азаматтарымыз. Айдана МАЖИМОВА, Көкшетау медицина колледжінің 3-курс студенті. Ақмола облысы.

МАҚСАТЫМЫЗ  – АЛДА  БОЛУ

 Көкшетауда іргелі істер көп. Қала әдемі, біздің көңіліміз сияқты. №21 орта мектебінің 9-шы сыныбынан кейін, Көк­шетау мемлекеттік университеті жанын­дағы «Мерей» лицейінде оқыдым. Осы жылдары менің туған күнімнің ерекшелігін аңғара бастадым. Оған әке-шешемнің Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында базар жағалап, қазіргі кезде жеке кәсіпкерлікті дөңгелентіп отырғаны қозғау салғандай. Тәуелсіздікті нығайту оңайлықпен келмеген екен. Оны біз дамытуымыз керек, мой­нымыздағы парызымызды адал атқарып, алдыңғы қатардан көрінуіміз қажеттігін осы күндері айқын ұғына бастадым. Лицейден кейін көп ойланбастан Көкшетау мемлекеттік университетіне грантпен түсіп, «Жүк қозғалысын ұйымдастыру және көлікті пайдалану» мамандығы бойынша білім алудамын. Бұл Арқа төсіндегі астықты облысымыз үшін аса қажет кәсіп. Өлкеміз жыл сайын миллиондаған қызыл дән жинайды. Биылғы мерекелі жылы да диқандар мерейі үстем болды. Алда барымызды базарлай білуіміз, астықтың нарықтық айналымын сауатты ұйымдастыру бірінші кезекте тұр. Мен осы істің ортасында болсам, өркендеп жатқан Қазақстанның байлығын молайтсам, еліміз ауқатты болса деген тілектің жетегіндемін. Замандастарымның ой-ниеті де осы.

Еркебұлан ШАУТЫБАЕВ, студент.

Ақмола облысы.  

ЖАРҚЫРАЙ ТҮС, ЖҰЛДЫЗ!

Жылыой ауданында өмірге келген  Тәуелсіздік құрдасы Жұлдыз Дүйсен­ғалиева ата-анасының тұңғышы екен. Қазір Алматы экономика және статистика университетінің Ақтөбедегі фи­лиа­лында оқитын ол болашақта ба­ғалаушы маман­дығын алып шықпақ. Жұлдызбен біз телефон арқылы сөйле­сіп, оған бір-екі сауал қойып үлгердік.  – Жұлдыз, сені тәуелсіздік құрдасы ретінде мерекелік шараларға шақы­рып тұратын шығар. Қай шара есіңде қалды? – Көп шақырады деп айта алмаймын. Тәуелсіздіктің 10 жыл­дығы қарсаңында Атырауға жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен жүздесу әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Ол кезде 10 жастамын ғой. Нұрсұлтан Әбішұлы тәуел­сіздік құрдастарына – әрқайсымызға өз қолымен тілек-хатын тапсырды. Арнайы сый тарту етті. Сол тілек-хат  ең қымбат сыйлығымның бірі ретінде сақтаулы тұр. – Тілек-хатта не деп жазылған еді.  Айтып бере аласың ба? – Әрине. Онда «Жас дос! Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа! Нұрсұлтан Назарбаев. 30 қазан 2001 жыл» деп жазылған. Елбасының осы тілек-хатын жаттап алғанмын. – Енді санаулы күндерден кейін ел тәуелсіздігіне 20 жыл толады. Өзің де 20 жасқа толғалы отырсың. Осы мерекені қалай, қайда қарсы алмақсың?

– Әзірге нақты бір шешім қабылдаған жоқпын. Ойлас­тырылып қойған жоспар да жоқ.  Өйткені, сабақтан қалғым келмейді. Басты мақсатым – университетті жақсы бітіру. Бір жағынан әке-шешемнің ақылын тыңдап өскендіктен, олардың айтқанын жерге тастап көрген емеспін. Отбасымда өзімнен кейін екі сіңілім, бір інім бар. Ата-анамыз олардың тыңдап өсуі үшін оларға үлгі-өнеге көрсетуім керек. Демек, ата-анам ауылға кел десе, Құлсарыға барамын.

