• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
25 Қараша, 2011

Мәңгілік қазына

295 рет
көрсетілді

Кеше Алматыда Орталық мемлекеттік мұрағатының 90 жылдығына арналған «Мұрағаттар. Еліміздің мәдени мұрасын сақтаудағы орны мен қызметі, тарихы» атты конференциясы өтті. Сондай-ақ жиын аясында ұйымдастырылған республика Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының көрмесіндегі сирек кездесетін құнды  жәдігерлер келушілердің қызығушылығын туғызды.

Тарих парағына көз жіберсек, 1921 жылы қыркүйек айында Торғай және Орынбор губернияларының мекемелері мен ұйымдарының құжат­тары негізінде Орынбор қаласында Орталық өлкелік мұрағат құрылып, оның қалыптасуына көрнекті мемлекет қайраткері С.Сейфуллин атса­лыс­қан. Содан бергі 90 жыл ішінде мұ­рағат еліміздегі ғылыми және мәдени маңызы бар ірі тарихи құжаттық дереккөздерін жинаушы  мол мұраға айналып отыр.

Орталық мемлекеттік мұраға­ты­ның бас директоры Ләззат Ақтаева­ның айтуынша, бүгінде мұрағат қой­маларында кеңес дәуіріне дейінгі, кеңестік және тәуелсіз Қазақстан кезеңдерінің мекемелері мен ұйым­дарының, жеке тұлғалар коллекция­сының  1,5 миллионға жуық құжат­тары жинақталған.

– Бүгінгі жаңалығымыз –  конференция аясында өткен «Жауһар жә­дігерлер» көрмесіне соңғы уақытта шетелден алынған құнды мұрағат құ­жаттары мен көшірмелері қойылды. Олар – «ТҮРКСОЙ» басшысы Д.Қа­сейінов пен Түркия азаматы Музаффер Акчораның Алаш арысы М.Шо­қайдың сый ретінде тапсырған хаттары, сонымен қатар мемлекеттің Араб қолжазбалар институтынан (Мысыр), ХХ ғасырдың басында өмірге келген Жамбыл облысының тумасы, Египет Араб Республикасы­ның азаматы Насрулла Ат-Таразидің және Ресей мемлекеттік тарихи мұ­ра­ғатынан алынған құжаттар қойыл­ды, – деді Ләззат Сүлейменқызы.

Еліміздің мұрағатшыларының қара шаңырағы өзінің 90 жылдық тарихында  әртүрлі кезеңдерді бастан өткізгенін, тіпті дағдарыс жылдары бүкіл мұрағат, мұражайларымыз қа­ра­жатсыз қалғанда тек ынталы мамандар арқылы өзіміздің қажетті мұ­рамызды, құнды деректер мен құ­жаттарды сақтап қалғанымызды жеткізген Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Берсебаев мұрағаттың бүгінгі жағдайына, ал­дағы атқарылатын іс-шараларға тоқталды.

– Ендігі міндетіміз қолдағы бар   ба­залар, мұрағаттардың қорын ны­ғай­ту, кеңейту. Екінші бағытымыз, барлық құжаттарды, қорларды сан­дық форматқа  көшіру. Өйткені, кез келген маман қажетті тарихи деректерді іздейді ғой. Мәселен ол тек Батыс Қазақстан облыстық мұраға­тын­да болса,  3 мың шақырымға бару үшін қаражат, уақыт керек. Сон­дықтан зерттеушілерге, студенттерге ыңғайлы жол табу мақсатында  жа­рық көруге рұқсат берілген құжат­тар­ды интернетке салсақ деген жос­парымыз бар. Ол   біз үшін ауқымды жұмыс. Оған да уақыт, қаражат керек. Үкімет басшылары  тарихи, мә­де­ни, рухани қазынамызды  сақтап қана емес, оларды ашық түрде аза­маттарымызға, зерттеушілерге, жас мамандарға қолжетімді етуді түсініп, қолдап отыр. Осылайша,   әр аймақтағы мұрағаттарды орталық­тан­дырып, интеграция жасаймыз деп отырмыз, – деді төраға.

Сондай-ақ конференцияда қоғамның әлеуметтік-мәдени саласындағы мұрағаттың орны мен қызметі, мұрағат ғылыми-зерттеулердің дереккөздері, т.б. қадау-қадау мәселелер жайлы ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, мұрағат қызметкерлері баяндамалар жасап, пікірлерін ортаға салды.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.