• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
25 Қараша, 2011

Тәуелсіздік шежіресі

2895 рет
көрсетілді

Газетіміздің бүгінгі нө­мі­рі­нен бастап Тәуелсіздік ше­жіресін көрсету мақсатын­да «Егемен Қазақстан» газетінің 1991 жылдан бергі әр жылдағы   16 немесе 17 желтоқсан күнгі мерекелік нөмірінде жарық көрген мақалалардың топтамасын әр нө­мір сайын ретімен ұсынуды жөн көрдік. Бүгінгі нөмірде – 1991 жыл­ғы 17 желтоқ­сан­да­ғы га­зет бетінде жарық көр­ген мақа­ла­лар топтамасы.

 

ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕСТІҢ СЕССИЯСЫНДА

Желтоқсанның 14-інде Жоғарғы Кеңесте салық жүйесін жетілдіруге бағыт­талған заң жо­ба­ларын талқылау жалғасты. Оларды пы­сық­тау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы шешім қабыл­данды. Салық туралы жаңа заңдардың пакеті үстіміздегі сессияда қай­та қаралатын болады, деп көзделуде. Содан кейін Парламент «Қазақстан Республика­сы­ның мемлекеттік тәуелсіз­дігі туралы» Конститу­ция­лық заңы­ның жобасын тал­қылауға кірісті. Бұл мәселе бойынша депутат С.С.Сар­таев баяндама жасады. Жарыссөзге депутаттар Т.В.Жаворонкова, Ж.М.Әб­­ділдин, Ө.Ж.Жәнібеков, В.И.Во­ронов, П.А.Ат­ру­ш­кевич, А.­И.Бек­те­мі­сов, М.С.Қарбаев, С.А.Субботин, А.А.Княгинин, П.­Н.Чу­ма­ченко, И.С.Кәлпенов, В.Б.Водолазов, К.И.Нағманов, П.И.По­та­пов, С.Қ.Байбатыров, Ш.Мұртаза, М.М.Әуезов, Б.­А.Қа­дырбеков, Б.В.Барченко, П.М.Федосенко, Е.М.Асанбаев, Қ.С.Сұлтанов, А.Ф.Козлов қатысты. Сөз сөйлегендер негізінен осы тарихи құжатты қабыл­дау­дың дер кезінделігін және жобасының ерекше ма­ңыздылығын және көптеген депутаттардың оған өз көз­қа­ра­сын білдіру ниетін ескере отырып, оны талқылау дүйсенбіде, желтоқсанның 16-сында таңертеңгілік мәжілісте жалғасты. Жарыссөзде депутаттар А.М.Қонысбаев, Б.Д.Белик, Ғ.Т.Тұрғамбаев, Қ.Медиев, Л.А.Филаретова, С.З.Зиманов, Н.М.Оразалиев сөз сөйледі. Заң жобасын пысықтау үшін редакциялық комиссия құрылды, ол енгізілген ұсыныстармен және ескертулермен жұмысқа бірден кірісіп кетті. Сессияда «Қазақстан Республикасының жол қоры ту­ра­лы» заң жобасы қаралды, ол бойынша автомобиль жолдары министрі Ш.Х.Бекболатов баяндама жасап, Өнеркәсіпті, транспортты және байланысты дамыту мәселелері жөніндегі комитет төрағасының міндетін атқарушы П.П.Коваленко қосымша баяндама жасады. Пікір алмасулардан кейін заң жобасы редакциялық пысықтауға жіберілді. Содан кейін депутаттар «Қазақстан Республикасының мем­лекеттік тәуелсіздігі туралы» заңның пысықталған жо­басына статьялар бойынша дауыс беруді бастады. Заң тұтастай қабылданды. Жоғарғы Кеңес салтанатты түрде Қазақстан Респуб­ли­касының мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Бұдан былай біздің республика тәуелсіз, демократиялық және праволық мемлекет болып табылады. Ол өз тер­ри­то­рия­сында бүкіл толық билікке ие, ішкі және сыртқы саясатты дербес белгілеп, жүргізеді. Халық депутаттары мен республика Президенті Қа­зақ­стан­ның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы маңызды Заңның қабыл­дануын орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтап қарсы алды. Н.Ә.Назарбаев парламентарийлер мен республиканың бүкіл көп ұлтты халқын осы тарихи оқиғамен шын жүректен құттықтады.