Әңгімелескен Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.

Атырау облысы.

 

МЕНІҢ ДЕ ПЕРЗЕНТТІК ПАРЫЗЫМ

 Мен қалың қазақ қоныстанған тарихи өңір Ырғызда дүниеге келдім. Тәуелсіздік таңымен таласа дүние есігін ашқан­дықтан, бұл күн мен үшін ерекше ыстық. Өзім мектепте қазақша оқыдым, қазақ достарыммен тай-құлындай тебісіп, тең өстім. Әкем Дмитрий мен анам Лиза үш бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Менен кейін інілерім Мұстафа мен Рамазан өсіп келеді. Өзім Ақтөбе құрылыс-сәулет колледжін бітірген соң туған жерім Ырғызға оралдым. Қазір аудандық жер қатынастары бөлімінде еңбек жолымды бастаудамын. Өзім облыстық, аудандық деңгейдегі жарыстарға үзбей қатысамын. Әзірге өте биік белестерді бағындыра қоймағаным­мен, спортты жаныма серік етуден жалыққан емеспін. Алда да осы бағытымнан таймаймын. Жастар спортпен өнерді серік етсе ғана ауылдың сәні келеді. Біз еліміздің осы тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстарына сүйсінеміз. Әрине, аға ұрпақ бастаған тарихи жолды жалғастыратын да бүгінгі жастар екенін түсінеміз. Тарих үшін азғантай уақытта, яки 20 жылда еліміз өткен жолдың өткелекті болғаны да рас. Алайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы бір күрделі кезеңде елдің еңсесін тіктейтіндей ауқымды жұмыстарға ұйытқы болды. Егемен елімізді әлем мойындайтын­дай айбынды мемлекетке айналдырды. Иә, Тәуелсіздіктің игілігін халқымыз көруде. Елдегі бірлік пен ынтымақты, достық пен тұрақтылықтың кепілі – Елбасымыз десем, артық айтқандық болмас. Мамыражай тірлігіміз бен бақуатты тұрмысымызға сырт көздің өзі қызыққандай. Мұның өзі болашағымыздың бұдан да жарқын болатынына сендіре түседі. Балаңдау кезімізде тәуелсіздіктің мәнін жете ұғына алмаған болармыз бәлкім. Қазір есейе келе барлық игіліктердің тәуелсіздіктен басталатынына көзіміз жетіп келеді. Тәуел­сіздіктің 20 жылдығы мерекесінің табалдырығында тұрып, осындай бірлігі мықты елде туғанымызға қуанамыз. Егемен еліміз­дің ертеңіне қызмет етуді мақтаныш тұтамыз. Туған жердің өркендеуіне үлес қосуды перзенттік парызым деп есептеймін.  Владимир БАНДУРИН, Ырғыз аудандық жер қатынастары бөлімінің қызметкері.

Ақтөбе облысы.

 

