Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан кейін жер-жерде ұлттық мұраға деген ықылас арта бастады. Осы мақсатта облыстық «әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы маусымдық мерекелерді ел арасына кеңінен насихаттап келеді.
Осы мақсатпен Түлкібас ауданының тілдерді дамыту және мәдениет бөлімімен бірлесе орталық қызметкерлері «Салбурын мереке ғой саятшыға...» тақырыбында этнотанымдық шара ұйымдастырды. Шараның ашылуында Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков түлкібастың тастүлегі, «Алаш» Халықаралық сыйлығының иесі, жазушы Мархабат Байғұт, орталық директоры Жәнібек Абданбекұлы мен саят- шы Мұхтар Атахан болды.
Бүркіт баптау мен құмай тазыларды аңшылыққа баулу, аңға салу жайында ой-пікірлер білдіріліп, тәжірибе жүзінде көрсетілді. Саятшылық пен аңшылықтан қысқа метражды бейнефильм түсірілді. Оңтүстік өңіріне белгілі құсбегі Жомарт Кеуенов пен саятшы Мұхтар Атахан өз кәсіптерінің қыр-сыры туралы тың мағлұмат берді.
Салбурынның мәні мынада екен. «Аң аулау маусымы кезінде аңшылар топталып, аңы мол жерлерге сапар шегеді. Жақсы ат, қыран бүркіт, түзу мылтық – бәрі бірдей сайланады. Аңкөс адамдар, бапкер құсбегілер, білгір саңлақ саятшылар, құралайды көзге атқан мергендер, елгезек атшы-қосшылар бас қосады. Олардың ішінде әнші, күйші, жыршылар да болады. Саны шектелмейді. Бір топта он-он бес бүркіт, жиырма-отыз адам болуы да мүмкін. Ал ең аз дегенде бүркітші, қағушы, атшы-қосшы, былайша айтқанда, үш-төрт адамнан кем болмайды. Ел-жұрттан аулақ иенге шығып, қос тігіп, айлап (әдетте қарашадан ақпанның аяғына дейін) жатып, аң аулайды. Күндіз жан-жаққа бытырап, аң аулауға кетеді де, кешкілік от басына жиналады. Бір жағында түлкі, қарсақ, қасқырдың терісіне шөп, сабан тығылып жатса, екінші жағында қоңыр аңдар сойылып, табақ-табақ қара қуырдақ, ет тартылып жатады. Құрт, сүзбе қатылған қарсақ жон сорпаны аяқ-аяғымен сіміріседі. Ат-көлік отқа қойылады, бүркіт бапталады. Қай бүркітті қалай күтімге алу керектігі жастарға үйретіледі. Салбурынға шығушылар әңгіме-дүкен құрып, әзіл-сықақ айтысып, бір-бірімен құсбегілік тәжірибелерімен бөліседі.
Салбурында олжа тең бөлінеді. «Аңшыдан сыралғы, батырдан олжаны» салты осыдан қалған.
Мырзабай ОМАРОВ,
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, ғылыми-әдістемелік бөлім меңгерушісі