(ҚазТАГ).

 

АШХАБАД КЕЗДЕСУІНЕ ҚАТЫСУШЫ МЕМЛЕКЕТТЕР БАСШЫЛАРЫНЫҢ ШЕШІМІ

Бұл ресми құжатта «Біз, Орта Азия республикалары мен Қазақстанның басшылары, Тәуелсіз мемлекеттердің достастық одағын құру туралы мәселелерін талқылай келіп, олардың ішіндегі аса маңыздысы Чернобыль авариясының және Арал қасіретінің зардаптарын жою жөніндегі бірлескен іс-қимылдың қажеттігі деп атап өттік. Мұның өзі біздің ортақ азабымыз, ортақ қасіретіміз болғандықтан біз оны бірлесіп жоюымыз керек» делінген және осы мәселені шешуге мемлекеттердің ортақ үлес қосуы біздің халықтарымыз арасындағы достық пен туысқандық байланыстардың мызғымастығының символына айналатындығы тұжырымдалған. 

Шешімге Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев, Қырғызстан Республикасының Президенті А.Ақаев, Тәжікстан Республикасының Президенті Р.Нәбиев, Түркіменстан Президенті С.Ниязов, Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримов қол қойған.

 

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ БОЛДЫҚ

Азаттықты аңсаған халқымыздың сан ғасырлық күресі ақырында парламенттік жолмен жеңіске жетті.

Газеттің сол кездегі парламенттік тілшісі Рысбек Сәрсенбайұлының осы репортажында 14 желтоқсанда басталған Республика Жоғарғы Ке­ңе­сінің сессиясында күн тәртібіне қой­ыл­ған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңының жобасын талқылау 16 желтоқсан күні тағы да жалғасқандығы туралы айтылады. Заңды талқылау оңайға түспегендігі мақаланың өн-бойынан анық білініп тұр. «Баяндамашы депутат Сұлтан Сартаевтың жайшылықта-ақ саңқыл­дап тұратын сұңқар дауысы бұл жолы тіпті жарқын естілді. Келелі кеңестерде тереңнен толғап, жүректі қозғап, жан-дүниеңді еліктіріп әке­тетін билердің сөзіндей нақпа-нақ, жұпталып, түйдек-түйдек ақтарылған соң ба, әлде бұл күнді асыға күтіп жүргендігімізден бе, оның әр сөйлеміне ынта қойдық» дейді тілші. Баяндамашыға сұрақ қойған депутат В.Чер­ны­шов әу дегеннен-ақ қияңқы сұрақты көлде­нең­детіпті. Ол кімнен және неден тәуелсіз бол­мақ­пыз, бұл жерде, адам правосының жалпыға бірдей декларациясына жүгінгеніміз жараса қояр ма екен дегендей сұрақ қойған. Оған Сұлтан Сартаевтың берген жауабы кесімді шыққан. – Кез келген мемлекет өзінің тәуелсіз екендігін дүние жүзіне жария етеді. Бұрынғы одақта өз тәуел­сіздігін әлі күнге дейін жарияламаған тек біздің республикамыз ғана. Біздің де мемлекеттік тәуелсіздігімізді жариялар мезгіл жетті. Ал деклара­цияны біз құрамында болған Кеңес Одағы кезінде таныған, демек сол біздің де танығанымыз, – деп орнықты жауап берді. Депутат А.Козлов мұндай заңның қабылдануы қажеттігіне күмәндан­бай­тындығын айта келе, бірақ мұның «сал­мағын арттыру елеулі екенін» айғақтау үшін референдум өткізген абзал емес пе деп мәселені алысқа сырғытып тастағысы келді. Баян­да­ма­шы, міне, осындай, көптеген қитұр­қы сұрақтарға халықаралық қауым­дастықта мойын­дал­ған заңдар мен қатынастарды алға тарта отырып, сүрінбей жауап беріп шықты. Депутаттар Ө.Жәнібеков, Б.Қы­дыр­бекұлы, Е.Асанбаев, Қ.Сұлтанов, Қ.Нағманов және басқалардың мемлекеттік тәуелсіздік, мемлекеттік тіл, көші-қон, азаматтық, тәуелсіздіктің экономи­калық негіздері турасындағы басалқы пікірлері байбаламшыларға қайтарылған жауаптай естілді. – Заңды қабылдау керек, – деді депутат А.Княгинин. – Кез келген ұлтшылдықтың тамыры тәуелсіздік жо­лындағы, азаттық, өз ұлты үшін күресте жатыр. Бұл – қастерлі сезім. Мемлекеттік тәуелсіздік – қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы. Қазақ жерін мекендеген біз, қазақ емес халықтар, бәріміз бірдей сол нәзік сезімге әрқашан өз сезіміміздей құрметпен қарайық. Сенбі күнгі талқылау дүйсенбідегі, 16 жел­тоқсандағы таңертеңгі мәжі­ліс­те қайта жалғасқан кезде айтыл­ған сын-ескертпелер мен толық­ты­руларды ескере отырып, заң жоба­сын редакциялау үшін комиссия құ­рыл­ды. Кешкі мәжілісте депутаттар жобаны қайта қарап, оның әр сөй­лемін талқыға салды. Талас-тартыс күшейді. Ж.Әб­діл­дин, Х.Дрейлер, Н.Қойшыбеков, Ә.Кекілбаев сияқты депутаттар ұлттық мүддеге қатысты қа­ғи­даларды өзгертуге қарсы дәлелді пікір айтты. Заңды 270 депутат қол­даса, 12-сі қарсы дауыс берді. Сөй­тіп, «Қазақстан Республикасының мем­лекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Консти­ту­циялық заңы қабыл­данды. Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтап сөз сөйледі. Репортаж: «Осы бір қуанышты, тарихи сәтте барша хал­қы­мызға, «Егеменді Қазақстанның» оқырмандарына ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН! дегіміз келеді» деп аяқталған.