АРМАН ЖОЛЫ АДАСТЫРМАЙДЫ

 Тәуелсіздіктің төл құрдасы болу пешенеме жазылғанына мақтанамын. Ата-анам да егемендіктің елең-алаңында дү­ниеге келген тұңғышта­ры­ның қуаны­шы ел тәуелсіздігімен тұспа-тұс келгенін жақсылыққа жорығандарын үнемі айтып отырады. Сондықтан да менің тәрбиеме айрықша қарапты. Алғашқыда орыс тілінің артық­шылығын сезінген ата-анам мені Шалқардағы орыс мектебіне берді. Кейін қазақы салт-дәстүрден қол үзбесін, ана тілін білсін деген болуы керек, қазақ мектебіне ауыстырды. Тәуелсіздіктің таңында дүниеге келген перзент ретінде мен оның мағынасы мен маңызын түсінуге тырысамын. Тәуелсіздікті ата-бабаларымыз қаншама ғасырлар бойы армандап, аңсап өткенін, осы жолда қаншама алаш азаматтары басын бәйгеге тіккені санамызда сайрап тұруы керек деп ойлаймын. Бүгінде тәуелсіздіктің 20 белесіне көтеріліп отырған Қазақ­станның әлем алдындағы биік беделі мен абыройы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тығыз байланысты екені сөзсіз. Сондықтан біз тәуелсіздік құрдастары ел ертеңі үшін, Қазақстан тәуелсіздігінің тұғыры берік болуы жолында қайтарымды еңбек етуге дайын маман болып шығуға талаптануымыз керек. Бұл жалаң сөз, бос ұран емес. Бұл бүгін өмір жолын бастаған әр жастың көкейінде жүрер асыл арманы, адал махаббаты болуы керек. Бойымызға Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді сіңіре отырып, тәуелсіздіктің мәртебесін көтеретін тың істерге атсалысу ғана біздің өміріміздің мәні болуы қажет. Егемендіктің жасампаз көріністері қоғамдық өміріміздің қай саласында да өзіндік айшығымен айқын аңғарылуда. Міне, осы жасампаздық жолды жалғастыруға біздер дайынбыз ба деген сауал әрбір жасты толғандыруы тиіс. Айдана СЕЙТПЕШОВА, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының 3-курс студенті. Ақтөбе.

 

БӘРІ ДЕ ЖАСТАРДЫҢ ӨЗ ҚОЛЫНДА

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында орын алған өтпелі кезеңнің қиыншы­лықтары көз алдымда. Бұл кезде кейбір құрдастарым жағдайы болмағандықтан мектепке сегіз жасқа толғанда барып жатты. Дәптер, қалам жетіспейтін. Дүкен сөреле­рінің бос тұрғаны менің бала көңілімде ұмытылмастай қалып қойыпты. Сол жылдардан бергі елдің әл-ауқаты жақсарып, эконо­микамыздың күрт дамығаны көз алдымда. Мектепте оқып жүргенде «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысына қатысып бағымды сынадым. «Үміт» гимназиясындағы мұғалім­дер бөлек еді. Бүкіл мектептегі балалар бір-бірімізді танимыз. Ол жерде ең бірінші тәртіпке көңіл бөлінеді. Мектеп дирек­торының өзі, пән мұғалімдерінің барлығы ата-аналар жиналы­сына қатысып әр баланың көңіл-күйінен бастап, оқу үлгерімі, тәртібіне дейін талқылайтын. Менің ең қызықты кездерім сол мектеп қабыр­ғасында қалды. Біздің толыққанды білім алып, барлық жағдай жасалған білім ошағында оқуымыз да Тәуелсіздігіміздің арқасы. Мен өз қатарластарымды, тәуелсіздік құрдастарын ылғи да мақтан тұтамын. Олардың бәрі де алдарына үлкен мақсат қойып, жан-жақты ізденістерге бой ұрып жүр. Егемен елімізде болып жатқан күн сайынғы өзгерістер мен жетістіктерге әр кез қуанамын. Қоғамдық жұмыстар шеңберіне сай арнайы іссапармен Астана, Алматы, Өскемен, Тараз қала­ларына барып қайттым. Еліміздің әр түкпірінен өзіме пікірлес, арманы биік, мақсаты айқын көптеген достар табуым да –Тәуелсіздігіміз сыйлаған бақыт. Нұрлыбек ТӘЖКЕНОВ, студент. Батыс Қазақстан облысы.

 

ЕЛІММЕН БІРГЕ ЕСЕЙДІМ

Тәуелсіздік құрдасы Жанна Қанат­қалиева бүгінде Ел­басы Жолдауында қойылған жастар практикасына сай Орал қаласы әкімдігінде қоғамдық қыз­меттік ортаға араласып жүр. Біз оған жолығып бірнеше сұрақтар қойған едік. – Жанна, Тәуелсіздік ұғымын қалай түсінесің? Қазақ елі егемендікке қол жеткізген жылы дүниеге келгенің нендей ойларға жетелейді? – Адам баласының дүниеге келуі немесе өмірден өтуі оның еркінен тыс табиғи құбылыс. Әйтсе де мен дәл 1991 жылы дүниеге келгенімді тағдырдың ерекше сыйы деп түсінемін. Тәуел­сіздіктің құрдасы екенім маған терең жауапкершілік жүктейді. Елмен бірге есею – екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт. Саяси тұрғыдан алғанда Тәуелсіздік бізге ең алдымен Елбасын, өзіміз таңдап сайлау құқығын берді. Тәуел­сіздіктің басты нышандарының бірі мемлекеттік дербес туы мен Елтаңбасы және әнұраны болуы. Біздің бойымызда мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен оған ұқыптылықпен қарау, аяқ асты етпеу секілді қасиеттер орнықты деп санаймын. – Жастар практикасы мерзімін өтеп жүр екенсің. Бұл тіркестің мәні мен маңызын қалай түсінесің? – Оны қоғамдық өмірге кіріктіруге бастамашы болған Елба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымыз шексіз. Осы мерзім аралығында белгілі бір ұжым қатарына кіріп, адамдар ара­сындағы қарым-қатынастарды терең түйсінуге ден қоямыз. Мәселен, өзім Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Сафи­малиевтің қабылдау бөлмесінде көп жайларға қанығу үстіндемін. Әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасардың қабылдауына келетіндер де аз емес. Олармен тіл қатысу, келген мәселесінің астарына үңілу – біз үшін үлкен мектеп. – Алдағы мақсатың қандай?

– Мамандығымды одан әрі жетілдіру, жоғары білім алу, осы ойымды іске асыру үшін қазір Қазақ инновациялық телеком­муникациялар университетінде сырттай оқып жүрмін.

Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН.

ОРАЛ.

 

16 ЖЕЛТОҚСАННЫҢ АБЫРОЙЫНА ДАҚ ТҮСІРМЕЙМІН

Мен 1991 жылы 16 желтоқсанда Қы­зылорда облысының Арал ауданын­дағы Қамыстыбас елді мекенінде дүние есігін ашқанмын. Бүгінде Тараз мемлекеттік педагогикалық институ­тының 3-курсында оқып жүрмін. Елдегі саяси тұрақтылықтың, эконо­ми­калық өрлеудің және Қазақстан халықтары арасындағы ауызбірлік пен достықтың арқасында біздің заман­дас­тарымыз өздері аңсаған армандарына қол жеткізуде. Ол үшін Отанымда барлық мүмкіндіктер жасалған. Мен мектеп қабырғасында жүріп оқу озаты атандым. Аудандық пәнаралық олимпиадалық жарыстарда бірнеше рет жүлделі орындарға ие болдым. Ал институттың 2-курсында тарих пәнінен ғылыми жоба қорғап, 3-орын алдым. Облыс­тық пікірсайыс турнирлеріне қатысып, «Ең үздік спикер» және «Ең үздік төреші» дипломдарымен марапатталдым. Бос уақытымды текке өткізбеймін. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласамын. Факультеттегі жастар ісі жөніндегі коми­тетінің төрағасы және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының мүшесімін. Мен үшін келешегі кемел, болашағы жарқын, керегесі кең, өркениетті елдермен терезесі тең, 20 жастағы тәуелсіз Қазақ­станның құрдасы болу үлкен бақыт. Тарихы тұғырлы, келешегі ғұмырлы осынау жарқын елдің құшағында өмір сүріп жатқан бізде не арман бар. Біздің алдағы басты мақсатымыз – оқуымызды жақсы деген бағамен аяқтап, еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосу. Замандастарыма айтарым: жасампаз елдің дамуына бір кісідей атсалысайық! Өз басым 16 желтоқсан деген қасиетті күннің атына дақ түсірмеймін! Азамат ҚАБАҚОВ, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 3-курс студенті. Тараз.

 

БОЛАШАҚ – БІЗДІКІ!