 

ШЫНДЫҚТЫҢ ШЫМЫЛДЫҒЫ ҚАШАН ТҮРІЛЕДІ?

«Желтоқсан – жан жарасы» айдарымен жарық көрген журналист Гүлсім Бақытқызының осы мақаласында қаншама адамның жүрегіне жара салып, қаншама қыршын жастың өмірін қиған, болашағын бұзған Желтоқсан оқиғасы туралы ой қозғалады. «Өйткені, мен бұл оқиғаның бел ортасында жүрген едім» дейді журналист. Мұнан кейін осы оқиға шындығының табаны күректей 4 жыл өткеннен кейін ғана барып ақиқаттары ашылғандығын айта келе, «Міне, бүгін 17 желтоқсанды Демократиялық жаңару күні деп, Желтоқсан оқиғасының бес жылдығын ұлтымыз болып атап өтіп отырмыз. Бұған да шүкір. Бір өкініш, бір қуаныш дегеніміз осы» деп байлам түйеді.

Мақалада журналист Желтоқсан оқиғасы кезінде өзі куәгер ретінде көрген жәйттарын баяндаған. Сол кезде жас жігіттерді былай қойғанда, қазақ қыздары­ның өжеттігі мен қайсарлығы жұртшы­лық­ты таң қалдырғанын, өзінің курстас екі жолдас қызы мінбеге көтеріліп сөз сөйлеуге    ниеттенгендіктерін, оларды милиция қызметкерлері сүйрелеп, күш көрсетіп, төмен түсіріп жібергендіктерін жазыпты. «Егерде Желтоқсан оқиға­сы­ның барысы толықтай түсірілген болса, оны жүйелеп деректі, тарихи фильм етіп шығаруды қолға алған жөн. Сонда бұл болашақта ұрпақтарымызға үлкен тарихи құжат болып қалар еді» деген ұсынысын білдіртті.

ҚАЙРАТ ЕСІМІН ҚАСТЕРЛЕЙІК

Осы мақаланың ортасынан ойып берілген «Қайрат есімін қастерлейік» атты шағын үнқатуда ҚазМУ-дің студенті Тілеухан Әлжекеев 1986 жылғы Жел­тоқ­сан оқиғасында демократия жолында құрбан болған боздақтарымызға әділ де толық баға бере алмай жүргенімізді айта келе осы оқиға кезінде ерліктерімен көзге түскен Қайрат  Рысқұл­бе­ков секілді жастарға Батыр атағын берсек деген ұсынысын білдіреді. _________________________

Бетті әзірлеген Сұңғат ӘЛІПБАЙ.