– Гүлжайнар, туған күнің қашан? – Мен еліміз өз тәуелсіздігін жария­лаған 16 желтоқсан күні дүниеге келіппін. Содан бері міне, еліміздегі ашық аспан астында бақытты балалық шағымды алаң­сыз өткізіп, құрдастарыммен бірге арма­ныма қарай қол созып келемін. 11-сыныпта оқып жүргенімде АҚШ-та өткен халық­аралық олимпиадаға Қазақ­стан атынан қатысып, жүлделі орынды иелендім. – Тәуелсіздікпен түйдей құрдас болу адамды қандай сезімге бөлейді? – Тәуелсіз мемлекеттің туған күнінде дүниеге келу бақыт деп білемін. Бүгінде елімізде үлкен істер жүзеге асырылып жатыр. Егемен елдің болашағы жарқын, қадамы нық. Жастардың жан-жақты қалыптасуына жағдай жасалып, өз талабын әрі қарай ұштай түсуге мүмкіндік берілген. Қалаған мамандығын алып, еркін еңбек етуге де құқылы. Егемен елмен бірге бойжеткенге не жетсін! Жастарға үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан Елбасыға деген алғысым зор. Әке-шешем мен бауырларым менің тәуелсіз Қазақстанның түйдей құрдасы болғанымды мақтан тұтады. Мен бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде оқып жүрмін. Мамандығым бойынша болашақта білікті ұстаздардың қатарын толықтырсам деймін. Маған барша қазақстандық жастарға еліміздің тәуелсіздігін көздің қарашы­ғындай сақтау аманаты жүктелгендей сезіледі. Өйткені, елдің сарқылмас қазынасы – үлкендер, ал, халықтың тыныш­тығын, егемендігін, еркіндігін сақтау, оны әрі қарай жалғастыру – жастар ісі деп білемін. Тәуелсіздік тұғыры берік болсын! Егемен еліміздің ертеңі нұрлы, келешегі кемелдене берсін!

Әңгімелескен Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Жамбыл облысы.

 

ҚАМҚОРЛЫҚ АЯСЫНДА

Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік және инжиниринг университетінің 3-курс студенті Рыс­бек Бесімбаевпен әңгіме. – Рысбек, өзіңнің Тәуелсіздіктің құрдасы екендігің еске түскенде ойыңа не оралады? – Шынымды айтсам, кішкентай кезімде көп мән бермеппін. Ата-бабамыз ар­ман­даған азаттықтың ақ таңы атып, Тә­уел­сіздікке қол жет­кен тұста өмірге келген біздер ерекше бақытты жандармыз деп ойлаймын. Өйткені Тәуелсіздіктің арқасында тіліміз, діліміз, байырғы өне­ріміз өркендеп, қазақ елін әлем тани бастады. Ауылымыз да, қала­мыз да жайнап, жасарып келеді. Сондай ғажайып өзгерістерді көру – бақыт. – Өмірде кездесіп, есте қалған ұмытылмас сәттер туралы не айтасың? – Мен және менің замандастарым, университетіміздің студенттері үшін осыдан екі жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Маңғыс­тауға сапары кезінде оқу орнымызға келіп, Президентті жақыннан көріп, әңгімесін тыңдағанымыз мәңгі есте қалады. Өйткені университетімізді жаңаша құрып, қиын кездер кезінде зәулім жаңа оқу корпусын, 500 орындық студенттер жатақханасын және жүзу бассейні бар спорт кешенін салуға қамқорлық жасаған Елбасы екенін жақсы білеміз. Сондықтан да алғыс айтамыз. – Тәуелсіздіктің 20 жылдығы жақындап келеді. Мерекеге қандай тарту-таралғымен барғалы отырсыңдар?

– Мен бұл сауалға университетіміздегі жақсы жаңалықтар жауап береді ғой деп ойлаймын. Оқу ордамыз қазір Ресей, Қытай, Польша, Германия сияқты өркениетті елдердің жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс жасайды. Сол жерлерден білім алғандар қайта келіп еңбек етуде. Аты әлемге әйгілі ғалымдар жиі-жиі болып лекция оқуда. Қысқасы, университет басшылығы біздердің саналы тәрбие, сапалы білім алуымызға барлық жағдайды жасауда.

Әңгімелескен Жоламан БОШАЛАҚ.

АҚТАУ.

ТӘУЕЛСІЗДІК – ТЕҢДЕСІ ЖОҚ БАҚЫТ!

 Мен өмірге тәуелсіздіктің ақ таңымен бірге келгенімді мақтаныш етіп, соған сай азаматша болуды армандап жүрген жаспын. Өмірге 1991 жылы 16 желтоқ­санда келгенімді, есімді біліп, әріп таны­ғанда тереңірек ұғындым. Қуаны­шымда шек болмады. Жыл сайын қос мереке – Тәуел­сіздік мерекесі мен туған күнді тойлау адам­ға ерекше қуаныш сыйлайды екен. Сонымен бірге, үлкен жауапкершілік жүк­тейтіндігі және бар. Әзірге сол сыналар сәттерден ойдағыдай өтіп келе жатқан сияқ­тымын. Төрт жыл бойы озат студенттер қатарынан көрініп жүрмін. Түрлі қоғамдық жұ­мыстарға да белсенді қатысуға тура келеді. Бұл бір. Екіншіден біздер Түгелбаевтар әулеті атажұртқа Түркіменстаннан Тәуелсіздіктің арқасында келдік. Алты бала­ның кішісі мен колледже оқимын. Болашақта программист-техник болуды қаладым. Оған облыста барлық жағдай бар. Олай дейтінім, өндіріс өркендеп, жаңа жұмыс орындары көптеп ашы­луда. Ал менің аға-апаларым Марат – заңгер, Алтынбек – кәсіпкер, Нұршат – мұғалім, Гүлшат – акушер болып жұмыс жасайды. Үй-жайларымыз бар. Ата-анам біздердің жетістіктерімізге дән риза болып, көңілді ғұмыр кешуде. Өзім тұратын әсем Ақтаудағы алып құрылыстар, ауыл-елдегі соны жаңалықтар, балабақшалар мен оқу орын­дарындағы оң өзгерістер болашақ иелері, жас мамандар біздердің келешекке деген сенімімізді арттыра түседі. Осындай жасампаз өмір, шат тұрмыс үшін біздер тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа перзенттік алғыс білдіреміз. Фатима МҰРАТБЕКОВА, Ақтау политехникалық колледжінің 4-курс студенті. Маңғыстау облысы.

 

АРМАНЫМ – АЙБЫНДЫ ЕЛІМЕ ҚОРҒАН БОЛУ

Ішкі істер министрлігі ішкі әскер­лер әскери институтында Тәуелсіз­дікпен бірге есейіп, ержетіп келе жат­қан курсанттардың бірі – Шәкіржан Ниязов. Ол жаңа Қазақстанның төл құрдасы екенін мақтан тұтады, тағ­дырдың сыйындай көреді. Жігітіміз осы жөніндегі ой-толғамдарын бізбен бөліскен еді.  – Шәкіржан, мазасыз тірлігі көп әскери өмірді қалағаныңа өкінбейсің бе? – Менің Отан қорғаушы мамандығын таңдауым кездейсоқ емес. Туған жерім – Алматы облысындағы Өтеген батыр ауылы. Ол өңірден талай жаужүрек оғландар шыққан. Мектепті Астанада бітірдім. Жақсы оқып, спортпен айна­лыстым. Әлемнің мақтаулы қалаларымен иық тірестіретін елор­дадағы күндерімді ұмыту мүмкін емес. 16 жасымда Пира­миданың ашылу салтанатына қатысу құрметіне ие болып, Тәуел­сіздіктің төл құрдастарымен Елбасымызды қарсы алғаным жадымда мәңгілік жатталып қалды. Кәмелет жасқа толғанда Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов теледидар сыйлады. Мұның бәрі маған емес, халқымыз ғасырлар бойы зарыға күткен Теңдікке, Еркіндікке көрсетілген құрмет деп түсінемін.  – Демек, Тәуелсіздік атты қастерлі де қасиетті ұғымның сенің өміріңде алатын орны ерекше демексің ғой? – Әрине. Мектепті аяқтағаннан кейін еліміздің кез келген жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігім болған. Ойлана-толғана келе Қызылжар өңірін әдейі таңдадым. Бұл аймақ та – кең-байтақ Отанымыздың ажырағысыз бір бөлшегі. Қожаберген жырау, Сегіз Сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Ақан сері секілді айтулы тұлғалар шыққан өлке ғой. Қазір екінші курста оқып жүрмін. Болашақта командалық-тактикалық басшылық мамандығын алып шығамын. Әскери топография, ішкі әскерлер тактикасы пәндерін тез-ақ меңгеріп кеттім. Меніңше, ықылас, ниет қойса, кез келген қиындықты жеңуге болады. Офицер атанатын кезімді елестетсем, кеудемді ерекше қуаныш тербейді. Еңселі елдің ертеңгі Отан қорғайтын сарбаздары мен сардарлары болудың жауапкершілігін терең сезінемін. Ал, Тәуелсіздіктің төл құрдасы болу басқа қатарлас­тарыңа қарағанда үлкен міндеттер жүктейтіні анық.

Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ.

 Солтүстік Қазақстан облысы.

 

«ТОМИРИСТІҢ» БИШІ ГАЛИНАСЫ

Галина Антюшкинаның әкесі Леонид облыс орталығындағы «Кастинг» серіктестігінде, ал анасы Таисия №5 емханада жұмыс жасайды. Галинаның өзінен үлкен екі ағасы Вадим  мен Сергей де қалада әкелерінің жолын қуып, өндіріс орын­дарында еңбек етуде. Біз Галяны  облыс орталығындағы «Шаңырақ» мәдени-сауық орталығының Алтынай Жүнісова басқаратын «Томирис»  би тобындағы  қазақ қыздарының арасынан көріп жүре­тінбіз. Енді, міне, оған жолығып отырмыз. – Қазақстан біздің Отанымыз, сондықтан біздер де осы жерде еңбек етіп, студент атанып, білім алып жүрміз. Мен өзім облыс орталығындағы  Инновациялық Еуразиялық университеттің  химия-биология  бөлімінде 2-курста оқимын. Мектепте жүргенде жақсы оқыдым. Бала кезімде  ата-анам маған сен біздің еліміз үшін  ерекше күні туған қызсың деп ылғи айтып отыратын. Кейіннен бұл күннің неге ерекше күн екенін  біліп, түсінгенде әрине,  өзім де ерекше толқып, қуанышта жүрдім. Бізге басқа­ларға қарағанда, жұртшылық тәуелсіздік күнімен бірге туғандар деп құрметпен қарайтынына өзімді  бақытты сезінемін, – деп бастады әңгімесін Галина. – «Томирис» би тобына қалай келдің? Томиристің кім болғанын білесің бе? – Әрине. Ол ел билеген патшайым. Мен өзімнің еліміздің тәуелсіздігін алған күні туғанымды, «Томирис» би тобына келгенімді, шығыс билеріне қызығушылық танытқанымның бәрінен бір байланыс іздеймін. Қазақ тілін үйреніп жүрмін. Би тобына келгенге дейін гимнастикамен  шұғылдандым. Жарақат алған соң, би билеуді ұйғардым. Алда армандарым көп. Соның бәрі жүзеге асатынына сенімдімін. Ал ел үмітін ақтаудың жауапкершілігін алып жүруге әрқашан да дайынмын.

Фарида БЫҚАЙ.

Павлодар.

БАУЫРМАЛДЫҚ АЯСЫНДА ӨСТІМ

 Мен оқитын білім ұясы Абай ауда­нында орналасқан. Аймаққа танымал ауыл шаруа­шылығы мамандарының біра­зы осында білім алған. Бала кезімнен әкем сияқты техника жағына үйір едім. Енді бір жылдан соң автокөлік қызметі бойынша еңбек жолымды бастағалы отырмын. Аудандағы жылдан-жылға жаңарулар мен өзгерістер соған ұмтылдырып, бел ортасынан табылуға қызықтырады. Еліміз тәуелсіздік алған жылы өмірге келген мен өзімдей жас мемлекеттің өркендеуіне өз үлесімді қосуға ынтықпын. Бұл бір жағынан ертеңімізге жарқын жол ашып отырған мемлекеттік қамқорлыққа деген ризалық ынта болса, сондай-ақ тағдырлары Қазақстанда тоғысып, бақыт­ты тұрмысқа бөленген ата-анамның отандарына айналған елге адал болуды жүрекке ұялатқан ақыл-кеңесінің ықпалы дер едім. Әкем Игорь Ахметжанович Кеңес Одағы ыдыраудан бұры­нырақ Тәжікстаннан Қарағандыға қоныс аударыпты. Осында шешем Ольга Егоровнамен танысыпты. Бүгінде ата-анам сол қиын шақта ұлттары бөлек демей бауырға басқан тұрғылықты халыққа ризалықтарын ұдайы айтып отырады. Мен де сондай жақын тарту, бауырмалдық аясында өсіп келемін. Сүйікті Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел болашағы жастар қолында екенін әрдайым еске салып отырады. Аға буын біздерге тәуелсіз, келешегі кемел мемлекет сыйлады. Отанымыздың абырой-беделі арта беруіне біз де лайықты үлесімізді қосуға дайынбыз. Мұны бірге оқып жүрген замандас­тырымның ықылас-ниеттерін білетіндіктен айтып отырмын. Тимур МОЛЛАБАЕВ, Мичурин агротехникалық колледжінің оқушысы. Қарағанды облысы.

КӨРІКТІ МЕКЕНГЕ КӨРКЕМ ҒИМАРАТТАР САЛСАМ ДЕЙМІН

Ол дүние есігін ашқанда Қазақстан тәуелділіктен толық арыла қойған жоқ болатын. Арада 12 сағат уақыт өткенде Тәуелсіздіктің таңы атты. Үлкендер шарананың осы күні өмір есігін аш­қанын жақсылыққа балады. Тәуел­сіздіктің құрдасы Ару Көшекбаева бүгінде бойжетіп, Қорқыт Ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік универ­ситетінің политехникалық факультетінде білім алып жүр. – Қазақ үшін ерекше күнде дүниеге келдің. Бала күніңнен саған деген көзқарас ерекше болған шығар? – 16 желтоқсан қазақ халқы үшін қадірлі, қастерлі күннің бірі болып саналады ғой. Бала күнімде ата-әжем туған күнімнің ерекшелігін айтып отыратын. Бірақ балалықпен аса мән бермейтін едік. Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап өзімнің айтулы күні өмірге келгенімді сезіндім. – Тәуелсіздіктің төл құрдасы алдына қандай мақсат-міндет пен армандар қойып отыр? – Болашақтан білімімді шетелде жалғастырып, ел өркен­деуіне елеулі үлес қосатын мамандардың қатарынан болғым келеді. Және сол мақсатқа жету үшін барымды саламын. Жалпы, біздің халқымыз қасиетті атамекенін ерекше ардақтайды ғой. Бұл таным біздің жанымызға атаның қанымен тараған, ана сүтімен дарыған. Айтайын дегенім, туған өңірімде көркем ғимараттардың құрылысын салуды армандаймын. Еліміздің өсіп-өркендеуіне титтей де болса үлес қоссам деймін. – Тәуелсіздікті тұғырлы ету үшін не істеуіміз керек деп ойлайсың? – Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуір дәл осы Тәуелсіздіктен бастау алады.

Әлеуетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Өйткені Елбасы бастаған ел ағалары Тәуелсіздіктің алғышарт­тарын жасап, мемлекетті толық құрды. Болашақта жастар ағалар салған даңғыл жолды жалғай алса, Тәуелсіздігіміз де тұғырлы бола бермек.

Әңгімелескен Ержан БАЙТІЛЕС.